Ехоба — ‘өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтын’ Құдай
“Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11:6).
1, 2. Неге Ехобаның кейбір қызметшілерінде жағымсыз сезімдер болуы мүмкін?
“ЕХОБА КУӘГЕРІ болғаныма 30 жылға жуық уақыт болды, бірақ өзімді бұлай аталуға ешқашан лайықпын деп санаған емеспін. Тіпті ізашар болып қызмет етіп, басқа да көптеген міндеттерім болса да, мұның біреуі де Куәгер екеніме сенуіме жеткіліксіз көрінетін”,— деп мойындайды Барбараa. Кит те осыған ұқсас ойлар айтты. “Кейде мен өзімді лайықсыз есептейтінмін, өйткені Ехобаның қызметшілерінің қуанышты болуына көп себеп бар, ал мен ондай емеспін”,— деді ол. “Бұдан өзімді кінәлі сезініп, жағдайым одан бетер нашарлай түсетін”.
2 Ехобаның бұрынғы және қазіргі уақыттағы адал қызметшілерінің көбісін осыған ұқсас сезімдер мазалаған. Сен де кейде өзіңді осылай сезінесің бе? Бір сенімдегілерің, бір қарағанда, қуанып, бейқам әрі бақытты жүргендей көрінгенде, бәлкім, сенің басыңа қиындықтар бірінен соң бірі үйіліп жатқан болар. Сонда өзіңді Ехобаның көңілінен шықпадым, оның көңіл қоюына тұрмаймын да деп сезінетін шығарсың. Алайда мұндай тұжырым жасауға асықпа. Киелі кітап: “Байғұстың азабын елемей кеткен жоқ, Құдай одан бет-жүзін жасырған жоқ! Қайта, құлақ салды шақырған даусына”,— деп сендіреді (Забур 21:25). Иса жайлы бұл пайғамбарлық сөздер Ехоба адал қызметшілерін естіп қана қоймай, оларды жарылқайтынын да көрсетеді.
3. Осы заманның қысымынан неге шет қалмаймыз?
3 Ешкім де, тіпті Ехобаның халқы да, бұл заманның қысымынан шет қалмайды. Біз Ехобаның қас жауы Шайтан Ібіліс басқарып тұрған дүниеде өмір сүрудеміз (Қорынттықтарға 2-хат 4:4; Жоханның 1-хаты 5:19). Керемет түрде қорғанышқа ие болудың орнына, Ехобаның қызметшілері қайта Шайтанның ең басты нысанасы болып табылады (Әйүп 1:7—12; Аян 2:10). Олай болса, Құдайдың белгілеген уақыты келгенше, Ехобаның қамымызды ойлайтынына сенімді бола отырып, “қиыншылыққа шыдап”, ‘ұдайы сиынуымыз’ керек (Римдіктерге 12:12). Ехоба Құдайымыз бізді жақсы көрмейді деген ойға еш жол бермеуіміз керек.
Төзе білудің ежелгі уақыттағы мысалдары
4. Бастарынан қиын жағдайды кешкен Ехобаның адал қызметшілерінің кейбір мысалдарын келтіріңдер.
4 Ехобаның ежелгі қызметшілерінің көбісіне қиын жағдайларды бастан кешуге тура келген. Мысалы, Ханнаның ‘көкірегіне шер’ ұялаған, өйткені ол баласыз болатын, ал мұны ол Құдай өзін ұмытып кеткенмен бірдей көрген (Патшалықтар 1-жазба 1:9—11). Ал Ілиястың кісі өлтіргіш Езабел патшайым қудалағанда, зәресі ұшып, Ехобаға: “Тәңірім, жетер енді; жанымды ала гөр, өйткені мен әкелерімнен артық емеспін”,— деп дұға етеді (Патшалықтар 3-жазба 19:4). Елші Пауыл болса: “Жақсылық жасағым келсе де, бойымдағы жаман құмарлық қарсы тұрады”,— деп мойындағанда, кемелсіздігінің ауыр зардабын көрген болуы керек. Ол сондай-ақ: “Сорлы басым-ай!”— деп қосқан (Римдіктерге 7:21—24).
