‘Тілдеріңе ие болып’, сүйіспеншілік пен құрмет көрсетіңдер
“Әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:33).
1, 2. Некедегілердің бәрі өздеріне қандай маңызды сұрақты қоюлары керек және неліктен?
СЕН сырты оралған әрі “Ұқыптылықпен ұстаңыз” деген жазуы бар сыйлық алдың делік. Оған қалай қарар едің? Оны бүлдіріп алмау үшін абай боларың даусыз. Ал сый болып табылатын неке жайлы не деуге болады?
2 Исраилдік жесір әйел Нағима екі жас әйел Орпа мен Рутқа: “Лайым сендерге... Жаратқан Ие рақымын түсіріп, жақсы күйеу мен жайлы баспана сыйлай көрсін!”— деген болатын (Рут 1:3—9). Жақсы әйел турасында Киелі кітапта: “Үй мен мал-мүлік — мұраң әке-шешеден, Ақылды әйелің — сыйың Жаратқан Иеден”,— делінген (Нақыл сөздер 19:14). Егер некеде тұрған болсаң, жұбайыңды Құдайдың сыйы деп қарастыруың керек. Құдайдың беріп отырған сыйына сен қалай қарап жүрсің?
3. Күйеулер мен әйелдер Пауылдың қандай кеңесіне құлақ асулары керек?
3 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге жазғанда, елші Пауыл: “Әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті”,— деген (Ефестіктерге 5:33). Қазір күйеулер мен әйелдер бір-бірімен сөйлескенде, осы кеңеске қалай құлақ асуына болатынын қарастырып көрелік.
‘Бағынуға көнбейтін жаман нәрседен’ сақ болыңдар
4. Қалайша тілдің жақсы да, жаман да әсері бар?
4 Киелі кітап жазушысы Жақып тілдің “бағынуға көнбейтін жаман нәрсе, кісі өлтіретін уға толы” екенін айтқан (Жақып 3:8). Ол мынадай маңызды шындықты білген: бағынбайтын тілдің жойқын күші бар. Жақып Киелі кітаптың нақыл сөзінен ойланбай айтылған сөздің ‘семсердей шағатынын’ білген. Осы нақыл сөзде ‘дананың тілімен жан жарасын сауықтыратыны’ да айтылған (Нақыл сөздер 12:18). Шынымен де, сөздің әсері күшті. Ол не жанға кірген тікен, не таптырмайтын ем бола алады. Сенің сөздерің жұбайыңа қалай әсер етеді? Егер мұны өзінен сұрап көрсең, қалай жауап берер еді?
5, 6. Кейбіреулерге тіліне ие болу неге қиын болуы мүмкін?
5 Егер некеде жанға бататын сөздерді қолдану әдетке айналып кеткен болса, онда мұны жөнге келтіре аласыңдар. Тек ол үшін күш салу қажет. Неліктен? Мұның бір себебі — бізге кемелсіздікпен күресуге тура келеді. Қанымызға сіңген күнә бір-біріміз жайлы не ойлайтынымызға, қалай сөйлесетінімізге кері әсер етеді. “Ал кім сөзінде қате жібермесе, сол денесін тұтастай меңгере алатын жетілген адам”,— деп жазды Жақып (Жақып 3:2).
6 Адамның кемелсіздігінен басқа, тілді дұрыс пайдаланбауға өскен ортаның да әсері болады. Кейбіреулер ата-анасы “ымыраға келмейтін... ұстамсыз, қатыгез” отбасында өскен (Тімотеге 2-хат 3:1—3). Жиі мұндай ортада өскен балалар да есейгенде, осыған ұқсас мінез көрсетеді. Әрине, кемелсіздік те, нашар тәрбие де — ауыр тиетін сөзге жол беруге сылтау емес. Дегенмен де бұларды білгеніміз неліктен кейбіреулерге тіліне ие болу қиын екенін түсінуге көмектеседі.
‘Қаралаудан аулақ жүріңдер’
7. Петірдің мәсіхшілерге “Қаралаудың қай түрінен де аулақ жүріңдер!” деген ескертуі нені білдіреді?
