Ехобаның сөзі тірі.
Забур жырларының бесінші жазбасындағы көңіл бұрарлық ойлар
БАЙЛАР былай деуі мүмкін: “[Өздерінің] жастық кездеріндегі жаңа өскін шөптей желкілдеп жетілген біздің ұлдарымыз болсын; сарайдың құтты бір сәнді бағаналарындай мүсінделген біздің қыздарымыз болсын, біздің қамбаларымыз бидайға толы болсын; иә біздің қойларымыз мыңдаған төл берсін”. Бақуатты адамдар сондай-ақ: “Осындай берекесі бар халық шат-шадыман [“бақытты”, ЖД]”,— деп жар салар. Ал забур жыршысы болса керісінше былай дейді: “Жаратушы Құдай Иесі қолдаған халық шат-шадыман [“бақытты”, ЖД]” (Забур 143:12—15). Бұдан басқалай болуы әсте мүмкін емес! Ехоба — “бақытты Құдай”, оның қызметшілері де бақытты (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД). Бұл шындық Құдай рухының жетелеуімен жазылған жырлардың соңғы жазбасынан, яғни 106—150 дейінгі Забур жырларынан, айқын көрінеді.
Забур жырының бесінші жазбасы да Ехобаның теңдесі жоқ қасиеттеріне, соның ішінде сүйіспеншілікке толы мейірімділігіне, ақиқаты мен ізгілігіне, көңіл бұрады. Құдайдың болмысына үңілген сайын, оны сүйіп және қастерлей түсеміз. Ал бұл, өз кезегінде, бақытты етеді. Забур жырының бесінші жазбасында қаншалықты құнды мәлімет бар десеңші! (Еврейлерге 4:12)
ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ТОЛЫ МЕЙІРІМДІЛІГІНІҢ АРҚАСЫНДА БАҚЫТТЫ (Забур 106:1—118:176)
“Жаратқан Иені Оның мейірімі [“сүйіспеншілікке толы мейірімділігі”, ЖД] үшін және Оның адамзат ұлдарына жасаған ғаламат істері үшін ұлықтасын”,— деп жырлады Бабыл тұтқындығынан қайтқан яһудилер (Забур 107:8, 15, 21, 31). Құдайды мадақтап, Дәуіт: “Сенің ақиқатың бұлттарға дейін жетеді”,— деп жырлады (Забур 107:4). Келесі жырында ол: “Жәрдемдес маған, Жаратқан Ием, Құдайым, Өзіңнің мейіріміңмен [“сүйіспеншілікке толы мейірімділігіңмен”, ЖД] мені құтқар”,— деп дұға етеді (Забур 108:18, 19, 26). 109-шы Забур жыры Мәсіхтің билігіне қатысты айтылған пайғамбарлық болып табылады. “Даналықтың бастауы — Жаратқан Иеден қорқу”,— делінген Забур 110:10-да. Ал келесі жырда “Ехобадан қорқатын адам бақытты” екені айтылады (Забур 112:1, ЖД; [111:1]).
112—117 дейінгі Забур жырлары Аллилуй жырлары деп аталады. Өйткені онда “Аллилуия”, немесе “Иаһты мадақтаңдар”, деген сөз жиі қолданылады. Ертеректегі ауызша дәстүрлердің жазбаша жинағы Мишнаға сай, бұл жырлар Құтқарылу мейрамы мен яһудилердің жыл сайынғы үш мейрамында айтылған. Киелі кітаптағы ең ұзақ жыр әрі ең ұзақ тарау болып табылатын 118-ші Забур жыры Ехобаның сөзін, немесе хабарын, дәріптейді.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
108:23. Дәуіттің “Мен кетіп баратқан көлеңкеше жоғалудамын” деген сөздері нені білдіреді? Дәуіт өлімінің өте жақын екенін сезіп тұрғанын көркем тілмен айтқан (Забур 101:12).
109:1, 2. ‘[Дәуіттің] Иесі’, Иса Мәсіх, Құдайдың оң жағында отырғанда не істеді? Иса қайта тірілген соң, көкке көтерілді де, Патша ретінде билігін бастау үшін 1914 жылға дейін Құдайдың оң жағында күтіп отырды. Сол аралықта ол майланған ізбасарларының үстінен билік етті, яғни оларға уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде басшылық берді және Патшалықта өзімен бірге билік етуге дайындады (Матай 24:14; 28:18—20; Лұқа 22:28—30).
