ОНЫНШЫ ТАРАУ
Үй-ішіндегілердің бірі ауырғанда
1, 2. Аюптың адалдығын бұзуға тырысқан Шайтан оның қайғылы жағдайы мен сырқатын қалай пайдаланды?
АЮПТЫ бақытты отбасы өмірінің рақатын көрген адамдардың қатарында қарастыру керектігі сөзсіз. Киелі кітаптың айтуынша, ол “бүкіл Шығыс ұлдарынан асып түскен әйгілі адам болған”. Аюптың он баласы болған: жеті ұл, үш қыз. Оның сондай-ақ отбасын жақсы қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретін айтарлықтай дәулеті болған. Ал ең бастысы, ол, рухани істерге байланысты басшылықты өз қолына алып, Ехобаның алдында балаларының абыройы жақсы болуының қамын жеген. Осының арқасында оның отбасы берік әрі бақытты болған (Аюп 1:1—5).
2 Аюптың отбасының сәттілігі Ехоба Құдайдың басты жауы Шайтанның назарынан тыс қалған жоқ. Құдайдың қызметшілерінің адалдығын бұзудың айла-әдістерін үнемі іздейтін ол, Аюптың бақытты отбасын ойран қылды. Сонан соң “Аюпты табанынан төбесіне дейін жан төзгісіз алапес ауруына ұшыратты”. Осылайша Шайтан, қайғылы жағдайы мен сырқатын пайдаланып, Аюптың Құдай алдындағы адалдығын бұзамын деп үміттенді (Аюп 2:6, 7).
3. Аюптың дертінің қандай белгілері болды?
3 Киелі кітапта Аюптың дертінің медициналық атауы айтылмайды. Бірақ белгілері туралы айтылған. Оның денесін құрт қаптап кетеді де, терісі қатпарланып, ірің кеулейді. Аузынан жеркенішті иіс мүңкиді, ал денесі болса сасып кетеді. Ол жанын қоюға жер таппайды (Аюп 7:5; 19:17; 30:17, 30). Жаны қиналған ол, күлдің үстіне отырып алып, денесін қыш бұйымдардың сынықтарымен қырады (Аюп 2:8). Қандай қайғылы жағдай!
4. Әрбір отбасына кейде нендей жағдайға кезігуге тура келеді?
4 Осы сияқты жаман кеселге душар болған жағдайда нендей сезімде болған болар едің? Аюптың басында болған жағдайдағы сияқты Шайтан бүгінде Құдайдың қызметшілерін ауруға шалдықтырмайды. Сөйтсе де, адамның кемелсіздігін, күнделікті өмірдің соққыларын, қоршаған ортаның жағдайының нашарлап бара жатқанын ескеріп, біз отбасы мүшелері кейде ауырады деп күтеміз. Сақтану шараларын жасау мүмкін болғанымен, дәл Аюп сияқты азап шекпесек те, біздің бәріміз ауыруға бейімбіз. Үйдегілердің бірі ауруға шалдықса шынымен қиындықтар тууы мүмкін. Сондықтан Киелі кітаптың осындай жағдайда адамзаттың кезбе жауы — аурудың тауқыметін көтеруге қалай көмектесетінін көрейікші (Екклесиаст 9:11; 2 Тімотеге 3:16).
СЕН БҰНЫ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАЙСЫҢ?
5. Ұзаққа созылмайтын ауруды отбасы мүшелері әдетте қалай қабылдайды?
5 Дағдылы өмір қалпының өзгеруі, қандай себептерге байланысты болғанына қарамастан, барлық уақытта қиын, ал егер бұл ұзаққа созылған аурудың кесірінен болса, тіпті қиын. Тіпті шамалы-ақ уақытқа созылған аурудың өзі қандай да бір өзгерісті, мысалы: әлденеде жол беруді және адамның өз дегенінен бас тартуын — қажет етеді. Отбасы мүшелеріне науқастанған адамның тынығуы үшін тыныштық сақтау керек болатын шығар. Мүмкін оларға қандай да бір іспен шұғылданудан бас тарту керек болар. Бауыры немесе ата-аналарының бірі ауырғанда оларға көңіл бөлу керектігін кейде балаларға ескертіп отыру керек болғанымен, көпшілік отбасыларында ауырған адамға тіпті кіп-кішкентай балалардың өздерінің жандары ашиды (Қолостықтарға 3:12). Ұзаққа созылмайтын ауруға келгенде отбасы әдетте бәрін істеуге дайын. Оның үстіне, отбасы мүшелерінің әрбірі ауыра қалған жағдайда өзіне осындай жағдай жасалады деп үміттенеді (Матай 7:12).