5. а) Құдай Ханнаны, Ілияс пен Пауылды қалай жарылқады? ә) Егер бізді жағымсыз сезімдер мазалап жүрген болса, Құдай Сөзінен қандай жұбаныш табамыз?
5 Әрине, біз Ханнаның да, Ілияс пен Пауылдың да Ехобаға табандылықпен қызмет ете бергендерін білеміз, әрі Ехоба оларды молынан жарылқаған (Патшалықтар 1-жазба 1:20; 2:21; Патшалықтар 3-жазба 19:5—18; Тімотеге 2-хат 4:8). Әйтсе де оларға әр түрлі сезіммен, соның ішінде қайғы, қамығу және үреймен күресуге тура келген. Олай болса, кейде жағымсыз сезімдер бізді де мазаласа, бұған еш таңғалудың қажеті жоқ. Алайда өмірдің уайым-қайғысынан Ехобаның сені шынымен сүйетініне күмән туса, не істеуіңе болады? Онда Құдай Сөзінен жұбаныш таба аласың. Мысалы, алдыңғы мақалада Исаның Ехобаға ‘тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да белгілі’ деген сөздерін талқылаған болатынбыз (Матай 10:30). Бұл жігерлендіретін сөздер Ехобаның әрбір қызметшісінің игілігін ойлайтынын көрсетеді. Сондай-ақ Исаның торғайлар туралы көрнекі мысалын есіңе түсіріп көрші. Егер бірде-бір торғай Ехобаның еркінсіз жерге құлап түспейтін болса, сенің жағдайыңа ол неге көз жұму керек екен?!
6. Жағымсыз сезімдермен күресіп жүргендерге Киелі кітап қалай жұбаныш береді?
6 Құдіретті Жаратушы Ехоба Құдайдың көз алдында біз сияқты кемелсіз жандардың шынымен бағалы болуы мүмкін бе? Әрине! Бұған Киелі кітаптың көптеген үзінділері көзімізді жеткізеді. Соларды терең ұғына отырып, біз: “Жүрегімде қайғы көбейгенде, Сенің жұбатқаның жанымды жадыратады”,— деп жырлаған забур жыршысының сөздеріне қосыла аламыз (Забур 93:19). Ал қазір Құдайдың алдында бағалы екенімізді және әрі қарай да еркін орындай берсек, бізді жарылқайтынын жақсырақ түсінуге көмектесетін Құдай Сөзіндегі жұбаныш беретін ойлардың кейбірін қарастырайық.
Ехобаның ‘ерекше меншігі’
7. Ехоба азғын халыққа Малахи пайғамбар арқылы қандай жігерлендіретін пайғамбарлық айтады?
7 Б. з. б. 5 ғасырда яһудилердің жағдайы мүшкіл еді. Діни қызметкерлер жарамсыз малдарды қабыл алып, оларды Ехобаның құрбандық үстелінде шалатын. Ал билер екіжүзділік танытатын. Сиқырлық, өтірік, алаяқтық пен азғындық кең етек алған еді (Малахи 1:8; 2:9; 3:5). Малахи осы арсыз, азғын халыққа таңғаларлық пайғамбарлық айтады: уақыт өте, олар қайтадан Ехобаның қолдауына ие болады. Біз былай деп оқимыз: “Олар Менікі болады, дейді Тәңір Сабаот, мен жасаған күні олар Менің меншігім [“ерекше меншігім”, ЖД] болады, әрі адам өзіне қызмет етіп жатқан ұлына қалай мейірімін төксе, Мен де оларға солай мейірім төгемін” (Малахи 3:17).
8. Малахи 3:17-ні неге өте үлкен тобырға да қолдануға болады?
8 Қазіргі таңда Малахидің пайғамбарлығы рухани халықты құрайтын 144 000 майланған мәсіхшілерге қатысты орындалуда. Бұл халық шынымен Ехобаның ‘ерекше меншігі’, яки “Құдайдың меншікті халқы”, болып табылады (Петірдің 1-хаты 2:9). Малахидің пайғамбарлығы ‘Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұрған’ ‘өте үлкен тобырға’ да жігер береді (Аян 7:4, 9). Олар майланғандармен бірге бір-ақ Бағушының, Иса Мәсіхтің, қарауындағы біртұтас отарын құрайды (Жохан 10:16).
