-
Өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмайық!Күзет мұнарасы. 2000 | 1 қаңтар
-
-
Өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмайық!
«Біз болсақ өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарынан емеспіз» (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 10:39).
1. Қандай жағдайлар Петірдің тұла бойын қорқыныш билеуіне әкеліп соқтырды?
СҮЙІКТІ Ұстаздары Иса, бәрі Оны тастап бытырап кететінін айтқанда елшілер аң-таң болса керек. Былайғы кезде емес, шәкірттерінің жанында болғанына ол зәру болған кезде бұлай болғаны қалай?! Петір: «Бәрі де Саған сенбей жолдан тайса да, мен Сенен таймаймын»,— деп табандап тұрып алады. Петір расында да ер жүрек, батыр адам болатын. Бірақ Исаға сатқындық жасалып тұтқынға алынғанда, елшілері — олардың арасында Петір де бар болатын — бытырап, тарап кетеді. Кейінірек, Исаны бас діни қызметкер Қаяфаның үйінде тергеп жатқан кезде, Петір дегбірі кетіп аулада күтіп жүреді. Суық түннің түндігі түріле бастаған кезде, бәлкім Петір Исаны да, онымен болғандардың бәрін де өлім жазасына кеседі деп қорқа бастаса керек. Жанында тұрғандардың біреуі оның Исаға жақын адамдардың бірі екенін танып қойғанда, Петірдің зәре-құты қалмайды. Ол үш рет Исамен ешбір қатысы жоқ екенін айтып, тіпті оны танитындығынан да бас тартады! (Марқа 14:27—31, 66—72).
2. а) Исаны тұтқынға алған түні батылсыздық танытқанына қарамастан, неге Петір «тұрақсыздардың» қатарына жатпайды? ә) Қандай әрекетке белімізді бекем байлауымыз керек?
2 Петір үшін бұл өмір-бақи өкініп өтуге мәжбүр еткен жағдай болғанында күмән жоқ. Ендеше, сол бір түнгі жағдайдан кейін Петірді су жүрек деуге болады ма? Оны — кейінірек елші Пауылдың: «Біз болсақ өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарынан емеспіз»,— дегендердің қатарына қосуға бола ма? (Еврейлерге 10:39). Бәлкім, Пауылдың сөдерін Петірге қатысты айтуға болмайтынымен көпшілігіміз келісетін болармыз. Неге? Өйткені Петірдің үрейі уақытша болатын, бұл әрқашан батылдық пен сенім танытып жүрген адамның әншейін қас қағым уақытқа дәрменсіздік танытуы еді. Біздің де осындай — аяқ астынан тұла бойымызды үрей билеп, өзіміз қалағандай ақиқатты батыл қорғай алмаған— өкінішпен еске алатын жағдайға ұшыраған кездеріміз болған ғой. (Римдіктерге 7:21—23, салыстырыңдар.) Қас қағым уақытқа бойымызды билеген бұндай өткінші дәрменсіздіктің, өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында екендігімізді білдірмейтініне сенімді бола аламыз. Сөйтсе де, бұндай болмауға белімізді бекем байлауымыз керек. Бұл не үшін қажет? Және бұндай адам болмау үшін не істеу керек?
«Өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында» болу деген нені білдіреді?
3. Ілияс пайғамбар мен Жүніс пайғамбар қалай батылсыздық танытқан еді?
3 Пауыл «тұрақсыздар» туралы жазған кезде қас қағым сәтке батылсыздық танытқандарға қатысты айтқан жоқ еді. Петірдің басынан кешкенін және осы сияқты басқа да оқиғаларды Пауылдың білгендігінде күмән жоқ. Ілияс ер жүрек пайғамбар әрі қайсар адам болған. Бір кездері ол, қатыгез ханша Езабелдің өлім жазасымен қорқытқанынан үрейленіп, өмірін аман алып қалу үшін қашып кеткен болатын (3 Патшалық 19:1—4). Жүніс пайғамбарды болса одан да қатты үрей билеген еді. Ехоба оған зорлық-зомбылыққа толы азғын қала — Ніневиге баруды тапсырған-ды. Ал Жүніс болса, алды-артына қарамай қарама-қарсы бағытта 3500 шақырым жерде орналасқан Фарсис қаласына қарай жүретін кемеге отырады! (Жүніс 1:1—3). Осыған қарамастан осы адал пайғамбарларды да, елші Петірді де тұрақсыздардың қатарына қоса алмаймыз. Неге?
4, 5. а) Еврейлерге 10:39-да «өлімге ұшырайтын» сөзін қолдануымен Пауылдың не айтқысы келгенін түсінуге контекс қалай көмектеседі? ә) «Біз болсақ өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарынан емеспіз» дегенде Пауыл нені түсіндіргісі келді?
4 Пауылдың айтқан сөздерін толық қарастырып көрейікші: «Біз болсақ өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарынан емеспіз». «Өлімге ұшырайтын» деген сөзді қолдануымен ол не айтқысы келді? Пауылдың бұл жерде қолданған грек сөзі кейде мәңгі-бақи жойылуды білдіреді. Бұндай анықтама контекске сай келеді. Осы сөздердің алдында Пауыл мынадай ескерту жасаған болатын: «Егер шынайы хабарды естіп-білгеннен кейін де әдейі күнә жасай берсек, онда бізді күнәмыздан арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ. Қайта, қиямет сотын және Иемізге қарсы шыққандарды жалмайтын қаһар отын үрейленіп күтуден басқа бізге түк те қалмайды» (Еврейлерге 10:26, 27).
