“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
5—11 ШІЛДЕ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 11, 12
“Ехоба қандай ғибадатты қалайды?”
it-2 1007-б., 4-абз.
Жан
Бүкіл жан-тәніңмен қызмет ету. “Жан” дегеніміз адамның болмыс-бітімін түгел қамтиды. Бірақ кейбір тармақтарда біз Құдайды “бар жүрегімізбен” және “бүкіл жан-тәнімізбен” іздеуіміз, сүюіміз және қызмет етуіміз керектігі айтылған (М5ж 4:29; 11:13). Ал Мұсаның 5-жазбасы 6:5-те: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— делінген. Иса болса бүкіл жан-тәніңмен, бар күш-қуатыңмен ғана емес, “барлық ақыл-ойыңмен” де қызмет ету керектігін айтқан (Мр 12:30; Лқ 10:27). Бұлардың бәрі “жан” деген түсінікке кіретін болса, неге олар жеке-жеке аталған? Бұны түсіну үшін мынадай мысал келтіріп көрейік. Адам өзін, яғни жанын, құлдыққа сатса, ол қожайынының меншігіне айналады. Бірақ ол бүкіл күшін, барлық ақыл-ойын қожайынының игілігіне жұмсамаса, онда ол қожайынына бар жүрегімен, бар ынтасымен, бар қалауымен қызмет етті дей алмаймыз (Еф 6:5; Қл 3:22 салыстырыңыз). Демек, жүрек, күш-қуат, ақыл-ойдың жеке-жеке айтылу себебі — Қожайынымыз Құдайға және біз үшін өмірін төлем ретінде берген Исаға қызмет еткенде, осы жайттарды ұмытпай, баса назар аудару. Сонымен, Құдайға “бүкіл жан-тәніңмен” қызмет ету деген оған бар болмыс-бітіміңмен, яғни тәніңмен, қабілеттеріңмен, істеріңмен және қалауыңмен қызмет етуді білдіреді (Мт 5:28—30; Лқ 21:34—36; Еф 6:6—9; Фп 3:19; Қл 3:23, 24 салыстырыңыз).
it-1 84-б., 3-абз.
Құрбандық орны
Исраилдіктер жалған құдайларға арналған құрбандық орындарын және солардың қасындағы қасиетті тас бағаналар мен қасиетті ағаш бағаналарды қиратып, шауып тастау керек болған (М2ж 34:13; М5ж 7:5, 6; 12:1—3). Бұған қоса, оларға қанахандықтар сияқты, осындай істермен айналысуға және ұл-қыздарын құрбандық ретінде өртеуге тыйым салынды (М5ж 12:30, 31; 16:21). Исраилдіктер көптеген құрбандық орындарын соқпай, жалғыз шынайы тірі Құдайға арнап бір ғана құрбандық орнын соғу керек болған және ол тек Ехоба айтқан жерде ғана орнатылған (М5ж 12:2—6, 13, 14, 27; ал Бабылда, керісінше, жалғыз Иштар әйел тәңірінің өзіне 180 құрбандық орны тұрғызылған). Иордан өзенінен өткеннен кейін, басында оларға құрбандық орнын қашалмаған бүтін тастардан жасау бұйырылды (М5ж 27:4—8). Ешуа бұл құрбандық орнын Евал тауында жасады (Еш 8:30—32). Жаулап алған жерді бөліп алғаннан кейін, Рубен мен Ғад руы және Манаса руының жартысы Иорданның жағасында еңселі етіп құрбандық ошағын тұрғызды. Басында бұл жағдай басқа рулардың арасында дау-дамай туғызды. Бірақ кейін бұл құрбандық ошағы опасыздықтың емес, шынайы Құдай Ехобаға деген адалдықтың белгісі екені анықталды (Еш 22:10—34).
Рухани асыл тастар
it-1 925, 926-б.
Гаризим тауы
Мұсаның беріп кеткен нұсқауларына сай, Гай қаласын жеңген соң, исраилдіктер Ешуаның айтуымен Гаризим мен Евал тауларында жиналды. Ол жерде халық Ехобаға мойынсұнса қандай баталарға кенелетінін, ал тілін алмаса қандай қарғысқа ұшырайтынын естіді. Шимон, Леуі, Яһуда, Исахар, Жүсіп пен Бениямин рулары Гаризим тауының алдында тұрды. Леуіліктер келісім сандығымен бірге аңғарда, ал қалған алты ру Евал тауының алдында тұрды (М5ж 11:29, 30; 27:11—13; Еш 8:28—35). Гаризим тауының етегіндегі рулар соларға қарап баталар оқылған кезде, ал Евал тауының етегіндегі рулар оларға қарап қарғыс оқылған кезде жауап беріп тұрған болса керек. Жері тастақ, құнарсыз Евал тауына қарағанда Гаризим тауы өте құнарлы әрі шұрайлы болғандықтан, баталар сол жаққа қарап айтылған деген болжам бар. Бірақ Киелі кітапта бұл жөнінде ештеңе айтылмаған. Заң “әйелдер мен балаларды және араларында тұрып жатқан жатжерліктерді қоса алғанда, күллі Исраил қауымының алдында” дауыстап оқылды (Еш 8:35). Жиналған қалың жұрт бұл сөздерді екі таудың етегінен де жақсы ести алған. Бұған сол өңірдің акустикасының жақсы болғаны себепші болған болса керек (“ГЕВАЛ, ГОРА” дегенді қараңыз).
