14-ТАРАУ
Қауымның татулығы мен тазалығын сақтау
ЖЫЛ сайын мыңдаған адам таза ғибадат үшін Ехобаның үйіне ағылып келуде, осылайша Киелі кітап пайғамбарлығы орындалып жатыр (Миха 4:1, 2). Біз оларды Құдайдың қауымында қарсы алуға өте қуаныштымыз! (Ел. іс. 20:28). Олар да бізбен бірге Ехобаға қызмет ету мүмкіндігін қымбат тұтады, әрі тазалық пен татулық орнаған рухани жұмақ үшін өте риза. Қауымның татулығы мен тазалығын сақтауда Құдайдың киелі рухы мен оның Сөзіндегі дана кеңестердің көмегі зор (Зәб. 119:105; Зәк. 4:6).
2 Киелі кітап принциптерін іс жүзінде қолдану арқылы біз “жаңа болмысқа ие болудамыз” (Қол. 3:10). Болмашы нәрсеге бола өзгелермен дауласпаймыз, туындаған келіспеушіліктерді шешуге тырысамыз. Әр нәрсеге Ехобаның көзқарасымен қарай отырып, біз осы дүниенің бірлікті бұзатын ықпалынан үстем боламыз, әрі дүниежүзілік бауырластықпен бірлікте қызмет етеміз (Ел. іс. 10:34, 35).
3 Дегенмен кей-кейде қауымның татулығы мен бірлігіне кері әсерін тигізетін қиындықтар туындап жатады. Не себепті? Көп жағдайда мұның себебі Киелі кітаптың кеңесін қолданбаудан болады. Біз әлі де пендешілікпен күресуіміз керек. Күнәсіз ешкім жоқ (Жох. 1-х. 1:10). Әлдекімнің шалыс қадам басқаны қауымды моральдық не рухани жағынан ластауы мүмкін. Әлдебіреуді ойланбай айтқан сөзімізбен не ісімізбен ренжітіп қоюымыз ғажап емес. Я болмаса өзіміз біреудің айтқан сөзі мен істеген ісіне сүрініп қалуымыз мүмкін (Рим. 3:23). Осындай кездері жағдайды түзету үшін не істей аламыз?
4 Сүюші Құдайымыз Ехоба мұндай мәселені қараусыз қалдырмаған. Оның Сөзінде қиындықтар туындағанда не істеуге болатынына қатысты кеңестер бар. Рухани бағушыларымыз, яғни ақсақалдар сүйіспеншілікпен жеке көмек көрсете алады. Олардың Жазбаларға негіздеп берген кеңесін қолдану арқылы өзгелермен татуласа аламыз, әрі Құдай алдында жақсатты боламыз. Ал егер шалыс қадам жасағанымыз үшін сөгіс алсақ, мұндай түзетулер көктегі Әкеміздің бізге деген сүйіспеншілігі екеніне сенімді болсақ болады (Нақ. с. 3:11, 12; Евр. 12:6).
КІШІГІРІМ КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ШЕШУ
5 Кейде қауымдағылар бір-бірімен ренжісіп, араларында кішігірім қиындықтар туындап жатады. Мұндай мәселені тез арада бауырластық сүйіспеншілікпен шешу қажет (Ефес. 4:26; Філіп. 2:2—4; Қол. 3:12—14). Бауырласыңызбен қарым-қатынасыңызға сызат түсіретін қиындық туындағанда, елші Петірдің мына тиімді кеңесіне жүгінсеңіз, мәселе шешіліп кетуі әбден мүмкін: “Бір-біріңді барынша сүйіңдер, өйткені сүйіспеншілік көптеген күнәні жабады” (Пет. 1-х. 4:8). Киелі кітапта: “Бәріміз де көп сүрінеміз”,— делінген (Жақ. 3:2). “Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” деген “алтын ережені” ұстансақ, бауырласымызды кешіріп, болмашы қателіктерді ұмыта саламыз (Мат. 6:14, 15; 7:12).