6. Отбасы мүшесі ауыр әрі ұзаққа созылатын ауруға шалдыққанда қандай сезімдер пайда болуы мүмкін?
6 Алайда сырқат ауыр болып, түбегейлі өзгерісті қажет етіп, ұзаққа созылса ше? Мысалы, отбасы мүшелерінің бірі сал ауруына ұшыраған, альцгеймер ауруына шалдыққан, немесе қандай да бір кеселден қалжыраған болса ше? Болмаса, отбасы мүшелерінің бірін шизофрения сияқты психикалық ауру жеңсе ше? Алғашында жаның ашиды, яғни жақсы көретін адамыңның осыншама қатты қиналғанын көріп қайғырасың. Алайда мұның ізінше басқа сезімдер пайда болуы мүмкін. Отбасы мүшелері өздерінің қатты қиналып кеткендіктерін, сондай-ақ бір адамның ауруының кесірінен еркіндіктерінің шектеулі болып қалғанын сезініп ызалануы мүмкін. Оларда: “Неге мұндай күй дәл менің басыма түсті?” — деген сұрақ тууы мүмкін.
7. Аюптың ауруын әйелі қалай қабылдады және ол нені ұмытып кеткен болса керек?
7 Аюптың әйеліне осы сияқты ойлар келген болса керек. Есімізге түсірейікші, мұның алдында ол бала-шағасынан айырылып үлкен қайғыны бастан кешті. Сол жағдайлардың барысында оның бойын абыржу сезімінің барынша билей түскені шүбәсыз. Ақыр аяғында, бір кездегі белсенді әрі денсаулығы мықты күйеуінің ауыр да жеркенішті ауруға шалдыққанын көріп, болып жатқан жан түршігерлік жағдайларды көзден таса етерлік ең маңызды нәрсені, яғни күйеуі мен өзінің Құдаймен қарым-қатынасын, ұмытып кеткен болса керек. Киелі кітап былай дейді: “Сонда әйелі оған [Аюпқа] былай деді: “Сен әлі де адалдығыңды берік сақтап отырсың ба? Құдайды балағатта да, өле қал” (Аюп 2:9).
8. Отбасы мүшесі ауыр науқасқа шалдыққанда қалғандарының дұрыс көзқарас сақтауына Киелі кітаптың қандай тармағы көмектеседі?
8 Әлдекімнің ауруының кесірінен өмірде көп өзгерістер жасауға тура келгенде адамдардың көпшілігі түңіледі, тіпті оларды ашу-ыза кернейді. Сөйтсе де туған жағдай туралы терең ойланатын мәсіхші, айналып келгенде, өзіне шын жүректен сүйетінін дәлелдейтін мүмкіндік пайда болып отырғанын түсінуге тиіс. Нағыз сүйіспеншілік ‘шыдамды да мейірімді... өзімшіл емес... әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, еш үмітін үзбейді, бәрін көтереді’ (1 Қорынттықтарға 13:4—7). Жағымсыз эмоцияларға жол беріп қоюдың орнына, оларды тізгіндеп ұстау үшін бар күшті салу керек (Нақыл сөздер 3:21).
9. Қандай кепілдік бере айтылған сөздер отбасы мүшесі қатты науқастанғанда үй ішіндегілерге жігер береді?