109:4. Ехоба қандай ‘ешқашан өзгермейтін ант берген’? Бұл — Иса Мәсіх Патша әрі Бас діни қызметкер ретінде қызмет ету үшін Ехобаның онымен ‘жасасқан келісімі’ (Лұқа 22:29, ЖД).
112:3. Қалайша “күннің шығысынан батысына дейін” Ехобаның есімі мадақтала бермек? Бұл Құдайға күнделікті ғибадат етіп жатқан жеке адамдар тобынан да көбірек нәрсені білдіреді. Шығыстан көтеріліп, батыста ұясына қонғанға дейін күн нұры бүкіл жер шарын жарқыратады. Сол сияқты Ехоба да бүкіл жер жүзі бойынша даңқталу керек. Ұйымдасып күш салмаса, оған қол жеткізу мүмкін емес. Ехоба Куәгерлері ретінде бізде өте бағалы мәртебе, яғни Құдайды мадақтап және Патшалықты уағыздау ісіне құлшыныспен қатысу мәртебесі, бар.
116:15, ЖД. “Ехобаның көз алдында адал адамдарының өлімі” қаншалықты “құнды”? Қызметшілерінің Құдайға өте қымбат болғаны сонша — олардың топ ретінде өліп кетуіне ол еш жол бере алмайды. Егер Ехоба бұған жол берсе, онда жаулары өзінен әлдеқайда күшті болғандай болар еді. Оның үстіне, жер бетінде жаңа дүниенің негізін қалайтын ешкім де қалмас еді.
118:71. Қиындықтардан қандай пайда көруіміз мүмкін? Қиындықтар Ехобаға толығырақ арқа сүйеуді, одан бетер жан-тәнімізбен дұға етуді және Киелі кітапты оқып, ондағы айтылғандарды қолдануда барынша ынталы болуды үйретеді. Сондай-ақ қиындыққа кезіккенде қалай әрекет еткеніміз түзетуіміз керек кемшіліктерімізді көрсетеді. Егер қиындықтың өзімізді жақсартуына жол берсек, ол бізді ашындырып жібермейді.
118:96. “Әр кемелдіктің шегі бар” деген нені білдіреді? Забур жыршысы бұл жерде адами тұрғыдан қарағандағы кемелділік жайлы айтып тұр. Ол адамның кемелділік жайлы ұғымы шектеулі екенін ойда тұтқан болса керек. Ал, керісінше, Құдайдың өсиеттерінің шегі жоқ. Оларды өмірдің барлық саласында қолдануға болады.
118:164. Құдайды “күніне жеті рет” дәріптеу деген нені білдіреді? Жеті саны көбінесе толықтықты білдіреді. Ендеше, забур жыршысы Ехобаның бар мадаққа лайық екенін айтып тұр.
Біз үшін сабақ:
106:27—31. Һар-Магедон болғанда, осы дүниенің даналығы “жоқ болады” (Аян 16:14, 16). Ол ешкімді де аман алып қала алмайды. Құтқарылуды Ехобадан күткендер ғана ‘Оның мейірімін ұлықтау’ үшін өмір сүреді.
108:30, 31; 109:5. Жауынгердің сол қолындағы қалқаны семсер ұстаған оң қолын әдетте қорғай алмайды. Бейнелі тілмен айтқанда, Ехоба қызметшілерінің “оң қолында тұрып”, немесе оң жағында тұрып, олар үшін шайқасады. Осылай оларды қорғап, көмектеседі. Ал бұл біз үшін оны ‘қатты дауыстап ұлықтауға’ жақсы себеп болып табылады.
112:4—9. Ехобаның биікте болғаны сонша — тіпті ‘көкті көру үшін’ еңкеюіне тура келеді. Соншалықты биік болса да, ол мүсәпірге, кедей мен бедеу әйелге жанашырлық танытады. Әлемнің Әміршісі Ехоба — кішіпейіл Құдай, ол қызметшілерінің де осындай болғанын қалайды (Жақып 4:6).
113:3—7. Ехобаның өз халқы үшін Қызыл теңізде, Иордан өзені мен Синай тауында жасаған таңғажайып істері жайлы білгеніміз бізге қатты әсер ету керек. “Жер” ретінде бейнеленген адамзат Жаратқан Иенің алдында қастерлі сезімнен ‘діріл қағуы’ керек.