6 Ал егер сіз біреуді сөзіңізбен не ісіңізбен ренжітіп қойғаныңызды байқасаңыз, кейінге ысырмай, бірінші болып татуласыңыз. Есіңізде болсын, бұл Ехобамен қарым-қатынасыңызға да әсер етеді. Иса шәкірттеріне былай деп кеңес берген: “Егер құрбандық ошағына сый-тартуыңды алып келгенде, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас. Содан кейін ғана қайтып келіп, сый-тартуыңды ұсын” (Мат. 5:23, 24). Бәлкім, сіздер бір-біріңізді дұрыс түсінбей қалған шығарсыздар. Онда ашық сөйлесіңіздер. Негізі, қауымдағы бауырластардың бәрі бір-бірімен жақсы пікір алысса, түсініспеушіліктер азаяды, ал пендешіліктің салдарынан қиындықтар туындай қалса, шешімі табылады.
ҚАЖЕТ БОЛҒАНДА КИЕЛІ КІТАПТАН КЕҢЕС БЕРУ
7 Кейде бақылаушылар әлдекімнің көзқарасын түзету үшін оған кеңес беруді жөн көрер. Бұл оңай іс емес. Елші Пауыл Ғалатиядағы мәсіхшілерге былай деп жазған: “Бауырластар, егер біреу өзі аңдамай шалыс қадам жасап жатса, рухани толысқан сендер мұндай адамды жұмсақтықпен түзетіңдер” (Ғал. 6:1).
8 Отарды бағу арқылы бақылаушылар қауымды көптеген рухани қауіп-қатерден қорғайды, әрі үлкен қиындықтың алдын алады. Ақсақалдар өз қызметтерін Ехобаның Ишая арқылы берген мына уәдесіне сай атқаруға ұмтылады: “Олардың әрқайсысы желден қорғайтын сая, Жаңбырлы дауылдан бассауғалайтын пана сияқты болады. Олар құла түздегі су көздеріндей, Қуаң жердегі алып жартастың саясындай болады” (Ишая 32:2).
ТӘРТІП БҰЗУШЫЛАРДЫ НАЗАРҒА АЛУ
9 Елші Пауыл кейбіреулердің бүкіл қауымға жаман ықпал етуі мүмкін екенін ескертіп былай деген: “Ал енді, бауырластар,.. [біз] мынаны бұйырамыз: тәртіп бұзып, сендер бізден қабылдаған дәстүрді орындамай жүрген бауырластың қай-қайсысымен де араласпаңдар!” Бұл сөздерін ол былай деп анықтай түсті: “Кімде-кім осы хат арқылы айтқандарымызға құлақ аспайтын болса, соны назарға алыңдар. Өз қылығына ұялу үшін, онымен араласпай қойыңдар. Бірақ оны жау санамаңдар, қайта, бауырлас ретінде ақыл-кеңес бере беріңдер” (Сал. 2-х. 3:6, 14, 15).
10 Кейде біреулер қауымнан шығарылатындай ауыр күнә жасамаса да, мәсіхшілер ұстануы тиіс Құдайдың талаптарын аяқасты етіп жатады. Мысалы, мұндай адам тым жалқау, сыншыл не кір-қожалақ болуы мүмкін. Я болмаса “өзіне қатысы жоқ іске араласып жүретін” шығар (Сал. 2-х. 3:11). Қулықпен өзгелерден пайда көрудің амалын ойластыратын немесе лайықсыз екені анық көрінетін ойын-сауыққа құмар адамдар да Құдайдың талаптарын құрметтемейді. Тәртіп бұзушылыққа жататын істердің қауымға кері әсер ететін қаупі бар, әрі мәсіхшілердің арасында тарап кетуі әбден мүмкін.
11 Ақсақалдар тәртіп бұзушыға алдымен Киелі кітаптан кеңес беріп, көмектесуге тырысады. Бірақ ол бірнеше рет берілген кеңеске құлақ аспай, Құдай принциптеріне немкетті қарай берсе, ақсақалдар қауымға ескерту баяндамасын айту керек деген тоқтамға келуі мүмкін. Мұндай ескерту баяндамасын айтпас бұрын, ақсақалдар аталмыш мәселенің қаншалықты ауыр екенін және өзгелерді қаншалықты мазалап жүргенін парасаттылық таныта отырып анықтайды. Баяндамашы тәртіп бұзушылыққа қатысты кеңестер айтады, бірақ тәртіп бұзушының атын атамайды. Бұдан кейін баяндамада айтылған жағдаймен таныс бауырластар тәртіп бұзушымен араласуын шектейді, десе де оған “бауырлас ретінде ақыл-кеңес беріп”, тек рухани тақырыпта сөйлеседі.