9. Неге Ехобаның халқы ол үшін ‘ерекше меншік’ болып табылады?
9 Ехоба өзіне қызмет етуді шешкен адамдарға қалай қарайды? Малахи 3:17-де айтылғандай, оларға сүйікті әкенің баласына қарағанындай қарайды. “Ерекше халқым” деп өз халқын сипаттау үшін қандай жүрекке жылы тиетін сөздерді қолданғанына назар аударшы! Өзге аудармаларда бұл тіркес: “менің өз меншігім”, “менің аса құнды иелігім”, “менің асылым” деп аударылған. Ехоба өзіне қызмет ететіндерге неге сонша ерекше деп қарайды? Біріншіден, ол — ризашылықтың Құдайы (Еврейлерге 6:10). Ол өзіне шын жүректен қызмет ететіндерге жақындайды, әрі оларды жоғары бағалайды.
10. Ехоба халқын қалай қорғайды?
10 Сен үшін ерекше құнды бір зат бар ма? Оны сақтап қалу үшін қолыңнан келгеннің бәрін жасамас па едің? Ехоба да ‘ерекше меншігіне’ осылай етеді. Рас, ол халқын өмірдің бар қиындығы мен қайғылы жайттарынан қорғамайды (Екклесиаст 9:11). Бірақ адал қызметшілерін рухани жағынан қорғай алады, әрі қорғайды да. Оларға кез келген қиындыққа төтеп беруге қажетті күш-қуат береді (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Сондықтан да Мұса Құдайдың ежелгі халқына, исраилдіктерге, былай деген: “Батыл да, табанды болыңдар... Құдайларың Тәңір өзі сендермен бірге барады, ол сенен бас тартпайды және қалдырмайды” (Заңды қайталау 31:6). Ехоба өз халқын жарылқап отырады. Себебі олар оның ‘ерекше меншігі’ болып табылады.
Ехоба — ‘жарылқайтын’ Құдай
11, 12. Ехобаны Жарылқаушы Құдай деп білгеніміз күмәнді ойларға жол бермеуге қалай көмектеседі?
11 Ехоба қызметшілерін бағалайтындығының өзге бір дәлелі — оларды жарылқап, сый беретіндігі. Ол исраилдіктерге: “Мені осылай сынаңдар,— дейді Тәңір Сабаот.— Сонда Мен аспан қақпаларын айқара ашып, батамды сендерге көл-көсір етіп төкпеймін бе?!”— деген (Малахи 3:10). Әрине, Ехоба қызметшілеріне түбінде мәңгілік өмір сыйлайды (Жохан 5:24; Аян 21:4). Бұл баға жетпес сый Ехобаның сүйіспеншілігі мен жомарттығы шексіз екенін көрсетеді. Сонымен қатар бұл өзіне қызмет етуді шешкендерді оның шынымен бағалайтынын да көрсетеді. Ехобаға жомарттықпен Жарылқаушы Құдай деп қарауды үйренгеніміз оның көз алдында қандай екеніміз туралы кез келген күмәнді ойға жол бермеуге көмектеседі. Ехоба өзіне Жарылқаушы Құдай деп қарауға шақырады да! Пауыл: “Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс”,— деп жазған (Еврейлерге 11:6).
12 Әрине, Ехобаға бізді жарылқауды уәде еткені үшін ғана емес, оны сүйгендіктен қызмет етеміз. Алайда сый алу үмітін жүрегімізге жақын тұтқанымыз орынсыз нәрсе не өзімшілдік емес (Қолостықтарға 3:23, 24). Ехоба өзін жан-тәнімен іздейтіндерді сүйгендіктен және аса жоғары бағалайтындықтан, оларды бірінші болып жарылқайды.
13. Неге азаттық төлемі Ехобаның сүйіспеншілігінің ең зор дәлелі болып табылады?