5 Сондықтан, Пауыл бір сенімдегілерге «біз болсақ өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарынан емеспіз» деуімен өзінің де, оның хатын оқыған адал мәсіхшілердің де Ехобаның жолынан ешқашан таймай, оған әрдайым қызмет етуге белдерін бекем буғанын айтқысы келген болатын. Әйтпесе олар мәңгіге жойылған болар еді. Саналы түрде Ехобаның рухына қарсы әрекет еткен Иуда Исқариот пен басқа да ақиқаттың жауларын осындай жойылу немесе өлім күтіп тұрды (Жохан 17:12; 2 Салониқалықтарға 2:3). Бұндай адамдар, бейнелеп айтқанда, отты көлдегі мәңгілік өлімге ұшырайтын «қорқақтардың» қатарына кіреді (Аян 21:8). Жоқ, біздің оларға ұқсағымыз келмейді!
6. Шайтан Ібіліс біздің не істегенімізді қалайды?
6 Шайтан Ібіліс біздің өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болғанымызды қалайды. Ол «қастық іс-әрекет» жасауға «ұста», сондай-ақ өлімге жетелейтін жол көбінесе болмашы нәрселерден басталатынын да біледі (Ефестіктерге 6:11). Егер ол қуғын-сүргінге ұшырату арқылы көздеген мақсатына жете алмаса, айлалы іс-әрекетпен шынайы мәсіхшілерді сенімінен айыруға тырысады. Шайтан батыл әрі алдына жан салмай қызмет ететін Ехоба Куәгерлерінің үні өшкенін қалайды. Пауыл өзінің хатын еврей халқынан шыққан мәсіхшілерге арнағандықтан, Шайтанның сол мәсіхшілерге қастық іс-әрекет жасаудың қандай әдісін қолданғанын қарастырып көрейік.
Тұрақсыз болуға мәсіхшілерді қалай мәжбүрлеген
7. а) Иерусалимдегі қауым жиналысының тарихы қандай? ә) Пауылдың хатын оқығандардың кейбіреулерінің рухани күйі қандай еді?
7 Айғақтарға қарағанда Пауыл еврейлерге арнаған хатын б. з. 61 жылдары жазған. Иерусалимдегі қауым жиналысының даму тарихы қиын кезеңдерге толы болды. Исаның өлімінен кейін қуғын басталып, Иерусалим қаласындағы мәсіхшілердің көбісін бытыратып жібереді. Бірақ осы қуғыннан кейін орнаған тыныштық кезеңі мәсіхшілер санының арта түсуіне септігін тигізді (Елшілердің істері 8:4; 9:31). Жылдар өте келе, қуғын-сүргін, қиын-қыстау кезеңдері мен тыныштық кезеңдері алмасып отырды. Пауыл еврейлерге арнаған хатын жазған уақытта, ондағы қауым осындай сәл де болса тыныштық орнаған кезеңдердің бірінде болғанға ұқсайды. Бірақ қысым жоқ емес-тін. Иса Иерусалимнің жойылатынын пайғамбарлық еткелі отыз жылға жуық уақыт өткен еді. «Қаланың жойылар күні тым ұзап кетті, ол күнді көзіміз тіріде көреміз бе, жоқ па, белгісіз»,— деген пікірдегі адамдар да табыла бастаса керек. Өзгелері болса, әсіресе ақиқат жолына енді ғана түскендері, қатты қуғынмен бетпе-бет кездеспегендіктен, сынаққа түскенде берік болудың не екенін жете түсінбейтін (Еврейлерге 12:4). Бұл жағдайларды Шайтан өз мүддесі үшін пайдалануға тырысқандығында күмән жоқ. Ол қандай «қастық іс-әрекеттер» жасады?
8. Иудейлердің көпшілігі мәсіхшілердің жаңадан құрылған қауымына қалай қарады?
8 Иудея мен Иерусалимдегі иудейлер жаңадан құрылған мәсіхшілердің қауымына жек көрушілікпен қарайтын. Иудейдің өр көкірек дін басылары мен олардың ізін қуушылардың мәсіхшілерді мазақ еткені туралы Пауылдың хатынан азды-көпті мәлімет алуға болады. Мысалы, олар былай дейтін болса керек: «Біздің қаншама ғасырдан бері Иерусалимде тұрған ғибадатханамыз бар! Ғибадатханада қол астындағы діни қызметкерлермен бірге қызмет ететін тамаша бас діни қызметкеріміз бар. Күнделікті құрбандық шалынады. Сондай-ақ бізде Синай тауында салтанатты ұлылықпен кепілдік етіліп, періштелер арқылы Мұсаға берілген Таурат заңы бар. Ал иудаизмнің жолынан тайып, күні кеше ғана пайда болған мына сектада, яғни мәсіхшілерде, бұның бірде-бірі жоқ!» Осындай мінеп айтылған сөздер мәсіхшілерге әсер етті ме? Бұндай кекесін сөздер, еврейден шыққан мәсіхшілердің кейбірінің мазасын алса керек. Сондықтан Пауылдың хаты оларға дер кезінде келді.
