Сенімде тұрғандардың қатарында болайық
«Біз... жанымызды аман сақтап қалу үшін сенімде тұрмыз» (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 10:39).
1. Ехобаның әрбір адал қызметшісінің сенімін неге бағалы деуге болады?
КЕЛЕСІ жолы Ехобаға мінажат етушілерге лық толған Патшалық Сарайына келгенде, азғана кідіріп, айналадағы адамдарға көз тастаңдаршы. Олар өздерінің сенімдерін қалай жан-жақты танытып жүргеніне ой жүгіртіп көріңдерші. Ол жерден ондаған жылдан бері Құдайға қызмет етіп жүрген қартаң кісілерді, құрбы-құрдастарының қысымына күнделікті төтеп беріп жүрген жастарды, сондай-ақ балаларын Құдайды қастерлейтіндей азамат етіп тәрбиелеу үшін бар күшін салып жүрген ата-аналарды көруге болады. Міне мыналар болса, қауымдағы көптеген міндетті өз мойнына алған қариялар мен қызметтегі көмекшілер. Иә, Патшалық Сарайында Ехобаға қызмет ету үшін алуан түрлі қиындықтарды бастан кешіріп жүрген рухани бауырластардың жасын да, кәрісін де кездестіруге болады. Олардың әрқайсысының сенімі қаншалықты бағалы десеңші! (1 Петір 1:7).
2. Еврейлерге арналған хаттың 10, 11-тарауларындағы Пауылдың өсиеттері неге бүгінгі күні бізге де пайдалы?
2 Сенімнің маңыздылығының қаншалықты зор екенін кемелсіз адамдардың арасында Пауылдан жақсы түсінетіндер кемде-кем болған, бәлкім, ондайлар тіпті болмаған да шығар. Пауылдың айтуынша нағыз сенім «жанымызды аман сақтап» қалады (Еврейлерге 10:39). Бірақ, сенімнен жұрдай болған осы зұлым дүниеде сенімнің сынаққа түсіп, бұзылуы мүмкін екенін Пауыл білген. Ол, сенімдерін сақтап қалу үшін күресіп жүрген Иерусалим қаласы мен Иудеядағы еврей мәсіхшілер үшін қатты уайымдаған. Еврейлерге арналған хаттың 10, 11-тарауларын қарастыра отырып, бауырластарының сенімін нығайтқанда Пауылдың қандай әдіс қолданғанына көңіл аударайықшы. Ал, қарастыру барысында өзіміздің де, айналадағылардың да сенімін қалай нығайтуға болатынын көреміз.
Бір-біріңе сенімді болыңдар
3. Пауылдың Еврейлерге 10:39-ғы сөздері оның бір сенімдегі бауырластарына сенімді болғанын қалай көрсетеді?
3 Еврейлерге арналып жазылған хаттан ең алдымен, Пауылдың оларға деген дұрыс көзқарасын байқауға болады. Ол былай деп жазды: «Біз болсақ өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарынан емеспіз, қайта жанымызды аман сақтап қалу үшін сенімде тұрмыз» (Еврейлерге 10:39). Адал мәсіхшілер жөнінде Пауыл жаман емес, жақсы ойда болды. Оның үстіне, оның «біз» деген есімдікті қолданғанын ескере кетелік. Пауыл әділ адам болған. Алайда осыған қарамастан, ол өзі әділдіктің жоғары сатысында тұрғандай, бауырластарын төмен санап, көкірегін көтермеді. (Екклесиаст 7:16, салыстырыңдар.) Керісінше, ол өзін де солардың қатарына қосты. Пауыл адал мәсіхшілерге арнап жазған осы хатында, олардың өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болудан табандылықпен бас тартып, сенімде тұратындарына, сонымен қатар күтіп тұрған қорқынышты қарсылықтарды өзімен бірге қарсы алатынына шын жүректен сенімді екенін көрсетті.
4. Қандай себептермен Пауыл бауырластарына сенді?
