Ехобаның күні келгенде кім аман қалады?
“Пеш сияқты лаулаған күн келеді” (МАЛАХИ 4:1).
1. Қазіргі зұлым заманның жойылуын Малахи қалай суреттейді?
ҚҰДАЙДЫҢ рухының жетелеуімен Малахи пайғамбар жақында болатын таңқаларлық оқиғаларды суреттеген. Бұл оқиғалар жер бетіндегі әрбір адамға әсер етеді. Малахи 4:1-де былай делінген: “Міне, пеш сияқты лаулаған күн келеді; сонда өркөкіректер мен әділетсіздік жасап жатқандардың барлығы сабан сияқты болады да, келер күн оттай қарып өтіп, олардың тамырын да, сабақтарын да қалдырмайды, дейді Тәңір Сабаот”. Қазіргі зұлым заман қалай жойылады? Ол қайта өсіп-өнбейтін түп-тамырымен жойылған ағашқа ұқсайтын болады.
2. Киелі кітаптағы кейбір тармақтарда Ехобаның күні қалай суреттеледі?
2 Бәлкім, әлдебіреу Малахидың қандай “күн” туралы пайғамбарлық еткенін сұрар. Әңгіме етіліп жатқан күн мен Ишая 13:9-да айтылған күн бір оқиғаға қатысты (ЖД): “Міне, жер бетін қайран қалдыратын орынға айналдыру үшін және оның күнәкарларын жою үшін, ашулы, қаһары жалындаған Ехобаның сұрапыл күні келеді”. Софония 1:15-те ол былай суреттелген (СА): “Бұл күн — қаһар күні, қиыншылық пен азап күні, қирау және талқандалу күні, қараңғылық пен қара түнек күні, бұлт басқан қараңғылық күні”.
“Ауыр азап”
3. “Ехобаның күні” деген не?
3 Малахидың ‘Ехобаның күніне’ қатысты пайғамбарлығы “ауыр азап” кезеңінде үлкен көлемде орындалады. Иса былай деген: “Сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын ауыр азап бастарыңа түседі” (Матай 24:21, сілтемені қара). Адамзаттың әсіресе 1914 жылдан бастап қандай ауыр азапты басынан өткізгенін ойлап көріңдерші (Матай 24:7—12). Екінші дүниежүзілік соғыстың өзі 50 миллионнан астам адамның өмірін үзді! Сөйтсе де осындай қайғы-қасіреттердің өзі ‘ауыр азаппен’ салыстырғанда түкке тұрмайды. “Ауыр азап”, яғни Ехобаның күні, осы зұлым заманға берілген күндер аяқталатын Һар-Магедонмен бітеді (2 Тімотеге 3:1—5, 13; Аян 7:14; 16:14, 16).
4. Ехобаның күні қашан және қалай бітеді?
4 Ехобаның күнінің соңында Шайтан мен оны қолдайтындардың барлығы жойылады. Ең алдымен бүкіл жалған дін құриды. Содан соң Ехобаның үкіміне Шайтанның саяси және экономикалық құрылымы ілігеді (Аян 17:12—14; 19:17, 18). Езекиел былай деп пайғамбарлық еткен: “Күмістерін көшеге лақтырып тастайды, алтындары да керексіз болып қалады. Тәңір [“Ехоба”, ЖД] қаһарын төккен күні күміс пен алтындары оларды аман алып қала алмайды” (Езекиел 7:19, СА). Сол күнге қатысты Софония 1:14-те былай делінген (СА): “Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] ұлы күні жақын, әрі өте жылдам келеді”. Киелі кітаптағы Ехобаның күні жөнінде айтылған нәрселерді ескере отырып, Құдайдың әділ талаптарына сай әрекет ету үшін белімізді бекем буайық.
5. Ехобаның есімін қастерлейтіндер не сезінеді?