Олардың өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмауы керектігінің себептері
9. а) Еврейлерге арналған хаттың басынан аяғына дейін қандай тақырып дамиды? ә) Қай мағынада мәсіхшілер Иерусалимдегі ғибадатханадан артық ғибадатханада қызмет еткен?
9 Пауыл Иудеядағы бауырластарының өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарына қосылуға болмайтындығының екі себебін келтірді. Осы себептерді қарастырып көрейік. Біріншісі — Еврейлерге арналған хаттың басынан аяғына дейін анық көрінетін мәсіхшілер мінажатының артықшылықтары. Хаттың басынан аяғына дейін Пауыл осы тақырыпты дамытып отырған. Иерусалимдегі ғибадатхана, «жер бетіндегі ғибадат орнынан гөрі әлдеқайда ұлы» Ехобаның рухани ғибадатханасының бейнесі ғана болатын (Еврейлерге 9:11). Сол уақыттағы мәсіхшілердің үлесіне шынайы мінажатқа арналған рухани құрылымда қызмет ету тиді. Олар, әлдеқашан уәде етілген ең игі өсиетке мойынсұнып қызмет етті. Бұл өсиеттің Келістірушісі Мұсадан жоғары тұрған Иса Мәсіх болатын (Еремия 31:31—34).
10, 11. а) Исаның шыққан тегі рухани ғибадатханада Діни қызметкер ретінде қызмет етуіне неге кедергі бола алмады? ә) Неге Иса Иерусалим ғибадатханасындағыдан анағұрлым артық Діни қызметкер болды?
10 Оның үстіне, сол уақыттағы мәсіхшілердің Бас діни қызметкері — Иса Мәсіх — анағұрлым жақсы болатын. Ол Һарун руынан емес еді. Ол «Мәліксадық іспетті» Діни қызметкер болған (Забур 109:4). Шыққан тегі еш жерде жазылмаған Мәліксадық ежелгі Сәлім қаласының патшасы әрі діни қызметкері болған еді. Сондықтан Мәліксадықтың бейнесі, кемелсіз адамның ұрпағынан емес, Ехоба Құдайдың ант беруінің арқасында діни қызметкер болып тағайындалған Исаның болашақ үлгісі ретінде орынды келтірілген болатын. Иса Мәліксадық іспетті Бас діни қызметкер ғана емес, мәңгі-бақи өлмейтін Патша ретінде қызмет етеді (Еврейлерге 7:11—21).
11 Оның үстіне, Исаның Иерусалимдегі ғибадатханада қызмет ететін бас діни қызметкерден айырмашылығы — оған жыл сайын құрбандық шалудың қажеті жоқ болатын. Ол барлық уақытқа жетерлік жалғыз ғана құрбандық шалды. Бұл — оның кемелді өмірі (Еврейлерге 7:27). Ғибадатханада шалынатын құрбандықтардың бәрі де, Исаның құрбандығының көлеңкесі ғана, бейнесі ғана болатын. Исаның мінсіз құрбандығына сенгендердің бәрінің күнәлары толығымен кешірілетін. Сонымен қатар, осы Бас діни қызметкердің Иерусалимдегі мәсіхшілер білетін, ешқашан өзгермейтін тап сол Исаның өзі екендігі туралы Пауылдың айтқан сөздері де көңілді қуантады. Ал ол болса кіші пейілді де, мейірімді, сондай-ақ «бізге жаны ашитын, осал жақтарымызды түсіне» алатын болған (Еврейлерге 4:15; 13:8). Сол кездегі мәсіхшілердің Исаның қол астында діни қызметкер болып қызмет етуге үміті бар еді! Олар иудаизмнің «әлсіз, бейшара», тұрпайы іліміне кері айналып бет бұруды қалайша ойлады екен?! (Ғалаттықтарға 4:9).
12, 13. а) Пауыл ешқашан тұрақсыздардың қатарынан болмаудың қандай екінші себебін келтірді? ә) Еврейден шыққан мәсіхшілердің істеген «адал қызметі» неге олардың өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмауына септігін тигізер еді?
12 Жоғарыда келтірілген дәлелдер жеткілікті болып көрінеді, бірақ Пауыл еврейлерге өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмаудың екінші себебін келтіреді. Бұл — олардың Құдай жолындағы адал қызметі. Пауыл былай деп жазды: «Бұрынғы уақытты еске алыңдаршы: Құдайдың нұры жүректеріңді ағартқаннан кейін сендер азапқа толы күреске тап болып, соған төтеп бердіңдер». Пауыл олардың масқараға, зорлық-зомбылыққа ұшырап, жұрт қызықтап қарайтын «тамашаға» айналған кездерін естеріне салды. Олардың кейбіреулерін түрмеге қамаса, басқалары оларға жанашырлық танытып, демеу болған. Иә, олар өзгелерге өнеге болатын сенім мен табандылық танытқан еді (Еврейлерге 10:32—34). Бірақ неге Пауыл олардың осы жағымсыз оқиғаларды «еске алуларын» өтінді? Бұл оқиғаларды еске алғанда, олардың көңілдерін мұң шалмас па еді?