12—18 ШІЛДЕ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 13—15
“Ехоба Заңы арқылы кедейлерді қамқорлаған”
it-2 1110-б., 3-абз.
Оннан бір бөлік
Леуіліктердің діни қызметін қолдау үшін жыл сайын берілетін оннан бір бөліктен бөлек, тағы бір оннан бір бөлік болған көрінеді. Леуіліктер де қандай да бір шамада бұның игілігін көрген. Әдетте бұл бөлік жыл сайынғы мейрамдарда бас қосатын исраилдік отбасыларының сол уақытты қуанышты өткізуі үшін жұмсалатын. Кейде Иерусалимге дейінгі жол алыс болып, оннан бір бөлікті алып бару қиын болған жағдайда, олар өнімдерін ақшаға айырбастай алатын. Сөйтіп, ол ақшаны Иерусалимдегі қасиетті жиын кезінде отбасының шығынын өтеуге және көңіл көтеруге жұмсайтын (М5ж 12:4—7, 11, 17, 18; 14:22—27). Жеті жылдық айналымның әрбір үшінші және алтыншы жылының соңында (әрбір жетінші жыл демалыс жылы болған) халық оннан бір бөлікті мейрамдарда өз шығындарына жұмсамай, тұратын жерлеріндегі леуіліктерге, жатжерліктерге, жетімдер мен жесірлерге берген (М5ж 14:28, 29; 26:12).
it-2 833-б.
Демалыс жылы
Демалыс жылы деген “қарызды кешетін жыл” (евр. “хашшемитта́”) деп те аталады (М5ж 15:9; 31:10). Бұл жылы жерге еш нәрсе егілмей, ол толықтай тынығатын болған (М2ж 23:11). Сондай-ақ адамдар қарыздан да босап, тынығатын. Ехобаның нұсқауы бойынша, бұл қарыздарды кешіретін уақыт болған. Басқалар пікірлерімен келіспесе де, кейбір Киелі кітап түсіндірмешілерінің айтуынша, қарыздар негізінен кешірілмеген, жай қарыз беруші еврей бауырларынан қарызды қайтаруды талап етіп қысым көрсетпеген, себебі демалыс жылы егіндіктен ешқандай кіріс болмаған. Бірақ бұл жылы жатжерліктерден қарыздарды талап етуге болатын (М5ж 15:1—3). Ал кейбір раввиндердің пікірінше, кедей бауырларына көмектесу мақсатында берілген қарыздар кешірілетін, бірақ іскерлік мәселелермен берілген қарыздар басқаша қарастырылған. Олардың айтқандарына сай, б. з. І ғасырында Гиллель орнатқан тәртіп бойынша, қарызы қайтпай қалатын жағдайға қалмау үшін, қарыз беруші сотқа жүгініп арыздана алған (“The Pentateuch and Haftorahs”, edited by J. Hertz, London, 1972, pp. 811, 812.).
it-2 978-б., 6-абз.
Құл
Құл мен қожайынның ара-қатынасын реттейтін заңдар. Исраилдіктердің кезінде еврей құлдың жағдайы жатжерлік не кірме құлдың жағдайынан өзгеше болған. Еврей емес құл иесінің меншігі болып қала берген және әкеден балаға өтіп отырған (М3ж 25:44—46). Ал еврей құлды қызметінің жетінші жылы немесе Азаттық жылы, қайсысы бірінші келгеніне байланысты, босату керек болған. Қожайыны еврей құлына жалдамалы жұмысшыға қарағандай қарау керек-тін (М2ж 21:2; М3ж 25:10; М5ж 15:12). Жатжерлікке, жатжерліктің отбасы мүшесіне не кірмеге өзін құлдыққа сатқан еврей кісі кез келген уақытта өзін-өзі немесе соған құқы бар адам қайта сатып ала алатын. Ол үшін қанша құн төленетіні қызметінің жетінші жылына я Азаттық жылына қанша жыл қалғанына байланысты өлшенген (М3ж 25:47—52; М5ж 15:12). Еврей құлы бостандыққа шығатын кезде, әрі қарай аяққа тұрып кетуі үшін қожайыны оны құр қол жібермеу керек болған (М5ж 15:13—15). Кезінде құл әйелімен бірге келген болса, әйелі де онымен бірге азаттық алатын. Ал егер оған әйелді қожайын алып берген болса, онда әйелі мен балалары қожайынының меншігі болып қалатын (бұл жатжерлік әйел болған көрінеді, себебі оларға қызметінің жетінші жылы азаттық берілмейтін). Бұндай жағдайда еврей құл қожайынымен бірге қалам деп шеше алатын. Ондайда қожайынына өмір бақи қызмет ететінінің белгісі ретінде құлағы бізбен тесілетін (М2ж 21:2—6; М5ж 15:16, 17).
Рухани асыл тастар
Оқырман сауалдары
Мұсаның 2-жазбасы 23:19-дағы “Лақтың етін енесінің сүтіне пісірме” деген заңнан не нәрсеге үйренеміз?