13 Адамдардың Ехобаның көз алдында бағалы екенін көрсететін ең зор дәлел — азаттық төлемі. Елші Жохан: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады”,— деп жазған (Жохан 3:16). Ехобаның Иса Мәсіхтің төлем құрбандығын бергені Оның алдында түкке тұрғысызбыз не сүйіспеншілігіне тұрмаймыз деген ойымызға мүлдем кереғар. Шындығында, Ехоба бізге соншама жоғары құнды — өзінің жалғыз Ұлының өмірін — төлеп отырса, онда оның бізді сүйетініне күмәндануға бола ма?
14. Пауылдың азаттық төлемге қалай қарағаны неден көрінеді?
14 Өзің жайында жағымсыз ой-сезімдер мазалай бастаса, азаттық төлем жайлы ой жүгірт. Оны Ехобаның жеке өзіңе берген сыйы деп қарастыр. Елші Пауыл дәл осылай еткен. Оның: “Сорлы басым-ай!”— деп айтқанын есіңе түсірші. Бірақ әрі қарай ол: “Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы”,— деген. “Ол мені сүйгендіктен Өзін мен үшін құрбан етті!” (Римдіктерге 7:24, 25; Ғалаттықтарға 2:20). Мұны айтқанда, Пауыл өзін өзгеден артық санап тұрған жоқ. Ол жай ғана Ехобаның өзін бағалайтынына сенімді болған. Пауыл сияқты сен де азаттық төлемін Құдайдың жеке өзіңе берген сыйы деп қарастырып үйренуің керек. Ехоба — тек құдіретті Құтқарушы ғана емес, сондай-ақ сүйіспеншілікке толы Жарылқаушы Құдай.
Шайтанның ‘қастық іс-әрекетінен’ сақтан
15—17. а) Шайтан жағымсыз сезімді қалай пайдаланып қалады? ә) Әйүптің оқиғасы бізге қалай жігер береді?
15 Алайда Құдай Сөзіндегі рухтың жетелеуімен жазылған жұбаныш сөздердің саған тікелей қатысы бар екеніне сену қиын шығар. Бәлкім, Құдайдың жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүру сыйы өзгелер үшін, ал мен оған лайықсызбын деп ойлайтын шығарсың. Егер өзіңді осылай сезінетін болсаң, не істеуге болады?
16 Әрине, саған Пауылдың ефестіктерге айтқан мына кеңесі жақсы таныс: “Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталыңдар!” (Ефестіктерге 6:11). Шайтанның тәсілдері жайлы ойлағанда, бірден ойымызға дүниеқорлық пен азғындық түседі, әрі бұл дұрыс та. Ертедегі және қазіргі Құдай қызметшілерінің көбісі осы азғыруларға түсіп қалған. Алайда біз Шайтанның тағы бір қастық әрекетін ескермей жүрмейік: ол адамдарды Ехоба Құдай өздерін жақсы көрмейді дегенге иландыруға барынша тырысады.
17 Шайтан мұндай сезімді адамдарды Құдайдан әкету үшін пайдаланып қалуға шебер. Билдаттың Әйүпке айтқан сөздерін есіңе алшы: “Қалай адам Құдай алдында әділ бола алсын және әйелден туған қалай таза болсын? Міне, тіпті ай, ол да жарық емес, жұлдыздар да Оның көз алдында таза емес. Онда құрт болып табылатын адам, сондай-ақ күйе болып табылатын адам баласы болса қайдан таза болсын” (Әйүп 25:4—6; Жохан 8:44). Бұл сөз Әйүптің рухын қаншалықты күйреткенін елестете аласың ба? Онда Шайтанға жігеріңді жасытуына жол берме. Бірақ Шайтанның зымиян ниетін де байқай біл, сонда дұрыс нәрсені істеу үшін қайтпастан күресуге батылдық пен күш-қайратың болады (Қорынттықтарға 2-хат 2:11). Ал Әйүпке келсек, оны тіпті түзетуге тура келгенімен, Ехоба төзімділігі үшін жарылқап, жоғалтқандарының бәрін екі есе етіп қайтарды (Әйүп 42:10).
Ехоба “жүрегімізден жоғары”
18, 19. Құдай қалай “жүрегімізден жоғары” және қалайша ол “бәрін де біледі”?
