Ехоба қайғырғандарды құтқарады
“Тақуа [“әділ”, ЖД] адамның қайғысы да мол болады, және де солардың баршасынан оны Жаратушы құтқарады” (ЗАБУР 33:20).
1, 2. Бір адал мәсіхші қандай күй кешті және неге бізде де сондай сезім болуы мүмкін?
КЕЙКОa атты жас әйел — 20 жылдан астам уақыттан бері Ехоба Куәгері. Біраз уақыт бойы ол жалпы ізашар, немесе Патшалықтың толық уақытты жариялаушысы, болып қызмет етті. Ол осы қызметін қатты бағалайтын. Алайда осыдан көп ұзамай Кейконы үмітсіздік пен жалғызсырау сезімі билеп алады. “Менің қолымнан бар келгені жылау еді”,— дейді ол. Жағымсыз ойларымен күресу үшін, ол жеке зерттеуге көбірек уақыт бөледі. “Сонда да мен күйімді өзгерте алмадым. Қатты күйзелгенім сонша — өз-өзіме өлім тілеуге дейін бардым”,— дейді ол.
2 Сенің де осылай мұңайып, қамыққан кезің болған ба? Дегенмен де Ехоба Куәгері ретінде сенде қуануға себеп жетіп-артылады, өйткені Құдайға ұнамды жүру ‘Тәңірдің уәдесі бойынша осы және болашақ өмірде де игілікті’ (Тімотеге 1-хат 4:8). Тап қазір сен рухани жұмақта өмір сүрудесің! Алайда бұл саған ешбір қайғы-қасірет жуымайды дегенді білдіре ме? Жоқ, әрине. Киелі кітапта: “Тақуа [“әділ”, ЖД] адамның қайғысы да мол болады”,— делінген (Забур 33:20). Бұған таңданбаса да болады, өйткені “бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр” (Жоханның 1-хаты 5:19). Бәріміз де әр түрлі шамада осының әсерін сезінеміз (Ефестіктерге 6:12).
Қайғы-қасіреттің салдары
3. Киелі кітаптағы ауыр қасірет шеккен Құдайдың қызметшілерінің мысалын келтіріңдер.
3 Ұзаққа созылған қайғы өмірге деген көзқарасымызды тұмандатып жіберуі мүмкін (Нақыл сөздер 15:15). Мысалы, әділ кісі Әйүпті алайық. Қатты азап шеккен шақта ол: “Әйелден туған адамның күні қысқа, қайғыға толы”,— деген-ді (Әйүп 14:1). Ол қуанышынан айырылып қалады. Оның тіпті Ехоба өзін тастап кетті деп ойлаған кезі де болды (Әйүп 29:1—5). Ауыр қасірет шеккен Құдайдың қызметшісі жалғыз Әйүп қана емес. Киелі кітапта бала сүймеген Ханнаның ‘көкірегі шерге’ толғаны айтылған (Патшалықтар 1-жазба 1:9—11). Отбасындағы жағдай жанына қатты батқан Рабиға: “Өмірім уайымға толы өтіп жатыр”,— деген (Жаратылыс 27:46). Жасаған қателіктері жайлы ой жүгірткенде, Дәуіт: “Күні бойы мұңнан арыла алмай жүремін”,— деп айтқан (Забур 37:7). Осы бірнеше мысалдың өзі-ақ мәсіхшілерге дейін өмір сүрген Құдайды қастерлеген ерлер мен әйелдердің де ауыр қасірет шеккенін айқын көрсетеді.
4. Бүгінгі күні мәсіхшілер арасында ‘жаны күйзелгендердің’ кездесетіні неге таңғалдырмайды?
4 Ал мәсіхшілер туралы не деуге болады? Елші Пауыл салониқалықтарға ‘жаны күйзелгендері жұбатыңдар’ деп айту қажет екенін байқады (Салониқалықтарға 1-хат 5:14, ЖД). Бір анықтамалықта “жаны күйзелгендер” деп аударылған грек сөзі “өмірдің қысымынан уақытша бас көтере алмай қалғандарға” да нұсқайтыны айтылған. Пауылдың сөздерінен Салониқадағы кейбір майланған мәсіхшілердің көңілі қамыққанын көруге болады. Бүгінгі күні де мәсіхшілер сондай күйді кешіп жатады. Бірақ не себептен олардың көңілі қамығады? Қазір мұның кең танымал үш себебін қарастырайық.