4 Пауыл неге мұншалықты сенімді болды? Ол еврей мәсіхшілердің кемшіліктеріне көз жұма салды ма? Жоқ, олардың рухани болмысының кемістіктерін жоюға көмектесу үшін, ол нақты кеңестер берді (Еврейлерге 3:12; 5:12—14; 6:4—6; 10:26, 27; 12:5). Сонда да, Пауылдың бауырластарына сенімділік танытуына кем дегенде екі негізгі себеп бар еді. 1) Ехобаға еліктегендіктен, Пауыл Құдайдың халқына деген көзқарасын Ехобаның көзқарасына сай етуге тырысатын. Яғни ол, бауырластарының кемшіліктеріне ғана емес, жақсы қасиеттеріне, сондай-ақ олардың болашақта да жақсылық жасай беруге деген ынтасына да көңіл аударуға тырысатын (Забур 129:3; Ефестіктерге 5:1). 2) Пауыл киелі рухқа деген сенімінің күштілігімен ерекшеленетін. Ехобаның өзіне адал қызмет етуге ыждағаттанатын әрбір мәсіхшіні «шамадан тыс күшке» бөлеуіне қарсылықтың да, адамға тән әлсіздіктің де кедергі бола алмайтынын ол білетін (2 Қорынттықтарға 4:7; Філіпіліктерге 4:13). Сондықтан, Пауылдың бауырластарына деген сенімділігі орынсыз, іске аспайтын немесе негізсіз бос сенім емес еді. Оның сенімділігі әбден орынды, әрі Киелі жазбаларға негізделген болатын.
5. Қалайша біз тап Пауылдікіндей сенімділік таныта аламыз және бұл неге себепші болады?
5 Оның сенімділігінің өзгелерді де еліктетіп әкететін күші болғандығында сөз жоқ. Пауылдың Иерусалим мен Иудеядағы қауымдарға арнап айтқан жігерлі сөздерінің олар үшін мәні зор болған болса керек. Оның сөздері, мәсіхшілерге қарсы иудейлердің жанға тиетін мазағына да, менменсіп немқұрайдылық танытқанына да қарамастан, еврей мәсіхшілердің қайраттылық танытып, сенімде тұруларына көмектесті. Бүгінгі күні біз де бір-бірімізге осылай ете аламыз ба? Өзгенің ағаттықтарын тізбекке тізіп, оның жеке басының кемшіліктерін ғана байқау оп-оңай (Матай 7:1—5). Бірақ, егер біз әрқайсымыздағы қайталанбас сенімге көңіл аударып, оны бағалай білетін болсақ, бір-бірімізге анағұрлым көбірек көмек көрсетеміз. Осылайша жігерлендіру сенімнің тезірек нығаюына себепші болады (Римдіктерге 1:11, 12).
Құдай Сөзін дұрыс қолдана білу
6. Еврейлерге 10:38-де Пауыл кімнің сөздерінен үзінді келтірді?
6 Пауыл Киелі жазбаларды шебер қолдануымен де бауырластарының сенімін нығайтқан. Мысалы, ол былай деп жазды: «Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді, ал кім тұрақсыздық танытса, ондайға ризашылығым түспейді» (Еврейлерге 10:38). Бұл жерде Пауыл Аввакум пайғамбардың сөздерінен үзінді келтіргенa. Пауылдың хатын оқыған еврей мәсіхшілер пайғамбарлардың кітаптарымен жақсы таныс болатын, сондықтан олар бұл кімнің сөздері екенін білсе керек. Егер Пауылдың мақсаты Иерусалим мен оның аймағындағы мәсіхшілердің сенімін нығайту екенін ескерер болсақ (бұл шамамен б. з. 61 жылы болатын), онда Аввакумның көрсеткен үлгісін мысал ретінде жақсы таңдаған. Неге?
7. Аввакум өзінің пайғамбарлығын қашан жазған және сол уақытта Иудея қандай күйде еді?
