-
Сенімде тұрғандардың қатарында болайықКүзет мұнарасы. 2000 | 1 қаңтар
-
-
Құдай Сөзін дұрыс қолдана білу
6. Еврейлерге 10:38-де Пауыл кімнің сөздерінен үзінді келтірді?
6 Пауыл Киелі жазбаларды шебер қолдануымен де бауырластарының сенімін нығайтқан. Мысалы, ол былай деп жазды: «Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді, ал кім тұрақсыздық танытса, ондайға ризашылығым түспейді» (Еврейлерге 10:38). Бұл жерде Пауыл Аввакум пайғамбардың сөздерінен үзінді келтіргенa. Пауылдың хатын оқыған еврей мәсіхшілер пайғамбарлардың кітаптарымен жақсы таныс болатын, сондықтан олар бұл кімнің сөздері екенін білсе керек. Егер Пауылдың мақсаты Иерусалим мен оның аймағындағы мәсіхшілердің сенімін нығайту екенін ескерер болсақ (бұл шамамен б. з. 61 жылы болатын), онда Аввакумның көрсеткен үлгісін мысал ретінде жақсы таңдаған. Неге?
7. Аввакум өзінің пайғамбарлығын қашан жазған және сол уақытта Иудея қандай күйде еді?
7 Аввакум өзінің кітабын б. з. б. 607 жылғы Иерусалимнің күйреуіне не бары жиырма жылдан аса уақыт қалғанда жазған болса керек. Аввакум пайғамбар «қатыгез, жүгенгіз» халдейлердің (немесе бабылдықтардың) жолындағы халықтардың бәріне ойран салып, баса көктеп Иудеяға кіріп, Иерусалимді күйреткені туралы аян көреді (Аввакум 1:5—11). Бірақ бұндай пайғамбарлық Ишая өмір сүрген уақыттан бері, яғни жүз жылдан аса уақыт бұрын, айтылып келе жатқан болатын. Аввакум өмір сүрген уақытта, мейірімді патша Жосияның мирасқоры Жоақим таққа отырады да, Иудеяда заңсыздық тағы да кеңінен етек алады. Ехобаның атынан сөйлегендерді Жоақим қудалайтын, тіпті өлтіретін болған (2 Шежіре 36:5; Еремия 22:17; 26:20—24). Сондықтан, Аввакум пайғамбардың: «Уа, Тәңірім, қашанғы?» — деп ашына айғайлап жібергені таңғаларлық нәрсе емес (Аввакум 1:2).
8. Неге І ғасырдағы мәсіхшілерге Аввакумның мысалы пайдалы болған, ал қазіргі уақытта ше?
8 Иерусалимнің күйреуіне қаншама аз уақыт қалғанын Аввакум білмеді. Тап солай І ғасырдағы мәсіхшілер де, иудей қоғамының соңы қашан келетінін білмеген. Сол сияқты бүгінгі күні біз де, Ехобаның осы зұлым заманды соттайтын «күнінің, сағатының» қашан келерін білмейміз (Матай 24:36). Ал енді Ехобаның Аввакумға берген екі бөліктен тұратын жауабына көңіл аударайық. Біріншіден, айтылған жағдайлар өз уақытында болатынын айтып, Ехоба пайғамбардың сенімін нығайтты. Адамның көзқарасы бойынша кешігіп жатқандай көрінсе де, Құдайдың айтуынша «кешікпейді» (Аввакум 2:3, ЖД). Екіншіден, «сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүретінін» Ехоба Аввакумның есіне салды (Аввакум 2:4). Қандай ғажап әрі қарапайым айтылған ақиқат! Ең бастысы заманның ақыры қашан келетіндігінде емес, біздің сеніммен өмір сүруімізде.
9. Ехобаның бой ұсынғыш қызметкерлері сенімдерінің арқасында а) б. з. б. 607 жылы ә) б. з. 66 жылы қалай аман қалды? б) Сенімімізді нығайту неге біз үшін өте маңызды?
9 Б. з. б. 607 жылы Иерусалим шапқыншылыққа ұшырағаннан кейін, Ехобаның Аввакум арқылы берген уәдесінің рас екеніне Еремияның, оның хатшысы Варухтың, сондай-ақ Авдемелех пен адал рехавиттердің көзі жетті. Иерусалим күл-талқан болып күйреген уақытта, бұл кісілер аман қалды. Неге? Ехоба олардың адалдығын бағалап, оларға өмір сыйлады (Еремия 35:1—19; 39:15—18; 43:4—7; 45:1—5). Бірінші ғасырдағы еврей халқынан шыққан мәсіхшілер де Пауылдың өсиетіне құлақ асқан болса керек, өйткені б. з. 66 жылы Рим әскері Иерусалимге шабуыл жасап, ал сосын белгісіз себептермен кейін шегінген кезде, сол уақыттағы мәсіхшілер қашу керек екендігі туралы Исаның берген ескертуін бұлжытпай орындады (Лұқа 21:20, 21). Сенімдері нықты болғандықтан олар аман қалды. Егер сеніміміз берік болса, зұлым заман жойылғанда біз де тап солай аман қаламыз. Қазіргі уақытта сенімді нығайту үшін, бұл қаншалықты келелі себеп десеңші!
-
-
Сенімде тұрғандардың қатарында болайықКүзет мұнарасы. 2000 | 1 қаңтар
-
-
a Пауыл Септуагинттегі «ал кім тұрақсыздық танытса, ондайға ризашылығым түспейді» деген сөздері бар Аввакум 2:4-тен үзінді келтірген. Бұл сөздер бізге дейін жеткен көне еврей қолжазбаларының ешбірінде жоқ. Септуагинт әлдеқашан жойылып кеткен ертеректегі еврей қолжазбаларына негізделген деген пікір бар. Қалай болған күнде де, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен Пауыл еврейлерге арнаған хатында осы сөздерді келтірген. Яғни бұл сөздер жоғарыда келтірілген үзіндіге Құдайдың еркімен ендірілген деген шешімге келуге болады.
-