Мұса Заңындағы бұл бұйрық Киелі кітапта үш рет кездеседі. Одан Ехобаның ізгілігін, жанашырлығы мен мейірімділігін көруге болады. Сондай-ақ одан Ехобаның жалған ғибадатқа еш төзбейтінін білеміз (Мұсаның 2-жазбасы 34:26; Мұсаның 5-жазбасы 14:21).
Лақты не басқа да төлді енесінің сүтіне пісіру Ехобаның табиғатта орнатқан тәртібіне қайшы. Негізі, Құдай енесіне сүтті лағын емізіп, өсірсін деп берген. Лақтың етін енесінің сүтіне пісіру, бір ғалымның айтуынша, “Құдайдың ата-ана мен баланың арасында орнатқан қарым-қатынасын аяқасты етумен тең”.
Біреулердің айтуынша, лақтың етін енесінің сүтіне пісіру жаңбыр шақыру үшін жасалған діни рәсім болған болуы мүмкін. Егер солай болса, бұл заң айналасындағы пұтқа табынатын халықтардың тасжүрек әрі қатыгез рәсімдерінен исраилдіктерді қорғап отырған. Мұса Заңы исраилдіктерге сол халықтардың әдет-ғұрыптарын ұстанбауды нақты бұйырған (Мұсаның 3-жазбасы 20:23).
Сондай-ақ бұл заң Ехобаның асқан жанашыр Құдай екенін көрсетеді. Негізі, Мұса Заңында жануарларға қатыгездік жасауға тыйым салатын және табиғаттағы тәртіпті бұзудан сақтайтын басқа да заңдар бар. Мысалы, жаңа туылған малды жеті күн енесінің қасында болмайынша құрбандыққа шалуға, енесі мен төлін бір күнде союға, сондай-ақ ұядағы құсты балапандарымен не жұмыртқаларымен қоса алып кетуге болмайтын (Мұсаның 3-жазбасы 22:27, 28; Мұсаның 5-жазбасы 22:6, 7).
Сонымен, Мұса Заңы деген күрделі бұйрықтар мен заңдардың жиынтығы ғана емес. Олардың астарындағы принциптер бойымызға жоғары моральдық қасиеттер ұялатады. Бұл қасиеттер — Ехобаның тамаша болмысының айнасы (Зб 19:7—11).
19—25 ШІЛДЕ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 16—18
“Әділ төрелік етуге арналған принциптер”
it-1 343-б., 5-абз.
Соқырлық
Киелі кітапта сот ісінде әділдіктен аттап, әділетсіз шешім шығаратын төрешілерді соқырларға теңеген. Заңда пара не сый-сияпат алмаңдар, ешкімді алаламаңдар деген тыйымдар көп болған. Өйткені бұл нәрселердің бәрі соттың көзін тұмшалап, қарастырылып жатқан іске дұрыс баға беруге кедергі жасайтын еді. “Пара соттың көзін соқыр етеді” (М2ж 23:8). “Пара дана адамды соқыр етеді” (М5ж 16:19). Сот ісіне қатысы бар адамнан сый-сияпат алған төреші, қанша әділ әрі парасатты болмасын, сот ісінде өзі аңдап не аңдамай, дұрыс емес шешім шығарып қоюы мүмкін. Құдай Заңы сый-сияпатқа алданып қана емес, сезімге де беріліп дұрыс емес шешім шығарылуы мүмкін екенін ескерткен. Мысалы, онда былай делінген: “Кедейге алалаушылық танытпаңдар, байға да орынсыз құрмет көрсетпеңдер” (М3ж 19:15). Демек, сот кедейге жаны ашып я жұрттың көзіне жақсы көрінгісі келіп, байды бай болғаны үшін ғана айыпты деп табуына болмайтын (М2ж 23:2, 3).
it-2 511-б., 7-абз.
Сандар
Екі. Заңи мәселелерде екі деген сан жиі кездеседі. Екі куәгердің айтқаны бір жерден шықса, бұл куәліктің растығын дәлелдей түскен. Қандай да бір мәселені соттың алдына апару үшін, кемінде екі не үш куәгер қажет болған. Бұл принципті мәсіхшілер қауымында да ұстанады (М5ж 17:6; 19:15; Мт 18:16; Қ2х 13:1; Т1х 5:19; Ев 10:28). Құдайдың өзі де Ұлын адамзаттың құтқарушысы еткен кезде, осы принципті ұстанған. Иса: “Мұса Заңында “екі адам куәлік етсе, істің шынайы болғаны” деп жазылған. Мен өзім туралы куәлік етемін, мені жіберген Әкем де мен туралы куәлік етеді”,— деген (Жх 8:17, 18).
it-2 685-б., 6-абз.
Діни қызметкер
Діни қызметкерлердің негізгі міндеті Құдай Заңын түсіндіру болған. Бұған қоса, олар Исраилдегі сот ісінде де маңызды рөл атқарған. Өздеріне белгіленген қалаларда діни қызметкерлер билерге көмектесіп тұратын, әрі олар жергілікті соттар шеше алмаған күрделі жағдайларды билермен бірге қарастыратын (М5ж 17:8, 9). Біреудің мәйіті табылып, бірақ оны кімнің өлтіргені белгісіз болса, діни қызметкерлер қаладағы ақсақалдарға істі қарастыруға көмектесу керек болған. Олар қалаға сол адамның қаны жүктелмес үшін, тиісті рәсімдердің жасалуын қадағалаған (М5ж 21:1, 2, 5). Егер бойын қызғаныш билеген күйеуі әйелін жасырын түрде көзіне шөп салды деп айыптаса, ол әйелін қасиетті орынға алып келуі тиіс еді. Сол жерде діни қызметкер арнайы белгіленген рәсімдерді жасап, сол арқылы әйелдің кінәлі я кінәсіз екенін Ехобаның өзі тікелей көрсететін (М4ж 5:11—31). Барлық жағдайда діни қызметкерлер мен тағайындалған билердің шығарған шешімдерін басқалар құрметтеуге тиіс болған. Ал егер кімде-кім олардың шешімін құрметтемесе я тыңдамайтын болса, олар өлтірілу керек-тін (М4ж 15:30; М5ж 17:10—13).
