Ехобаның сөзі тірі.
Нағай және Зәкәрия кітаптарындағы көңіл бұрарлық ойлар
БҰЛ б. з. б. 520 жыл болатын. Бабыл құлдығынан оралған яһудилер Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасының негізін қалағалы бері он алты жыл өтті. Бірақ ғибадатхана әлі салынып біткен жоқ, ал құрылыс ісіне тыйым салынған. Ехоба алдымен Нағай пайғамбарды, ал екі ай өте Зәкәрия пайғамбарды өзінің хабарын жеткізуге тағайындайды.
Нағай мен Зәкәрияның бір ғана мақсаты болды: яһудилерді ғибадатхананы қалпына келтіру жұмысын бітіруге талпындыру. Пайғамбарлардың еңбектері жанып, бес жылдан соң құрылыс ісі аяқталады. Олардың хабарлары өз есімдерімен аталған кітаптарда жазылған. Нағай кітабы б. з. б. 520 жылы, ал Зәкәрия кітабы б. з. б. 518 жылы аяқталды. Осы пайғамбарлар сияқты бізге де Құдайдың тапсырмасы жүктелген, біз оны осы дүниенің ақырына дейін аяқтауға тиіспіз. Бұл — Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісі. Ал енді Нағай және Зәкәрия кітаптарындағы жігерлендірерлік ойларға тоқталып өтейік.
“ЖҮРЕКТЕРІҢДІ ӨЗ ЖОЛДАРЫҢА БҰРЫП ҚАРАҢДАРШЫ”
Нағай 112 күннің ішінде әрекетке талпындыратын төрт хабар айтты. Оның біріншісі былай басталады: “Жүректеріңді өз жолдарыңа бұрып қараңдаршы. Тауға шығыңдар да ағаш тасыңдар, сөйтіп ғибадатхана салыңдар; Мен оған ықыласымды беремін де абыройға бөленемін,— дейді Жаратушы Ие” (Нағай 1:7, 8). Халық бұл хабарға құлақ асты. Екінші хабарда Ехобаның: “Осы үйді даңққа бөлеймін”,— деген уәдесі айтылған (Нағай 2:7).
Үшінші хабарға сай, ғибадатхананың құрылысын аяқсыз қалдырғандықтан халықтың өзі де, “олардың қолынан шыққан істің бәрі” де Ехобаның көзінде арамдалған. Алайда құрылыс ісі қайта жанданған күннен бастап Ехоба ‘оларға батасын береді’. Төртінші хабарда Ехоба ‘мәжуси патшалықтарының күшін жойып’, басшы Зоробабелді “мөрлі сақина” (ЖД) етіп қоятынын айтады (Нағай 2:14, 19, 22, 23).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:6, 7, 21, 22. Халықтарды шайқайтын кім немесе не және мұның нәтижесі қандай? Ехоба дүниежүзінде уағыздалып жатқан Патшалық хабары арқылы ‘барлық халықтарды шайқауда’. Сондай-ақ уағыз ісінің арқасында Ехобаның үйіне “барлық халықтан қалаулылар” (ЖД) жиналып, оны даңққа бөлеуде. Уақыты келгенде Әскерлер Басшысы Ехоба ‘аспан мен жерді, теңіз бен құрлықты шайқап’, қазіргі зұлым дүниені тұтас жояды (Еврейлерге 12:26, 27).
2:9. Қай мағынада “соңғы ғибадатхананың абыройы бұрынғыдан да асады”? Соңғы ғибадатхананың, кем дегенде, үш артықшылығы болды. Олар онда тәлім берген тұлғаға, тұрған уақытының ұзақтығына және Ехобаға ғибадат ету үшін оған келген адамдарға байланысты еді. Сүлеймен соққан салтанатты ғибадатхана б. з. б. 1027 жылдан б. з. б. 607 жылға дейін 420 жыл тұрса, ‘соңғы ғибадатхана’ б. з. б. 515 жылы қалпына келтірілген уақыттан б. з. 70 жылы қиратылғанға дейін 580 жыл тұрды. Оның үстіне, Иса Мәсіх ‘соңғы ғибадатханада’ тәлім берген және бұл үйге Құдайға құлшылық ету үшін келген адамдардың саны да басым болды (Елшілердің істері 2:1—11).
