Ехобаның Сөзі тірі
Леуіліктер кітабының көңіл бұрарлық тұстары
ИСРАИЛДІКТЕРДІҢ Мысыр құлдығынан босағанына әлі бір жыл өткен жоқ. Жаңадан құрылған халық ретінде олар Қанахан жеріне жол тартып бара жатыр. Ехобаның еркі бойынша онда қасиетті халық тұру керек. Бірақ қанахандықтардың өмір салты мен діни жоралары мүлде бұзылған болатын. Сондықтан Исраил қауымы өзіне қызмет етуімен олардан ерекшелену үшін шынайы Құдай оларға ережелер берді. Бұл ережелер Киелі кітаптың Леуіліктер кітабында жазылған. Бұл кітаптың қамтитын уақыты ай күнтізбесімен санағанда бір айдан аспайды. Мұса оны Синай шөл даласында б. з. б. 1512 жылы жазған болу керек (Мысырдан шығу 40:17; Руларды санау 1:1—3). Ехоба өз халқын қасиетті болуға бірнеше қайтара шақырады (Леуіліктер 11:44; 19:2; 20:7, 26).
Бүгінде Ехобаның Куәгерлері Мұса арқылы берілген заңға бағынышты емес. Иса Мәсіхтің өлімі бұл заңды күшінен айырды (Римдіктерге 6:14; Ефестіктерге 2:11—16). Бірақ Леуіліктер кітабындағы ережелердің біз үшін пайдасы бар: ол бізді Құдайымыз Ехобаға ғибадат етуге қатысты көп нәрсеге үйретеді.
ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАНДЫҚТАР ЕРІКТІ ЖӘНЕ МІНДЕТТІ
Заңдағы сый-тартулар мен басқа құрбандықтардың кейбіреулері ерікті болса, басқалары міндетті болған. Мысалы, тұтас өртелетін құрбандық ерікті болған. Иса төлем құрбандығы ретінде өмірін өз еркімен және толығымен бергені сияқты, бұл да Құдайға толығымен ұсынылған. Ал ерікті ризашылық құрбандығын бөліп алатын болған. Оның бір бөлігі құрбандық шалатын орында Құдайға ұсынылатын, бір бөлігін діни қызметкерлер алған, ал қалғаны әкелген кісінің үлесіне тиген. Тура сол сияқты майланған мәсіхшілер үшін Еске алу кеші ортақ ас болып табылады (1 Қорынттықтарға 10:16—22).
Күнәнің құнын өтеу құрбандығы мен айып құрбандығы міндетті болған. Біріншісі, қателесіп немесе байқаусызда жасалған күнәлар үшін шалынған. Екіншісі болса біреудің құқығы бұзылған кезде немесе күнәсіне өкінген күнәкардың кейбір құқықтарына қайта ие болу үшін, кейде екеуі де себеп болған жағдайда, Құдайдың рақымын түсіру үшін шалынатын. Сонымен қатар Ехобаның жомарттығын мойындайтынын білдіретін астық тартуы болған. Заң келісімі бойынша талап етілген құрбандықтар Иса Мәсіх пен оның құрбандығына немесе сол құрбандықтың пайдасына нұсқайтындықтан, бұның бәрі бізді қызықтырады (Еврейлерге 8:3—6; 9:9—14; 10:5—10).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
2:11, 12 — Неге Ехобаға арнап балды ‘сый-тарту ретінде өртеуге’ болмаған? Бұл жерде араның балын айтпаған болу керек. ‘Сый-тарту ретінде өртеуге’ болмағанымен, мұндағы айтылып тұрған балды ‘жердің өнімдерінің алғашқыларымен’ қоса алып келген (2 Шежірелер 31:5). Бұл бал жемістердің сөлі немесе шырыны болуы мүмкін. Ашытып жіберуі мүмкін болғандықтан, оны құрбандық шалатын орынға тарту ретінде әкелуге болмайтын.