Күнәкар болмысымыздан қиналуымыз мүмкін
5, 6. Римдіктерге 7:22—25 дейінгі тармақтардан қандай жұбаныш табуға болады?
5 “Ұяттан әбден безген” азғын адамдар сияқты емес, шынайы мәсіхшілер өздерінің күнәкар күйіне қатты қиналады (Ефестіктерге 4:19). Олар өздерін Пауыл сияқты сезінуі мүмкін. Ол: “Іштей Құдай заңына ризамын, бірақ бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәкар құмарлыққа кіріптар етеді”,— деп жаза келе, соңынан: “Сорлы басым-ай!”— деп дауыстады (Римдіктерге 7:22—24).
6 Сенің де өзіңді Пауыл сияқты сезінген кезің болды ба? Өзіңнің кемелсіздігіңді терең түсінгеніңде тұрған бұрыс ештеңе жоқ, өйткені бұл саған күнәнің жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес екенін көрсетеді және жамандықтан аулақ болу шешіміңді нығайтады. Алайда әлсіздіктерің үшін үнемі қайғыра берудің де қажеті жоқ. Пауыл жоғарыда айтылған мұң-шеріне былай деп қосқан: “Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы” (Римдіктерге 7:25). Иә, Пауыл өзінің мұра етіп алған күнәсынан Исаның төгілген қаны азат ете алатынына сенімді болған (Римдіктерге 5:18).
7. Күнәкар бейімділігі жанын жегідей жемеуі үшін адамға не көмектеседі?
7 Күнәкар болмысың жаныңа қатты батса, елші Жоханның мына сөздерінен көңіліңе жұбаныш ал: “Егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар. Сол қорғаушымыз — Иса Мәсіх. Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді. Өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын төледі” (Жоханның 1-хаты 2:1, 2). Егер күнәкар бейімділік жаныңды жегідей жесе, Иса өмірін кемелді адамдар үшін емес, күнәкарлар үшін қиғанын ылғи есте ұста. Шындығында да, “бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды” (Римдіктерге 3:23).
8, 9. Неге өз-өзімізді айыптайтын ойлардан аулақ болуымыз керек?
8 Алайда бұрын қандай да бір ауыр күнә жасадың делік. Сөз жоқ, бұл жайында Ехобаға дұға етіп, тіпті мұны жиі істеген де боларсың. Сондай-ақ мәсіхші ақсақалдар рухани көмек көрсеткен де болар (Жақып 5:14, 15). Сен шын жүректен өкініп, сол үшін қауымның мүшесі болып қала берген де шығарсың. Я болмаса біраз уақыт Құдайдың ұйымын тастап, бірақ кейін өкініп, қайтадан таза абыройға ие болған боларсың. Қалай болған күнде де, бұрынғы күнәң есіңе түсіп, қиналуың мүмкін. Егер осылай болып жатса, шын жүректен өкінгендерге Ехобаның “кешірімі шексіз” екенін ұмытпа (Ишая 55:7). Оның үстіне, Құдай бәрінен күдер үзіп, өз-өзіңді айыптағаныңды қаламайды. Әйтпесе бұл Шайтанның зымиян ниетіне қызмет етер еді (Қорынттықтарға 2-хат 2:7, 10, 11). Ібіліс жойылады, өйткені ол соған лайық. Бірақ ол сенің де тап сондай жазаға лайықпын деп сезінгеніңді қалайды (Аян 20:10). Шайтанның сеніміңді құрту үшін жасаған айла-амалын іске асыруына жол берме (Ефестіктерге 6:11). Қайта, өміріңнің басқа саласындағыдай, бұл жағынан да ‘оған төтеп бер’ (Петірдің 1-хаты 5:9).