13 Керісінше, еврейлер «бұрынғы уақытты еске алуымен» қиын-қыстау кезеңдерде Ехобаның қалайша медеткер болғанын еске түсірер еді. Ехобаның көмегімен олар Шайтанның қаншама қастық әрекеттеріне қарсы тұрған болатын. Пауыл былай деп жазды: «Оның атына істеген сүйіспеншілікке толы еңбектерің мен игі істеріңді ұмытатындай, Құдай әділетсіз емес» (Еврейлерге 6:10). Иә, Ехоба олардың адалдықпен атқарған істерінің бәрін ұмытпай жадында сақтап отырды. Бұл Исаның аспанда байлық жинауға шақырғанын есімізге салады. Бұндай байлықты ешқандай ұры ұрлай алмайды, күйе де жемейді, тат та баспайды (Матай 6:19—21). Мәсіхші өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарына қосылса ғана бұндай байлық құриды. Олай болатын болса, мәсіхшінің аспанда жиған-тергенінің бәрі зая кетеді. Еврейден шыққан мәсіхшілердің осындай жолды таңдамауына себеп болатындай Пауыл қандай айқын нәрселерді айтты десеңші! Соншама жыл бойы атқарған өздерінің адал еңбектерін еш етудің қажеті не? Оның орнына, табандылық танытқандары дұрыс әрі абзал болар еді.
Неге біз ешқашан өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмауымыз керек
14. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер кездескендей сынақтарға бүгінгі күні біз де кездесіп жүрміз бе? Кейбіреулерін атап өтші.
14 Бүгінгі күнгі мәсіхшілердің өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмауына себеп болатын айқын нәрселер аз емес. Біріншіден, Ехобаның арқасында шынайы мінажат атқарып жүргеніміздің өзі қандай зор бата екенін ұмытпалық. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер іспетті, біз де, анағұрлым танымал діндердің мүшелері көкіректерін көтеріп өздерінің салтанатты ғимараттары мен әдет-ғұрыптарының көнелігіне нұсқап, бізді мазақ ететін уақытта өмір сүрудеміз. Сөйтсе де, Ехоба біздің мінажатымызға разы екенін айтып отыр. Оның үстіне, біз І ғасырдағы мәсіхшілер алмаған батаны алып жатырмыз. Бәлкім, сендер: «Бұл қалай болғаны?» — деп таңданарсыңдар. Өйткені олар рухани ғибадатхана іске қосылған уақытта өмір сүрді ғой. Б. з. 29 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, Мәсіх сол рухани ғибадатхананың Бас діни қызметкері болып тағайындалды. Олардың кейбіреулері Құдай Ұлының жасаған кереметтерін көрген. Тіпті ол өлгеннен кейін де кереметтер жасалып жатты. Алайда, алдын ала айтылғандай, кейінірек бұндай сыйлардың берілуі доғарылды (1 Қорынттықтарға 13:8).
15. Бүгінгі күнгі шынайы мәсіхшілер қандай пайғамбарлық орындалып жатқан уақытта өмір сүруде және бұл біз үшін нені білдіреді?
15 Бірақ, біз Езекиел кітабының 40—48 тарауларында жазылған ғибадатхана туралы айрықша мәні бар пайғамбарлық орындалып жатқан уақытта өмір сүрудемізa. Осылайша біз Құдайға деген шынайы мінажаттың қайта қалпына келтірілуін бақыладық, әрі бұдан былай да бақылай бермекпіз. Бұл рухани ғибадатхана, жалған дінмен арамдалған нәрселер мен бұтқа табынушылықтың барлық түрлерінен тазартылған (Езекиел 43:9; Малахия 3:1—5). Осындай тазартудың біз үшін қаншалықты пайдалы екенін ойлап көріңдерші!
16. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қандай қайғылы жағдайға кезікті?
16 Бірінші ғасырда мәсіхшілердің ұйымдасқан қауым жиналысының болашағы күңгірт болып көрінетін. Бидай егілген жерге арамшөп себілгендіктен оларды бір-бірінен ажырату мүмкін болмай қалатынын Иса алдын ала бейнелеп айтқан болатын (Матай 13:24—30). Тап солай болып шықты. Бірінші ғасырдың ақырында, мәсіхшілер қауымын құлдыраудан сақтандырушы жалғыз арқау егде тартқан елші Жохан болып отырған шақта, жолдан таюшылық өркендеп жатқан болатын (2 Салониқалықтарға 2:6; 1 Жохан 2:18). Елшілер өлгеннен кейін көп ұзамай, ерекше киім киіп жүретін, сондай-ақ отарды қан қақсатып қанайтын өзгеше дін басылар табы пайда болды. Жолдан таюшылық өлі еттену дерті сияқты жайлады. Бұны көрген шынайы мәсіхшілердің көңілі қалай жүдеді десеңші! Олардың көз алдында мынадай жағдай болды: шынайы мінажаттың азғындаған түрі жаңадан бой көтерген шынайы мінажат құрылымынан үстем болып кетті. Ол кезде тіпті, Мәсіх қауымның негізін қалағалы бері бір ғасыр да өткен жоқ еді ғой.
17. Бүгінгі күнгі мәсіхшілердің қауым жиналысы қай мағынада І ғасырдағыға қарағанда ұзақ жасады?