5 Ехобаның күні келгенде Шайтанның дүниесімен не болатыны пайғамбарлық етілгеннен кейін, Малахи 4:2-де Ехобаның өз сөзі жазылған: “Менің есімімді қастерлейтіндер, сендер үшін әділдік Күні шығып, Оның нұрынан сауығатын боласыңдар, сонда күйлі торпақтай ойнақшып шыға келесіңдер”. “Әділдік Күні” дегеніміз — Иса Мәсіх. Ол — дүние үшін рухани нұр (Жохан 8:12). Иса ең алдымен, өзіміз қазір сезініп жүргендей, рухани денсаулығымызды сауықтыру үшін нұрын шашып шығады, ал жаңа дүниеде тәнімізді де толықтай сауықтырады. Сауыққандар Ехобаның өзі айтқандай, қорадан шығарылғанына қуанып, шаттанатын ‘күйлі торпақтай ойнақшып шыға келеді’.
6. Ехобаның қызметшілері қандай жеңісті тойлайтын болады?
6 Ехобаның талаптарына немкетті қарайтын адамдарға не болады? Малахи 4:3-тен біз мынаны оқимыз: “[Құдайдың қызметшілері, сендер] әділетсіздерді аяқтарыңмен таптайтын боласыңдар, өйткені Мен әрекет еткен күні олар аяқтарыңның астындағы топыраққа айналады, дейді Тәңір Сабаот”. Құдайдың жердегі қызметшілері Шайтанның дүниесін жоюға қатыспайды. Бірақ олар Ехобаның күнінен кейінгі ұлы жеңісті тойлауларымен, бейнелі түрде ‘әділетсіздерді аяқтарымен таптайды’. Мысалы, перғауын мен оның әскері Қызыл теңізде жойылғаннан кейін, Құдай халқы осындай жеңісті тойлаған (Мысырдан шығу 15:1—21). Шайтан мен оның дүниесі ауыр азап кезінде жойылғанда, бұл жеңіс те тойланады. Ехобаның күнінен аман қалған әділетті адамдар былай деп дауыстайды: “Ол бізді құтқарғаны үшін қуанып, шаттаналық!” (Ишая 25:9, СА). Ехобаның билігі ақталып, жер беті адамдар бейбіт өмір кешу үшін тазартылғанда қандай қуанышқа бөленеміз десеңші!
Христиан әлемі ертедегі Исраил халқының жолымен келеді
7, 8. Малахидың заманындағы исраилдіктердің рухани күйін суреттеп беріңдерші.
7 Ехобаға тек өзіне қызмет ететіндер ғана ұнамды. Малахи өзінің кітабын жазып жатқан уақытта да солай болған. Жетпіс жыл бойы Бабыл тұтқындығында болғаннан кейін исраилдіктердің тамтығы б. з. б. 537 жылы еліне қайта оралған еді. Бірақ олар бұдан кейін де жүз жылдан астам уақыт аралығында қайта-қайта жолдан тайып, күнәға батып отырған. Исраилдіктердің көбісі Ехобаның есімін қорлайтын, оның әділ заңдарына немкетті қарайтын, құрбандыққа соқыр, ақсақ-тоқсақ, ауру-сырқау мал шалуларымен оның ғибадатханасын арамдайтын, жастық шағында қосылған әйелдерін тастап кететін.
8 Сондықтан Ехоба оларға былай деді: “Мен сендерді соттау үшін келемін де, Менен қорықпайтындарды: сиқыршылар мен неке адалдығын бұзушыларды, ант беріп, бірақ оны орындамай жалдамалы жұмысшының ақысын жейтіндерді, жесірлер мен жетімдерді жәбірлейтіндерді, келімсектерге қысым көрсететіндерді лезде әшкерелеймін, дейді Тәңір Сабаот. Өйткені Мен — Тәңір, Мен өзгермеймін” (Малахи 3:5, 6). Сонымен қатар теріс жолдан қайтқысы келетіндерге Ехоба: “Маған бет бұрыңдар, сонда Мен сендерге бет бұрамын”,— дейді (Малахи 3:7).
9. Малахидың пайғамбарлығы бірінші рет қалай орындалған?