9 Аян 12:10-да Шайтан ‘бауырластарымызға [майланған мәсіхшілерге] Жала жабушы’ деп аталады. Ібіліс оларды “күні-түні” Құдай алдында айыптайды. Осы тармақтың үстінен ой жүгірткенің, Ехоба емес, өзіңді-өзің жазғырып, соттағаның жалған айып тағушы Шайтанға ұнайтынын көре білуіңе көмектеседі (Жоханның 1-хаты 3:19—22). Ендеше, кемшіліктерің үшін үнемі жаныңды қинап, өзіңді беріліп қалатындай күйге дейін жеткізудің қажеті бар ма? Шайтанның Ехобамен қарым-қатынасыңды бұзуына, сондай-ақ Оның “рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, Сүйіспеншілігі берік” Құдай екеніне көз жұмдыруына ешқашан жол берме (Мысырдан шығу 34:6).
Мүмкіндіктеріміздің шектеулі болғаны ұнжырғамызды түсіруі мүмкін
10. Мүмкіндіктеріміздің шектеулі болғаны қалайша ұнжырғамызды түсіруі мүмкін?
10 Кейбір мәсіхшілер мүмкіндіктерінің шектеулі болғаны қызметтеріне қалай әсер етіп жатқанын көріп ұнжырғасы түседі. Сенің жағдайыңда да солай ма? Бәлкім, қандай да бір ауыр сырқат, кәрілік немесе басқа да жағдайлар қызметке бұрынғыдай уақыт бөлуіңе кедергі болып жатқан шығар. Мәсіхшілердің Құдайға қызмет ету үшін уақыттың құнын өтеп алуға шақырылатыны өтірік емес (Ефестіктерге 5:15, 16, ЖД). Бірақ мүмкіндіктерің шынымен шектеулі болып, көбірек қызмет ете алмай, ұнжырғаң түсетін болса ше?
11. Пауылдың Ғалаттықтарға 6:4-гі кеңесінің бізге қандай пайдасы бар?
11 Киелі кітап бізді жігерсіз болмай, қайта, ‘сенім мен шыдамдылық көрсетіп, уәде етілген игіліктерді иемденгендерден үлгі алуға’ шақырады (Еврейлерге 6:12). Мұны олардың керемет үлгілерін мұқият қарастырып, сенімдеріне еліктеуге тырыссақ қана істей аламыз. Алайда бұның егерде өзімізді орынсыз өзгелермен салыстырып, істеп жатқанымыз түк те емес деп түйетін болсақ, еш пайдасы болмас еді. Сондықтан Пауылдың мына кеңесіне құлақ асқанымыз жөн: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады” (Ғалаттықтарға 6:4).
12. Ехобаға өз шамамызға қарай қызмет етіп жатқанымызға неге қуанышты бола аламыз?
12 Мәсіхшілердің, тіпті денсаулығы жағынан қатты қиналып жатса да, қуанышты болуларына жақсы себеп бар. Киелі кітап бізді: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды”,— деп сендіреді (Еврейлерге 6:10). Бәлкім, бұрынғыдай шамада қызмет етуіңді қиындатып отырған — өзің ешбір ықпал ете алмайтын жағдайлар болар. Алайда Ехобаның көмегімен қызметтің кейбір түріне — мысалы телефон немесе хат арқылы куәлік беру сияқты түрлеріне — толығырақ атсалыса аласың. Ехоба Құдай өзіне жан-тәніңмен қызмет еткенің үшін, сондай-ақ оған және маңайыңдағыларға көрсеткен сүйіспеншілігің үшін батасын беретініне сенімді болуыңа болады (Матай 22:36—40).
“Қиын-қыстау күндер” бізді шаршатуы мүмкін
13, 14. а) Қалайша осы “қиын-қыстау күндер” бізге қасірет әкелуі мүмкін? ә) Бүгінде бауырмалдық сезімінің жоқтығы неден көрінеді?