Рухани асыл тастар
it-1 787-б.
Өлімге кесу
Заң бойынша, адамды өлімге кесу үшін, қылмыс кем дегенде екі куәгердің сөзімен дәлелденуі тиіс болатын (М5ж 19:15). Айыпты адамға бірінші болып тас лақтыратын да осы куәгерлер болған (М5ж 17:7). Осылайша олар Құдайдың заңын және Исраил қауымының тазалығын құлшына қорғайтындарын көрсеткен. Сондай-ақ бұл тәртіп адамды ойланбай не асығыс куәлік беруден сақтаған.
26 ШІЛДЕ—1 ТАМЫЗ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 19—21
“Ехоба үшін адам өмірі аса қымбат”
Ехобаның әділдігі мен мейірімділігіне еліктейік
4 Бассауғалайтын алты қалаға жету оңай еді. Өйткені Ехоба исраилдіктерге Иорданның екі жағынан да үш-үш қаладан таңдап алуды тапсырған. Не үшін? Осының арқасында қашқын осы қалалардың біріне тез әрі оңай жете алатын (Мұсаның 4-жазбасы 35:11—14). Бұл қалаларға апаратын жолдар да жақсы күйде сақталатын (Мұсаның 5-жазбасы 19:3). Бір яһуди анықтамасына сай, қашқындар сол қалаларды оңай табу үшін, жол бойына белгілер орнатылатын. Исраилде бассауғалайтын қалалар болғандықтан, абайсызда кісі өлтіріп қойған исраилдікке шет елден қорғаныш іздеудің қажеті жоқ еді. Осының арқасында ол жалған құдайларға табынуға азғырылмас еді.
Ехобаның әділдігі мен мейірімділігіне еліктейік
9 Бассауғалайтын қалалардың болуының басты бір себебі исраилдіктерді жазықсыз адамның қанын мойындарына жүктеуден қорғау еді (Мұсаның 5-жазбасы 19:10). Ехоба өмірді жақсы көреді, ал кісі өлімін жек көреді (Нақыл сөздер 6:16, 17). Әділ де киелі Құдай болғандықтан, ол тіпті абайсызда болған кісі өліміне де бейжай қарай алмайды. Абайсызда кісі өлтіріп қойған адамға мейірімділік танытылғаны рас. Бірақ мұндай кісі ең алдымен болған жайтты ақсақалдарға айтуы қажет еді. Ақсақалдар мұны оқыс жағдай болды деп шешсе, қашқын бассауғалайтын қалада бас діни қызметкер қайтыс болғанша қалуы керек болатын. Демек, қашқын сол қалада өмірінің соңына дейін қалуы мүмкін еді. Бұл шара барлық исраилдікке өмірдің қасиетті екенін еске салатын. Өмір берушіні құрметтеу үшін, олар өзгенің өміріне қауіп төндіретін кез келген жағдайдан аулақ болуы қажет еді.
lvs 90-б., 3-абз.; 96-б., 18-абз.
Өмірді Құдай сияқты бағалайсыз ба?
3 Киелі кітап қан қасиетті деп үйретеді, өйткені ол өмірді бейнелейді. Ал өмір Ехоба үшін аса бағалы. Қабыл інісін өлтіргенде, Ехоба оған: “Ініңнің төгілген қаны маған жерден үн қатып тұр!”— деді (Мұсаның 1-жазбасы 4:10). Әбілдің қаны оның өмірін бейнелеген. Ехоба Әбілдің қаны жайлы айтқанда, оның өміріне нұсқаған.
18 Өмір сыйына деген құрмет жүрек түбінен бастау алады. Бұған өзгелер туралы ой-сезімдеріміз кіреді. Елші Жохан: “Бауырласын жек көретін әркім — кісі өлтіруші”,— деп айтқан (Жоханның 1-хаты 3:15). Өзіміз аңғармастан жақтырмайтын адамымызды жек көріп кетуіміз мүмкін. Жеккөрушілік болса құрметсіздікке ұласып, сол адамға жалған айып тағуымыз, тіпті оның өлімін тілеуіміз мүмкін. Ехобаға өзгелер туралы іштей не ойлайтынымыз аян (Мұсаның 3-жазбасы 19:16; Мұсаның 5-жазбасы 19:18—21; Матай 5:22). Әлдекімге деген жағымсыз ойларымыздың бар екенін байқасақ, олардан арылу үшін барынша күш салуымыз қажет (Жақып 1:14, 15; 4:1—3).
Рухани асыл тастар
it-1 518-б., 1-абз.