17 Ал енді осы екі арадағы айырмашылыққа көңіл аударып көрейік. Бүгінгі күні елшілер өлгенге дейінгі уақытқа қарағанда шынайы мінажат анағұрлым ұзақ уақыт бойы сақталып келеді. 1879 жылы осы журналдың бірінші саны жарыққа шыққаннан бері, Ехобаның беріп жатқан батасының арқасында шынайы мінажат тазарған үстіне тазара түсуде! Тазартып шығу мақсатымен 1918 жылы Ехоба мен Иса рухани ғибадатханаға кірді (Малахия 3:1—5). 1919 жылдан бастап Ехоба Құдайға мінажат ету құрылымы күннен-күнге тазара түсуде. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар мен принциптерді біз анағұрлым тереңірек түсінудеміз (Нақыл сөздер 4:18). Осының бәрі кімнің арқасында болып жатыр? Әрине, кемелсіз адамдардың арқасында емес. Заманның осындай бұзылған кезінде өзінің халқын азғындық жолдан қорғап отырған — тек Ехоба мен қауым жиналысының Басшысы болып отырған оның Ұлы. Ехоба бүгінгі күні шынайы мінажат етушілердің қатарына біздің де қосылуымызға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, әрқашан оған деген ризашылығымызды білдірейік. Және ешқашан өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмауға белімізді бекем буайық!
18. Ешқашан өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болмауымыз үшін қандай себеп бар?
18 Еврейден шыққан мәсіхшілердегідей, бізде де батылсыздық танытып, тұрақсыз болмауға негіз болар екінші себеп бар. Бұл — біздің Құдай жолындағы адал қызметіміз. Ехобаға қызмет етуді қай уақытта бастағанымызға қарамастан — соңғы жылдары ма, жоқ әлде бірнеше онжылдықтар бұрын ба — біз мәсіхші ретінде азды-көпті қызмет атқардық. Арамыздағылардың көпшілігі түрмеге қамалу, тиым салыну, адам айтқысыз зәбір көру немесе мал-мүлкінен айырылу сияқты қуғын-сүргіндерді бастан кешірді. Мәсіхшілердің анағұрлым басым көпшілігі отбасындағы қарсылыққа, қорлық пен мазаққа, немкетті көзқарасқа кезікті. Өмірдің талай-талай тауқыметіне жолыққанымызға қарамастан, бәріміз де Ехобаға деген адал қызметімізді жалғастыра бердік. Осылайша әрекет етуімізбен, өз есемізге аспанда байлық жинадық, яғни төзімділігімізді көрсететін азды-көпті істер істедік. Бұндай істерді Ехоба ұмытпайды. Сондықтан қазір құлдырап бара жатқан осы дүниеге қайта елеңдеп, тұрақсыздық танытатын уақыт емес! Маңдай терімізді төккен еңбегімізді еш етудің не қажеті бар? Әсіресе осы зұлым заманның ақыры «сәлден кейін, қас қағым сәттен» соң келетін уақытта бұның маңыздылығы зор (Еврейлерге 10:37).
19. Келесі мақалада қандай сұрақтар талқыланады?
19 Иә, «өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарына» қосылмайтынымызды түбегейлі шешіп алайық! Керісінше, «сенімде тұрайық» (Еврейлерге 10:39). Осы сөздерге сәйкес өмір сүру үшін не істеу керек, сондай-ақ басқа мәсіхшілердің де осылай әрекет етуіне қалай көмектесе аламыз? Бұл сұрақтар келесі мақалада талқыланады.
-
-
Сенімде тұрғандардың қатарында болайықКүзет мұнарасы. 2000 | 1 қаңтар
-
-
Сенімде тұрғандардың қатарында болайық
«Біз... жанымызды аман сақтап қалу үшін сенімде тұрмыз» (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 10:39).
1. Ехобаның әрбір адал қызметшісінің сенімін неге бағалы деуге болады?
КЕЛЕСІ жолы Ехобаға мінажат етушілерге лық толған Патшалық Сарайына келгенде, азғана кідіріп, айналадағы адамдарға көз тастаңдаршы. Олар өздерінің сенімдерін қалай жан-жақты танытып жүргеніне ой жүгіртіп көріңдерші. Ол жерден ондаған жылдан бері Құдайға қызмет етіп жүрген қартаң кісілерді, құрбы-құрдастарының қысымына күнделікті төтеп беріп жүрген жастарды, сондай-ақ балаларын Құдайды қастерлейтіндей азамат етіп тәрбиелеу үшін бар күшін салып жүрген ата-аналарды көруге болады. Міне мыналар болса, қауымдағы көптеген міндетті өз мойнына алған қариялар мен қызметтегі көмекшілер. Иә, Патшалық Сарайында Ехобаға қызмет ету үшін алуан түрлі қиындықтарды бастан кешіріп жүрген рухани бауырластардың жасын да, кәрісін де кездестіруге болады. Олардың әрқайсысының сенімі қаншалықты бағалы десеңші! (1 Петір 1:7).
2. Еврейлерге арналған хаттың 10, 11-тарауларындағы Пауылдың өсиеттері неге бүгінгі күні бізге де пайдалы?