13 Біздер Құдайдың әділ жаңа дүниесін аңсай күткенімізбен, дәл қазір ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз (Тімотеге 2-хат 3:1). Болып жатқан жанға батарлық оқиғалардың құтқарылуымыз жақын екенін көрсететінін білгеніміз жанымызға жұбаныш береді. Десе де айналамыздағы жағдайлар бізге әсер етпей қоймайды. Мысалы, сен жұмыссыз болсаң ше? Онда жұмыс табу қиын болып, айлар өте келе, саған Ехоба мүшкіл халімді көре ме екен немесе дұғаларымды ести ме екен деген ойлар келе бастар. Я болмаса алалаушылықтың немесе қандай да бір әділетсіздіктің құрбаны болған шығарсың. Тіпті газет беттеріндегі тақырыптарға көз жүгірткенде, өзіңді айналасындағы арсыз адамдардың қылықтарынан “қатты қиналған” (“шаршаған”, Тт) Лут сияқты сезінерсің (Петірдің 2-хаты 2:7).
14 Соңғы күндердің көз жұма алмайтын тағы бір ерекше қыры бар. Киелі кітапта көп адамдарда “бауырмалдық жоқ” болатыны алдын ала айтылған (Тімотеге 2-хат 3:3, ЖД). Көптеген отбасында бір-біріне деген бауырмалдықты табу өте қиын. Расында да, “Отбасындағы зорлық-зомбылық” деп аталатын кітапта “деректерге қарағанда, адамдар басқа біреудің қолынан гөрі, көбінше өз отбасы мүшелерінің қолынан мерт болып, таяқ жеп немесе сезімдері жараланып яки зорлаудың құрбаны болатыны” айтылған. “Адамдар сүйіспеншілікке бөленіп, өзін қауіпсіз сезіну керек орын кейбір ересектер мен балалар үшін ең қауіпті орын болып отыр”. Берекесіз отбасында өскендер жылдар өте, қайта-қайта беймаза күй кешуі, қатты түңілуі мүмкін. Ал егер сенің жағдайыңда да осылай болса ше?
15. Қалай Ехобаның сүйіспеншілігі кез келген адам баласының сүйіспеншілігінен асып түседі?
15 Забур жыршысы Дәуіт: “Менің әкем мен шешем мені тастап кетті, бірақ Жаратушы мені қабыл алады”,— деп жырлаған (Забур 26:10). Ехобаның сүйіспеншілігі кез келген ата-ананың сүйіспеншілігінен асып түсетінін білу неткен зор жұбаныш! Ата-ананың баласынан бас тартып, жәбір көрсетіп не тастап кеткені қаншама ауыр болса да, бұл Ехобаның сені қаншалықты жақсы көретініне еш әсер етпейді (Римдіктерге 8:38, 39). Құдай сүйетін адамдарын ғана өзіне жақындатып тартатынын ұмытпа (Жохан 3:16; 6:44). Адамдар саған қалай қарамасын, көктегі Әкең сені сүйеді!
Көңіл қамықпау үшін не істеуге болады?
16, 17. Адам көңілі қамыққанда, рухани күш алу үшін не істей алады?
16 Қамығумен күресу үшін белгілі бір қадамдарды жасауыңа болады. Мысалы, рухани істерге қатысты жақсы кестені ұстан. Құдай Сөзінің үстінен ой жүгірт, әсіресе ұнжырғаңның түсуі меңдеп бара жатқандай көрінген кезде. Забур жыршысы: — Мен: “аяғым дірілдеп тұр”,— деген кезде, Сенің мейірің, Жаратқан Ие, мені қолдаған еді. Жүрегімдегі қасіреттерім көбейген кезде, Сенің жұбатуларың жанымды жадыратады,— деп жырлаған (Забур 93:18, 19). Киелі кітапты үнемі оқу ой-санаңды жұбаныш сөздер мен жігерлендіретін ойларға толтыруға көмектеседі.
17 Дұға ету де өте маңызды. Тіпті ішкі терең сезімдеріңді сөзбен толық айтып жеткізе алмасаң да, не айтпақшы болып жатқаныңды Ехоба біледі (Римдіктерге 8:26, 27). Забур жыршысы бұған былай деп сендіреді: “Өзіңнің шаруаңды Жаратушыға тапсыр, және де Ол сені қолдайды. Тақуа [адамның] шайқатылуына Ол ешқашан жол бермейді” (Забур 54:23).
