Ехобаның Сөзі тірі
Жаратылыстың басталуы кітабының көңіл бұрарлық тұстары. II-бөлім.
ЖАРАТЫЛЫСТЫҢ басталуы кітабы алғашқы Адамның жаратылуынан бастап, Жақыптың ұлы Жүсіптің өліміне дейінгі адамзаттың 2 369 жылдық тарихын қамтиды. Алғашқы он тарау мен 11-тараудың тоғыз тармағы, яғни жаратылыстан Бабыл мұнарасының салынуы туралы хабарлар осы журналдың алдыңғы санында талқыланған болатынa. Бұл мақалада Жаратылыс кітабының қалған бөліктеріндегі көңіл бұрарлық тұстары, яғни Құдайдың Ыбырайыммен, Ысқақ, Жақып және Жүсіппен қарым-қатынасы қарастырылады.
ЫБЫРАЙЫМ — ҚҰДАЙДЫҢ ДОСЫ
Топан судан кейін шамамен 350 жыл өткен соң, Нұхтың ұлы Шамның ұрпағынан Құдайдың алдында өте ерекше болған адам туылады. Оның есімі Ыбырам еді, кейінірек Ыбырайым деп өзгереді. Құдайдың бұйрығы бойынша, Ыбырам Халдей еліндегі Ур қаласын тастап, Ехобаның өзіне және ұрпағына беруді уәде еткен жерінде шатырда өмір сүреді. Ыбырайым сенімі мен мойынсұнғыштығының арқасында “Құдайдың досы” атанады (Жақып 2:23).
Ехоба Содом мен оның маңайындағы қалалардың зұлым тұрғындарына қарсы әрекет етеді де, ал Лут пен қыздарын аман алып қалады. Құдайдың уәдесі Ыбырайымның ұлы Ысқақ туылғанда жүзеге асады. Жылдар өте, Ехоба Ыбырайымға ұлын құрбандыққа беруді тапсырғанда, оның сенімі сыналады. Ыбырайым Құдайды тыңдауға дайын еді, бірақ оны періште тоқтатады. Ыбырайымның ерекше сенімі бар адам екендігінде еш күмән жоқ. Сондай-ақ оған ұрпағы арқылы бүкіл халық батаға ие болатыны туралы уәде беріледі. Сүйікті жары Сараның өлімі Ыбырайымды қатты қайғыға батырады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
12:1—3 — Ыбырайыммен жасалған келісім қашан күшіне енді және қанша уақытқа? Ехобаның “[Ыбырам] арқылы Мен жер бетіндегі барлық ұлттарды жарылқаймын” деген Ыбыраммен жасаған келісімі оның Қанаханға барар сапарында Евфрат өзенін кесіп өткенде, күшіне енген болу керек. Бұл б. з. б. 1943 жылдың 14 нисанында Исраилдің Мысырдан құтқарылуынан 430 жыл бұрын болуға тиіс (Мысырдан шығу 12:2, 6, 7, 40, 41). Ыбырайыммен жасалған келісім — “мәңгілік келісім”. Бұл жер бетіндегі барлық ұлттар батаға ие болмайынша және Ехобаның жауларының бәрі жойылмайынша, өз күшінде қала береді (Жаратылыс 17:7; 1 Қорынттықтарға 15:23—26).
15:13 — Ыбырам ұрпағының төрт жүз жыл бойы азап шегетіні туралы алдын ала айтылған сөздер қашан орындалды? Бұл азап шегу кезеңі б. з. б. 1913 жылы Ыбырайымның баласы Ысқақ шамамен 5 жасында емшектен шығарылғанда, қандас ағасы 19 жастағы Ысмағұл оны ‘келекелеп, мазақтағанда’ басталды (Жаратылыс 21:8—14; Ғалаттықтарға 4:29). Ол б. з. б. 1513 жылы исраилдіктердің Мысыр құлдығынан босаған кезінде аяқталды.