7 Аввакум өзінің кітабын б. з. б. 607 жылғы Иерусалимнің күйреуіне не бары жиырма жылдан аса уақыт қалғанда жазған болса керек. Аввакум пайғамбар «қатыгез, жүгенгіз» халдейлердің (немесе бабылдықтардың) жолындағы халықтардың бәріне ойран салып, баса көктеп Иудеяға кіріп, Иерусалимді күйреткені туралы аян көреді (Аввакум 1:5—11). Бірақ бұндай пайғамбарлық Ишая өмір сүрген уақыттан бері, яғни жүз жылдан аса уақыт бұрын, айтылып келе жатқан болатын. Аввакум өмір сүрген уақытта, мейірімді патша Жосияның мирасқоры Жоақим таққа отырады да, Иудеяда заңсыздық тағы да кеңінен етек алады. Ехобаның атынан сөйлегендерді Жоақим қудалайтын, тіпті өлтіретін болған (2 Шежіре 36:5; Еремия 22:17; 26:20—24). Сондықтан, Аввакум пайғамбардың: «Уа, Тәңірім, қашанғы?» — деп ашына айғайлап жібергені таңғаларлық нәрсе емес (Аввакум 1:2).
8. Неге І ғасырдағы мәсіхшілерге Аввакумның мысалы пайдалы болған, ал қазіргі уақытта ше?
8 Иерусалимнің күйреуіне қаншама аз уақыт қалғанын Аввакум білмеді. Тап солай І ғасырдағы мәсіхшілер де, иудей қоғамының соңы қашан келетінін білмеген. Сол сияқты бүгінгі күні біз де, Ехобаның осы зұлым заманды соттайтын «күнінің, сағатының» қашан келерін білмейміз (Матай 24:36). Ал енді Ехобаның Аввакумға берген екі бөліктен тұратын жауабына көңіл аударайық. Біріншіден, айтылған жағдайлар өз уақытында болатынын айтып, Ехоба пайғамбардың сенімін нығайтты. Адамның көзқарасы бойынша кешігіп жатқандай көрінсе де, Құдайдың айтуынша «кешікпейді» (Аввакум 2:3, ЖД). Екіншіден, «сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүретінін» Ехоба Аввакумның есіне салды (Аввакум 2:4). Қандай ғажап әрі қарапайым айтылған ақиқат! Ең бастысы заманның ақыры қашан келетіндігінде емес, біздің сеніммен өмір сүруімізде.
9. Ехобаның бой ұсынғыш қызметкерлері сенімдерінің арқасында а) б. з. б. 607 жылы ә) б. з. 66 жылы қалай аман қалды? б) Сенімімізді нығайту неге біз үшін өте маңызды?
9 Б. з. б. 607 жылы Иерусалим шапқыншылыққа ұшырағаннан кейін, Ехобаның Аввакум арқылы берген уәдесінің рас екеніне Еремияның, оның хатшысы Варухтың, сондай-ақ Авдемелех пен адал рехавиттердің көзі жетті. Иерусалим күл-талқан болып күйреген уақытта, бұл кісілер аман қалды. Неге? Ехоба олардың адалдығын бағалап, оларға өмір сыйлады (Еремия 35:1—19; 39:15—18; 43:4—7; 45:1—5). Бірінші ғасырдағы еврей халқынан шыққан мәсіхшілер де Пауылдың өсиетіне құлақ асқан болса керек, өйткені б. з. 66 жылы Рим әскері Иерусалимге шабуыл жасап, ал сосын белгісіз себептермен кейін шегінген кезде, сол уақыттағы мәсіхшілер қашу керек екендігі туралы Исаның берген ескертуін бұлжытпай орындады (Лұқа 21:20, 21). Сенімдері нықты болғандықтан олар аман қалды. Егер сеніміміз берік болса, зұлым заман жойылғанда біз де тап солай аман қаламыз. Қазіргі уақытта сенімді нығайту үшін, бұл қаншалықты келелі себеп десеңші!
Сенімділік танытқандардың мысалы жанданды
10. Мұсаның сенімін Пауыл қалай суреттеді және оның сеніміне біз қалай еліктей аламыз?
10 Сонымен қатар, Пауыл Мысалдарды әсерлі етіп қолдануымен де сенімді нығайтқан. Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауын оқи отырып, оның қалай Киелі кітап кейіпкерлерінің мысалдарын жандандырып жіберетініне көңіл аударыңдаршы. Мысалы, ол Мұсаның «көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай сүйенгенін» айтады (Еврейлерге 11:27). Басқа сөзбен айтқанда, Ехобаның бар екеніне Мұсаның сенгені соншалық, көзге көрінбейтін Жаратқан Иені көргендей сезінген. Біз жөнінде де осылай деуге бола ма? Ехобамен қарым-қатынаста болу керек екендігі туралы айту оп-оңай, бірақ онымен тығыз қарым-қатынаста болу үшін күш салу керек. Иә, онымен қарым-қатынаста болу үшін еңбек ету керек! Қандай да бір шешім қабылдағанда, мейлі ол болмашы ғана мәселе болып көрінсін, біз Ехобаны есімізде ұстаймыз ба? Оның расында да бар екеніне сеніміміз берік пе? Бұндай сенім ең күшті қарсылыққа да төтеп беруімізге көмектеседі.