118:97—101. Құдай Сөзіндегі даналыққа, түсінік пен біліктілікке ие болғанымыз рухани зардап шегуден қорғайды.
118:105. Құдай Сөзі — қадамдарымызды жарқырататын шырақ, өйткені ол күнделікті қиыншылықтарымызды жеңуге көмектеседі. Ол сондай-ақ болашаққа қатысты Құдайдың ниеті жайлы алдын ала айтатындықтан, бейнелеп айтқанда, жолымызға нұр шашады.
ҚИЫНДЫҚТАРҒА ҚАРАМАСТАН БАҚЫТТЫ (Забур 119:1—144:21)
Қалай біз ауыр жағдайлар мен қиындықтарға төтеп бере аламыз? Бұл сұраққа 119—133 дейінгі Забур жырлары жауап береді. Біз Ехобадан көмек іздеудің арқасында қиындыққа төтеп беріп, қуанышымызды сақтаймыз. Өрлеу жырлары деп аталатын бұл жырлар, сірә, исраилдіктер жыл сайынғы мейрамдарды атап өту үшін Иерусалимге сапар шеккенде айтылған болу керек.
134-ші және 135-ші Забур жырлары Ехобаны өзіне ұнайтынның бәрін істеуші ретінде бейнелеп, оны дәрменсіз жалған пұттарға қарама-қайшы қояды. 135-ші жыр лебіз білдіру ретінде айтылған, яғни әр тармақтың соңғы бөлігі алдыңғы бөлігіне лебіз білдіреді. Келесі жырда Сионда Ехобаға ғибадат етуді қалаған Бабылдағы яһудилердің қайғы-мұңы жайлы айтылады. 137—144 дейінгі жырлар Дәуіттікі. Ол ‘бар жүрегімен [Құдайдың] даңқын асырғысы’ келеді. Не үшін? Өйткені “Тамаша жаралдым”,— дейді ол (Забур 137:1; 138:14). Келесі бес жырда Дәуіт қара ниетті адамдардан сақтауды, әділдікпен түзетуді, қудалаушылардан құтқару мен жүріс-тұрысына басшылық беруді сұрап дұға етеді. Ол Құдай халқының бақытына көңіл бұрады (Забур 143:15, ЖД). Құдайдың ұлылығы мен ізгілігін қарастырған соң, Дәуіт: “Менің аузымнан шыққанның бәрі Жаратушыны мадақтау болып табылады, және жан атаулының барлығы да Оның қасиетті есімін ғасырдан ғасырға дәріптейтін болсын”,— деп жар салады (Забур 144:21).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
121:3. Қалай Иерусалим “бір жерге тұтасқан” қала болған? Ежелгі қалалардағы сияқты Иерусалимдегі үйлер де бір-біріне жақын салынған. Қала ықшам болғандықтан, оны қорғау да жеңіл болған. Оның үстіне, үйлердің бір-біріне жақын орналасуы қала тұрғындарына өзара қол ұшын беруде және қорғаныш болуда бір-біріне жүгінулеріне мүмкіндік берген. Бұл Исраилдің он екі руының ғибадат етуге келген кездегі рухани бірлігін көрсетеді.
122:2. Құлдардың көзі жайлы мысалдың мәні неде? Құлдар мен күңдер қожайынының немесе қожайын әйелінің қолына екі себеппен қарайды: олардың нені қалап тұрғанын білу үшін және қорғаныш пен күн көріске қажеттілерін алу үшін. Біз де еркін білу және шарапатына ие болу үшін Ехобаға қараймыз.
130:1—3. Қалай Дәуіт ‘емшектен шығарылған сәбидей жан дүниесін тыныштандырды’ (сілтемені қараңдар)? Емшектен шыққан сәби анасының қолында тынышталып, қанағат табуды үйренетіні сияқты, Дәуіт те ‘емшектен айырылған нәрестедей’ жанына байыз тауып, тынышталуды үйренді. Қалай? Мұны ол өр көкірек, көздерімен паңдана қарау, шамасы келмейтін тым ұлы істердің соңына түсу арқылы үйренген жоқ. Дәуіт елдің алды болуға ұмтылмай, әдетте өзінің мүмкіндіктерінің шектеулі екенін түсініп, кішіпейілділік танытатын. Біздің де сондай көзқарас танытқанымыз абзал, бұл әсіресе қауымда қандай да бір артықшылықтарға ие болғанда маңызды.