7 Қандай себеппен болмасын, некеде жанға ауыр тиетін сөздер айту ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластығы жоқ екенін көрсетуі мүмкін. Петір мәсіхшілерге: “Қаралаудың қай түрінен де аулақ жүріңдер!”— деп бекер айтпаған (Петірдің 1-хаты 2:1, сілтемені қараңдар). “Қаралау” деп аударылған грек сөзі “қорлау сөздер” дегенді білдіреді. Ол “адамды сөзбен атып салу” деген ойды береді. Бұл бағынуға көнбейтін тілдің әсерін қалай дәл сипаттайды десеңші!
8, 9. Қорлау сөздерді қолданудың салдары қандай болуы мүмкін және неге ерлі-зайыптылар одан қашулары керек?
8 Қорлау сөздер соншалық көңіл қоюға тұратын нәрсе еместей көрінер, бірақ ерлі-зайыптылар осындай сөздерді қолданып сөйлейтін болса, мұның неге әкеп соғатынын көрейік. Жұбайына ақымақ, жалқау не өзімшіл деп айту оның бар болмысын бір-ақ сөзбен (сөз болғанда да, адамның қадірін түсіретін сөзбен!) сипаттауды білдіреді. Ал бұл — барып тұрған қатыгездік. Қосағының кемшіліктерін бетіне басып, асыра сілтеп сөйлеу жайлы не деуге болады? “Сен үнемі кешігіп жүресің” немесе “Сен мені ешқашан тыңдамайсың” деген сөздер шынымен де асыра сілтеушілік емес пе? Бұндай сөздер адамды өзін қорғап сөйлеуге итермелейді. Ал бұл, өз кезегінде, қызу дау тудыруы мүмкін (Жақып 3:5).
9 Қорлайтын сөздерді қосып сөйлеу некедегі қарым-қатынасты қиындатып, ал бұл өкінішті жағдайларға соқтыруы мүмкін. Нақыл сөздер 25:24-те: “Ұрысқақ әйелмен бір үйде тұрғанша Үй төбесіндегі күркеде тұрған артық оңаша”,— делінген. Әрине, ұрысқақ күйеу жайлы да осылай деуге болады. Ерлі-зайыптылардың бірі шағып сөйлейтін болса, әйелі не күйеуі өзін керексіз, тіпті жақсы көруге лайықсыз сезініп, ақырында қарым-қатынастары бұзылуы мүмкін. Олай болса, тілге ие бола білудің маңызды екені анық. Бірақ мұны қалай істеуге болады?
‘Тілге ие болу’
10. Тілге ие болу неге маңызды?
10 Жақып 3:8-де: “Адамдардың ешқайсысы да өз тілін бағындыра алмайды”,— делінген. Әйтсе де, атына ауыздық салып ырқына бағындыратын салт атты сияқты, біз де тілімізге ие болу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз қажет. “Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз” (Жақып 1:26; 3:2, 3). Осы сөздер тілге ие болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді: бұл сенің жұбайыңмен қарым-қатынасыңа ғана емес, Ехоба Құдаймен жеке қарым-қатынасыңа да әсер етеді (Петірдің 1-хаты 3:7).
11. Түсініспеушіліктің қызу жанжалға ұласып кетуіне қалай жол бермеуге болады?
11 Жұбайыңа қалай сөйлейтініңе мән бергенің жөн. Егер қиын жағдай туса, оны жеңілдетуге тырыс. Жаратылыс 27:46—28:4 дейінгі тармақтарда жазылған Ысқақ пен Рабиғаның өмірінде болған жағдайды қарашы. “Рабиға Ысқаққа: — Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр. Егер Жақып та мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар? — деді”. Рабиғаның айтқанына Ысқақтың дөрекілікпен жауап қатқаны еш жерден көрінбейді. Қайта, ол баласы Жақыпты Рабиғаны уайымға салмайтын, Құдайды қастерлейтін әйел табу үшін алысқа жібереді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың арасында қандай да бір түсініспеушілік туды делік. “Сен” деп нұқып сөйлеудің орнына, еппен “мен” деуге көшу болмашы түсініспеушіліктің қызу жанжалға айналып кетуіне жол бермейді. Мысалы, “Сен ешқашан маған уақыт бөлмейсің!” деудің орнына, неге “Екеуміз бірге көбірек уақыт өткізсек деп едім” демеске? Бар көңілің адамда емес, проблеманы шешуде болсын. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анықтап шыға келуден аулақ бол. Римдіктерге 14:19-да: “Өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтылайық!”— делінген.