2 Сенімнің маңыздылығының қаншалықты зор екенін кемелсіз адамдардың арасында Пауылдан жақсы түсінетіндер кемде-кем болған, бәлкім, ондайлар тіпті болмаған да шығар. Пауылдың айтуынша нағыз сенім «жанымызды аман сақтап» қалады (Еврейлерге 10:39). Бірақ, сенімнен жұрдай болған осы зұлым дүниеде сенімнің сынаққа түсіп, бұзылуы мүмкін екенін Пауыл білген. Ол, сенімдерін сақтап қалу үшін күресіп жүрген Иерусалим қаласы мен Иудеядағы еврей мәсіхшілер үшін қатты уайымдаған. Еврейлерге арналған хаттың 10, 11-тарауларын қарастыра отырып, бауырластарының сенімін нығайтқанда Пауылдың қандай әдіс қолданғанына көңіл аударайықшы. Ал, қарастыру барысында өзіміздің де, айналадағылардың да сенімін қалай нығайтуға болатынын көреміз.
Бір-біріңе сенімді болыңдар
3. Пауылдың Еврейлерге 10:39-ғы сөздері оның бір сенімдегі бауырластарына сенімді болғанын қалай көрсетеді?
3 Еврейлерге арналып жазылған хаттан ең алдымен, Пауылдың оларға деген дұрыс көзқарасын байқауға болады. Ол былай деп жазды: «Біз болсақ өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарынан емеспіз, қайта жанымызды аман сақтап қалу үшін сенімде тұрмыз» (Еврейлерге 10:39). Адал мәсіхшілер жөнінде Пауыл жаман емес, жақсы ойда болды. Оның үстіне, оның «біз» деген есімдікті қолданғанын ескере кетелік. Пауыл әділ адам болған. Алайда осыған қарамастан, ол өзі әділдіктің жоғары сатысында тұрғандай, бауырластарын төмен санап, көкірегін көтермеді. (Екклесиаст 7:16, салыстырыңдар.) Керісінше, ол өзін де солардың қатарына қосты. Пауыл адал мәсіхшілерге арнап жазған осы хатында, олардың өлімге ұшырайтын тұрақсыздардың қатарында болудан табандылықпен бас тартып, сенімде тұратындарына, сонымен қатар күтіп тұрған қорқынышты қарсылықтарды өзімен бірге қарсы алатынына шын жүректен сенімді екенін көрсетті.
4. Қандай себептермен Пауыл бауырластарына сенді?
4 Пауыл неге мұншалықты сенімді болды? Ол еврей мәсіхшілердің кемшіліктеріне көз жұма салды ма? Жоқ, олардың рухани болмысының кемістіктерін жоюға көмектесу үшін, ол нақты кеңестер берді (Еврейлерге 3:12; 5:12—14; 6:4—6; 10:26, 27; 12:5). Сонда да, Пауылдың бауырластарына сенімділік танытуына кем дегенде екі негізгі себеп бар еді. 1) Ехобаға еліктегендіктен, Пауыл Құдайдың халқына деген көзқарасын Ехобаның көзқарасына сай етуге тырысатын. Яғни ол, бауырластарының кемшіліктеріне ғана емес, жақсы қасиеттеріне, сондай-ақ олардың болашақта да жақсылық жасай беруге деген ынтасына да көңіл аударуға тырысатын (Забур 129:3; Ефестіктерге 5:1). 2) Пауыл киелі рухқа деген сенімінің күштілігімен ерекшеленетін. Ехобаның өзіне адал қызмет етуге ыждағаттанатын әрбір мәсіхшіні «шамадан тыс күшке» бөлеуіне қарсылықтың да, адамға тән әлсіздіктің де кедергі бола алмайтынын ол білетін (2 Қорынттықтарға 4:7; Філіпіліктерге 4:13). Сондықтан, Пауылдың бауырластарына деген сенімділігі орынсыз, іске аспайтын немесе негізсіз бос сенім емес еді. Оның сенімділігі әбден орынды, әрі Киелі жазбаларға негізделген болатын.
5. Қалайша біз тап Пауылдікіндей сенімділік таныта аламыз және бұл неге себепші болады?
5 Оның сенімділігінің өзгелерді де еліктетіп әкететін күші болғандығында сөз жоқ. Пауылдың Иерусалим мен Иудеядағы қауымдарға арнап айтқан жігерлі сөздерінің олар үшін мәні зор болған болса керек. Оның сөздері, мәсіхшілерге қарсы иудейлердің жанға тиетін мазағына да, менменсіп немқұрайдылық танытқанына да қарамастан, еврей мәсіхшілердің қайраттылық танытып, сенімде тұруларына көмектесті. Бүгінгі күні біз де бір-бірімізге осылай ете аламыз ба? Өзгенің ағаттықтарын тізбекке тізіп, оның жеке басының кемшіліктерін ғана байқау оп-оңай (Матай 7:1—5). Бірақ, егер біз әрқайсымыздағы қайталанбас сенімге көңіл аударып, оны бағалай білетін болсақ, бір-бірімізге анағұрлым көбірек көмек көрсетеміз. Осылайша жігерлендіру сенімнің тезірек нығаюына себепші болады (Римдіктерге 1:11, 12).
Құдай Сөзін дұрыс қолдана білу
6. Еврейлерге 10:38-де Пауыл кімнің сөздерінен үзінді келтірді?