11, 12. а) Енохтың сенімі қандай жағдайларда сыналды деуге болады? ә) Енох көңіліне дем берер қандай сыйға ие болды?
11 Енохтың сеніміне көңіл аударайықшы. Бізге оның қандай қарсылыққа кезіккенін елестетіп көрудің өзі қиын. Енох, сол уақыттағы зұлым адамдарға шығарылған үкім туралы жан күйдірер хабарды жариялауы керек еді (Иуда 14, 15). Сірә, бұл кісі күшті қарсылыққа кезіккен болса керек. Сондықтан, жаулары оған қол салмас бұрын, ол «бұ дүниеден әкетілді», яғни Ехоба оны тірілер дүниесінен алып, өлім ұйқысына батырды. Сол себепті, өзі жария еткен пайғамбарлықтың қалай орындалғанын Енох көрмеді. Бірақ ол, қандай да бір жағынан бұдан әлдеқайда артық сыйға ие болды (Еврейлерге 11:5; Жаратылыс 5:22—24).
12 Пауыл былай деп түсіндірді: «Енохтың бұған дейінгі [әкетілмей тұрғанға дейінгі] өмірі Құдайға ұнамды болған» (Еврейлерге 11:5). Бұны қалай түсінуге болады? Бәлкім, өлім ұйқысына кетпес бұрын Енох қандай да бір аян алған болса керек. Мысалы, көп ұзамай өзінің жер бетіндегі Жұмақта оянатыны туралы аян көрген шығар. Қалай болған күнде де, адалдығы үшін Ехоба Енохқа разы екенін білдірді. Енох Ехобаның жүрегін қуанышқа бөледі. (Нақыл сөздер 27:11, салыстырыңдар). Енохтың өміріне ой жүгірту көңіліңде ерекше әсер қалдырады, солай емес пе? Сендер де Енох сияқты өмірлеріңнің ақырына дейін сенімге берік болып қалғыларың келер ме еді? Олай болса, осындай адамдардың қалдырған үлгісіне ой жүгіртіп, оларды расында да бір кездері өмір сүрген тарихи тұлға ретінде қабылдауға тырысыңдар. Күнбе-күн сеніммен өмір сүруге бел байлаңдар. Сондай-ақ, естеріңде болсын, сенімде тұрған адам Құдайдың берген уәдесін орындауын күтіп, белгілі бір уақыт пен мерзімді көздеп қызмет етпейді. Жоқ, біз Ехобаға мәңгі қызмет етуге бел байлағанбыз! Егер осыған сай әрекет етер болсақ, осы заманда да, болашақта да игілікке толы өмір кешетін боламыз!
Сенімді қалай нығайтуға болады
13, 14. а) Еврейлерге 10:24, 25-те жазылған Пауылдың сөздері қауым кездесулерін қуанышты жағдайға айналдыруға қалай көмектеседі? ә) Мәсіхшілердің кездесулерінің басты себебі неде?
13 Пауыл Еврей мәсіхшілерге сенімді нығайтудың бірнеше әдісін көрсетті. Осы әдістердің екеуін ғана қарастырып көрейікші. Мәсіхшілердің қауым кездесулеріне үздіксіз баруымыз үшін көңілімізге дем беретін Еврейлерге 10:24, 25-те жазылған Пауылдың сөздері бізге таныс болса керек. Алайда, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазған сөздерінде Пауыл осындай кездесулерге біздің селсоқ тыңдаушы ретінде ғана баруымыз керек екендігі туралы айтпағанын есте сақтаған жөн. Пауыл кездесулерді бір-бірімен танысудың, бір-бірін Ехобаға бар күшін салып қызмет етуге шабыттандырудың, сондай-ақ бір-бірін жігерлендірудің мүмкіндігі ретінде бейнелейді. Біз қауым кездесулеріне алу үшін ғана емес, беру үшін де келеміз. Бұндай әрекет қауым кездесулерін қуанышқа толы кезеңге айналдырады (Елшілердің істері 20:35).