16:2 — Сарайдың өз күңі Ажарды Ыбырамға әйелдікке ұсынғаны орынды болды ма? Сарайдың ұсынысы сол кездегі әдет-ғұрыпқа сай болатын, яғни бедеу әйел артында мұрагері болу үшін күйеуіне кәнизагін қосуға міндетті еді. Бірнеше әйел алу (полигамия) алғаш рет Қабылдың үрім-бұтағында орын алды. Нәтижесінде бұл дәстүрге айналып, кейбір Ехобаға ғибадат етушілер де мұны қабылдаған (Жаратылыс 4:17—19; 16:1—3; 29:21—28). Алайда Ехоба бір ғана әйел алуға қатысты бастапқы нормасын ешқашан өзгерткен емес (Жаратылыс 2:21, 22). Нұх пен оның ұлдарының бір ғана әйелдері болған. Оларға “өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар” деген өсиет қайта айтылған болатын (Жаратылыс 7:7; 9:1; 2 Петір 2:5). Бір ғана әйел алу керектігін Иса Мәсіх те қайта растады (Матай 19:4—8; 1 Тімотеге 3:2, 12).
19:8 — Луттың Содом тұрғындарына қыздарын ұсынғаны дұрыс па еді? Шығыстың әдет-ғұрпына сай, үй иесі тіпті өлуге тура келсе де, қонақтарын қорғауға міндетті еді. Лут осылай етуге дайын болған. Ол жиналған тобырдың алдына батыл шығып, артынан есігін жауып, олардың алдында жалғыз өзі тұрды. Қыздарын ұсынбай тұрғанда, Лут қонақтарының Құдайдың хабаршылары екенін түсінген болса керек, сонымен қатар ол Құдай нағашы апасы Сараны Мысырда қорғағанындай қыздарын да қорғайды деп ой түйген болуы мүмкін (Жаратылыс 12:17—20). Шынында да, жағдайдың барысы өзгеріп, Лут пен қыздары аман-сау қалады.
19:30—38 — Луттың мас болып және қыздарының одан ұлды болғанына Ехоба көз жұмды ма? Ехоба жақын туғанымен жыныстық қатынаста болуды да, маскүнемдікті де ақтамайды (Леуіліктер 18:6, 7, 29; 1 Қорынттықтарға 6:9, 10). Шын мәнінде, Лут Содом тұрғындарының “бұзық қылықтары” үшін қатты қиналған болатын (2 Петір 2:6—8). Қыздарының оны мас қылуының өзі сау күйінде Луттың олармен жыныстық қатынасқа бармайтынын олар жақсы білгенін көрсетеді. Бірақ жат жерде жүрген қыздары Луттың ошағын өшірмеудің жалғыз жолы осы деп ойлады. Киелі кітаптағы бұл оқиға моабтықтар (Моабтың ұрпақтары) мен аммондықтардың (Бен Амми ұрпақтарының) Ыбырайымның ұрпағымен, яғни исраилдіктермен, байланысын көрсетеді.
Біз үшін сабақ:
13:8, 9. Ыбырайым келіспеушілікті шешуде қандай керемет үлгі қалдырған десеңші! Ақшаның, өз басымызды артық санаудың немесе өр көкіректіктің кесірінен өзгелермен татулығымызды ешқашан бұзбауымыз керек.
15:5, 6. Ыбырайым қартайып бара жатты, бірақ әлі баласы жоқ еді, ол бұл туралы Ехобаға айтқан. Ал Ехоба болса уәдесін орындайтынына сендірді. Мұның нәтижесі қандай болды? Ыбырайым “Тәңір Иеге сенді”. Егер дұғада Ехобаға жүрегімізді ашып, Киелі кітаптағы уәделерін қабыл алып, оған мойынсұнар болсақ, сеніміміз нығая түседі.
15:16. Ехоба төрт ұрпаққа дейін аморлықтарды (не қанахандықтарды) соттауды аялдата тұрды. Не үшін? Себебі, ол — шыдамды Құдай. Ол түзелуге ешбір үміт қалмағанша күтті. Ехоба сияқты біз де шыдамды болуымыз керек.
18:23—33. Ехоба адамдарды талғамай жоя бермейді. Ол әділдерді қорғайды.
19:16. Лут әлі де тездетпегендіктен, періштелер оны және отбасын Содом қаласынан сүйреп шығарғандай болды. Осы зұлым дүниенің соңын күтуде уақыттың тығыз екенін ұмытпағанымыз ақылдылыққа жатар еді.
19:26. Осы дүниеде қалдырған нәрселерімізге елеңдеп не артымызға қимастықпен қарағанымыз қандай ақылсыздық болар еді!