Сот ісі
Әрбір қаладағы жергілікті сот қала қақпасының алдында отыратын (М5ж 16:18; 21:19; 22:15, 24; 25:7; Рут 4:1). “Қақпа” деп отырғанымыз қала қақпасының жанындағы ашық алаң болған. Қақпа алаңында адамдар жиналып, оларға заңдар оқылып, жарлықтар жарияланатын (Нех 8:1—3). Күні бойы қақпа алдынан адамдар әрі-бері көп өтетіндіктен, мүлікті алып-сату сияқты тұрмыстық мәселелерді шешкен кезде қақпа алдынан куәгер табу оңай болатын. Бұған қоса, сот ісі жұртшылықтың алдында өтетіндіктен, бұл істің дұрыс қарастырылып, әділ шешім шығарылуына ықпал ететін. Қақпа алдында билерге істі қарастыруға ыңғайлы болатын арнайы орын болған болса керек (Әп 29:7). Самуил “Бетелді, Ғылғал мен Миспаны аралап, осы жерлердің бәрінде” және өзі тұратын Рамақта исраилдіктерге төрелік еткен (С1ж 7:16, 17).
2—8 ТАМЫЗ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 22, 23
“Заңнан Ехоба жануарлардың қамын ойлайтыны көрінеді”
it-1 375, 376-б.
Жүк
Ежелде жүк тасу үшін жиі жануарларды пайдаланған. Егер исраилдік өзін жек көретін адамның есегі жүк астында қалып, тұра алмай жатқанын көрсе, мән берместен өтіп кетпей, “есектің жүгін түсірісу” керек еді (М2ж 23:5).
it-1 621-б., 1-абз.
Мұсаның 5-жазбасы
Мұсаның 5-жазбасында жануарларға қамқорлық көрсету жайлы да заңдар болған. Исраилдіктерге ұясында отырған құсты алып кетуге болмайтын. Өйткені ол балапандарын қорғаймын деп ол жерден кете алмай, шарасыз күйде болатын. Бірақ анасын босатып жіберіп, балапандарын алуға болатын. Сол кезде анасы басқа балапан басып шығарып, өсіре алатын еді (М5ж 22:6, 7). Сондай-ақ әлсіздеу жануар қиналып кетпес үшін, егіншінің бұқа мен есекті бірге жегуіне болмайтын (22:10). Астық бастырған кезде, бұқаның аузын жауып, тұмылдырық кигізуге де тыйым салынатын. Әйтпесе астықты бастыруға күшін кетіріп жатқан жануар астықтың ортасында жүріп, аштықтан қиналып қалар еді (25:4).
w03 15.10. 32-б., 1, 2-абз.
“Сенбейтіндермен бір мойынтұрықты кимеңдер”
МЫНА СУРЕТТЕН көрініп тұрғандай, жер жырту үшін бір мойынтұрыққа жегілген түйе мен бұқа қиналып жатыр. Негізінде, мойынтұрық үлкендігі мен күші бірдей екі жануарды жегуге арналған. Осылай жануарлар зардап шекпес үшін, Ехоба исраилдіктерге: “Бұқа мен есекті бірге жегіп, жер жыртпаңдар”,— деген (Мұсаның 5-жазбасы 22:10). Бұл бұқа мен түйеге де қатысты.
Әдетте шаруашылықпен айналысатын адам өз малын бұлай азаптамайтын. Бірақ екі бірдей бұқасы болмаса, ол қолда бар екі түрлі малын бір мойынтұрыққа жегуі мүмкін еді. Суретте ХІХ ғасырда өмір сүрген егінші осылай еткен көрінеді. Бойы мен салмағы екі түрлі болғандықтан, әлсіздеу жануар күштірегімен қатар жүремін деп қиналса, ал күштірек жануарға бар салмақ түсетін.
Рухани асыл тастар
it-1 600-б.
Қарыз, қарызгер
Қарыз дегеніміз — ақшаны не бір затты қайтаруға, я болмаса бір нәрсе істеуге міндетті болу. Ежелгі Исраилде адамдар жиі қарызды қаржылай тапшылық көргенде алған. Қарыз алған исраилдік қарыз берушінің құлы сияқты болып кететіндіктен, оның жағдайы мүшкіл болған (Н.с 22:7). Сондықтан, Ехобаның Заңы бойынша, исраилдіктер қарыз бергенде, бауырының шарасыз күйін пайдаланып өсім алмай, қарызды жомарттықпен, риясыздықпен беру керек болған (М2ж 22:25; М5ж 15:7, 8; Зб 37:26; 112:5). Бірақ жатжерліктерден өсім алуға болатын (М5ж 23:20). Яһуди түсіндірмешілерінің айтуынша, өсім адам мұқтаждық көрген жағдайда емес, іскерлік мәселемен қарыз алған жағдайда талап етілсе керек. Әдетте жатжерліктер сауда-саттық жасау үшін Исраилге уақытша келетін болған және олардың өздері өсіммен қарыз бергендіктен, олардан да өсім талап ету орынды болған.
9—15 ТАМЫЗ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 24—26
“Ехоба Заңы арқылы әйелдерді қамқорлаған”
it-2 1196-б., 4-абз.
