“Мен кімнен үрейленемін?”
“Мен қорықпаймын, әскер қоршап алса да, Үмітім үзілмес ол маған лап қойса да” (ЗАБ. 26:3).
КЕЛЕСІ ЖАЗБА ОРЫНДАРЫ САҒАН БАТЫЛ БОЛУҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?
1. Забурдың 26-жыры бізге нені түсінуге көмектеседі?
ДҮНИЕДЕГІ жағдай күннен-күнге нашарлап бара жатқан уақытта, неліктен уағыздау ісіміз кең етек алуда? Көбісі қаржы жағынан қиналып жүргенде, неге біз уақытымыз бен күшімізді сарп етуге дайынбыз? Өзгелер алдағы күннен қорқып жүргенде, біздер қалай батыл болып қала аламыз? Дәуіт патшаның рухтың жетелеуімен жазған Забурдың 26-жыры осы сұрақтарға жауап береді.
2. Үрей адаммен не істейді, бірақ біз не нәрсеге сенімдіміз?
2 Дәуіт жырын былай деп бастайды: “Жаратқан — нұрым менің, құтқарушым да, Кімнен мен қорқамын солай болғанда? Жаратқан — өмірімнің берік қорғаны да, Кімнен үрейленемін солай болғанда?” (Заб. 26:1). Үрей адамды әлсіз ететіні сонша, ол ештеңе істей алмай, қол-аяғы байланып қалады. Алайда Ехобадан қорқатын адамды ешқандай үрей абыржытпайды (Пет. 1-х. 3:14). Егер Ехоба берік қорғанымыз болса, біз “қауіпсіз тұрамыз, еш пәледен қорықпай, алаңсыз боламыз” (Нақ. с. 1:33; 3:25). Неліктен?
“ЖАРАТҚАН — НҰРЫМ МЕНІҢ, ҚҰТҚАРУШЫМ ДА”
3. Ехоба қай мағынада біздің нұрымыз және біз өз тарапымыздан не істеуіміз керек?
3 “Жаратқан — нұрым менің” деген сөздер Ехобаның бізді бейхабарлық пен рухани түнектен босататынына нұсқайды (Заб. 26:1). Кәдімгі жарық жолымызда тұрған кедергіні, қауіп-қатерді көрсетеді, бірақ оларды алып тастай алмайды. Бізге оларды айналып өту керек. Сол сияқты Ехоба дүниеде орын алып жатқан жағдайлардың мәнін айқын етіп, қауіп-қатері жайлы ескертеді. Киелі кітапта әрдайым көмек бола алатын кеңестер жазылған. Енді бізге осы білгендерімізді іс жүзінде қолдану керек. Ехобаның өсиеттері жайлы забур жыршысы: “Олар мені жауларымнан парасатты қылады, Бар ұстаздарымнан данышпан болып алдым”,— деп айтқан. Киелі кітаптағы принциптерді қолданар болсақ, біз де дана боламыз (Заб. 118:98, 99, 130).
4. а) Неліктен Дәуіт: “Жаратушы — менің құтқарушым”,— деп сенімділікпен айта алған? ә) Ехоба әсіресе қай кезде біздің құтқарушымыз болмақ?
4 Забур 26:1-дегі сөздерінен көрінетіндей, Дәуіт өзін Ехоба бұрын қалай құтқарғанын ұмытпаған. Мысалы, Ехоба оны “арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарып алған”. Сондай-ақ алып Ғолиятты жеңіп шығуға көмектескен. Кейін Саул патша оны бірнеше рет сүңгімен қабырғаға қадап тастамақшы болғанда, Ехоба оны әр кез құтқарып отырды (Пат. 1-ж. 17:37, 49, 50; 18:11, 12; 19:10). Сондықтан Дәуіт: “Жаратушы — менің құтқарушым”,— деп сенімділікпен айта алды. Дәл солай Ехоба бүгіндегі қызметшілерінің де құтқарушысы болмақ. Ол өзіне ғибадат ететіндерді “зор алапат” кезінде аман алып қалады (Аян 7:14; Пет. 2-х. 2:9).
МАҢЫЗДЫ ЕСТЕЛІКТЕР
5, 6. а) Өткен күндерді еске түсіргеніміз батыл болуымызға қалай көмектеседі? ә) Ехобаның өз қызметшілеріне көмектескен кездерін есте ұстау неліктен пайдалы?