14 Бірақ, мәсіхшілердің қауым кездесулеріне біз ең алдымен Ехобаға мінажат ету үшін келеміз. Біз бұны дұға айтылып, ән шырқалғанда қосылу, зер салып тыңдау, Құдайдың «„Жаратқан Ие“ деген атағын ауызбен мойындау», яғни Ехобаны мадақтап түсініктеме беру, сондай-ақ жиналыс бағдарламасына тікелей қатысу арқылы істей аламыз (Еврейлерге 13:15). Осыны есте ұстап, әрбір кездесуге барған сайын осы мақсатқа сәйкес әрекет етер болсақ, барған сайын сеніміміз нығая түседі.
15. Пауыл неге еврей мәсіхшілерді қызметті тастамауға жігерлендірді және неге бұл өсиетті біздің уақытымызда да орынды деуге болады?
15 Сенімді нығайтудың тағы бір әдісі — уағыздау. Пауыл былай деп жазды: «Мойындаған үмітімізді үзбей, берік ұстанайық. Өйткені уәде берген Құдай сөзіне адал» (Еврейлерге 10:23). Біз әлдекімді әлдебір нәрсені ұстануға ынталандырар болсақ, оның бұл нәрсені қолынан шығарып алуына немесе тастап кетуіне қауіп бар деген сөз. Ехобаға қызмет еттірмеу мақсатымен Шайтанның еврей мәсіхшілерге қысым көрсеткені сөзсіз, тап сол мақсатты көздеп ол бүгінгі күнгі мәсіхшілерге де қысым көрсетуде. Оның қысымына төтеп беру үшін не істеуіміз керек? Пауылдың не істегенін көрейік.
16, 17. а) Қызмет етуге қажетті батылдықты Пауыл қайдан алды? ә) Қызмет етудің қандай да бір түрі қорқыныш тудыратын болса, қандай әдістерді қолдануымыз қажет?
16 Салониқадағы мәсіхшілерге ол былай деп жазды: «Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, сендерге Оның Ізгі хабарын қатты қарсыласуға қарамастан жариялауға батылымыз барды» (1 Салониқалықтарға 2:2). Пауыл мен оның серіктерінің Філіпіде «қорлық» көргенін қалай түсінуге болады? Кейбір ғалымдардың пайымдауы бойынша, Пауылдың қолданған грек сөзі тіл тигізуді, масқаралауды немесе дөрекі әрекетті білдіреді. Філіпінің әкімдері оларға тал шыбықпен дүре соқтырып, түрмеге тастады да, аяқтарына ағаш бұғау салдыртты (Елшілердің істері 16:16—24). Осындай жағымсыз жағдай Пауылға қалай әсер етті? Жоспары бойынша миссионерлік сапармен келесі қалаға, Салониқаға келгенде ол тұрақсыздық танытып, қорықты ма? Жоқ, сапарын жалғастыруға «батылы барды». Ол бойындағы үрейді жеңіп, батыл уағыздай берді.
17 Пауылға батылдық қайдан пайда болды? Батылдық оның болмысына тән бе еді? Жоқ, Пауылдың айтысына қарағанда, «Құдайға сене отырып... батылы барды». Киелі кітап аудармашыларына арналған бір анықтамада бұл сөздерді «Құдай бізді жүрегіміздегі үрейден арылтты» деген сөздермен жеткізуге болатындығы айтылған. Сондықтан, егер қызмет ету туралы ойлағанда сендерді әлдеқандай үрей билесе немесе қызмет етудің белгілі бір түріне қатысуға қорқатын болсаңдар неге Ехобадан тап осыны өтінбеске? Одан жүректеріңдегі үрейден арылтуды өтініңдер. Өздеріңе уағыздауға қажетті батылдық сұраңдар. Сонымен қатар, басқа да тиімді әдістерді қолданыңдар. Мысалы, куәлік етудің өзіңді қобалжытатын түрі, әлдебіреу үшін оп-оңай шығар, сондай адаммен қызметке бірге баруға келісулеріңе болады. Бәлкім бұл, іскерлер ауданында уағыздау, көшеде куәлік ету, бейресми уағыз немесе сым тетік арқылы куәлік беру болар. Қасыңдағы серігің бастапқы кезде әңгімені бірінші болып бастауға келісетін шығар. Егер солай болса, зер салып қараңдар да, үйреніңдер. Сосын батылдық жинап алыңдар да, өздерің бастап көріңдер.