Біз үшін сабақ:
119:1, 2, 6, 7. Жала жабу мен ащы тіл өзгенің жанын қатты жаралайды. Ауызға ие бола білу — “тыныш жан”, немесе бейбіт жан, екенімізді көрсетудің бір жолы.
119:3, 4. ‘Көлгірсіген тілі’ бар біреуге төзуге тура келген жағдайда Ехоба мәселені өз уақытында түзейтінін білуден жұбаныш таба аламыз. Жала жабушылар ‘мықтының’ қолынан жапа шегеді. Олар ‘от қойған тікен жебемен’ бейнеленген Ехобаның отты сотына ілігетіні шүбәсіз.
126:1, 2. Нендей іске кіріссек те, Ехобадан басшылық іздеуіміз керек.
132:1—3. Ехобаның халқының арасындағы ынтымақ тыныштық сыйлайды, пайдалы әрі жан сергітерлік. Біз оны тырнақ астынан кір іздеу, жанжалдасу не наразылық білдірумен бұзбауымыз керек.
136:1, 5, 6. Ехобаның тұтқындағы қызметшілері Құдайдың ұйымын бейнелеген Сионға қатты бауыр басқан еді. Ал біз ше? Ехобаның қазіргі таңда қолданып жатқан ұйымына адалдықпен бауыр бастық па?
137:2. Ехоба өз атымен уәде еткенінің бәрін біздің күткендерімізден де әлдеқайда асырып орындауымен ‘Өз сөзін кез келген есімінен де асқақтатып, ұлағатты етеді’. Шындығында да, бізді алдымызда керемет болашақ күтіп тұр.
138:1—6, 15, 16. Ехоба істерімізді, ойларымызды, тіпті айтқалы тұрған сөзімізді біледі. Ол бізді ұрық күйімізден, әлі әрбір дене мүшеміз айқын болмай тұрып-ақ, біледі. Құдайдың әрқайсысымыз жайлы білімі соншалық “ғажап” — оны ұға алмаймыз. Ехобаның тек қиын жағдайымызды көріп қана қоймай, оның бізге қалай әсер ететінін де түсінетінін білу жанымызға зор жұбаныш береді!
138:7—12. Бізді нығайту үшін Құдайға ешбір орын соншалық алыс емес.
138:17, 18. Ехоба жайлы білім бізді қуанышқа кенелте ме? (Нақыл сөздер 2:10) Егер осылай болса, онда қуаныштың сарқылмас көзін тапқанымыз. Ехобаның ойлары “құм қиыршықтарынан көп”. Ол туралы білетін нәрселер үнемі көп болады.
138:23, 24. Ехобаның ішкі дүниемізді ‘қауіпті жолда’ тұрған жоқпыз ба, яғни бұрыс емес ойлар, тілек-қалаулар мен бейімділіктеріміз бар ма, соны тексергенін және оларды түп-тамырымен құртуға көмектескенін қалауымыз керек.
142:4—7. Ауыр қиындықтарға қалай төтеп бере аламыз? Забур жыршысы мұның жолын айтады: Ехобаның істері жайлы ой жүгірту, оның қолымен жасалғандардың бәрін ой елегінен өткізу және одан көмек сұрап дұға ету.
“Жаратқан Иені мадақтаңдар!”
Забур жырының алдыңғы төрт жазбасы Ехобаға арналған мадақтау сөздермен аяқталған (Забур 40:14; 71:19, 20; 88:53; 105:48). Соңғы жазба да осылай аяқталған. Забур 150:6-да: “Жаны барлар түгелдей мадақтасын Иемізді! Жаратқан Иені мадақтаңдар!”— делінген. Құдайдың жаңа дүниесінде бұл сөздер шын мәнінде жүзеге асады.
Сол қуанышты кезді асыға күте отырып, шын Құдай мен оның есімін мадақтауға бізде көп себеп бар. Ехобаны білу және онымен қарым-қатынаста болу бізді қаншалықты бақытқа кенелтіп отырғанын ойласақ, оны ризашылыққа толы жүрекпен мадақтауға талпынбаймыз ба?!
[15-беттегі сурет]
Ехобаның керемет істері бойымызда қастерлі сезім оятады
[16-беттегі сурет]
Ехобаның ойлары “құм қиыршықтарынан көп”