9 Отбасында ауыр науқастанған біреу болған жағдайда үй ішіндегілердің рухани және эмоционалдық саулығын сақтау үшін не істеуге болады? Әрине, әр ауру өзінше ем мен күтімді қажет етеді, әрі бұл жариялымның емге немесе үйдегі күтімге қатысты қандай да бір кеңес бергені орынсыз болған болар еді. Сөйтсе де рухани мағынада Ехоба “бүгілгендердің бәрін тұрғызады” (Забур 144:14). Дәуіт патша былай деп жазған болатын: “Кедейді ойлаған бақытты! Қайғылы күн туғанда оны Тәңір құтқарады. Тәңір оны қорғап, оның өмірін сақтайды... Сырқаттанып, төсек тартып жатқанда, Тәңір оған күш береді” (Забур 40:2—4). Ехоба қызметшілері қатты эмоционалдық азап шегіп жатса да, олардың рухани денсаулығын сақтайды (2 Қорынттықтарға 4:7). Отбасында қатты науқастанған адамы барлардың көпшілігі “О, Тәңір, мен аса қатты жабырқаумын; сөзіңмен жандандыршы мені” деген Забур жыршысының сөздерін қайталайды (Забур 118:107).
ШИПАЛЫ РУХ
10, 11. а) Отбасы сырқат адамның тауқыметін көтеруі үшін ең маңызды нәрсе не? ә) Бір әйел күйеуінің сырқатына қалай төзді?
10 “Адамның рухы әлсіздікке төзеді,— дейді Киелі кітаптағы бір нақыл сөз,— ал зақымданған рухты кім әлдендіре алады?” (Нақыл сөздер 18:14). Жанға түскен жара тек жеке “адамның рухына” емес, отбасының рухына да әсер етеді. Дегенмен “кіші пейіл жүрек — тән үшін өмір” (Нақыл сөздер 14:30). Отбасының ауыр сырқатты жеңе алу-алмауы көбінесе үй ішіндегілердің бәрінің ықылас-ниетіне, немесе рухына, байланысты. (Нақыл сөздер 17:22, салыстырыңдар.)
11 Отасқандарына не бары алты-ақ жыл болған бір мәсіхші әйелдің күйеуінің миына қан құйылып, содан бұл әйелдің талай нәрсеге төзуіне тура келді. “Бұл соққы күйеуімнің сөйлеу қабілетіне қатты әсер етіп, онымен әңгімелесу тіпті мүмкін болмай қалды,— деп есіне алды ол,— оның айтып жеткізгісі келген нәрселерін түсіну үшін үлкен күш жұмсау керек болатын”. Ал күйеуінің көрген азабы мен түңілісін көз алдарыңа елестетіп көріңдерші. Бұлар не істеді екен? Мәсіхшілердің кездесуі өтетін жерден бірталай қашықтықта тұрғандарына қарамастан, рухани мықты болып қалуды көздеген әйелі, ұйымда болып жатқан жағдайлардың бәрінен хабардар болуға тырысып, “Күзет Мұнарасы”, “Ояныңдар!” журналдары арқылы рухани азықты үнемі алу үшін қолынан келгенінің бәрін істеді. Бұл оның өзінің сүйген жарын көз жұмғанына дейін төрт жыл бойы күтіп-бағуына рухани күш берді.
12. Аюптың жағдайынан көрініп тұрғандай, кейде науқас адам нендей көмек көрсете алады?
12 Аюптың жағдайында мықты болып қалған дәл сол қиналушының өзі болып отыр. “Тәңірден келген жақсылықты қабылдап, жаманшылықты қабылдамай қоймақпыз ба?” — деп сұрады ол әйелінен (Аюп 2:10). Кейінірек Жақып деген шәкірттің Аюпты шыдамдылық пен төзімділік көрсетудің тамаша үлгісі ретінде мысалға келтіргені таңғалдырмайды! Жақып 5:11-ден мынадай сөздерді оқимыз: “Аюптың төзімділігі туралы естіп, Тәңірдің бұл істі қалай бітіргенін көрдіңдер. Өйткені Тәңір аса қайырымды әрі жанашыр”. Осы сияқты, бүгін де науқас адамның қайраттылығы туыстарының дұрыс көзқарасты ұстанып қалуына жиі көмектеседі.