12 Осы шараны адал мәсіхшілердің толық қолдағаны тәртіп бұзушыға өз қылығына ұялып, өзгеруге көмектеседі деп үміттенеміз. Тәртіп бұзушының өзгеріп, бұрынғы ісін тастағаны анық көрінгенде, оны назарға алынған адам деп санаудың қажеті болмайды.
АУЫР ҚАТЕЛІК ЖАСАЛҒАНДА
13 Қателіктерге мән бермей, кешіруге дайын болу дегеніміз адамның жасаған күнәсіна немкетті қараймыз не оны мақұлдаймыз дегенді білдірмейді. Жасалған қателіктердің бәрін пендешілік деп ақтауға болмайды. Кішігірім қателікке жатпайтын күнәларға көз жұмып қарау дұрыс емес (Мұс. 3-ж. 19:17; Зәб. 141:5). Заң келісімі бойынша, белгілі бір күнәлар басқаларына қарағанда ауырлау болып саналған, мәсіхшілер қауымында да солай (Жох. 1-х. 5:16, 17).
14 Иса мәсіхшілердің арасында туындауы мүмкін үлкен қиындықтарды шешуге қатысты нақты нұсқаулар берген. Оның айтқан қадамдарына назар аударыңызшы: “Бауырласың саған қарсы күнә жасаса, 1) бар да, бұны оңашада өзіне айт. Егер ол айтқаныңа құлақ асса, онда бауырласыңды дұрыс жолға қайтарғаның. Ал егер құлақ аспаса, 2) жаныңа бір-екі кісі ертіп, тағы бар. Осылайша әрбір іс екі не үш куәгердің сөзімен дәлелденсін. Егер оларға да құлақ аспаса, онда 3) қауымға айт. Ал қауымды да тыңдамаса, ол сен үшін басқа ұлт адамындай немесе салықшыдай болсын” (Мат. 18:15—17).
15 Исаның осы сөздерден кейінгі Матай 18:23—35 тармақтарда айтқан мысалына қарасақ, Матай 18:15—17 тармақтарда баяндалған күнәға қарызды қайтармау не алаяқтық жасау сияқты қаржы не мүлікке қатысты мәселелерді кіргізуге болады. Сондай-ақ әлдекімнің абыройын төгетін жала жабуды да осы күнәға жатқызуға болады.
16 Егер қауымдағы әлдекім сізге қарсы осындай күнә жасаса, тіпті бұған дәлеліңіз болса да, маған көмектессін деп бірден ақсақалдарға баруға асықпаңыз. Исаның нұсқауына сай, ең алдымен, өзіңізге қарсы күнә жасаған адаммен сөйлесіңіз. Әңгімеге ешкімді араластырмай, екеуіңіз ғана мәселені шешуге тырысыңыз. Иса “тек бір рет бар да, күнәсін өзіне айт” демегенін есте ұстаңыз. Сондықтан адам өз күнәсін мойындап, кешірім сұрамаса да, оған кейінірек тағы да барғаныңыз жөн. Егер мәселе осымен шешіліп жатса, сізге қарсы күнә жасаған адам күнәсі жайлы басқаларға айтпағаныңыз үшін және қауымдағы жақсатын сақтап қалғаныңыз үшін риза болары сөзсіз. Осылай “бауырласыңызды дұрыс жолға қайтарасыз”.
17 Егер сізге қарсы күнә жасаған адам жауапкершілікті мойнына алып, кешірімге ие болуды қаласа және жағдайды қалпына келтірудің қамын жасаса, мәселені әрі қарай өрбітудің қажеті жоқ. Аталмыш күнә салмақты болғанымен, мұндай мәселелерді екі жақ өзара талқылап, бір мәмілеге келе алады.
18 Ал егер бауырласыңызбен күнәсі жайлы “оңашада” сөйлесіп, оны дұрыс жолға қайтара алмасаңыз, онда Иса айтқандай, “жаныңызға бір-екі кісі ертіп”, бауырласыңызбен сөйлесуге тағы барыңыз. Қасыңыздағы адамдардың да мақсаты бауырласыңызды дұрыс жолға қайтару болу керек. Мұндай кісілерді, лажы болса, іске куә болған адамдардың қатарынан таңдаңыз. Ал егер куәгерлер болмаса, онда бір-екі адамнан әңгімелеріңіздің куәсі болуды сұраңыз. Куәгер ретінде осындай мәселелерде тәжірибесі бар және шын мәнінде үлкен қателік кеткен-кетпегенін анықтай алатын бауырластарды таңдаған дұрыс. Куәгер болуға ақсақалдар таңдалса, олар қауымның атынан сөйлей алмайды. Өйткені бұл іске оларды ақсақалдар кеңесі тағайындаған жоқ.