ЖАҚЫПТЫҢ 12 ҰЛЫ
Ыбырайым Ысқақтың Рабиға деген Ехобаға сенетін әйелге үйленуіне қам жасайды. Рабиға Есау мен Жақып атты егіз ұл табады. Есау тұңғыштық жолын бағаламай, оны кейіннен әкесінің батасын алған Жақыпқа сатады. Жақып Месопотамияға қашып кетіп, сол жерде Лия мен Рахилаға үйленеді және отбасымен еліне қайта оралғанша, 20 жыл бойы олардың әкелерінің отарын бағады. Лиядан, Рахила мен олардың екі күңінен Жақыптың 12 ұлы және қыздары болады. Жақып періштемен күресіп, бата алады, сондай-ақ оның есімі Исраил деп өзгертіледі.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
28:12, 13 — Жақыптың ‘баспалдақты’ көрген түсі нені білдірді? Бұл жоғары көтерілген тастардың қатары сияқты “баспалдақ” болған болса керек. Ол көк пен жердің арасында байланыс бар екенін көрсеткен еді. Соның үстімен періштелердің бір шығып, бір түсіп жүргені олардың Ехоба мен оның қолдайтын адамдарының арасында маңызды рөл ойнайтынын көрсетті (Жохан 1:51).
30:14, 15 — Неліктен Рахила бірнеше мандрагора үшін жүкті болу мүмкіндігінен бас тартты? Ертеде мандрагора жемісін медицинада есірткі және ауырсынуды жеңілдету үшін қолданған. Бұл жемістің сондай-ақ жыныстық құмарлықты оятатын және құрсақ көтеруге көмектесетін қасиеті бар деп сенген (Таңдаулы әндер 7:14). Киелі кітап Рахиланың осындай айырбас жасауына не түрткі болғанын ашық айтпайды, сірә, ол осы жеміс жүкті болуына көмектесіп, осылайша масқара болып есептелетін бедеуліктен құтылам деп ойлаған болса керек. Алайда бұл Ехоба оған ‘ана болу бақытын сыйлағанға’ дейін бірнеше жыл бұрын болатын (Жаратылыс 30:22—24).
Біз үшін сабақ:
25:23. Ехобаның әлі туылмаған баланың гендік құрылымын біле алатын қабілеті бар, әрі ол мұны өз ниетін жүзеге асыру үшін алдын ала адам таңдағанда қолданады. Әйтсе де, ол әр адамның тағдырын маңдайына жазып қоймайды (Ошия 12:3; Римдіктерге 9:10—12).
25:32, 33; 32:24—29. Жақыптың тұңғыштық жолды алуға қам жасауы мен батаға ие болу үшін түнімен періштемен күресіп шыққаны, оның шын мәнінде қасиетті нәрселерді жоғары бағалағанын көрсетеді. Ехоба бізге де бірнеше қасиетті нәрселерді сеніп тапсырды. Бұлар онымен және ұйымымен қарым-қатынасымыз, Исаның азаттық төлемі, Киелі кітап және Патшалыққа деген үмітіміз. Біз де Жақып сияқты осы нәрселерге ризашылық білдіретінімізді дәлелдейік.
34:1, 30. Жақыптың өзге халықтарға “жек көрінішті” болуы Динаның Ехобаны жақсы көрмейтін адамдармен дос болуынан басталды. Біз араласатын ортамызды даналықпен таңдауға тиіспіз.
МЫСЫРДА ЕХОБАНЫҢ ЖҮСІПКЕ БАТАСЫН БЕРУІ
Қызғаныш Жақыптың ұлдарын інілері Жүсіпті құлдыққа сатып жіберулеріне түрткі болады. Құдайдың өнегелік нормаларына адал болғаны әрі батыл ұстанғаны үшін Мысырда Жүсіпті түрмеге жабады. Біраз уақыт өткен соң, Жүсіпті перғауынның жеті жылдық молшылық пен оның артынан болатын жеті жылдық жұт туралы түсін жорып беру үшін түрмеден алдыртады. Кейін Жүсіп астық қоймасының басқарушысы етіп тағайындалады. Аштық кезінде оның ағалары тамақ іздеп Мысырға келеді. Отбасы табысып, Гөшен аймағындағы құнарлы жерге қоныстанады. Қайтыс боларының алдында Жақып ұлдарына батасын беріп, алыс болашақта ие болатын зор баталарға деген берік үміт беретін пайғамбарлық айтады. Жақыптың мәйіті жерлену үшін Қанаханға апарылады. Жүсіп 110 жасында қайтыс болғанда, денесі бальзамдалады да, кейінірек Уәде етілген жерге қойылады (Мысырдан шығу 13:19).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
43:32 — Неліктен мысырлықтар еврейлермен бірге тамақтансақ арамданып қаламыз деп ойлаған? Мұның себебі көбінесе діни алалаушылық немесе ұлттық көкірекшілдік болуы мүмкін. Сонымен қатар мысырлықтар үшін бақташылар жиіркенішті болған (Жаратылыс 46:34). Неге? Мысыр қоғамында бақташылық төмен кәсіп болып есептелгендіктен болуы мүмкін, я болмаса олар өңдеуге жарамды жерлер шектеулі болғандықтан да отарына жайылым іздегендерді жек көруі мүмкін.