2:13 — Неге тұз ‘әрбір құрбандықпен’ бірге ұсынылуға тиіс болған? Бұны құрбандықтың дәмін жақсарту үшін жасамаған. Тұзды барлық жерде тамақты сақтау үшін қолданады. Оның құрбандықтармен бірге ұсынылған себебі — бұл олардың бүлініп, сасып кетпегенін білдірген болуы мүмкін.
Біз үшін сабақ:
3:17. Май ең жақсы немесе күйлі жері болып саналғандықтан, оны жеуге тыйым салу исраилдіктердің санасына ең жақсысын Ехобаға беру керек деген ойды ұялатқан болса керек (Жаратылыс 45:18). Бұл ең жақсымызды Ехобаға беру керек екенімізді есімізге салады (Нақыл сөздер 3:9, 10; Қолостықтарға 3:23, 24).
7:26, 27. Исраилдіктер қанды жемеген. Құдайдың көзінде қан өмірді білдіреді. Леуіліктер 17:11-де: “Тәннің жаны [өмірі] қанда”,— деп айтылған. Шынайы мәсіхшілерден бүгін де қанды қолданбау талап етіледі (Елшілердің істері 15:28, 29).
ҚАСИЕТТІ ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ТАҒАЙЫНДАЛУЫ
Құрбандықтар мен сый-тартуларға қатысты барлық талаптарды орындап әрі қадағалап отырған кім? Бұл жауапкершілік діни қызметкерлерге жүктелген. Мұса Құдайдың жетелеуімен Һаронды бас діни қызметкер, ал оның төрт ұлын оның қол астындағы діни қызметкерлер ретінде тағайындау рәсімін жасады. Бұл рәсім жеті күн бойы жалғасқан болуы мүмкін. Келесі күні діни қызметкерлер қызметтеріне кіріскен.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
9:9 — Қанды құрбандық шалатын орынның түбіне құю мен мүйіз тәрізді шошақтарына жағудың маңыздылығы неде? Бұл Ехоба қанды күнәні құнын өтеу үшін қабыл алатынын көрсеткен. Кешірім алу үшін жасалатын жоралардың бәрі қанға негізделген болатын. “Таурат заңы бойынша бәрі дерлік қанмен тазартылады,— деп жазған елші Пауыл.— Қан төгілмей, Құдай күнәны кешірмейді” (Еврейлерге 9:22).
10:1, 2 — Һаронның ұлдары Надаб пен Әбиһу қандай күнә жасаған болуы мүмкін? Надаб пен Әбиһу діни қызметкерлер еркінсіп, міндеттеріне кірмейтін іспен айналысқан соң, көп ұзамай Ехоба діни қызметкерлерге киелі шатырда қызметтерін атқарғанда, шарап немесе басқа мас қылатын ішімдік ішуге тыйым салған (Леуіліктер 10:9). Осыдан Һаронның екі ұлы осы оқиға болған кезде ішіп алған болуы мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Бірақ олардың өлімінің негізгі себебі — олардың “[Ехоба] айтпаған бөтен от” әкелулері еді.
Біз үшін сабақ:
10:1, 2. Бүгін Ехобаның жауапкершілік жүктелген қызметшілері оның талаптарына бағынулары керек. Оның үстіне, олар міндеттерін атқарғанда, еркінсулеріне болмайды.
10:9. Құдай тапсырған міндетімізді ішімдік ішіп алып атқармауымыз керек.