18 Рас, ұнжырғаны түсіретін ойлар санаға терең сіңген болса, олардан құтылу оңай бола қоймас. Алайда Ехобаның рухы ‘Құдайды тануға бөгет болатын’ “жау бекіністерін [“терең сіңген нәрселерді”, ЖД]” біртіндеп талқандауға көмектесе алады (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5). Жағымсыз ойлар мазалай бастаса, елші Жоханның сөздері жайлы ойлан: “Сөйтіп өзіміздің шынайы жолда екендігімізді біліп, Құдай алдында жүрегіміз орнығады. Себебі егер жүрегіміз бізді айыптаса да, Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі” (Жоханның 1-хаты 3:19, 20).
19 “Құдай жүрегімізден жоғары” деген сөйлемше нені білдіреді? Кейде жүрегіміз бізді айыптауы мүмкін, бұл әсіресе кемелсіздігіміз бен әлсіздігімізді терең сезінгенде болуы мүмкін. Я болмаса шыққан ортамыздың әсерінен де Ехоба разы болатындай ештеңе де істеп жатқан жоқпыз деп, өзіміз жайлы теріс ойлауға тым бейім болуымыз мүмкін. Елші Жоханның сөздері Ехоба жүрегімізден жоғары деп сендіреді. Ол қателіктерімізді ғана көріп қоймай, біздің нақты неге қабілетті екенімізді де көреді. Сонымен қатар ой-ниетімізді де біледі. Дәуіт: “Неден жаратылдық, соны біледі, топырақтан екеніміз Оның есінде”,— деп жазған (Забур 102:14). Иә, Ехоба бізді өзімізден де артық біледі!
“Патшаның керемет әдемі тәжі”
20. Ишаяның қайта қалпына келтіру туралы пайғамбарлығы Ехобаның өз қызметшілеріне қалай қарайтыны туралы нені көрсетеді?
20 Ехоба Ишая пайғамбар арқылы ежелгі халқына туған жерлерінің қайта қалпына келетіні жайлы үміт берді. Бабылдың тұтқынындағы еңсесі түскен олар осы жұбаныш пен кепілдік беретін сөздерге зәру боп отырған еді. Туған еліне қайта оралатын уақытты меңзеп, Ехоба: “Сен Құдай Иеңнің қолында патшаның керемет әдемі тәжі секілді болып көрінесің”,— деді (Ишая 62:3). Бұл сөздермен Ехоба өз халқын даңқ пен ұлылыққа бөлеген. Ол бүгінгі рухани Исраилге де тап солай етті. Бұл Құдайдың бәрі де тамсанатындай етіп, оларды қолымен жоғары көтергені сияқты.
21. Ехобаның адалдықпен төзімділік танытып жатқаның үшін жарылқап, сый беретініне қалай сенімді бола аласың?
21 Бұл пайғамбарлық бірінші кезекте майланған мәсіхшілерге қатысты орындалып жатқанымен, ол Ехобаның өзіне қызмет етіп жүргендердің бәрін де ұлылыққа бөлейтінін көрсетеді. Олай болса, күмәнді ойлар қармап алғанда, тіпті кемелсіз болсаң да, Ехоба үшін “патшаның керемет әдемі тәжі секілді” бағалы бола алатыныңды ұмытпа. Сол себепті оның еркін орындауға жан-тәніңмен ұмтыла отырып, әрі қарай да жүрегін қуанта бер (Нақыл сөздер 27:11). Осылай ете отырып, Ехобаның адалдықпен төзімділік танытып жатқаның үшін жарылқап, сый беретініне сенімді бола аласың.
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
Естеріңде ме?
• Қалайша біз Ехобаның ‘ерекше меншігіміз’?
• Неге Ехобаны Жарылқаушы Құдай деп қарастырғанымыз маңызды?
• Шайтанның қандай ‘қастық іс-әрекетінен’ сақ болуымыз керек?
• Қалайша Құдай “жүрегімізден жоғары”?
[28-беттегі сурет]
Құдай Сөзінде жұбаныш беретін ойлар өте көп