Біз үшін сабақ:
1:2—4. Уағыз ісіне қарсылық көрсетілгенде, ‘ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлаудың’ орнына, өз қамымызды ойлап кетпейік (Матай 6:33).
1:5, 7. ‘Жүрегімізді өз жолдарымызға бұрып қарап’, іс-әрекеттеріміздің Құдаймен қарым-қатынасымызға қалай әсер етіп жатқаны туралы ойланғанымыз даналыққа жатады.
1:6, 9—11; 2:14—17. Нағайдың күндеріндегі яһудилер өз пайдаларын көздеп ауыр еңбек еткенімен, бейнеттерінің зейнетін көрмеген. Олар ғибадатхананы қараусыз қалдырғандықтан, Құдайдың батасын ала алмады. Біз рухани істерді басты орынға қойып, Құдайға шын жүректен қызмет етуіміз керек және бай болайық, кедей болайық, тек ‘Жаратқанның жарылқауы адамды бай қылатынын’ ұмытпауымыз керек (Нақыл сөздер 10:22).
‘КҮШПЕН ЕМЕС, МЕНІҢ РУХЫММЕН’
Зәкәрия пайғамбар қызметін яһудилерді Ехобаға бет бұруға шақырудан бастады (Зәкәрия 1:3). Бұдан кейінгі сегіз аян Құдайдың ғибадатхананы қалпына келтіру ісіне қолдау көрсететінінің кепілдігі болды (“Зәкәрия көрген көркемдік бейнелерден тұратын сегіз аян” деген қоршауды қара.). Құрылыс ісі ‘қалың қолмен емес, күшпен де емес, [Ехобаның] Рухымен’ аяқталады (Зәкәрия 4:6). Өркен деп аталған адам “Жаратушы Иенің ғибадатханасын салады” және “Өз тағында дін қызметшісі де болады” (Зәкәрия 6:12, 13).
Бетел қаласы дін қызметшілеріне өкілдерін жіберіп, Иерусалимнің қирауына қатысты ауыз бекіту керек не керек емес екенін сұрайды. Ехоба Зәкәрияға Иерусалимнің қирауына байланысты төрт мезгіл аза тұтып, ауыз бекіту уақыты енді ‘қуаныш пен көңілді салтанатқа айналатынын’ айтады (Зәкәрия 7:2; 8:19). Келесі екі пайғамбарлықта халықтар мен жалған пайғамбарларға қарсы шығарылған үкім, сондай-ақ Мәсіх жайлы және Құдай халқының қайта өркендеуі жайлы хабар жазылған (Зәкәрия 9:1; 12:1).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:1. Арқаны бар адам Иерусалимді не үшін өлшеп жүр? Бұл әрекет қалаға қорған болатын дуалдың соғылуын білдірген болуы мүмкін. Періште қаланы өлшеп жүрген адамға Иерусалимнің кеңейіп, Ехобаның қорғанышына ие болатынын айтады (Зәкәрия 2:3—5).
6:11—13. Бас діни қызметкер Ешуаның басына тәждің кигізілуі оның патша әрі діни қызметкер болғанын білдіре ме? Жоқ, Ешуа Дәуіт патшаның ұрпағы емес. Алайда оған тәждің кигізілуі Мәсіхтің келуін бейнелеген (Еврейлерге 6:20). “Өркенге” қатысты пайғамбарлық көктегі Патша әрі Діни қызметкер Иса Мәсіхке қатысты орындалды (Еремия 23:5). Ешуа тұтқыннан қайтқан яһудилер үшін қалпына келтірілген ғибадатханада бас діни қызметкер болған, сол сияқты Иса да Ехобаның рухани ғибадатханасында шынайы ғибадат етіп жатқан адамдар үшін бас діни қызметкер болып табылады.