18. Қызметте батылдық танытар болсақ, қандай баталарға ие боламыз?
18 Бойларыңа батылдық жинасаңдар не болатынын елестетіп көріңдерші. Көңілдеріңнің жабырқауына жол бермей, табандылық танытар болсаңдар, бәлкім, қызметте жүргенде әншейінде кездеспейтін қызықты оқиғаларды бастан кешіретін боларсыңдар. (25-бетті қараңдар.) Қиындықты жеңіп шығып, Ехобаға ұнамды болғандарыңды білгендіктен, өздеріңді бақытты сезінетін боласыңдар. Ол сендердің үрейді жеңіп шығуларың үшін батасын беріп, көмектеседі. Ал сендердің сенімдерің нығая түседі. Расында да, өз сеніміңді нығайта алмасаң, өзгенің сенімін қалай нығайтасың? (Иуда 20, 21).
19. «Сенімде тұрғандарды» қандай бағалы сый күтіп тұр?
19 Сонымен, өздеріңнің де, өзгелердің де сенімін нығайтуды жалғастыра беріңдер. Ал бұл үшін Құдай сөзін дұрыс қолдана біліңдер, Киелі кітаптағы сенім үлгілерін зерттеңдер, әрі оларды жандандыра біліңдер, мәсіхшілердің қауым кездесулеріне дайындалып барып, түсініктеме беріңдер, сондай-ақ теңдесі жоқ уағыздау қызметін қалдырмаңдар — осының бәрі өздеріңнің де, өзгелердің де сенімін нығайтады. Осылай әрекет етсеңдер «сенімде тұратындардың» қатарында болатындарыңды есте сақтаңдар. Бұндайларды бағалы сый күтіп тұрғанын да ұмытпаңдар. Өйткені олар «жандарын аман сақтап қалу үшін сенімде тұрғандардың» қатарынанb. Сенімдерің нығая түсіп, Ехоба сендерді мәңгі аман сақтағай!
[Сілтемелер]
a Пауыл Септуагинттегі «ал кім тұрақсыздық танытса, ондайға ризашылығым түспейді» деген сөздері бар Аввакум 2:4-тен үзінді келтірген. Бұл сөздер бізге дейін жеткен көне еврей қолжазбаларының ешбірінде жоқ. Септуагинт әлдеқашан жойылып кеткен ертеректегі еврей қолжазбаларына негізделген деген пікір бар. Қалай болған күнде де, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен Пауыл еврейлерге арнаған хатында осы сөздерді келтірген. Яғни бұл сөздер жоғарыда келтірілген үзіндіге Құдайдың еркімен ендірілген деген шешімге келуге болады.
b Ехоба Куәгерлерінің 2000 жылға арналған жылдық тақырыбы мынадай: «Біз тұрақсыздардың қатарынан емеспіз, қайта... сенімде тұрмыз» (Еврейлерге 10:39).
Сендер қалай жауап берер едіңдер?
• Пауыл еврей мәсіхшілерге деген сенімін қалай көрсетті және біз бұдан нені үйренеміз?
• Пауылдың Аввакум пайғамбардың кітабынан үзінді келтіргені неге орынды болды?
• Пауыл Киелі кітаптағы сенім танытқан адамдардың мысалдарын қалай жандандырды?
• Пауыл сенімді нығайтудың қандай тиімді әдістерін қолдануға кеңес берді?
[15-беттегі сурет]
Філіпіде жанға бататын жағдайға ұшырағаннан кейін, Пауыл бойына батылдық жинап, әрі қарай да уағыздай берді.
[16-беттегі суреттер]
Куәлік етудің түрлі әдістерінде күш сынап көру арқылы бойларыңа батылдық жинай аласыңдар ма?