44:5 — Жүсіп шын мәнінде тостағанды қолданып, сәуегейлік еткен бе? Күміс тостаған да, ол туралы айтылған нәрсе де шын мәнінде айла-амалының бір бөлігі еді. Жүсіп Ехобаға адал ғибадат етуші болған. Бунияминнің тостағанды шынында да ұрламағанындай, Жүсіп те тостағанды сәуегейлік ету үшін қолданбаған.
49:10, ЖД — “Патша таяғы” мен “басқарушының аса таяғы” нені білдіреді? Патша таяғы — билеушінің патшалық билігін көрсететін белгі ретінде ұстап жүретін таяқ. Ал басқарушының аса таяғы оның бұйыруға билігі бар екенін көрсетеді. Жақыптың бұл екеуін де атағаны Шило келмейінше, Яһуданың әулетінен билік те, күш те кетпейтінін көрсетеді. Яһуданың осы ұрпағы — Иса Мәсіх, оған Ехоба көктегі билікті сыйлады. Мәсіхтің патшалық билігі мен бұйыруға құдіреті бар (Забур 2:8, 9; Ишая 55:4; Даниял 7:13, 14).
Біз үшін сабақ:
38:26. Яһуданың өз келіні Тамарға жасаған қылығы дұрыс емес еді. Бірақ келінінің жүкті екені белгілі болғанда, ол кішіпейілділікпен қателігін мойындады. Біз де қателіктерімізді тез мойындауымыз керек.
39:9. Жүсіптің Потифардың әйеліне қайтарған жауабы оның өнегелік істерге қатысты ойы Құдайдың ойымен сай болғанын және ар-ұжданына Құдайдың принциптері басшылық етіп отырғанын көрсетеді. Біз де шындық туралы тура біліміміз көбейген сайын, оның өмірімізге де осылай әсер етуіне күш салуымыз керек емес пе?
41:14—16, 39, 40. Ехоба өзінен қорқатындар үшін жағдайды толық өзгерте алады. Қиыншылықтарға тап болғанда, Ехобаға сенім артқанымыз әрі оған адал болғанымыз абзал.
Олардың сенімдері мықты болған
Ыбырайым, Ысқақ, Жақып пен Жүсіп шын мәнінде Құдайдан қорқатын сенімдері мықты адамдар болған. Жаратылыс кітабындағы олардың өмірі туралы оқиғалар шынында да сенімімізді нығайтып, бізді көп құнды нәрселерге үйретеді.
Теократиялық қызмет мектебіндегі Киелі кітапты апта сайын оқу кестесін ұстанатын болсаң, осы оқиғалардан көп пайда аласың. Жоғарыда айтылып кеткендерді қарастырғаның сол оқиғаларды жандандырып, қызықты етуіңе көмектеседі.
[Сілтеме]
a 2004 жылғы 1 қаңтардағы “Күзет мұнарасының” “Ехобаның Сөзі тірі. Жаратылыстың басталуы кітабының көңіл бұрарлық тұстары. I-бөлім” деген мақаланы қара.
[28-беттегі сурет]
Ыбырайым Тәңірге сенген адам болған
[28-беттегі сурет]
Ехоба Жүсіпке батасын берді
[28-беттегі сурет]
Әділ Лут пен оның қыздары аман қалды
[31-беттегі сурет]
Жақып қасиеттіні бағалаған. Ал сен ше?