Ехобаның сөзі тірі
Нақыл сөздер кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕЖЕЛГІ Исраил патшасы Сүлеймен “үш мың өсиетнама [“нақыл сөз”, ЖД] шығарды” (Патшалықтар 3-жазба 4:32). Оның дана сөздерін біздер оқи аламыз ба? Әрине! Киелі кітаптағы шамамен б. з. б. 717 жылы жазылып біткен Нақыл сөздер кітабында Сүлейменнің көп нақыл сөздері жазылған. Тек соңғы екі тарауды басқа жазушылар, яғни Жәке ұлы Ағұр мен Лемуел патша жазған. Бірақ кейбіреулер Лемуел Сүлейменнің басқа аты деп есептейді.
Нақыл сөздер кітабында жинақталған киелі рухтың жетелеуімен жазылған сөздердің екі мақсаты бар: ‘Даналық пен тағылымды білдіру’ (Нақыл сөздер 1:2). Бұл сөздер даналыққа, яғни әр нәрсені айқын көре білу мен қиындықтарды шешуде білімді қолдана білу қабілетіне, ие болуымызға көмектеседі. Сонымен қатар олардан тағылым, немесе құлықтылық жағынан тәрбие, аламыз. Нақыл сөздерге ден қойып, ондағы кеңестерге құлақ ассақ, бұл жүрегімізге әсер етіп, бақытты болуға септігін тигізеді, әрі табысқа жеткізеді (Еврейлерге 4:12).
‘ДАНАЛЫҚҚА КЕНЕЛГІН, ТӘЛІМІМНЕН МЫҚТАП ҰСТАН’
“Даналық көшелерде шақырады”,— дейді Сүлеймен (Нақыл сөздер 1:20). Неге біз оның қатты да анық даусына құлақ салуымыз керек? 2-тарауда даналыққа ие болудың көптеген пайдасы жайлы айтылады. Ал Ехобамен жақын қарым-қатынаста болудың жолы жайлы 3-тарауда талқыланады. Кейін Сүлеймен: “Ең бастысы — даналық, даналыққа кенелгін, Қолыңдағы барыңмен парасатқа ие болғын. Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма, Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта”,— дейді (Нақыл сөздер 4:7, 13).
Осы дүниенің азғын жолынан аулақ болуға бізге не көмектеседі? Нақыл сөздердің 5-тарауы бұған ойлау қабілетін қолдану, дүниенің тартымды да алдамшы жолдарын байқай білу, азғындыққа барудың салдары қаншалықты қайғылы болатынын ескеру көмектесетінін айтады. Келесі тарауда Ехобамен қарым-қатынасымызға қауіп төндіретін істер мен көзқарастар жайлы ескертіледі. Ал 7-тарауда азғын адамның қалай әрекет ететіні сипатталған. 8-тарауда даналықтың құндылығы мен тартымдылығы көркем жеткізілген. Осы тараулардағы ойды аяқтайтын 9-тарау болса бізді даналыққа ұмтылуға талпындыратын қызықты көрнекі мысал ретінде жазылған.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:7; 9:10, ЖД. Қай мағынада Ехобадан қорқу білім мен даналықтың бастауы болып табылады? Ехобаның алдында қорқыныш болмаса, еш білім болмас еді, өйткені ол — барлығын Жаратушы және Киелі жазбаның авторы (Римдіктерге 1:20; Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Ол — барлық шынайы білімнің қайнар көзі. Демек, білім Ехобаның алдындағы қастерлі қорқыныштан басталады. Сонымен қатар Құдайдан қорқу даналықтың да бастауы болып табылады, өйткені білімсіз ешқандай даналық жоқ. Оның үстіне, Ехобадан қорықпайтын адам білімінің қай-қайсысын да Жаратушысын мадақтау үшін қолданбайды.
5:20. Неге жезөкше әйелді ‘өзге әйел’ деген? Нақыл сөздер 2:16, 17-де (ЖД) ‘бөтен әйел’ ‘Құдайының келісімін есінен шығарған’ адам ретінде сипатталады. Жалған тәңірлерге табынатын немесе Мұса заңына бөтенсіп қарайтын әркім, соның ішінде жезөкше де, өзге адам деп аталған (Еремия 2:25; 3:13).