9 Бұл пайғамбарлықтар б. з. І ғасырында да орындалған болатын. Яһудилердің тамтығы Ехобаға қызмет етіп, кейінірек қатарына еврей еместер де кірген, рухпен майланған мәсіхшілерді құрайтын жаңа халықтың мүшесі болды. Бірақ еврей халқынан шыққандардың басым көпшілігі Исаны қабылдамайды. Сондықтан Иса оларға: “Үйлерің қаңырап, бос қалдырылады”,— деген (Матай 23:38; 1 Қорынттықтарға 16:22). Б. з. 70 жылы Малахи 4:1-де алдын ала айтылғандай ертедегі исраилдіктерге ‘пеш сияқты лаулаған күн келді’. Иерусалим ғибадатханасымен қоса жойылды, кейбіреулердің пайымдауынша, миллионнан аса адам аштықтан және билікке таласудың, сондай-ақ рим әскерінің шапқыншылығынан өліпті. Сөйтсе де Ехобаға қызмет еткендер сол азаптан аман қалған (Марқа 13:14—20).
10. Қалайша дін басылары да, жаппай адамдар да бірінші ғасырдағы Исраил халқының жолымен келеді?
10 Бүкіл адамзат, әсіресе христиан әлемі, бірінші ғасырдағы Исраил халқының жолымен келеді. Дін басылары да, христиан әлемінің басқа мүшелері де Иса үйреткен Құдай туралы шындықтан өздерінің жалған ілімдерін артық көреді. Әсіресе дін басыларының кінәсі ауыр. Олар Ехобаның есімін қолданудан бас тартады, тіпті оны Киелі кітаптарынан алып тастап та жүр. Олар эволюция теориясы, тозақ отында мәңгі азапталу, Үшбірлікке сену және мәңгі өлмейтін жан сияқты жалған діннен шыққан ілімдерімен Ехобаны қорлауда. Малахидың заманындағы діни қызметкерлер іспетті, олар да, Ехобаны дәріптемейді.
11. Осы дүниенің діндері шын мәнінде кімге қызмет ететінін қалай көрсетті?
11 1914 жылы соңғы күндер басталғанда, осы дүниенің діндері, әсіресе христианбыз дейтіндер, өздерінің шын мәнінде кімге қызмет етіп жүргендерін көрсетті. Дін басылары шіркеу мүшелерін бір дінді ұстанатынына, сондай-ақ бір сенімдегі бауырластарын өлтіру керек болатындығына қарамастан, ұлтаралық қақтығыстардың салдарынан басталған дүниежүзілік соғыстардың екеуіне де қатысуға шақырған. Құдай Сөзінде Ехобаны тыңдайтындар мен тыңдамайтындарды қалай ажыратуға болатыны анық көрсетілген: “Құдайдың рухани балаларын шайтанның адамдарынан мынадан ажыратуға болады: әділ өмір сүрмейтін, әсіресе бауырласын сүймейтін әркім Құдайдың рухани баласы емес. Сендер бастапқыда естіген хабар мынау: бір-бірімізді сүюіміз керек! Інісін ұрып өлтірген шайтанның адамы Қабылға ұқсамаңдар!” (1 Жохан 3:10—12).
Пайғамбарлық орындалып жатыр
12, 13. Бүгінгі күнгі Құдайдың қызметшілеріне қатысты айтылған қандай пайғамбарлықтар орындалды?
12 1918 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін, Ехобаның қызметшілері христиан әлеміне, сондай-ақ бүкіл жалған дінге Құдайдың үкім шығарғанын түсінді. Сол уақыттан бері адал ниетті адамдар: “Одан шық, халқым Менің, одан шық! Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің. Себебі оның күнәлары көкке жетерліктей көп, енді Құдай оның әділетсіздіктерін ескеріп, соттамақ”,— деп шақырылуда (Аян 18:4, 5). Ехобаға қызмет еткісі келгендер жалған діннің әсерінен арылып, Патшалықтың орнағаны туралы ізгі хабарды дүние жүзі бойынша уағыздап жүр. Мұнысымен олар осы зұлым заманның ақырына дейін орындалып бітуі керек іске қатысуда (Матай 24:14).