19 Сонымен, сіз адаммен оңашада сөйлестіңіз, оған бір-екі куәгермен бірге бардыңыз, осылай қайта-қайта күш салдыңыз. Бірақ мәселе сонда да шешілмесе әрі бұны ескерусіз қалдырғыңыз келмесе, онда бұл жайлы қауым бақылаушыларын хабардар етіңіз. Есіңізде болсын, олардың мақсаты — қауымның тыныштығы мен тазалығын сақтау. Ақсақалдарға жүгіну арқылы сіз мәселені соларға тапсырасыз, әрі Ехобаға сенім артасыз. Әлдекімнің әрекетіне бола сүрініп, Ехобаға қызмет етуден келетін қуаныштан айырылып қалмаңыз (Зәб. 119:165).
20 Отардың бағушылары мәселенің мән-жайын тексереді. Сонда адамның сізге қарсы ауыр күнә жасағаны анықталса және ол күнәсіна өкінбей, келтірген залалдың орнын ақылға қонымды деңгейде толтырғысы келмесе, онда бақылаушылар комитеті күнә жасаған адамды қауымнан шығаруды қажет деп табар. Осылайша олар отарды қорғайды, әрі қауымның тазалығын сақтайды (Мат. 18:17).
АУЫР КҮНӘ ЖАСАЛҒАНДА
21 Неке адалдығын бұзу, гомосексуализм, жолдантаюшылық, пұтқа табынушылық және осы сияқты үлкен күнәлар жәбір көрген жақтың кешірімімен ғана шешілмейді (Қор. 1-х. 6:9, 10; Ғал. 5:19—21). Қауымның рухани және моральдық тазалығына нұқсан келгендіктен, мұндай ауыр күнәлар жайлы ақсақалдарды хабардар етіп, істі солар қарастыру керек (Қор. 1-х. 5:6; Жақ. 5:14, 15). Жасаған күнәсін мойындағысы келген адам немесе өзгенің күнәсі жайлы білетін адам ақсақалдарға жолыға алады (Мұс. 3-ж. 5:1; Жақ. 5:16). Ақсақалдар шомылдыру рәсімінен өткен Куәгердің ауыр күнә жасағаны жайлы қалай хабардар болса да, екі ақсақал алдымен істің мән-жайын тыңғылықты тексереді. Егер білген мәліметтері рас екені анықталса және ауыр күнә жасалғанына дәлел табылса, ақсақалдар кеңесі, кем дегенде, үш ақсақалдан тұратын сот комитетін тағайындайды.
22 Ақсақалдар отарға мұқият бас-көз болып, оларға рухани жағынан қауіп төндіретін кез келген нәрседен қорғап жүреді. Сондай-ақ олар Құдай Сөзін шебер қолдана отырып, шалыс қадам басқан адамды түзетеді, әрі рухани денсаулығын жақсартуға көмектеседі (Яһд. 21—23). Бұл елші Пауылдың Тімөтеге берген келесі нұсқауына сай келеді: “Құдай алдында,.. тірілерді де, өлілерді де соттайтын Мәсіх Исаның алдында саған мықтап ескертемін: ...тәлім беру шеберлігін барынша қолданып, зор шыдамдылықпен әшкереле, қатаң ескерт, жігер бер” (Тім. 2-х. 4:1, 2). Бұл іс көп уақытты алуы мүмкін, бірақ бұл — ақсақалдарға жүктелген ауыр істің бір бөлігі. Олардың еңбегін қауым бағалайды, әрі оларға “екі есе құрметке лайық” жандар деп қарайды (Тім. 1-х. 5:17).