7:1, 2. ‘Сөздерім’ мен ‘өсиетім’ дегенге не жатады? Киелі кітаптың ілімдерінен басқа бұған ата-ананың отбасы мүшелерінің игілігі үшін орнатқан ережелері, немесе тәртібі, жатады. Жастар ата-аналарынан алып отырған осы ережелер мен Киелі кітаптағы ілімдерді ұстанулары қажет.
8:30, ЖД. ‘Шебер жұмысшы’ деп отырған кім? Даналық өзін шебер жұмысшы ретінде бейнелейді. Бұл балау тура мағынада даналықты сипаттау үшін ғана емес, бейнелі мағынада Құдайдың жалғыз Ұлы Иса Мәсіхтің адам болғанға дейінгі өмірін көрсету үшін қолданылған. Жерге адам боп туылғанға дейін ұзақ уақыт бұрын, ол “[Құдай салған] жолдың бастауы” болған (Нақыл сөздер 8:22, Тт). Ол ‘шебер жұмысшы’ ретінде барлық нәрсені жаратуда Әкесімен бірге белсене еңбек еткен (Қолостықтарға 1:15—17).
9:17. “Ұрлап ішкен су” деген не және неге ол “тәтті”? Киелі кітапта некедегі жыныстық қатынас құдықтағы бой сергітерлік суды ішумен салыстырылатындықтан, ұрланған су жасырын түрдегі заңсыз жыныстық қатынасты білдіреді (Нақыл сөздер 5:15—17). Мұның ашылмай жасырын күйінде қалуы суды тәтті етіп көрсетеді.
Біз үшін сабақ:
1:10—14. Күнәкарлардың байлыққа кенелеміз деген уәделеріне алданып, жаман жолдарына түсіп кетуден сақтануымыз керек.
3:3. Біз сүйіспеншілікке толы мейірімділік пен шындықты аса жоғары бағалап, оларды мойындағы асыл алқадай ашық көрсетуіміз қажет. Сондай-ақ бұл қасиеттерді жүрегімізге жазып қойып, болмысымыздың ажырамас бөлігі етуіміз керек.
4:18. Рухани білім біртіндеп өседі. Жарықта жүре беру үшін, кішіпейілділік пен момындық танытуды доғармауымыз керек.
5:8. Біз азғындыққа итермелейтін нәрселердің бәрінен, мейлі музыка, көңіл көтеру, Интернет, кітап не журналдар арқылы болсын, бойымызды аулақ ұстауымыз қажет.
5:21. Ехобаны сүйетін адам онымен қарым-қатынасын бір сәттік ләззатқа ауыстырар ма еді? Әрине, жоқ! Құлықтылық тазалығын сақтауға талпындыратын ең күшті нәрсе — Ехобаның әрбір ісімізді көріп тұрғандығын және бізді жауапқа тартатынын түсіну.
6:1—5. Бұл тармақтардан біреулер үшін ‘кепілдік беруден’, немесе қаржы мәселесінде даналыққа жатпайтын міндеттеме алудан, сақ болуға қатысты қандай керемет кеңес табамыз десеңші! Егер мұқият қарастырғаннан кейін жасаған әрекетімізді даналыққа жатпайды деп есептесек, тез барып ‘сол адамға жалынып аяғына жығылуымыз’ керек және жағдайды түзету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.
6:16—19. Осы негізгі жеті нәрсе жамандық атаулының барлығын дерлік қамтиды. Біз оларға жеркенішпен қарауды үйренуіміз керек.
6:20—24. Киелі кітап бойынша тәрбиелеу адамды азғындықтың тұзағына түсіп қалудан сақтайды. Ата-аналар мұндай тәрбиеге атүсті қарамаулары керек.
7:4. Даналық пен парасаттылыққа іш тартып тұруымыз қажет.