‘Кекшілдік, ашу-ызадан’ аулақ болыңдар
12. Тілімізге ие болу үшін не деп дұға етуіміз керек және неге?
12 Тілімізге ие бола білу не айтатынымызға абай болуды ғана білдірмейді. Сайып келгенде, сөзіміз аузымыздың емес, жүрегіміздің жемісі ғой. Иса: “Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады. Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”,— деген (Лұқа 6:45). Сондықтан да тілге ие болу үшін бізге Дәуіт сияқты: “Уа, Құдайым, жүрегімді тазартып, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр”,— деп дұға ету керек болатын шығар (Забур 50:12).
13. Қалайша кекшілдік пен ашу-ыза қорлау сөздер айтуға әкелуі мүмкін?
13 Пауыл ефестіктерді ауыр сөздерден ғана емес, оның артында тұрған сезімдерден де арылуға шақырды. Ол: “Әр қилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!”— деп жазды (Ефестіктерге 4:31). Байқасаңдар, Пауыл “айқай-шу, қорлау” жайлы айтпас бұрын “кекшілдік, ашу-ыза” туралы айтып отыр. Ауыздан ауыр сөздердің шығуына түрткі болатын нәрсе — іште қайнаған ашу. Сондықтан өзіңнен: “Жүрегімде кекшілдік пен ыза бар ма? Мен “күйгелек” емеспін бе, осы?”— деп сұрап көр (Нақыл сөздер 29:22). Егер солай болса, онда ашуға бой алдырып қоймауың үшін Құдайдан осындай бейімділіктерді жеңуге және ұстамды болуға көмектесуін сұрап дұға ет. Забур 4:5-те: “Ашуланғанда күнә жасамаңдар, төсекте ойланып-толғаныңдар, жүрек түкпірін тексеріп, тынығыңдар!”— делінген. Егер теріңе сыймай шытынап, өз-өзіңді ұстай алмай қалам деп қорықсаң, Нақыл сөздер 17:14-гі: “Жанжал қызбай тұрып, дауды бас”,— деген кеңеске құлақ ас. Жағдай орныққанша, бір сәтке кетіп қал.
14. Наза болу некеге қалай әсер етуі мүмкін?
14 Ашу-ыза әсіресе Пауыл атап кеткен ‘кекшілдіктен’ туатын болса, одан арылу оңай емес. Пауылдың қолданған грек сөзі “ымыраға келгісі келмейтін назалы рух” және “қателіктерді жіпке тізетін ыза” деп сипатталады. Кейде күйеуі мен әйелі қырғи қабақ болып, бұл ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін. Егер мәселенің басын ашып шешіп алмаса, түбі жеккөрушілікке әкеп соғуы ықтимал. Жасалған қателік үшін наза болудың еш пайдасы жоқ. Болары болып, бояуы сіңген. Кешірген нәрсені ұмытқан жөн. Сүйіспеншілік ‘кек сақтамайды’ (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5).
15. Дөрекі сөз қолдану әдет боп кеткендерге одан арылуға не көмектеседі?
15 Ал егер өскен отбасыңда дөрекі сөздер айту кәдімгі нәрсе болып, бұл саған да әдет боп кетсе ше? Онда бұл жағынан да өзгере аласың. Өйткені өміріңнің біраз саласында шектеулер қойдың. Енді қандай да бір нәрсені істеуден аяғыңды тартарың сөзсіз. Ал сөйлеуге келгенде, қай кезде өзіңе шектеу қояр едің? Аузыңнан қорлау сөздер шықпай тұрғанда тоқтайсың ба? Ефестіктерге 4:29-дағы: ‘Ауыздарыңнан жаман сөз шықпасын’,— деген сөздерге құлақ асқың келер. Бұл үшін “ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап, жаңа ізгі болмысқа ие бол. Оны жаратып берген Иеміз Өзін жақынырақ тануларың үшін сендердің рухани жағынан Өзіне ұқсауларыңа ұмтылуда” (Қолостықтарға 3:9, 10).
Ашық сөйлесу маңызды
16. Сөйлеспей қою неге ерлі-зайыптылар үшін зиян?