13 Бұнымен Малахи 4:5-гі пайғамбарлық орындалды, онда Ехоба былай дейді: “Міне, Тәңірдің ұлы да үрейлі күні келер алдында Мен сендерге Ілияс пайғамбарды жіберемін”. Бұл пайғамбарлық бірінші рет Жақия Шомылдырушының атқарған ісі арқылы орындалған, ал Ілияс Жақия Шомылдырушының бейнесі болған. Заң келісіміне қарсы күнә жасап, онысына өкінген яһудилерді шомылдыру рәсімінен өткізуімен Жақия Ілиястың атқарғанындай істі атқарған. Ал ең бастысы, Жақия Мәсіхке жол дайындаған. Бірақ Жақияның атқарған ісі арқылы Малахидың пайғамбарлығы кішкентай көлемде ғана орындалды. Иса Жақияны екінші Ілияс дегенде, “Ілиястың” ісінің әлі болашақта да атқарылатынына нұсқаған (Матай 17:11, 12).
14. Осы заманның ақыры келгенше қандай маңызды іс атқарылуы тиіс?
14 Малахидың пайғамбарлығы Ілиястың ісі “Тәңірдің ұлы да үрейлі күні” келер алдында болатынын көрсетеді. Бұл күн жылдам жақындап келе жатқан Құдіретті Құдайдың соғысы басталатын ұлы күні Һар-Магедонда аяқталады. Бұл дегеніміз осы зұлым заманның ақырғы күндерінде және Құдайдың көктегі Патшалығының жер бетіндегі Мыңжылдық билігі басталғанға дейін жер бетінде Ілиястың ісі сияқты істің атқарыла беретіндігін білдіреді. Сонымен қатар Малахидың пайғамбарлығына сәйкес, Ехоба осы зұлым заманды жойып жібергенге дейін, бүгінгі таңдағы Ілияс табы жерде өмір сүруге үміті бар миллиондаған мәсіхшілердің қолдауымен шынайы ғибадатты құлшына қалпына келтіруде. Осылайша олар Құдайдың есімін мадақтап, жүрегі ашық адамдарға Киелі кітаптағы шындықты үйретуде.
Ехоба өзінің қызметшілеріне батасын беруде
15. Қалай Ехоба өзінің қызметшілерін жадында сақтайды?
15 Ехоба өзіне қызмет еткендерге батасын береді. Малахи 3:16-да былай делінген: “Құдайдан қорқатындар бір-біріне былай дейді: “Тәңір зейін салады, әрі естиді, Оның алдында Өзінен қорқатын және Оның есімін құрметтейтіндер жайында естелік кітабы жазылуда” (Малахи 3:16). Құдай Әбіл өмір сүрген кезден бері мәңгілік өмір сыйлайтын адамдардың есімдерін кітапқа жазғандай жадында сақтап келеді. Ехоба оларға былай дейді: “Қамбаға қолдарыңда бардың оннан бір бөлігін әкеліңдер, Менің киелі үйімде азық бар болсын, ең болмағанда Мені осылай сынаңдар... Сонда Мен аспан қақпаларын айқара ашып, батамды сендерге көл-көсір етіп төкпеймін бе?!” (Малахи 3:10).
16, 17. Ехоба өзінің қызметшілеріне және олардың ісіне қалай батасын берді?
16 Ехоба өзіне қызмет еткендерге расында да батасын төккен. Қалай? Мысалы, оларға Өзінің еркін түсінуге мүмкіндік берген (Нақыл сөздер 4:18; Даниял 12:10). Сондай-ақ уағыздау ісінің жемісті болуы үшін де батасын төгіп отыр. Шынайы Құдайды дәріптеу үшін оларға көптеген ақ ниетті адамдар қосылды. Бұл адамдар ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шығып.., қатты дауыспен: “Құтқарылу — тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтының билігінде!”’ — деп мақтау айтатын өте үлкен тобырдың мүшелері (Аян 7:9, 10). Осы үлкен тобыр керемет түрде пайда болған, ал қазір Ехобаға белсене қызмет етіп жүргендердің саны алты миллионнан асады. Олар дүние жүзі бойынша 93 мыңнан астам қауымдарға бөлінген.