5 Забур 26:2, 3-те (оқы) батыл бола түсуімізге көмектесетін маңызды бір жайт жазылған. Ехоба құтқарып, аман алып қалған кездерді Дәуіт есінде ұстаған (Пат. 1-ж. 17:34—37). Осы естеліктердің арқасында Дәуіт тіпті үлкен қиындықтарды көтере алған. Ал сен Ехобаның өзіңе көмектескен кездерді есіңде ұстап жүрсің бе? Бұл естеліктер саған батылдық бере ме? Мысалы, қиындыққа ұшырағанда үздіксіз дұға етіп, кейін осы жағдаймен күресу үшін Ехобаның саған даналық я күш берген кездері болған ба? Я болмаса қуанышпен қызмет етуге кедергі жасаған қиындықтарыңның шешілгені немесе көбірек “қызмет етуге үлкен есік ашылғаны” есіңде ме? (Қор. 1-х. 16:9). Сол шақтарды есіңе алғанда, бойыңды қандай сезімдер билейді? Осы сияқты естеліктер Ехоба одан да үлкен қиындықтарыңды жеңуге я төзуге қол ұшын бере алатынына сендіреді емес пе? (Рим. 5:3—5).
6 Қолында билігі барлар Ехоба куәгерлерінің ұйымын құртып жібергісі келсе ше? Біздің күнімізде көптеген билеушілер осылай етуге тырысты, бірақ бұл қолдарынан келмеді. Ехобаның ежелгі уақытта халқына қалай көмектескенін есте ұстасақ, болашаққа сенімділікпен қарайтын боламыз (Дан. 3:28).
ТАЗА ҒИБАДАТТЫ СҮЙЕМІЗ
7, 8. а) Забур 26:4-ке сай Дәуіт Ехобадан не сұрады? ә) Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасы деген не және біз ол жерде қалай ғибадат етеміз?
7 Таза ғибадатқа деген сүйіспеншілігіміз де бізге батыл болуға көмектеседі (Забур 26:4 оқы). Дәуіттің күндерінде “Жаратқанның үйі” киелі шатыр болған. Ал кейін баласы Сүлеймен Ехобаға арнаған ғибадатхананы соға алуы үшін, Дәуіт керек-жарақтың бәрін дайындап қойды. Жүздеген жылдан кейін Иса Ехобаға сиыну үшін ғибадатханаға барудың қажеті болмайтын кез жайлы айтты (Жох. 4:21—23). Елші Пауыл Еврейлерге арналған хаттың 8—10 тарауларында түсіндіргендей, Иса б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, өзін Ехобаның еркін орындауға бағыштағанда, ұлы рухани ғибадатхана пайда болды (Евр. 10:10). Ехоба бұл шараны біз Исаның төлем құрбандығына деген сеніміміз арқылы оған лайықты түрде жақындай алуымыз үшін жасады. Біз бұл рухани ғибадатханада Ехобаға қалай сиынамыз? “Шын жүректен әрі берік сеніммен” дұға етеміз, ел алдында үмітіміз жайлы еш күмәнданбай жариялаймыз, қауым кездесулері мен отбасылық ғибадат кезінде бір-бірімізге көңіл бөлеміз, талпындырамыз және жігерлендіреміз (Евр. 10:22—25). Ерекше қиын уақытта өмір сүріп жатсақ та, шынайы ғибадатқа деген сүйіспеншілігіміз мұның бәрін әрі қарай да істей беруге күш береді.
8 Жер-жерде тұратын Ехобаның адал қызметшілері қызметке көбірек уақыт арнап, жаңа тіл үйреніп, Патшалықты жариялаушыларға қажеттілік көбірек жерлерге көшіп баруда. Осылайша олар забур жыршысы сияқты Ехобадан тек бір нәрсені тілейтіндерін көрсетіп жатыр. Олар Ехобаның ықыласына бөленіп, ештеңеге қарамастан оған адал қызмет еткісі келеді (Забур 26:6 оқы).
ҚҰДАЙҒА АРҚА СҮЙЕ
9, 10. Забур 26:10-да қандай уәде берілген?
9 Дәуіттің келесі сөздері оның Ехобаға қаншалықты арқа сүйегенін көрсетеді. “Бас тартса менен тіпті әке-шешем, Қабылдайды мені Жаратқан Ием”,— деді ол (Заб. 26:10). Патшалықтар туралы 1-жазбаның 22-тарауында баяндалған оқиғаларға қарағанда, Дәуітті әке-шешесі тастап кетпеген. Алайда бүгінде отбасылары бас тартқан адамдар көп. Сондай адамдардың көбісі мәсіхшілер қауымынан сүйіспеншілік пен пана тапты.