ҚАСИЕТТІ ҒИБАДАТ ТАЗАЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ
Малдарды тамаққа пайдалану үшін таза және арам деп бөлуге қатысты ережелердің исраилдіктер үшін екі түрлі пайдасы болды. Бұл оларды ауру жұқтырып алудан қорғады және көрші халықтардан ерекшеленетіндерін анық көрсетті. Басқа ережелер мәйітке тигенде арамдалуға, әйелдің босанған соң тазаруына, алапеспен ауырғанда жасалатын шараларға, ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінен бөлінген бөліндіден соң тазаруларына қатысты болды. Таза емес адамдарға қатысты шаралар қолдану діни қызметкерлердің міндеті болған.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
12:2, 5 — Неге босанған әйел “таза емес” болып саналған? Көбею мүшелері кемелді адамды өмірге әкелу үшін жаратылған. Бірақ мұра еткен күнәнің салдарынан ұрпаққа кемелсіз және күнәкар өмір берілетін болды. Босану, етеккір және ұрықтың бөлінуі тәрізді нәрселерге байланысты “таза емес” болып саналатын уақыт мұра етіп алған күнәні еске салып отырған (Леуіліктер 15:16—24; Забур 50:7; Римдіктерге 5:12). Тазару ережелеріне қатысты талаптар адамзаттың күнәсі жабылып, кемелділікті қалпына келтіру үшін төлем құрбандығы қажет екенін исраилдіктердің түсінуіне көмектескен. Осылайша Таурат заңы ‘“тәрбиелеушісі” болып, оларды Мәсіхке’ жетелеген (Ғалаттықтарға 3:24).
15:16—18 — Осы тармақтарда ‘ұрықтың бөлінуі’ деп не айтылып тұр? Бұл жерде ұрықтың түнде бөлінуі, сонымен қатар ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынасы жайлы айтылып тұрған болуы мүмкін.
Біз үшін сабақ:
11:45. Ехоба Құдай қасиетті және өзіне қызмет етіп жүргеннің бәрі қасиетті болғанын талап етеді. Олар қасиетті болып қалулары керек, әрі тәндік және рухани тазалықты сақтаулары керек (2 Қорынттықтарға 7:1; 1 Петір 1:15, 16).
12:8. Ехоба құрбандық ретінде кедейлерге қымбат түсетін қойдың орнына құстар әкелуге рұқсат еткен. Ол кедейлердің жағдайын түсінеді.
ҚАСИЕТТІ БОЛУ ТАЛАБЫ
Күнә үшін берілетін ең маңызды құрбандықтар Ұлы Кешірім күні берілген. Діни қызметкерлер мен Леуі руы үшін құрбандыққа өгіз шалынған. Ал исраилдің қалған рулары үшін серке шалынған. Тағы бір серкенің үстінен адамдарың күнәсін жариялаған соң, оны шөл далаға жіберетін. Екі серке де күнә үшін жасалған бір құрбандық болып саналған. Осының бәрі Иса Мәсіхтің құрбандыққа беріліп, күнәларды алып кететініне нұсқаған.
Ет жеуге және басқа да нәрселерге қатысты ережелер Ехобаға ғибадат еткенде, қасиетті болу керек екеніне ерекше көңілімізді аударады. Діни қызметкерлер тазалық сақтаулары керек болған. Жыл сайын болатын үш мейрам үлкен қуаныш пен Жаратушыға ризашылық білдіретін уақыт болған. Ехоба сонымен қатар халқына өзінің атына тіл тигізуге, діни демалыс күні мен елу жылдықты ұстануға және кедейлер мен құлдарға қалай қарауға қатысты ережелер берді. Құдайға бағынғанда алатын баталар мен бағынбаған кезде ұшырайтын қарғыстар айтылады. Сонымен қатар ант беру мен бағалауға, малдардың алғашқы төлін құрбандыққа беруге және оннан бір бөлікті “Жаратқан Иеге бағышталған киелі” құрбандық ретінде беруге қатысты ережелер болған.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
16:29 — Қалай исраилдіктер ‘жандарын жуасытқан’? Ұлы Кешірім күні жасаған бұл әрекеттің күнәлары үшін кешірім сұраумен байланысы болған. Сол уақытта ораза тұту күнәні мойындағандықты білдірген болса керек. Сондықтан “жандарыңды жуасытыңдар” деп оразаға қатысты айтылған болуы әбден мүмкін.