17 Ехобаның батасын төгіп жатқаны Ехоба Куәгерлерінің Киелі кітапқа негізделген басылымдарының дүние жүзі бойынша ең кең тараған басылым екендігінен де көрінеді. Бүгінгі таңда “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарының ай сайын 90 миллионнан астам данасы басылып шығады, оның үстіне “Күзет мұнарасы” 144, ал “Ояныңдар!” — 87 тілде басылады. 1968 жылы жарық көрген Киелі кітапты зерттеуге арналған “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” деген кітаптың 117 тілде 107 миллион данасы басылған болатын. 1982 жылы 131 тілде басылып шыққан “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” кітабының саны 81 миллионнан астам болған. Ал 1995 жылы жарық көрген “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабының 154 тілде 85 миллионнан астам данасы басылды. 1996 жылы шыққан “Құдай бізден нені талап етеді?” брошюрасының қазірдің өзінде 244 тілде 150 миллионға жуық данасы таратылды.
18. Неге қарсылықтарға қарамастан, біз рухани өркендеп жатырмыз?
18 Шайтанның билігіндегі дүниенің қарсылық көрсетуіне қарамастан, біз рухани өркендеп жатырмыз. Бұл — Ишая 54:17-гі сөздердің рас екендігінің дәлелі: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың. Тәңір Иенің қызметшілері осы игіліктерді иеленетін болады. Оларды Өзім ақтап аламын, деп жариялайды Жаратқан Ие”. Малахи 3:17-дегі сөздердің кең көлемде өздерінде орындалып жатқаны Ехобаның қызметшілерін қатты жігерлендіреді: “Мен жүзеге асырған күні олар Менікі болады, Менің меншігім болады, дейді Тәңір Сабаот”.
Ехобаға қуанышпен қызмет ету
19. Ехобаға қызмет ететіндердің оған қызмет етпейтіндерден қандай айырмашылығы бар?
19 Күн өткен сайын Ехобаның қызметшілері мен Шайтанның дүниесіне жататын адамдардың арасындағы айырмашылық айқындала түсуде. Малахи 3:18-де алдын ала былай делінген: “Сонда әділ мен әділетсіздің, Құдайға қызмет ететін адам мен Оған қызмет етпейтін адамның айырмашылығын қайтадан көресіңдер”. Осындай көптеген айырмашылықтардың бірі — Ехобаға қызмет ететіндер сезініп жүрген зор қуаныш. Ал олардың қуанышты болуының себептерінің бірі — болашаққа деген керемет үміт. Олар Ехоба өзінің келесі сөздерін орындайтынына нық сенеді: “Мен жаңа аспан мен жаңа жер жасаудамын; алдыңғылар енді еске алынбайды да көңілімізге келмейді де. Ал сендер Менің жаратып жатқандарыма мәңгі шаттанып, қуанатын боласыңдар” (Ишая 65:17, 18; Забур 36:10, 11, 29; Аян 21:4, 5).
20. Неге біз жер бетіндегі ең қуанышты адамдармыз?
20 Біз шын берілген адамдардың Ехобаның күні келгенде аман қалып, жаңа дүниеге кіреді деген Оның уәдесіне сенеміз (Софония 2:3; Аян 7:13, 14). Әлдекім кәріліктің, аурудың немесе кездейсоқ жағдайдың салдарынан жаңа дүние орнағанша қайтыс болып кетсе де, Ехоба ондай адамды есіне түсіріп, мәңгі өмір сүру үшін қайта тірілтіп алуды уәде етеді (Жохан 5:28, 29; Титке 1:2). Сонымен, тар жол тайғақ кешіп, қиыншылықтарға кезігіп жүргенімізбен, біз Ехобаның күнінің жақындап келе жатқанын білеміз. Сол себепті өзімізді жер бетіндегі ең қуанышты адам ретінде сезінуімізге берік негіз бар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• “Ехобаның күні” деген не?
• Қалай осы дүниенің діндері ертедегі Исраил халқының жолымен келеді?
• Ехобаның қызметшілеріне қатысты айтылған қандай пайғамбарлықтар орындалуда?
• Ехоба өзінің халқына қалай батасын беруде?
[32-беттегі суреттер]
Керемет үміттері бар болғандықтан, Ехобаның қызметшілері шын мәнінде қуанышты