Әйел
Тіпті әскери заңдарда әйелдің де, ер адамның да қамы ойластырылған. Енді ғана отау құрған ер адам бір жылға әскерден босатылған. Осының арқасында жас жұбайлардың сәбилі болуға мүмкіндіктері болатын. Сонда күйеуі жырақта жүргенде, тіпті соғыста қаза тапқан жағдайда, әйел үшін баласы жұбаныш болған.
it-1 963-б., 2-абз.
Масақ жинау
Елдегі кедей-кепшіктердің қамы үшін жасалған бұл шара адамдарды өзімшіл болмай, жомарт болуға және Ехобаның баталарына сенім артуға үйреткен. Бірақ ол жалқаулыққа ешқандай да себепші болмаған. Бұл шара Дәуіттің мына сөздерінің мәнін аша түседі: “Құдайдың әділді тастап кеткенін Не оның балаларының нан сұрап жүргенін еш көрмедім” (Зб 37:25). Осы Заңға сай әрекет етіп, адал еңбек етсе, тіпті кедейлердің өздері де, олардың балалары да ешқандай қайыр сұрамай-ақ нандарын тауып жей алған.
Сіз білгенсіз бе?
Ежелгі Исраилде ер адам артында тұяқ қалдырмай өліп кетсе, бауыры оның жесір қалған әйеліне үйленіп, көз жұмған кісінің атын өшірмей, ұрпағын жалғастырады деп күтілетін (Жаратылыс 38:8). Кейінірек әмеңгерлік Мұса заңына енді (Заңды қайталау 25:5, 6). Рут кітабында айтылған Боғоздың әрекеттерінен көрінетіндей, өлген кісінің ешбір бауыры болмаған жағдайда, әмеңгерлік еркек кіндікті басқа туыстарына жүктелетін (Рут 1:3, 4; 2:19, 20; 4:1—6).
Исаның күндерінде де әмеңгерліктің күшінде болғаны Марқа 12:20—22 тармақтарда жазылған саддукейлердің сұрағынан көрінеді. Еврей тарихшысы Иосиф Флавийдің айтуынша, бұл салтты марқұмның атын өшірмеу үшін ғана емес, сондай-ақ отбасының иелігіндегі жерді сақтап қалып, жесірдің қамы үшін ұстанатын. Бұдан бұрынғы заманда өлген күйеуінің жерін еншілеуге әйел адамның құқығы жоқ-тын. Алайда әмеңгерліктен туылған бала, марқұмнан қалған мүлікке ие болатын.
Рухани асыл тастар
it-1 640-б., 5-абз.
Ажырасу
Талақ қағазы. Мұса Заңындағы ажырасуға қатысты заңды адамдар уақыт өте теріс қолданып кеткен. Бірақ біз осы заңның кесірінен исраилдік күйеулер әйелдерімен оңай ажыраса берген деп ойламауымыз керек. Негізі, ажырасу процесі бірнеше сатыдан тұрған. Күйеуі арнайы құжатты, яғни “талақ қағазын” толтыру керек болған. Кейін ол құжатты әйеліне беріп, оны үйінен шығарып салып, қоя берген (М5ж 24:1). Киелі кітапта бұл шара жайлы егжей-тегжейлі мәлімет жоқ. Бірақ, Заң бойынша, ажырасудың осы сатысында күйеуі арнайы құзыры бар ер адамдармен ақылдасу керек болған көрінеді. Сол құзырлы адамдар бірінші кезекте ерлі-зайыптыларды татуластыруға тырысқан болуы мүмкін. Талақ қағазын дайындағанша, ажырасу заңды түрде күшіне енгенше, күйеуінің өз шешімін қайта қарастыруға мүмкіндігі болатын. Егер күйеу ажырасу үшін негіз келтіру керек болған болса және ажырасу тәртібін толық ұстанса, бұл асығыс ажырасудан сақтаған. Осылайша әйелдердің де құқықтары мен мүдделері қорғалған. Киелі жазбаларда “талақ қағазының” ішінде не жазылғаны айтылмайды.
16—22 ТАМЫЗ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 27, 28
“Сендерге батасын үйіп-төгіп, молынан жарылқайды”
Құдай рухы қонған патша арқылы келетін баталарға ие бол!
18 “Тыңдау” дегенге Киелі кітапта айтылғандарға және Құдай беріп жатқан рухани ас-суға мұқият ден қою жатады (Мат. 24:45). Сонымен қатар бұған Құдай мен оның Ұлына мойынсұну да кіреді. Иса: “Маған: “Мырза, Ие!” дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады”,— деген (Мат. 7:21). Сондай-ақ Құдайды тыңдауға оның жерде орнатқан тәртібіне, мәсіхшілер қауымындағы “сый ретінде берілген адамдарға” (ЖД), яғни ақсақалдарға, дайындықпен мойынсұну жатады (Ефес. 4:8).
Ехобаның баталарына ие боласыңдар ма?
2 Мұсаның 5-жазбасы 28:2-де қолданылған “айтқанын тыңдау” деп аударылған еврей етістігі толассыз әрекетті білдіреді. Ехобаның халқы оның айтқандарын оқта-текте тыңдап қана қоймаулары керек; қай уақытта, қандай жағдайда болмасын тыңдаулары керек. Сонда ғана Құдай оларды молынан жарылқайды. “Молынан жарылқау” деп аударылған еврей етістігі аңшылардың сөздік қорынан алынған, ол көбінесе “қуып жету” немесе “қолы жету” дегенді білдіреді.