НАҚЫЛ СӨЗДЕР БІЗГЕ БАСШЫЛЫҚ БЕРЕДІ
Сүлейменнің қалған нақыл сөздері — қысқа да нұсқа айтылған мақал сөздер. Көбінесе қарама-қайшылық пен ұқсастықтар және салыстырулар келтіріліп айтылған бұл сөздерде жүріс-тұрысқа, сөйлеу мен көзқарасқа қатысты күшті сабақтар бар.
10—24 дейінгі тараулар Құдай алдындағы қастерлі қорқыныштың құндылығына баса назар аударады. 25—29 дейінгі тарауларды “Яһуда елінің патшасы Езекияның қызметкерлері” жинақтаған (Нақыл сөздер 25:1). Бұл нақыл сөздер Ехобаға арқа сүйеуді үйретеді, сондай-ақ олардан басқа да құнды сабақтар алуға болады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
10:6. Қалайша “зұлымның аузы зорлық жасырар”? Бұл зұлымдардың тәтті тілімен басқаларға деген қастық ниетін жасыруын білдіруі мүмкін. Я болмаса зұлымдар әдетте адамдарға қастандық жасайтындықтан, олар да зұлымдықпен қайтарғанда, үндері өшетінін білдіруі мүмкін.
10:10. Қалайша “көзін қысып белгі берген ыза келтірер [“көңілге мұң ұялатады”, Тт]”? “Қара ниетті” адам ‘жалған сөйлеп’ қана қоймай, өз ниетін ‘көзін қысу’ іспетті ым-ишаратпен де жасыруға тырысып бағуы мүмкін (Нақыл сөздер 6:12, 13). Бұлай алдап соғу оның көздеген адамын қатты абыржытуы мүмкін.
10:29. “Тәңір жолы” деген не? Бұл біздің ұстануымыз керек өмір жолын емес, Ехобаның адамзатқа қатысты әрекет ету жолын көрсетеді. Бұл мінсіздерге қорған болып, зұлымдардың көзін құртады.
11:31. Неге арамза тиістісін әділ жаннан да көбірек алмақ? Бұл жерде “тиістісін” деген сөз екеуінің де қаншалықты жазаланатынын білдіреді. Әділ жан қателік жіберсе, сол қателіктері үшін алатын тиісті нәрсесі — жөнге салу. Ал зұлым адам күнәні әдейі жасайды және жақсылық жасаудан бас тартады. Сондықтан ол қатал жазаға лайық, әрі солай жазаланады да.
12:23. Қалай адам ‘білімін жасырады’? Білімді жасыру деген адам білімін мүлдем көрсетпейді дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл білімді жұртқа мақтанып емес, парасаттылықпен көрсетуді білдіреді.
18:19. Қалайша “ренжіген ағайын — бекітілген қаладай” болады? Қоршауға алынған берік қаладай, ренжіген адам иіле салудан үзілді-кесілді бас тартуы мүмкін. Өзін ренжіткен адаммен араларындағы араздық ‘бекітілген қақпадай’ кедергі болуы мүмкін.
Біз үшін сабақ:
10:11—14. Сөздеріміз өзгелерді нығайтатындай болу үшін, санамыз тура білімге толы болып, сондай-ақ жүрегімізді сүйіспеншілік талпындырып, ал даналық аузымыздан не шығатынын қадағалауы керек.
10:19; 12:18; 13:3; 15:28; 17:28. Сөзіміз аз да саз болсын.
11:1; 16:11; 20:10, 23. Ехоба іскерлік мәселелерде адал болғанымызды қалайды.
11:4. Дүние-мүліктің соңына түсем деп, Киелі кітапты жеке зерттеуді, қауым кездесулеріне баруды, дұға мен уағыздауды ысырып қою ақымақтық болар еді.
13:4. Қауымда қандай да бір жауапкершілікті немесе жаңа дүниедегі өмірді ‘аңсаудың’ құр өзі жеткіліксіз. Бізге еңбекқор болу керек, сондай-ақ талаптарға сай келу үшін бар ынта-ықыласымызбен күш салуымыз қажет.
13:24; 29:15, 21. Сүюші ата-ана баласын еркелетіп жібермейді немесе оның кемшіліктеріне көз жұмбайды. Қайта, әкесі не шешесі бұл кемшіліктер бойына сіңбей тұрғанда, түп-тамырымен құрту үшін баласына түзету шараларын қолданады.