13. Ауыр науқаспен ауыратын адамы бар отбасылары қандай салыстыру жасамауы керек?
13 Жақындарының бірі ауырған көпшілік адамдар үй-ішіндегілерге бастапқы кезде шындыққа тура қарау, әдетте, қиын екенімен келіседі. Сондай-ақ, олар туған жағдайды адамның қалай бағалағанына көп нәрсенің байланысты екенін ерекше атап айтады. Мүмкін алғашында бірдеңені өзгертіп, қалыпты өмірді жағдайға қарай икемдеу қиын болар. Бірақ шындап күш жұмсайтын болса, жаңа жағдайға бейімделуге болады. Мұндайда, оларға өмір сүру оңай, “бұл — әділетсіздік!” деп ойлап, өз жағдайымызды отбасында науқас адамы жоқ өзге отбасыларымен салыстырмау маңызды. Шын мәнінде өзгелерге қандай дәрежеде ауыртпалық көруге тура келіп отырғанын ешкім білмейді. Исаның: “Әй, тырысып шаршап шалдыққандар, ауыртпалық басқандар, бәрің де Маған келіңдер! Мен сендерді рақаттандырамын”,— деген сөздерінен мәсіхшілердің барлығы да жұбаныш табады (Матай 11:28).
ЕҢ МАҢЫЗДЫ НӘРСЕЛЕРДІ БЕЛГІЛЕУ
14. Ең маңызды нәрселерді қалай белгілеуге болады?
14 Отбасында әлдекім қатты науқастанған жағдайда киелі рухтың жетелеуімен жазылған келесі сөздерді үй ішіндегілердің бәрінің есте ұстағаны дұрыс болған болар еді: “Кеңес берушілер көп болса, жоспарлар жүзеге асады” (Нақыл сөздер 15:22). Бүкіл отбасы жиналып аурудың кесірінен туған жағдайды талқылай алмас па еді? Әрине, бұны Құдайға дұға етіп, оның Сөзінен басшылық іздеу арқылы жүзеге асырған дұрыс болған болар еді (Забур 24:5). Сонда нені талқылау керек? Ем, қаражат, отбасы өміріндегі өзгеріс сияқты мәселелерді талқылап, шешу керек. Науқас адамды негізінен кім күтіп-бағады? Қалғандары не көмек көрсетеді? Бұл өзгерістер отбасы мүшелерінің әрқайсысына қалай әсер етеді? Науқасты күтіп-бағатын адамның рухани және басқа да қажеттіліктерінің қамын қалай жасауға болады?
15. Ехоба ауыр науқаспен ауыратын адамы бар отбасыларына қалай демеу береді?
15 Егер дұғада шын жүректен Ехобадан басшылық сұрап, оның Сөзіне ой жүгіртер болсақ, әрі Киелі кітапта көрсетілген жолмен батыл жүрсек, бұл бізді жиі өзіміз күткеннен асып түсетін игіліктерге жеткізеді. Ауру барлық уақытта бірдей бізге жеңіс бермейді. Бірақ, қалай болған күнде де, егер Ехобаға арқа сүйер болсақ, ең жақсы нәтижелерге жетеміз (Забур 54:23). Забур жыршысы былай деп жазған болатын: “О, Тәңірім, Сенің мейірімділігің маған сүйеніш болды. Жүрегімде қайғы көбейгенде, Сенің жұбатқаның жанымды жадыратады” (Забур 93:18, 19; Забур 62:7—9-да қара).
БАЛАЛАРҒА ЖӘРДЕМ БЕРУ
16, 17. Бауырларының ауруы туралы айтқанда балалардың назарын нендей нәрсеге аудару керек?