8:1—23. Осы тармақтарда айтылған он уәде қай кезде орындалды? Бұл уәделердің әрқайсысында Құдайдың өз халқына тыныштық сыйлайтыны туралы айтылады. Олардың кейбірі б. з. б. алтыншы ғасырда орындалған, ал олардың барлығы 1919 жылдан кейін орындалған, не бүгінгі уақытта орындалудаa.
8:3. Не себепті Иерусалим “ақиқаттың қаласы” деп аталады? Иерусалим б. з. б. 607 жылы қирамай тұрғанда әділетсіз пайғамбарлар мен діни қызметкерлер және жолдан тайған адамдар тұратын “өктемшіл қала” болған (Софония 3:1; Еремия 6:13; 7:29—34). Алайда ғибадатхана қалпына келтіріліп, адамдар Ехобаға ғибадат ете бастағанда, мұнда таза ғибадаттың шындығы айтылатын болды, ал Иерусалим “ақиқаттың қаласы” деп аталатын болды.
11:7—14. Зәкәрияның “рақым” және “дәнекер” деп аталған аса таяқтарын сындырғаны нені бейнелейді? Зәкәрия “сойысқа түсетін қойларды”, яғни жетекшілері өз мүдделері үшін қолданып жүрген қой тәріздес адамдарды, бағуға келген адам болып суреттеледі. Ол бақташы ретінде Иса Мәсіхті бейнелеген. Иса Құдаймен келісім жасасқан халыққа жіберілгенімен, адамдар оны қабылдамаған. “Рақым” деп аталған таяқтың сынуы Құдайдың яһудилермен жасасқан Заң келісімінің күшін жойып, оларға мейірбандықпен қарауын доғаратынын бейнелеген. Ал “дәнекер” деп аталған таяқтың сынуы Яһуда мен Исраилдің арасындағы теократиялық қарым-қатынастың үзілгенін білдірген.
12:11. ‘Мегиддон алқабындағы Гаадримонның жоқтауы’ деген не? Яһуданың патшасы Жосия Мысыр патшасы Нехаомен шайқасқа түсіп, ‘Мегиддон алқабында’ қайтыс болды. Ал оның өлімі жоқтау жырларында бірнеше жыл бойы айтылып жүрді (Шежірелер 2-жазба 35:25). Олай болса, ‘Гаадримонның жоқтауы’ деп осы жоқтау жайында айтылған болуы мүмкін.
Біз үшін сабақ:
1:2—6; 7:11—14. Ехоба күнәларына өкініп, сөгісті қабыл алған және шын жүректен ғибадат ету арқылы өзіне бет бұрған адамдарды қуана қабыл алады. Ал оның хабарын ‘тыңдағысы келмей, одан сырт айналып, құлақтарын бітейтін’ адамдардың көмек сұрап жалбарынған үндеріне құлақ аспайды.
4:6, 7. Ғибадатхана құрылысы Ехобаның рухының арқасында сәтті аяқталды, оған ештеңе кедергі бола алмады. Ехобаға қызмет ете жүріп кезіккен кез келген қиындықтарды оған сенім білдіре отырып жеңіп шығамыз (Матай 17:20).
4:10. Ехобаның бақылауымен Зоробабел мен оның серіктестері ғибадатхананы Құдайдың жоғарғы талаптарына сай етіп соқты. Кемелсіз адамдар үшін Ехобаның талаптарына сай өмір сүру тым қиын емес.
7:8—10; 8:16, 17. Ехобаның ықыласына ие болу үшін біз әділдік, сүйіспеншілікке толы мейірімділік және жанашырлық танытуымыз керек, сондай-ақ бір-бірімізге шындықты айтуымыз керек.
8:9—13. Ехобаның бізге тапсырған ісінде ‘қолымыз қуатты болса’, оның батасына кенелеміз. Бұл баталарға тыныштық, қауіпсіздік және рухани өркендеу жатады.