6 Пауыл Киелі жазбаларды шебер қолдануымен де бауырластарының сенімін нығайтқан. Мысалы, ол былай деп жазды: «Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді, ал кім тұрақсыздық танытса, ондайға ризашылығым түспейді» (Еврейлерге 10:38). Бұл жерде Пауыл Аввакум пайғамбардың сөздерінен үзінді келтіргенa. Пауылдың хатын оқыған еврей мәсіхшілер пайғамбарлардың кітаптарымен жақсы таныс болатын, сондықтан олар бұл кімнің сөздері екенін білсе керек. Егер Пауылдың мақсаты Иерусалим мен оның аймағындағы мәсіхшілердің сенімін нығайту екенін ескерер болсақ (бұл шамамен б. з. 61 жылы болатын), онда Аввакумның көрсеткен үлгісін мысал ретінде жақсы таңдаған. Неге?
7. Аввакум өзінің пайғамбарлығын қашан жазған және сол уақытта Иудея қандай күйде еді?
7 Аввакум өзінің кітабын б. з. б. 607 жылғы Иерусалимнің күйреуіне не бары жиырма жылдан аса уақыт қалғанда жазған болса керек. Аввакум пайғамбар «қатыгез, жүгенгіз» халдейлердің (немесе бабылдықтардың) жолындағы халықтардың бәріне ойран салып, баса көктеп Иудеяға кіріп, Иерусалимді күйреткені туралы аян көреді (Аввакум 1:5—11). Бірақ бұндай пайғамбарлық Ишая өмір сүрген уақыттан бері, яғни жүз жылдан аса уақыт бұрын, айтылып келе жатқан болатын. Аввакум өмір сүрген уақытта, мейірімді патша Жосияның мирасқоры Жоақим таққа отырады да, Иудеяда заңсыздық тағы да кеңінен етек алады. Ехобаның атынан сөйлегендерді Жоақим қудалайтын, тіпті өлтіретін болған (2 Шежіре 36:5; Еремия 22:17; 26:20—24). Сондықтан, Аввакум пайғамбардың: «Уа, Тәңірім, қашанғы?» — деп ашына айғайлап жібергені таңғаларлық нәрсе емес (Аввакум 1:2).
8. Неге І ғасырдағы мәсіхшілерге Аввакумның мысалы пайдалы болған, ал қазіргі уақытта ше?
8 Иерусалимнің күйреуіне қаншама аз уақыт қалғанын Аввакум білмеді. Тап солай І ғасырдағы мәсіхшілер де, иудей қоғамының соңы қашан келетінін білмеген. Сол сияқты бүгінгі күні біз де, Ехобаның осы зұлым заманды соттайтын «күнінің, сағатының» қашан келерін білмейміз (Матай 24:36). Ал енді Ехобаның Аввакумға берген екі бөліктен тұратын жауабына көңіл аударайық. Біріншіден, айтылған жағдайлар өз уақытында болатынын айтып, Ехоба пайғамбардың сенімін нығайтты. Адамның көзқарасы бойынша кешігіп жатқандай көрінсе де, Құдайдың айтуынша «кешікпейді» (Аввакум 2:3, ЖД). Екіншіден, «сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүретінін» Ехоба Аввакумның есіне салды (Аввакум 2:4). Қандай ғажап әрі қарапайым айтылған ақиқат! Ең бастысы заманның ақыры қашан келетіндігінде емес, біздің сеніммен өмір сүруімізде.
9. Ехобаның бой ұсынғыш қызметкерлері сенімдерінің арқасында а) б. з. б. 607 жылы ә) б. з. 66 жылы қалай аман қалды? б) Сенімімізді нығайту неге біз үшін өте маңызды?
9 Б. з. б. 607 жылы Иерусалим шапқыншылыққа ұшырағаннан кейін, Ехобаның Аввакум арқылы берген уәдесінің рас екеніне Еремияның, оның хатшысы Варухтың, сондай-ақ Авдемелех пен адал рехавиттердің көзі жетті. Иерусалим күл-талқан болып күйреген уақытта, бұл кісілер аман қалды. Неге? Ехоба олардың адалдығын бағалап, оларға өмір сыйлады (Еремия 35:1—19; 39:15—18; 43:4—7; 45:1—5). Бірінші ғасырдағы еврей халқынан шыққан мәсіхшілер де Пауылдың өсиетіне құлақ асқан болса керек, өйткені б. з. 66 жылы Рим әскері Иерусалимге шабуыл жасап, ал сосын белгісіз себептермен кейін шегінген кезде, сол уақыттағы мәсіхшілер қашу керек екендігі туралы Исаның берген ескертуін бұлжытпай орындады (Лұқа 21:20, 21). Сенімдері нықты болғандықтан олар аман қалды. Егер сеніміміз берік болса, зұлым заман жойылғанда біз де тап солай аман қаламыз. Қазіргі уақытта сенімді нығайту үшін, бұл қаншалықты келелі себеп десеңші!
Сенімділік танытқандардың мысалы жанданды
10. Мұсаның сенімін Пауыл қалай суреттеді және оның сеніміне біз қалай еліктей аламыз?