16 Отбасында әлдекімнің қатты науқастануы балалар үшін үлкен қиындыққа айналуы мүмкін. Жағдайға байланысты қажеттіліктер мен балалардың нендей көмек көрсете алатынын олардың түсінуіне ата-ананың көмектесуі маңызды. Науқастанған балаға ата-ананың көбірек көңіл бөліп, қамқорлық жасағаны ол өзгелерден артық дегенді білдірмейтінін басқа балалардың түсінуіне көмектесу керек. Балалардың бойында өкпе мен бақталастықтың дамып жатқанына қарап отырудың орнына, аурудың кесірінен болған жағдайдан шығуға барлығы атсалысып жатқанда, ата-аналары балалардың өзара жақындасып, бауыр екендіктерін бір-біріне шын жүректен көрсетулеріне көмектесе алады.
17 Кішкентай балалар әдетте, ұзын әрі қиын медициналық түсіндірмелерден гөрі, өздерінің сезімдеріне бағытталған ата-аналарының өтінішін асқан дайындықпен қабыл алады. Сондықтан оларда науқастың күйі туралы қандай да бір түсініктің болуына көмектескен дұрыс болар еді. Егер олар өздерінің оп-оңай істей салатын нәрселерінің көпшілігін науқас бауыры істей алмайтынын көрсе, олардың әлдеқайда “бауырмал, қайырымды” болуы әбден мүмкін (1 Петір 3:8).
18. Отбасында туған қиындықтарды ересектеу балаларға қалай түсіндіруге болады және бұл оларға несімен пайдалы болуы мүмкін?
18 Ересектеу балаларға отбасында қиын жағдайлардың туғанын және үй ішіндегілердің әрбірінің өз дегенінен бас тартуын қажет ететінін түсінуге көмектесу керек. Мүмкін, дәрігерлік көмек пен дәрі-дәрмектің ақысын төлеу керек болып, ата-ана оларға қалаған нәрселерінің бәрін сатып алып бере алмайтын шығар. Олар бұған ренжіп, өздерін бір нәрседен қысым көргендей сезінер ме екен? Әлде отбасына қазір өте қиын екенін түсініп, әлденәрседен бас тартуға дайын болар ма екен? Көп нәрсе осы сұрақтардың қалай талқыланғанына және отбасында пайда болатын ықылас-ниетке байланысты. Шынында да, көптеген отбасыларында бауырларының бірінің науқастанғаны балалардың Пауылдың келесі кеңесіне сай іс істеуді үйренуіне көмектескен: “Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар! Әркім өз мүддесін ғана емес, басқалардікін де ойлай жүрсін” (Філіпіліктерге 2:3, 4).
ЕМ ҚАБЫЛДАУҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАС
19, 20. а) Отбасы мүшелерінің бірі науқастанғанда отағасына қандай жауапкершілік жүктеледі? ә) Киелі кітап медициналық оқулық болмағанымен, онда ем алуға қатысты қандай басшылық бар?
19 Байсалды мәсіхшілер, емдеу барысында Құдайдың заңдары бұзылмайтын болса, ем алуға қарсы емес. Отбасында әлдекім ауырған жағдайда олар науқастың азабын жеңілдетудің амалдарын табуға тырысады. Бірақ дәрігерлер бір-біріне қарама-қайшы келетін, жан-жақты ақылға салуды қажет ететін кеңестер беруі мүмкін. Оның үстіне, соңғы жылдары күтпеген жерден жаңа аурулар мен денсаулықтың бұзылуының өзгеше түрлері пайда болуда және олардың көпшілігіне қалыптасқан ем жоқ. Кейде дұрыс диагноз қоюдың өзі қиын. Мұндай кезде мәсіхшінің не істеуіне болады?