23 Әлдекімнің күнә жасағаны анықталған жағдайдың бәрінде бақылаушылардың бірінші кезектегі мақсаты — оған рухани денсаулығын қалпына келтіруге көмектесу. Егер ол шын өкінсе әрі ақсақалдар оған көмектесе алса, оған жеке немесе сот отырысында куәгер болғандардың алдында сөгіс беріледі. Бұл оны жөнге салады, ал қалғандарының бойына пайдалы қорқыныш ұялатады (Сам. 2-ж. 12:13; Тім. 1-х. 5:20). Сөгіс берілген жағдайдың бәрінде мәсіхшіге шектеулер қойылады. Осылайша күнә жасаған адамға көмек көрсетіліп, бұдан кейін ол “аяғының астына түзу жол” сала алады (Евр. 12:13). Адамның рухани күйі жақсарғаны белгілі болған кезде шектеулер алынады.
СӨГІС ЖАЙЛЫ ҚАУЫМҒА ХАБАРЛАУ
24 Егер сот комитеті адамның өкінгенін анықтаса, бірақ оның мәселесі қауымға не тұрып жатқан жеріндегі адамдарға белгілі болса немесе күнәсіна өкінген адам жайлы қауымға ескерту керек болса, “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде қысқаша хабарландыру жасалады: “[Аты-жөні] сөгіс берілді”.
ҚАУЫМНАН ШЫҒАРУДЫ ШЕШКЕНДЕ
25 Кейде адамның күнәға құнығып кеткені сонша — өзіне көрсетілген көмекті қабыл алып жөнделгісі келмейді. Сот отырысы кезінде оның өкінгені “іс жүзінде” анық көрінбеуі мүмкін (Ел. іс. 26:20). Мұндай жағдайда күнәсіна өкінбеген адамды қауымнан шығару қажет, бұдан кейін ол Ехобаның таза халқымен араласа алмайды. Осылайша оның жаман ықпалы қауымнан аластатылып, қауымның моральдық және рухани тазалығы сақталады, әрі жақсатына кір келмейді (Мұс. 5-ж. 21:20, 21; 22:23, 24). Елші Пауыл Қорынт қауымындағы бір адамның ұятсыз жүріс-тұрысы жайлы хабардар болғаннан кейін, “қауымның рухы сақталу” үшін, ондағы ақсақалдарға әлгі адамды “Шайтанға тапсыруды” айтқан (Қор. 1-х. 5:5, 11—13). Сондай-ақ Пауыл I ғасырда шындыққа қарсы бүлік шығарған адамдардың да қауымнан шығарылғаны жөнінде мәлімдеген (Тім. 1-х. 1:20).
26 Күнәсіна өкінбеген адамды қауымнан шығару керектігі шешілсе, сот комитеті бұл шешімнің себептерін Жазбаларға негіздей отырып, адамды хабардар етуі тиіс. Осы шешіммен қатар сот комитеті оның апелляция бере алатынын да түсіндіреді: егер айыпталушы сот барысында үлкен қателік жіберілді деп ойласа және бұл шешімге шағымданғысы келсе, бұл қалауын жазбаша түрде беріп, апелляциясының себептерін анық келтіруі тиіс. Бұны комитеттің шешімін білген соң жеті күн ішінде беруге болады. Егер апелляция келіп түссе, ақсақалдар кеңесі аудандық бақылаушымен байланысады, сөйтіп, аудандық бақылаушы мәселені қайта қарастыратын апелляциялық комитетке лайықты ақсақалдарды таңдайды. Олар апелляциялық сот отырысын хат түскеннен кейінгі бір аптаның ішінде өткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Шағым түскен жағдайда қауымнан шығарылу жөніндегі хабарландыру кейінге қалдырылады. Осы мәселе қарастырылып жатқан уақытта айыпталушы қауымда түсініктеме бере алмайды, дұға да айта алмайды, сондай-ақ мәртебелі қызметтерден шеттетіледі.
27 Айыпталушының апелляциялық шағым бере алатыны оған танытылатын мейірімділік болып табылады. Бұл — адам үшін өз ой-пікірін білдірудің тағы бір мүмкіндігі. Сондықтан ол апелляциялық сот отырысына әдейі келмесе, онымен байланысу үшін ақылға қонымды әрекеттер жасалған соң, оның қауымнан шығарылғаны жөнінде қауымда хабарланады.
28 Ал егер күнә жасаған адам апелляциялық шағым бергісі келмесе, сот комитеті өкінудің маңыздылығын айтып, белгілі бір уақыттан кейін қауымға қайта қабылдану үшін қандай қадамдар жасай алатынын түсіндіреді. Осылай ақсақалдар адамға бұрыс жолдан қайтып, Ехобаның ұйымына оралады-ау деген үмітпен көмек көрсетіп, мейірімділік танытады (Қор. 2-х. 2:6, 7).