10 Ехоба жақындары мен достары бас тартқан қызметшілерінің қамын ойлайды. Олай болса, ол қызметшілеріне басқа да қиыншылықтарды көтеруге көмектесетіні сөзсіз. Мысалы, егер отбасымызды қалай асырауды білмей, мазамыз кетіп жүрсе, Ехобаға толықтай арқа сүйеуіміз керек емес пе? (Евр. 13:5, 6). Ол біздің жағдайымызды біледі әрі бізге не қажет екенін түсінеді.
11. Ехобаға арқа сүйегеніміз қандай нәтиже береді? Мысал келтір.
11 Либерияда тұратын Викторияның мысалына назар аударайық. Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүрген кезінде, онымен бірге тұрған ер адам оны үш баласымен тастап кетті. Үй-күйі мен жұмысы болмаса да, Виктория әрі қарай рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Бір күні оның 13 жасар қызы ақшаға толы әмиян тауып алады. Азғырылып қалмау үшін олар әмияндағы ақшаны санамаймыз деп шешеді. Оның орнына олар лезде әмиянның иесін іздеуге кіріседі. Әмиянның иесі әскери адам болып шығады. Ол: “Жұрттың бәрі Ехоба куәгерлері сияқты болса, дүниеміз әлдеқайда жақсы әрі тыныш болар еді”,— деп айтты. Виктория Киелі кітабын алып, оған Ехобаның жаңа дүние орнатуға қатысты уәдесін көрсетті. Сенімі мен адалдығына тәнті болған ол адам қайтарылған ақшадан Викторияға қомақты сыйақы берді. Иә, Ехобаның қамқорлығына деген нық сенімдерінің арқасында Ехоба куәгерлері шыншылдығымен танылып, жақсатты болуда.
12. Қаржы жағынан тапшылық көрген кезде Ехобаға қызмет етуді жалғастыра берсек, нені паш етеміз? Мысал келтір.
12 Сьерра-Леонедегі Томас есімді шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы бір кездері қандай күй кешкенін ойлап көрші. Орта мектепте мұғалім болып істеген Томас бір жылдық айлығын ала алмай жүрді. Өзіне тиесілі ақшаны алу үшін оған мектеп меңгерушісімен сөйлесу керек болды, ал ол кісі шіркеудің дін қызметшісі болатын. Меңгеруші Ехоба куәгерлерінің нанымдары оның мектебіне жат нәрсе екенін түсіндіріп, бұл жұмыста қалу үшін Томасқа Ехоба куәгері болудан бас тарту керектігін басып айтты. Бірақ Томас бір жылдық айлығын сол күй ала алмаса да, бұл жұмыстан кетуді шешті. Кейін ол басқа жұмыс тауып, радио мен ұялы телефондарды жөндейтін болды. Осы және осыған ұқсас көптеген мысалдардан көрінетіндей, Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, бізде қорқуға себеп болмайды. Жаратушымыз әрі Қамқоршымыз бізді ешқашан қалдырмайды.
13. Тұрмыс жағдайы нашар елдерде уағыз ісі қалай жүріп жатыр?
13 Тұрмыс деңгейі төмен елдерде Патшалықтың жариялаушылары жиі белсенді қызмет етеді. Неге? Бір филиал былай деп жазды: “Киелі кітапты зерттеуге келісетін адамдардың көбісі жұмыс істемейтіндіктен, күндіз қолдары бос әрі зерттеуге көбірек уақыттары бар. Бауырластар да қызметке көбірек уақыт арнай алады. Оның үстіне, мұндағы тұрмыстары өте нашар адамдарға ақырзаманда өмір сүріп жатқанымызды айтудың қажеті жоқ, олар мұны өздері-ақ көріп жүр”. Басқа бір елде әр жариялаушы орта есеппен 3 не одан көп зерттеу сабағын өткізеді. Сол елде 12 жыл бойы қызмет етіп келген миссионер былай дейді: “Жариялаушылардың көбісі қарапайым өмір сүреді, алаңдататын нәрселері аз, сондықтан танапта қызмет етуге және Киелі кітап зерттеу сабақтарын жүргізуге уақыттары көп”.
14. Құдай ұлы жамағатты қалай қорғайды?
14 Ехоба халқын қолдап-қорғайтынын және құтқаратынын уәде еткен әрі біз бұған кәміл сенеміз (Заб. 36:28; 90:1—3). “Зор алапаттан” адам баласы санай алмайтындай “ұлы жамағат” аман өтуге тиіс (Аян 7:9, 14). Демек, Құдай бұл жамағаттың осы дүниенің соңғы күндерінде жойылып кетуіне жол бермейді. Сондай-ақ олар сынақтарға төтеп беріп, өзімен қарым-қатынастарын сақтап қалу үшін Ехоба өз тарапынан қажеттінің бәрін жасайды. Ал Армагеддонның кезінде Ехоба өз қызметшілерін қорғап қалады.