18. Көңілі қамыққан жандар не істеулеріне болады?
18 Кейбіреулер депрессияға шалдыққандықтан жабырқау күйде боладыb. Сенің жағдайыңда да осылай болса, онда назарыңды Құдайдың жаңа дүниесіне және ‘бірде-бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайтын’ кезге шамалы болса да аударып көр (Ишая 33:24). Алайда көңілің анда-санда емес, жиі жабырқайтын болса, онда мамандардан көмек іздеген жөн болар (Матай 9:12). Сондай-ақ денсаулықты күткен де маңызды. Дұрыс тамақтану мен жаттығулар жасау пайдалы. Жеткілікті тынығатыныңа көз жеткіз. Теледидардың алдында түннің бір уағына дейін отырма және тәнге зақым келтіретін, сондай-ақ сезімді жаралайтын көңіл көтерудің түрінен аулақ бол. Ең бастысы, Құдайға ұнамды істерге әрі қарай да атсалыса бер! Қазір Ехобаның ‘барлық көздің жастарын сүртіп тастайтын’ уақыты болмағанымен, ол саған төтеп беруге көмектеседі (Аян 21:4; Қорынттықтарға 1-хат 10:13).
‘Құдайдың құдіретті қолының астында’ өмір сүру
19. Қайғырғандарға Ехоба нені уәде етеді?
19 Киелі кітап әділ жанның қайғысы көп болса да, ‘солардың баршасынан оны Жаратушы құтқаратынына’ сендіреді (Забур 33:20). Құдай мұны қалай істейді? Елші Пауыл ‘шаншылып түйрелу азабынан’ құтқаруды сұрап қайта-қайта дұға еткенде, Ехоба оған: “Күшсіз жағдайыңда Менің құдіретім толықтай іске аса алады”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 12:7—9). Ехоба Пауылға нені уәде етті және саған да нені уәде етеді? Ол дәл қазіргі уақытта айығуды емес, төтеп беруге күш беруді уәде етеді.
20. Басымызға түскен сынақтарға қарамастан, Петірдің 1-хаты 5:6, 7 тармақтардағы сөздер бізді не нәрсеге сендіреді?
20 Елші Петір: “Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар; Өзі белгілеген уақыты жеткенде сендерді жоғарылатпақ. Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!”— деп жазған (Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Ехоба қамыңды ойлайды, сондықтан сені тастамайды. Басыңа қандай сынақ түссе де, ол сені қолдап-қуаттайды. Адал мәсіхшілердің ‘Құдайдың құдіретті қолының астында’ екенін естен шығарма. Ехобаға қызмет ете беретін болсақ, ол төтеп беруге күш береді. Егер оған адал болсақ, еш нәрсе де орны толмастай рухани зақым келтіре алмайды. Ендеше, Құдайдың уәде еткен жаңа дүниесінде мәңгі бақи өмір сүру үшін, сондай-ақ қайғырғандардың бәрін біржолата құтқаратын күнді көру үшін оған деген мінсіздігімізді сақтай берелік!
[Сілтемелер]
a Есімі өзгертілген.
b Депрессия — жай ұнжырғаның түсуі емес, адамның қатты әрі ұзақ уақыт торығып, жабырқау күй кешуі. Қосымша мәліметті 1988 жылғы 15 қазандағы “Күзет мұнарасынан” (18—22 бет, ор.) және 1996 жылғы 1 қыркүйектегі “Күзет мұнарасынан” (30, 31-бет, ор.) қарауға болады.
Естеріңде ме?
• Неге Ехобаның қызметшілері де қасірет шегеді?
• Құдай қызметшілерінің қамығуына қандай жайттар себеп болуы мүмкін?
• Уайымымызбен күресуге Ехоба қалай көмектеседі?
• Қалайша біздер ‘Құдайдың құдіретті қолының астындамыз’?
[17-беттегі суреттер]
Сынақтарға қарамастан, Ехобаның халқына қуанышты болуға себеп бар