ҚАУЫМНАН ШЫҒАРЫЛУ ЖАЙЛЫ ХАБАРЛАНДЫРУ
29 Күнәсіна өкінбеген адамды қауымнан шығару керек деп шешілсе, қауымда қысқаша хабарландыру жасалады: “[Аты-жөні] бұдан былай Ехоба куәгері емес”. Сонда қауымдағы адал бауырластар онымен бұдан былай араласпау керектігін түсінеді (Қор. 1-х. 5:11).
ҚАУЫМНАН БАС ТАРТУ
30 “Қауымнан бас тарту” деген сөз тіркесі шомылдыру рәсімінен өткен, бірақ өзінің мәсіхші екенін әдейі жоққа шығаратын Куәгерге қатысты қолданылады. Бұны ол Ехоба куәгері деп есептелгісі келмейтінін ашық мәлімдеуімен көрсетеді. Я болмаса өз іс-әрекетімен мәсіхшілер қауымында болғысы келмейтінін көрсетуі мүмкін. Мысалы, мұндай әрекетке Киелі кітап ілімдеріне қайшы келетін, Ехоба Құдай айыптайтын ұйымдардың біріне мүшелікке кіру жатады (Ишая 2:4; Аян 19:17—21).
31 Елші Жохан мәсіхшілік сенімінен бас тартқан кейбір замандастары жөнінде былай деген: “Олар біздің арамыздан шықты, бірақ біздікі емес еді. Егер біздікі болса, бізбен бірге қалар еді” (Жох. 1-х. 2:19).
32 Құдайдың көз алдында қауымнан бас тартқан адамның жағдайы уағыздамай жүрген мәсіхшінің жағдайынан мүлдем басқа. Адамның уағыздамай қоюына Құдай Сөзін үнемі оқуды доғарғаны себеп болуы мүмкін. Я болмаса жеке қиындықтарының не қуғын-сүргіннің салдарынан Ехобаға қызмет етуге деген құлшынысы бәсеңдеген шығар. Мұндайда ақсақалдар мен басқа да бауырластар уағыздамай жүрген мәсіхшіден орынды рухани көмектерін аямайды (Рим. 15:1; Сал. 1-х. 5:14; Евр. 12:12).
33 Ал егер мәсіхші өз қалауымен қауымнан бас тартса, бұл жайлы қауымды құлағдар ету үшін, қысқаша хабарландыру жасалады: “[Аты-жөні] бұдан былай Ехоба куәгері емес”. Бауырластар мұндай адамға қауымнан шығарылған адамдай қарайды.
ҚАУЫМҒА ҚАЙТА ҚАБЫЛДАНУ
34 Қауымнан шығарылған не бас тартқан адамның шын өкінгені анық көрінсе және жеткілікті уақыт аралығында бұрыс жолдан қайтқаны іс жүзінде байқалса, оны қауымға қабылдауға болады. Мұндай адам Ехобамен қарым-қатынасын түзеуге ықыласты екенін көрсетуі тиіс. Ақсақалдар асығыстық жасамай, жеткілікті уақыт күтеді, мысалы бірталай ай, бір жыл не жағдайға қарай одан да көп уақыт. Сонда адам өкінішінің шынайы екенін дәлелдей алады. Ақсақалдар кеңесі қауымға қайта қабылданғысы келетін адамнан хат алған соң, қайта қабылдау комитеті онымен сөйлеседі. Сонда сот комитеті адам өкінгенін іс жүзінде қаншалықты дәлелдеп жүргенін байқап, оны қауымға қайта қабылдайтын уақыт туды ма, жоқ па — соны анықтайды (Ел. іс. 26:20).
35 Егер өтініш беруші басқа қауымда жүріп шығарылған болса, онда онымен өзі жүрген жердегі қайта қабылдау комитеті кездесіп, өтінішін қарастыруы тиіс. Егер осы қайта қабылдау комитеті оны қауымға қайта қабылдау керек деп ойласа, онда оның ісін қарастырған бұрынғы қауымның ақсақалдар кеңесіне өз ұсыныстарын жібереді. Іске қатысы бар комитеттер өзара қызметтесіп, дұрыс шешімге келу үшін барлық фактілерді жинайды. Бірақ қауымға қайта қабылдау туралы шешімді кезінде істі қарастырған қайта қабылдау комитеті шығарады.
