Римдіктерге
12 Ендеше, бауырластар, Құдай жанашырлық танытқандықтан сендерден мынаны өтінемін: денелеріңді тірі, қасиетті және Құдайға ұнамды құрбандық ретінде ұсыныңдар. Бұл ақыл-ойларыңды іске қосып атқарған қасиетті қызметтерің болмақ. 2 Бұдан былай осы дүниенің өмір салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгертіңдер. Сонда Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізе аласыңдар.
3 Құдайдың маған көрсеткен рақымына негізделе отырып, әрбіріңе мынаны айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар. Қайта, есті болып, Құдай әрқайсысыңа үлестірген сенімнің мөлшеріне сай ойлаңдар. 4 Денеміздің мүшелері көп, әрі олар әртүрлі қызмет атқарады. 5 Сол сияқты, біз де көп болғанымызбен, Мәсіхпен бірліктегі бір денені құраймыз және өзара байланыстағы мүшелерміз. 6 Құдайдың рақымымен біз әртүрлі сыйға ие болдық: пайғамбарлық ету сыйын алған болсақ, өзімізге берілген сенімге сай пайғамбарлық етейік; 7 үлесімізге қызмет ету тиген болса, соны атқара берейік; кім тәлімгерлік сыйына ие болса, тәлім бере берсін; 8 кімде ақыл-кеңес беру сыйы болса, сонысын орындай берсін; кімге үлестіру тисе, жомарттықпен үлестірсін; кім жетекшілік етсе, оны бар ынтасымен атқарсын; кім мейірімділік көрсетіп жүрген болса, мұны қуанышпен істесін.
9 Сүйіспеншіліктерің шынайы болсын. Жамандықтан жиреніңдер, ал жақсылықтан ажырамаңдар. 10 Жанашыр болып, бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер. Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер. 11 Еріншек болмай, істеріңді ынта-жігермен атқарыңдар. Рухтың әсерімен жалындай беріңдер. Ехобаға құл іспетті қызмет етіңдер. 12 Үміттеріңе қуаныңдар. Қиыншылықта табанды болыңдар. Ұдайы дұға етіңдер. 13 Мұқтаждық көрген қасиеттілермен өздеріңде бармен бөлісіңдер. Әрдайым қонақжай болыңдар. 14 Өздеріңді қудалағандарға жақсылық тілеңдер. Оларды қарғамай, баталарыңды беріңдер. 15 Қуанғандардың қуанышына, қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар. 16 Өздерің туралы қандай ойда болсаңдар, басқалар жөнінде де солай ойлаңдар. Өздерің жайлы тым жоғары ойда болмай, қайта, кішіпейілділік танытыңдар. Өздеріңді ақылды санамаңдар.
17 Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар. Жұрт алдында дұрыс болып табылатынды істеңдер. 18 Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. 19 Сүйікті бауырластар, өздерің үшін кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар. Өйткені былай деп жазылған ғой: “Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын”,— дейді Ехоба”. 20 Қайта, “жауың ашықса, оны тамақтандыр; шөлдесе, сусын бер. Себебі осылай етуіңмен оның басына қызып тұрған шоқ үйесің”. 21 Жамандықтан жеңілмей, оны әрдайым жақсылықпен жеңіп шық!