Ехобаның батасы үшін жан сала күрес
4 Исраилдіктер қалай мойынсұну керек еді? Заңда айтылғандай, “жүректері шаттық пен қуанышқа” толы болмаса, Ехоба олардың атқарған қызметіне көңілі толмас еді (Заң. қ. 28:45—47). Ехобаға амал жоқтан мойынсұну оған лайықты құрмет көрсетуге жатпайды. Расында да, мұндай жағдайда жануарлар мен жындардан еш айырмашылығымыз болмас еді (Мар. 1:27; Жақ. 3:3). Шын жүректен мойынсұнуға сүйіспеншілік талпындыру керек. Біз Құдайдың өсиеттері ауыртпалық әкелмейтініне және өзін іздегендерді жарылқайтынына сеніп, қуаныш сезінгендіктен мойынсұнамыз (Евр. 11:6; Жох. 1-х. 5:3).
Рухани асыл тастар
it-1 360-б.
Шегара межесі
Ехобаның Заңында жердің белгіленген шегара межесін жылжытуға тыйым салынған (М5ж 19:14; Н.с 22:28 де қараңыз). Тіпті “көршісінің мұралық жерінің шегара белгісін жылжытқан адамды қарғыс атқан” (М5ж 27:17). Адам өз жерінің өніміне тәуелді болғандықтан, біреудің жерінің шегара белгісін жылжыту оның күнелтіп отырған табыс көзіне қол сұғумен тепе-тең болған. Ежелгі заманда бұл нағыз ұрлық деп саналған (Әп 24:2). Сонда да ар-ұятынан безіп, осындай сорақы әрекетке баратындар болған. Ошияның кезіндегі Яһуда әміршілері осындай шегара белгісін жылжытатын адамдарға теңелген (Ош 5:10).
23—29 ТАМЫЗ
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 29, 30
“Ехобаға қызмет ету тым қиын емес”
Ехоба бізге таңдау еркін берді
Құдайдың талаптарын білу және оларды орындау қиын ба? Мұса былай деген: “Мен сендерге бұйырып отырған осы Заңды орындау тым қиын емес, ол қол жетпестей алыста да емес” (Мұсаның 5-жазбасы 30:11). Ехоба бізден мүмкін емес нәрсені талап етпейді. Оның талаптары ақылға қонымды және оларды орындау біздің қолымыздан келеді. Оларды білу де қиын емес. Құдайдың талаптарын білу үшін, “көкке барудың” не “теңіздің арғы жағына өтудің” қажеті жоқ (12, 13-тармақтар). Қалай өмір сүруіміз керектігі Киелі кітапта тайға таңба басқандай анық жазылған (Миха 6:8).
Ехоба бізге таңдау еркін берді
“МЕН Ехобаға адал болмай қаламын ба деп жиі қорқатынмын”. Осы сөздерді айтқан әйел бауырлас бала кезінде басынан өткен жаман жағдайлардың салдарынан “менен түк шықпайды” деп ойлаған. Бұндай қорқынышқа негіз бар ма? Басымыздан өткен жағдайлардың құрбаны болғандықтан, болашағымыздан еш үміт жоқ деуге бола ма? Жоқ. Өйткені Ехоба бізге таңдау еркіндігін берген. Біз қалай өмір сүретінімізді өзіміз шеше аламыз. Ехоба біздің дұрыс таңдаулар жасағанымызды қалайды. Бірақ қалап қана қоймай, өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы соны қалай істеуді үйретеді. Қазір Мұсаның 5-жазбасы 30-тарауда жазылған сөздерді қарастырайық.
Ехоба бізге таңдау еркін берді
Қандай таңдау жасайтынымыз Ехоба үшін маңызды ма? Әлбетте! Құдай рухының жетелеуімен Мұса: “Өмірді таңдаңдар”,— деген (19-тармақ). Ал өмірді таңдау деген не? Мұса: “Ехоба Құдайларыңды сүйіп, айтқандарына құлақ асып, оған адал болып жүріңдер”,— деп түсіндірген (20-тармақ). Ехобаны жақсы көрсек, қандай жағдай болмасын, біз өз ықыласымызбен оның тілін алып, оған адалдық сақтаймыз. Осылай ететін болсақ, біз өмірді — бүгінгі таңдағы ең жақсы өмірді — таңдаймыз. Бұл жол бізді жаңа дүниедегі мәңгілік өмірге жетелейді (Петірдің 2-хаты 3:11—13; Жоханның 1-хаты 5:3).
Рухани асыл тастар
it-1 665-б., 3-абз.
Құлақ
Ехоба тіл алмайтын қырсық исраилдіктердің “құлақтары сүндеттелмегенін” айтқан (Ерм 6:10 сілт.; Е.і 7:51 сілт.). Бір нәрсе олардың құлақтарын бітеп, тыңдауға кедергі жасап тұрғандай болған. Егер адам Ехобаны іздеп, шындықты түсініп, мойынсұнуға күш салса, Ехоба оның құлағын ашып, түсінік береді. Ал бұлардың ешқайсысына да ұмтылмайтын адамдардың рухани керең болып жүре беруіне жол береді (М5ж 29:4; Рм 11:8). Елші Пауыл өздерін мәсіхшіміз дей тұра, шындықтан тайып кететін адамдардың болатынын айтқан. Олар Құдай Сөзіндегі шындықты емес, “құлақтарына жағатынды айтатын” жалған ұстаздарды тыңдағанды жақсы көреді (Т2х 4:3, 4; Т1х 4:1). Бұған қоса, жантүршігерлік жаңалықты, әсіресе апаттың болатыны жайлы хабарды естігенде, кейбіреулердің құлағы “шыңылдайтыны” да айтылған (С1ж 3:11; П2ж 21:12; Ерм 19:3).