ҚАУЫМҒА ҚАЙТА ҚАБЫЛДАУ ЖАЙЛЫ ХАБАРЛАНДЫРУ
36 Қайта қабылдау комитеті қауымнан шығарылған не қауымнан бас тартқан адамның шын өкінгеніне көзі жетіп, оны қайта қабылдау керек деп шешсе, қауымға қайта қабылдау жайлы хабарландыру жасалады. Адамның ісі қай қауымда қарастырылған болса, хабарландыру сол қауымда айтылады. Ал егер ол басқа қауымға барып жүрсе, аталмыш хабарландыру сол қауымда да айтылады. Былай деп қысқаша хабарлануы тиіс: “[Аты-жөні] Ехоба куәгері ретінде қауымға қайта қабылданды”.
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН БАЛАЛАР КҮНӘ ЖАСАҒАНДА
37 Шомылдыру рәсімінен өткен әрі кәмелетке толмаған балалар ауыр күнә жасаса, бұл жайлы ақсақалдарды хабардар ету керек. Ақсақалдар кәмелетке толмаған баланың мәселесін қарастырғанда, олармен бірге шомылдыру рәсімінен өткен ата-анасының да отырғаны жөн. Олар сот комитетімен қызметтеседі, бірақ баласын жөнге салатын шаралардан арашалап қалуға тырыспайды. Күнә жасаған үлкен жастағы адамдардың жағдайындағыдай, сот комитеті баланы түзетіп, жөнге салуды көздейді. Ал егер бала күнәсіна өкінбесе, қауымнан шығарылады.
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТПЕГЕН ЖАРИЯЛАУШЫЛАР КҮНӘ ЖАСАҒАНДА
38 Шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы ауыр күнә жасап қойса, қандай шара жасалу керек? Олар шомылдыру рәсімінен өткен Куәгер болмағандықтан, қауымнан шығарыла алмайды. Бірақ Киелі кітап нормаларын толық түсінбегендіктен, “аяқтарының астына түзу жол” салуға көмектесу үшін, оларға мейірімділікпен кеңес беру қажет (Евр. 12:13).
39 Егер шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы екі ақсақалдың онымен кездесіп, көмектескеніне қарамастан күнәсіна өкінбесе, онда қауымды хабардар ету керек. Мынадай қысқаша хабарландыру жасалады: “[Аты-жөні] бұдан былай шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы емес”. Бұдан кейін қауым оған осы дүниелік адам деп қарайды. Ол қауымнан шығарылмаса да, мәсіхшілер онымен араласқанда әрдайым сақ болады (Қор. 1-х. 15:33). Одан уағыз қызметі жөніндегі есеп қабылданбайды.
40 Уақыт өте шомылдыру рәсімінен өтпеген сол адам қайтадан жариялаушы болуға ықылас білдіруі мүмкін. Мұндайда екі ақсақал онымен кездесіп, оның рухани өсіміне көз жеткізеді. Егер талаптарға сай келсе, қысқаша хабарландыру жасалады: “[Аты-жөні] қайтадан шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болды”.
ТАТУ ДА ТАЗА ҒИБАДАТҚА ЕХОБА БАТАСЫН ТӨГЕДІ
41 Бүгінде Құдай қауымымен араласатын әркім Ехобаның өз халқына беріп жатқан рухани мол сыйларына қуанады. Біздің рухани жайылымымыз шүйгін, шындықтың сергітерлік суы мол. Бұған қоса, Ехоба бізді Исаның басшылығымен атқарылатын теократиялық құрылымы арқылы қорғайды (Зәб. 23; Ишая 32:1, 2). Осы қиын-қыстау соңғы күндері рухани жұмақта жүргеніміз өзімізді қауіпсіз сезінуге көмектеседі.
Қауымның татулығы мен тазалығын сақтау арқылы Патшалық жайлы шындықтың нұрын жарқырата түсеміз
42 Қауымның татулығы мен тазалығын сақтау арқылы Патшалық жайлы шындықтың нұрын жарқырата түсеміз (Мат. 5:16; Жақ. 3:18). Құдайдың батасымен біз көптеген адамның Ехобаны танып-біліп, оның еркін орындауда бізбен бірге қызметтесетінін көріп қуанышқа кенелеміз.