19:27 (ЖД) — “Самайларыңды қысқа етіп алмаңдар және сақалыңның ұшын құртпа” деген бұйрық нені білдірген? Бұл заң яһудилер сақалдарын немесе шаштарын жалған тәңірлерге табынатын басқа ұлттарға еліктеп қырқуына жол бермеу үшін берілген болуы мүмкін (Еремия 9:25, 26; 25:23; 49:32). Бірақ Құдайдың бұйрығы яһудилер сақалдары немесе беттеріндегі түкті мүлдем алмаулары керек дегенді білдірмеген (2 Патшалықтар 19:24).
25:35—37 — Исраилдіктер үшін өсімімен ақша беру үнемі дұрыс емес саналған ба? Егер сауда жасау үшін берілетін болса, несие беруші ақшаны өсімімен беруіне бола берген. Бірақ ақша мұқтаждарға көмек ретінде берілгенде, өсімін талап етуге Таурат заңы бойынша тыйым салынған. Жақыны қысылып тұрғанда, оны олжа табу үшін пайдалану дұрыс емес болған (Мысырдан шығу 22:25).
26:19 — Қалайша ‘аспан темір тәрізді, жер мыс тәрізді’ бола алады? Жауын-шашын болмағандықтан, Қанахан жерінің аспаны тастай қатты темір сияқты болып кететін. Жауын болмаған соң жер беті ашық түсті мысқа ұқсап кеткен.
26:26 — ‘Он әйел бір пеште нан пісіретін болады’ деген нені білдірген? Негізінде керекті нәрселерін пісіру үшін әйелдердің бас-басында пеш болу керек болған. Бірақ бұл сөздер тамақтың тапшылығы соншалық, он әйел үшін бір пештің өзі жеткілікті болатынын көрсетеді. Бұл қасиетті болуды доғарудың алдын ала айтылған нәтижесінің бірі болған.
Біз үшін сабақ:
20:9. Жек көру мен зұлымдық рухын таныту — Ехоба үшін кісі өлтіргенмен тең. Сондықтан Құдай әке-шешесіне тіл тигізгені үшін оларды өлтіргенмен бірдей жаза қолдануды бұйырған. Бұл бізді бауырластарға сүйіспеншілік танытуға талпындыру керек емес пе? (1 Жохан 3:14, 15).
22:32; 24:10—16, 23. Ехобаның есіміне тіл тигізбеу керек. Керісінше, біз оның есімін мадақтап, оның қастерлене беруін айтып дұға етуіміз керек (Забур 7:18; Матай 6:9).
ЛЕУІЛІКТЕР КІТАБЫ ҚҰДАЙҒА ҒИБАДАТ ЕТУІМІЗГЕ ӘСЕР ЕТЕДІ
Бүгінде Ехоба Куәгерлері Таурат заңына бағынышты емес (Ғалаттықтарға 3:23—25). Леуіліктер кітабы Ехобаның әр нәрсеге деген көзқарасын ұғынуымызға көмектесетіндіктен, бұл біздің ғибадат етуімізге әсер ете алады.
Теократиялық қызмет мектебіне дайындалып, апта сайын Киелі кітапты оқығанда, Құдайымыздың өз қызметшілерінен қасиетті болуды талап ететіні сендерге әсер ететінінде күмән жоқ. Сонымен қатар бұл кітап сендерді Әлемнің Әміршісіне даңқ әкелетіндей әрдайым қасиетті бола отырып, оған ең жақсысын беруге талпындыра алады.
[29-беттегі сурет]
Таурат заңы бойынша ұсынылған құрбандықтар Иса Мәсіх пен оның құрбандығына нұсқаған
[30-беттегі сурет]
Ашымаған нан мейрамы үлкен қуаныш әкелген
[31-беттегі сурет]
Шыбық күрке мейрамы сияқты жыл сайын болып тұратын мейрамдар Ехобаға алғыс білдіретін уақыт болған