20 Киелі кітапты жазушылардың бірі дәрігер болғанымен және елші Пауыл өзінің досы Тімотеге пайдалы дәрігерлік кеңес бергенімен, Киелі жазба — медициналық оқулық емес, адамның құлықты, рухани өміріне арналған басшылық (Қолостықтарға 4:14; 1 Тімотеге 5:23). Сондықтан отағалары, таразыға тарта отырып, ем қабылдауға байланысты шешімді өздері қабылдаулары керек. Мүмкін олар бір ғана дәрігердің пікірін білу жеткіліксіз деп шешер. (Нақыл сөздер 18:17, салыстырыңдар.) Олар, әрине, науқастанған жақын адамына мүмкіндігінше жақсы жәрдем бергілері келеді және көпшілігі өтінішпен білгір мамандарға барады. Екінші біреулері емделудің дәстүрлі емес әдістерін қолдануды артық көреді. Бұны да әркім өзі шешеді. Бірақ ауруға қатысты мәселелерін шешкенде Құдай Сөзі әрқашан мәсіхшілердің ‘аяғына шам-шырақ, жолына жарық’ болып қала бермек (Забур 118:105). Олар Киелі кітаптан басшылық алуды жалғастыра береді (Ишая 55:8, 9). Осылайша мәсіхшілер аурудың диагнозын анықтаудың спиритизммен байланысы болуы мүмкін әдістерін қолданбайды және Киелі кітаптың принциптеріне қарама-қайшы келетін емделу әдістерінен бас тартады (Забур 35:10; Елшілердің істері 15:28, 29; Аян 21:8).
21, 22. Азиялық бір келіншек Киелі кітаптың принципі туралы қалай жан-жақты ойланды және қабылдаған шешімі оның жағдайында қалай дұрыс болып шықты?
21 Азиялық бір келіншектің басында болған жағдайды қарастырайықшы. Ехоба Куәгерлерімен бірге Киелі кітапты зерттеуді бастағанына азғантай уақыт болғанда ол уақытынан бұрын салмағы 1420 грамм болатын қыз туады. Дәрігер нәрестенің дамып-жетілуі өте баяу болатындығы мен ешқашан жүре алмайтындығын айтқанда оның жүрегі қалай қарс айырылды десеңші. Ол нәрестені жетімханаға өткізуге кеңес береді. Күйеуі не істерін білмей дағдарып қалады. Сонда бұл келіншек кімнен көмек іздеді?
22 “Киелі кітаптағы “бала деген — Тәңірдің берген мұрасы; іштен шыққан перзент — Оның берген сыйы” деген сөздер менің жадымда болатын”,— дейді ол келіншек (Забур 126:3). Ол өзінің “мұрасын” өзімен бірге үйге әкетіп, қамын жасауды ұйғарады. Басында жас анаға өте қиын болады, бірақ оған Ехоба Куәгерлерінің жергілікті қауымындағы достары көмектеседі. Осының арқасында ол жағдайға бейімделіп, баланы қажетінше күтіп-бағады. Он екі жыл өткенде қыз Патшалық сарайына кездесуге бара бастайды да, құрдастарымен қуана-қуана араласады. Қыздың анасы былай дейді: “Киелі кітаптың принциптерінің менің дұрыс шешім қабылдауыма көмектескеніне мен сондай ризамын. Киелі кітап Ехобаның алдында ар-ұжданымның таза болып қалуына көмектесіп, өмір бойы жан күйзелісіне түсуден сақтады”.
23. Киелі кітапта науқас адамдар мен оларды күтіп-бағатындарға арналған қандай жұбаныш бар?
23 Ауру мәңгі-бақи біздің соңымыздан қалмай жүрмек емес. Ишая пайғамбар ‘тұрғындардың бірде-біреуі: “Мен аурумын”,— деп айтпайтын’ уақытқа нұсқаған (Ишая 33:24). Бұл уәде жақында болатын жаңа өмірде орындалады. Әзірге, бірақ, біздің аурумен және өліммен күресуімізге тура келеді. Бақытымызға орай, Киелі кітап бізге басшылық пен көмек беруде. Киелі кітаптың жүріс-тұрысқа байланысты беретін негізгі нормалары тұрақты, әрі кемелсіз адамдардың өзгергіш пікірлерінен асып түседі. Парасатты адамның Забур жыршысының сөздерімен келісу себебі, міне, осы: “Тәңірдің заңы кемелді, жаныңа күш береді; Тәңірдің аяндары тура, ақылсыздарды парасатты етеді. Тәңірдің үкімдері шынайы, әрі бәрі әділ... Оларды орындаған зор сыйға ие болады” (Забур 18:8, 10, 12).