12:6. Ехобаның халқының арасындағы бақылаушылар “жанып тұрған шырағдан сияқты” ерекше белсенді болулары керек.
13:3. Шынайы Құдайға және оның ұйымына деген адалдығымыз, өзімізге қаншалықты жақын болса да, адамға деген адалдығымыздан артық болуға тиіс.
13:8, 9. Ехоба бас тартқан жолдан таюшылар өте үлкен тобырды, жердің екі бөлігін, құрады. Тек үшінші бөлігі ғана отпен балқытылып тазартылды. Бүгінде Ехоба өздерін мәсіхші атайтын адамдардың басым бөлігінен құралған мәсіхшілер әлемінен бас тартқан. Тек кішігірім бөлігін құрайтын майланған мәсіхшілер ғана Ехобаның ‘атын атап шақырады’ және оған бағынып, өздерін тазартуына жол береді. Олар және олардың бауырластары Ехобаның куәгерлері атанумен ғана шектеліп жүрген жоқ.
Құлшыныспен қызмет етейік
Нағай мен Зәкәрияның сөздерінің бізге қандай қатысы бар? Олардың хабары яһудилерді ғибадатхананың құрылысын қолға алуға талпындырғаны туралы ой жүгірткенде, бұл бізді Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысуға талпындырмай ма!?
Зәкәрия Мәсіхтің “қодық мініп” келетінін, оның “отыз күміс” ақшаға сатылатынын және оны ‘жайратқан’ соң, ‘қойлардың бетімен кететінін’ алдын ала айтқан болатын (Зәкәрия 9:9; 11:12; 13:7). Оның Мәсіхке қатысты осындай пайғамбарлықтарының қалай орындалғаны жайында ой жүгірту сенімімізді қаншалықты нығайтатынын ойлап көрші! (Матай 21:1—9; 26:31, 56; 27:3—10). Ехобаның Сөзіне және құтқарылуымыз үшін оның қарастырған шараларына деген сенімділігіміздің бұрынғыдан да нығая түскені сөзсіз (Еврейлерге 4:12).
[Сілтеме]
a 1996 жылғы 1 қаңтардағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 9—22 беттерін қара.
[15-беттегі қоршау]
ЗӘКӘРИЯ КӨРГЕН КӨРКЕМДІК БЕЙНЕЛЕРДЕН ТҰРАТЫН СЕГІЗ АЯН
1:8—17. Бұл аян ғибадатхана құрылысының сәтті аяқталатынын және Ехобаның Иерусалим мен Яһудадағы басқа да қалаларды жарылқайтынына кепілдік береді.
1:18—21. Бұл аян ‘Яһуданы шашып тастаған төрт мүйіздің’, яғни шынайы ғибадатқа қарсылық жасаған барлық мемлекеттердің, жойылатынын көрсетеді.
2:1—13. Бұл аян Иерусалимнің аумағының кеңейетінін және Ехоба “оның айналасына отты қорған” болатынын білдіреді.
3:1—10. Бұл аян ғибадатхананың соғылуына Шайтанның қарсылық жасағанын және бас діни қызметкер Ешуаның құтқарылғанын және тазарғанын көрсетеді.
4:1—14. Бұл аян “тау” болып тұрған кедергілердің ‘жайдақ жерге’ айналатынына және басшы Зоробабелдің ғибадатхана құрылысын аяқтайтынына деген сенімділік береді
5:1—4. Бұл аянда зұлымдарға қарғыс айтылады.
5:5—11. Бұл аян зұлымдықтың жойылатынын көрсетеді.
6:1—8. Бұл аянда періштелердің бас-көз болып, қорғап жүретіні уәде етілген.
[12-беттегі сурет]
Нағай мен Зәкәрия айтқан хабардың мақсаты не?
[14-беттегі сурет]
Қай мағынада бақылаушылар “жанып тұрған шырағдан сияқты”?