“УА, ИЕМ, ЖОЛДАРЫҢДЫ МАҒАН НҰСҚАЙ ГӨР”
15, 16. Ехобаның нұсқауларына сай өмір сүргеніміз қандай пайда әкеледі? Мысал келтір.
15 Батылдығымызды жоғалтпау үшін Құдайдан үнемі басшылық алып отыруымыз қажет. Бұл Дәуіттің келесі өтінішінен көрінеді: “Уа, Ием, жолдарыңды маған нұсқай гөр, Жауларыма бола ақ жолыңмен бастай гөр” (Заб. 26:11). Құдай бізге жолдарын нұсқасын десек, ұйымы арқылы беріп жатқан басшылықтарының бәріне мұқият болып, екі етпей орындауымыз қажет. Мысалы, кейбіреулер өмірді қарапайым етуге қатысты кеңеске құлақ асып, қарыздарынан құтылып, қажетсіз заттарын сатып жіберген. Сол себепті әлем қаржы дағдарысына ұшырағанда, олардың уайым-қайғысы аз болды. Ал қазір қалталары көтермейтін заттардың құнын өтеумен әлек болудың орнына, олар Ехобаға көбірек қызмет ете алады. Әрқайсымыз өзімізден былай сұрағанымыз жөн: “Киелі кітап пен адал да ақылды құлдың әдебиеттерінен оқығандарымды бірден қолданамын ба? Бұл тіпті бір нәрсені құрбан етуді талап етсе де, осылай етемін бе?” (Мат. 24:45).
16 Ехобаның бізге әділдіктің жолында нұсқау беріп, жетелеуіне жол берер болсақ, қорқуымызға еш себеп болмайды. Құрама Штаттарда тұратын бір жалпы ізашар бастығынан отбасына толық уақытты қызметті жалғастыруға мүмкіндік беретін жұмыс сұрайды, алайда бастығы жоғары білімсіз мұндай жұмысқа ешқашан тұра алмайтынын айтады. Егер сен осындай жағдайға кезіксең, жоғары білім алудың орнына толық уақытты қызметті таңдағаныңа өкінер ме едің? Екі аптадан кейін әлгі бастық жұмысынан айырылып қалады, бірақ басқа бастық бауырласымызды шақыртып, мақсаттары жайлы сұрайды. Бауырлас әйелі екеуінің толық уақытты қызмет атқаратын Ехоба куәгерлері екенін әрі осы қызметтерін жалғастырғысы келетіндерін айтады. Сонда бастығы оның сөзін бөліп, былай дейді: “Бәсе, мен сенің елден ерекше екеніңді бұрыннан байқап жүрмін. Білесің бе, әкем өлім аузында жатқанда, оған күн сайын екі Куәгер келіп, Киелі кітап оқып беретін. Сонда мен мүмкіндік туа қалса, міндетті түрде Ехоба куәгерлерінің біріне көмектесемін деп өзіме сөз бердім”. Келесі күні бұл бауырласымызды бұрынғы бастығы алмай қойған жұмысқа алады. Иә, Патшалықтың мүддесін өмірімізде бірінші орынға қояр болсақ, Ехоба қажет нәрселерімізбен қамтамасыз етуге қатысты уәдесін орындайды (Мат. 6:33).
БІЗДЕ СЕНІМ МЕН ҮМІТ БОЛУ КЕРЕК
17. Болашаққа үмітпен қарауға не көмектеседі?
17 Дәуіт былай деді: “Мен мынаған нық сенемін: Әлі де бұ дүниеде тірі жүремін, Жаратқан Иенің мейірімін көремін” (Заб. 26:13). Иә, Дәуіт Ехобаның уәделеріне сенді, сондықтан оның берік үміті болды. Расында да, Құдай берген үмітіміз болмағанда және Забурдың 26-жырындағы жұбаныш беретін сөздерді білмегенде, халіміз мүшкіл болар еді. Олай болса, осы дүниенің соңғы күндері өмір сүріп жатқан бәріміз Ехобадан күш беруді және Армагеддоннан аман өткізуді сұрап дұға ете берейік! (Забур 26:14 оқы).
[23-беттегі сурет]
Ехобаның бұрын қалай құтқарғаны есінде болғандықтан Дәуіт батыл болды
[25-беттегі сурет]
Экономикалық қиындықтарды қызметке көбірек атсалысудың мүмкіндігі ретінде қарастырамыз ба?