30 ТАМЫЗ—5 ҚЫРКҮЙЕК
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 31, 32
“Рухтандырылған жырдағы теңеулерден тәлім алыңыз”
“Жүрегімді біртұтас етші, есіміңді қастерлейін”
8 Исраилдіктер Уәде етілген жерге кіргелі жатқанда, Ехоба Мұсаға бір жырдың сөздерін үйретті (Мұс. 5-ж. 31:19). Кейін Мұса бұл жырды халыққа үйретті. Мұсаның 5-жазбасы 32:2, 3-тегі (оқыңыз) сөздер жайлы ой жүгіртсек, мынаны анық көреміз: Ехоба басқалар оның есімін ауызға алуға болмайтындай тым қасиетті санағанын және есімінің жасырулы қалғанын қаламайды. Ехоба өз есімін саналы жаратылыстың барлығы білсе екен дейді. Мұсаның Ехоба мен оның ұлы есімі жайлы үйреткені исраилдіктер үшін неткен мәртебе еді! Мұсаның бұл тәлімі өсімдікті нәрлендірген жаңбырдай халықтың сенімін нығайтып, жігерін тасытты. Біздің де беріп жүрген тәліміміз осындай ма?
9 Үйме-үй не көпшілік орындарында уағыздағанда, біз Киелі кітаптан адамдарға Құдайдың Ехоба деген есімін көрсетсек болады. Оларға Ехобаның есімін даңқтайтын әдемі әдебиеттерімізді, керемет видеоларымызды және сайтымыздағы мәліметтерді көрсете аламыз. Жұмыста, мектепте не саяхаттап жүргенде, жақсы көретін Құдайымыз туралы және оның қандай екені жайлы айтудың мүмкіндігін іздесек болады. Кездестірген адамдарға Ехобаның адамзатқа және жерге қатысты игі ниеті жайлы айта аламыз. Ехобаның бізді қаншалықты жақсы көретіні адамдарға жаңалық болуы мүмкін. Басқаларға осылай көктегі Әкеміз туралы шындықты айтсақ, Құдай есімінің киелі тұтылуына үлес қосамыз. Сондай-ақ адамдар естіп келген Ехоба жайлы кейбір өтіріктер мен жалаларды жоққа шығарамыз. Біздің адамдарға ұсынып жүрген тәліміміз — әлемдегі ең нәрлі, ең сергітерлік тәлім! (Ишая 65:13, 14).
Киелі кітаптағы бейнелеп айтылған сөздердің мәнін түсінесіз бе?
Сонымен қатар Киелі кітап Ехоба Құдайды жансыз нәрселерге де теңейді. Мысалы, ол — “Исраил арқа сүйер жартас”, “мықты мұнара” және “қорған” ретінде бейнеленген (Патшалықтар 2-жазба 23:3; Нақыл сөздер 18:10; Заңды қайталау 32:4). Бұл теңеулердің ұқсастығы қандай? Жартастың қозғалмай нық тұратыны сияқты, Ехоба Құдай сіз үшін берік қорған бола алады.
Балаларыңды тәрбиелегенде Ехобаға еліктеңдер
7 Ехобаның исраилдіктермен қатынасқанда танытқан сүйіспеншілігін қарастырайықшы. Мұса Ехобаның жас Исраил халқына деген сүйіспеншілігіне ұқсастық келтіре отырып, былай деген: “Ұясынан шақырып, балапандарының үстінен айналып қалықтап, қанаттарын жайып, оларды көтеріп алып, қауырсындарының үстіне салып жүретін қыран сияқты, Тәңір оны [Жақыпты] жалғыз өзі алып жүрді” (Заңды қайталау 32:9, 11, 12, СА). Ұшуға үйрету үшін, ана қыран балапандарын ‘ұясынан шақырады’, яғни қанаттарын жайып жерді сабалап, оларды ұясын тастап ұшуға талпындырады. Жас қыран ақыр аяғында әдетте құз басына орналасатын ұядан төмен қарай секіргеннен кейін ана қыран балапанының “үстінен айналып қалықтап” жүреді. Егер балапаны жерге соғылатындай болып көрінсе, анасы оқтай ұшып келіп, балапанын іліп әкетеді де, ‘қауырсындарының үстіне салып жүреді’. Тап солай Ехоба да жаңадан пайда болған Исраил халқына сүйіспеншілікпен қамқорлық еткен болатын. Ехоба оларға Мұса арқылы Заң берді (Забур 77:5—7). Сосын Құдай оларды мұқият бақылап отырып, қиындыққа ұшырай қалса, көмекке келуге даяр болды.
Рухани асыл тастар
Заңды қайталау кітабының көңіл бұрарлық тұстары
31:12. Қауымда балалар үлкендермен бірге отырып, бағдарламаға құлақ түріп, үйренуге тырысулары керек.