14:10. Ішкі терең сезімдерімізді барлық уақытта нақты айтып жеткізе алмайтындықтан не басқалар үнемі түсіне бермейтіндіктен, өзгелердің жұбатқан сөздері жанымызға әрдайым жұбаныш бола бермес. Кейбір қиындықтарымызға тек Ехобаға ғана арқа сүйей отырып төтеп беруге тура келер.
15:7. Диқаншы барлық тұқымын бір жерге ғана сеппейтіні сияқты, біз де білетініміздің бәрін адамға бірден айтып салмауымыз керек. Дана адам өзгелерге білімін қажетіне қарай біртіндеп себеді.
15:15; 18:14. Дұрыс көзқарас сақтағанымыз тіпті ауыр жағдайларда да қуаныш табуға көмектеседі.
17:24. Көзі мен ақыл-ойын маңызды нәрселерге тоқтатудың орнына сан-саққа ауытқытып жіберетін ‘ақымақ’ сияқты болмай, даналықпен әрекет ете алу үшін түсінік іздеуіміз қажет.
23:6—8. Екіжүзділікпен қонақжайлылық танытудан сақ болуымыз керек.
27:21. Мақтау сөздер шын мәнінде қандай екенімізді көрсетеді: егер олар сол үшін Ехобаға қарыздар екенімізді мойындауға және оған әрі қарай да қызмет ете беруге талпындырса, кішіпейіл екенімізді, ал өзімізді өзгелерден артық санауға түрткі болса, кішіпейілділіктің жоқтығын көрсетеді.
27:23—27. Қойшы өмірінен көрініс келтіре отырып, осы нақыл сөздер ынталы еңбектің арқасында келетін қарапайым өмірді қанағат етудің маңызды екеніне баса назар аударады. Олар Құдайға тәуелді болу қажеттігін терең ұғынуымызға көмектесу керекa.
28:5. Дұға ету және Сөзін зерттеу арқылы ‘Тәңірге бет бұрсақ’, оған дұрыс жолмен қызмет етуге қажеттінің бәрін ‘толықтай ұға’ аламыз.
‘МАҢЫЗДЫ ХАБАРЛАР’
Киелі кітаптағы Нақыл сөздер кітабы екі ‘маңызды хабармен’ аяқталады (Нақыл сөздер 30:1, ЖД; 31:1, ЖД). Ойландырып тастайтын салыстырулар арқылы Ағұрдың айтқан хабары ашкөздіктің тойымсыз екендігі мен қызды азғырушы ер кісінің жолын аңғару қаншалықты қиын екенін көрсетедіb. Сонымен қатар ол атаққұмарлық пен ашушаң сөзден сақтандырады.
Лемуелдің өз шешесінен естіген маңызды хабарында шарап пен мас қылатын ішімдікті пайдалануға және әділ үкім шығаруға қатысты салмақты кеңес айтылған. Жақсы әйелді сипаттаған нақыл сөз мынадай сөздермен аяқталады: “Беріңдер оған еңбегінің зейнетін, Істері үшін ол жұрт алдында дәріптелсін!” (Нақыл сөздер 31:31)
Даналыққа ие болу, жөнге салғанға көну, Құдай алдындағы қорқынышты дамыту, Ехобаға арқа сүйеу. Иә, рухтың жетелеуімен жазылған нақыл сөздерде қандай құнды сабақтар бар десеңші! Ендеше, ондағы кеңестерді қабыл алып, ‘Ехобадан қорқатын адам’ ие болатын бақытқа кенелейік! (Забур 112:1, ЖД [111:1])
[Сілтемелер]
a 1991 жылдың 1 тамыздағы “Күзет мұнарасын” қараңдар (31-бет, ор.).
b 1992 жылдың 1 шілдедегі “Күзет мұнарасын” қараңдар (31-бет, ор.).
[8-беттегі суреттер]
Ехоба — барлық шынайы білімнің көзі
[10-беттегі сурет]
‘Білімді себу’ деген нені білдіреді?