16 Ерлі-зайыптылардың бір-бірімен сөйлеспей қоюының еш пайдасы жоқ, бұл тіпті зиянды. Олар барлық уақытта бір-бірін жазалау үшін ғана емес, ренжігендіктен не еңсесі түскендіктен де сөйлеспей қоюы мүмкін. Алайда бір-бірімен сөйлеспей қою проблеманы шешпек түгіл, жағдайды тек ушықтырып жібереді. Бір әйел айтқандай, “бір күні қайта сөйлесе бастаймыз, ал проблемамыз шешілмеген күйі қала береді”.
17. Некеде қарым-қатынастары қиындап кеткен мәсіхшілердің не істеуіне болады?
17 Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасындағы қиындық ұзаққа созылып кетсе, оны шеше салу оңай болмайды. Нақыл сөздер 15:22-де: “Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар, Көптің ақылымен ол жүзеге асар”,— делінген. Ендеше, жұбайыңның қасына отырып, болған мәселе жайында сөйлесуің керек. Оны тыңдағанда, әділ көзқарас сақта. Егер бұлай ету қиын боп көрінсе, неге мәсіхшілер қауымындағы ақсақалдардың көмегіне жүгінбеске? Олар Жазбаларды жақсы біледі, әрі ондағы принциптерді қолдану жағынан тәжірибелері бар. Мұндай ақсақалдар “жел өтінен қорғаныш, жауын-шашыннан жамылғы” (Ишая 32:2).
Күресте жеңіп шыға аласыңдар
18. Римдіктерге 7:18—23 дейінгі тармақтарда қандай күрес жайлы айтылған?
18 Тілімізге ие болу — күрес. Іс-әрекетімізді қадағалау жайлы да осылай деуге болады. Осындай күрестің қиындығы жайлы айтып, Пауыл: “Менің бойымда, яғни ескі күнәкар болмысымда жақсылық жоқ екенін білемін, сондықтан да жақсылық жасағым келсе де, оны жүзеге асыратын күшім жоқ. Осылай мен қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты жасаймын. Ал енді, өзім қаламайтын жамандықты жасағанымда бұны істеген мен емес, бойымдағы күнәкар құмарлық”,— деген. ‘Бойымызда күнәкар құмарлық’ болғандықтан, тіліміз бен дененің басқа да мүшелерін бұрыс қолдануға бейімбіз (Римдіктерге 7:18—23). Әйтсе де біз күресуіміз керек және Ехобаның көмегімен жеңе аламыз да.
19, 20. Исаның үлгісі күйеулер мен әйелдерге тілдеріне ие болуға қалай көмектеседі?
19 Сүйіспеншілік пен сыйластық бар қарым-қатынаста ойланбай айтылған немесе дөрекі сөздерге орын жоқ. Бұл жағынан Иса Мәсіхтің қалдырған үлгісі жайлы ойланып көрші. Иса шәкірттеріне ешқашан қорлау сөздер айтпаған. Тіпті өмірінің соңғы түнінде, елшілері қайсысының жолы үлкен екендігі жайлы айтысып кеткенде де, Құдай Ұлы оларға ұрысқан жоқ (Лұқа 22:24—27). “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!”— деп шақырады Киелі кітап (Ефестіктерге 5:25).
20 Ал әйелге қатысты не дейді? Ол “күйеуін құрметтеуге міндетті” (Ефестіктерге 5:33). Күйеуін құрметтейтін әйел қорлау сөздер айтып, оған айқайлар ма еді? Пауыл: “Мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай”,— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Мәсіх өзінің Басына мойынсұнғандай, әйелдер де отағаларына мойынсұнулары керек (Қолостықтарға 3:18). Кемелсіз адамдардың ешқайсысы Исаға кемелді түрде еліктей алмағанымен, күйеулер мен әйелдердің ‘оның ізімен жүруге’ барынша күш салғаны тілдерін бұрыс қолданумен күресуде жеңіп шығуларына көмектеседі (Петірдің 1-хаты 2:21).
Не білдіңдер?
• Бағынуға көнбейтін тіл некеге қандай залал келтіруі мүмкін?
• Неге тілге ие болу қиын?
• Сөзімізді қадағалауға не көмектеседі?
• Некеде қарым-қатынас қиындап кеткенде, не істеуіміз керек?