10 Сонымен қатар, Пауыл Мысалдарды әсерлі етіп қолдануымен де сенімді нығайтқан. Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауын оқи отырып, оның қалай Киелі кітап кейіпкерлерінің мысалдарын жандандырып жіберетініне көңіл аударыңдаршы. Мысалы, ол Мұсаның «көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай сүйенгенін» айтады (Еврейлерге 11:27). Басқа сөзбен айтқанда, Ехобаның бар екеніне Мұсаның сенгені соншалық, көзге көрінбейтін Жаратқан Иені көргендей сезінген. Біз жөнінде де осылай деуге бола ма? Ехобамен қарым-қатынаста болу керек екендігі туралы айту оп-оңай, бірақ онымен тығыз қарым-қатынаста болу үшін күш салу керек. Иә, онымен қарым-қатынаста болу үшін еңбек ету керек! Қандай да бір шешім қабылдағанда, мейлі ол болмашы ғана мәселе болып көрінсін, біз Ехобаны есімізде ұстаймыз ба? Оның расында да бар екеніне сеніміміз берік пе? Бұндай сенім ең күшті қарсылыққа да төтеп беруімізге көмектеседі.
11, 12. а) Енохтың сенімі қандай жағдайларда сыналды деуге болады? ә) Енох көңіліне дем берер қандай сыйға ие болды?
11 Енохтың сеніміне көңіл аударайықшы. Бізге оның қандай қарсылыққа кезіккенін елестетіп көрудің өзі қиын. Енох, сол уақыттағы зұлым адамдарға шығарылған үкім туралы жан күйдірер хабарды жариялауы керек еді (Иуда 14, 15). Сірә, бұл кісі күшті қарсылыққа кезіккен болса керек. Сондықтан, жаулары оған қол салмас бұрын, ол «бұ дүниеден әкетілді», яғни Ехоба оны тірілер дүниесінен алып, өлім ұйқысына батырды. Сол себепті, өзі жария еткен пайғамбарлықтың қалай орындалғанын Енох көрмеді. Бірақ ол, қандай да бір жағынан бұдан әлдеқайда артық сыйға ие болды (Еврейлерге 11:5; Жаратылыс 5:22—24).
12 Пауыл былай деп түсіндірді: «Енохтың бұған дейінгі [әкетілмей тұрғанға дейінгі] өмірі Құдайға ұнамды болған» (Еврейлерге 11:5). Бұны қалай түсінуге болады? Бәлкім, өлім ұйқысына кетпес бұрын Енох қандай да бір аян алған болса керек. Мысалы, көп ұзамай өзінің жер бетіндегі Жұмақта оянатыны туралы аян көрген шығар. Қалай болған күнде де, адалдығы үшін Ехоба Енохқа разы екенін білдірді. Енох Ехобаның жүрегін қуанышқа бөледі. (Нақыл сөздер 27:11, салыстырыңдар). Енохтың өміріне ой жүгірту көңіліңде ерекше әсер қалдырады, солай емес пе? Сендер де Енох сияқты өмірлеріңнің ақырына дейін сенімге берік болып қалғыларың келер ме еді? Олай болса, осындай адамдардың қалдырған үлгісіне ой жүгіртіп, оларды расында да бір кездері өмір сүрген тарихи тұлға ретінде қабылдауға тырысыңдар. Күнбе-күн сеніммен өмір сүруге бел байлаңдар. Сондай-ақ, естеріңде болсын, сенімде тұрған адам Құдайдың берген уәдесін орындауын күтіп, белгілі бір уақыт пен мерзімді көздеп қызмет етпейді. Жоқ, біз Ехобаға мәңгі қызмет етуге бел байлағанбыз! Егер осыған сай әрекет етер болсақ, осы заманда да, болашақта да игілікке толы өмір кешетін боламыз!
Сенімді қалай нығайтуға болады
13, 14. а) Еврейлерге 10:24, 25-те жазылған Пауылдың сөздері қауым кездесулерін қуанышты жағдайға айналдыруға қалай көмектеседі? ә) Мәсіхшілердің кездесулерінің басты себебі неде?
13 Пауыл Еврей мәсіхшілерге сенімді нығайтудың бірнеше әдісін көрсетті. Осы әдістердің екеуін ғана қарастырып көрейікші. Мәсіхшілердің қауым кездесулеріне үздіксіз баруымыз үшін көңілімізге дем беретін Еврейлерге 10:24, 25-те жазылған Пауылдың сөздері бізге таныс болса керек. Алайда, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазған сөздерінде Пауыл осындай кездесулерге біздің селсоқ тыңдаушы ретінде ғана баруымыз керек екендігі туралы айтпағанын есте сақтаған жөн. Пауыл кездесулерді бір-бірімен танысудың, бір-бірін Ехобаға бар күшін салып қызмет етуге шабыттандырудың, сондай-ақ бір-бірін жігерлендірудің мүмкіндігі ретінде бейнелейді. Біз қауым кездесулеріне алу үшін ғана емес, беру үшін де келеміз. Бұндай әрекет қауым кездесулерін қуанышқа толы кезеңге айналдырады (Елшілердің істері 20:35).
14 Бірақ, мәсіхшілердің қауым кездесулеріне біз ең алдымен Ехобаға мінажат ету үшін келеміз. Біз бұны дұға айтылып, ән шырқалғанда қосылу, зер салып тыңдау, Құдайдың «„Жаратқан Ие“ деген атағын ауызбен мойындау», яғни Ехобаны мадақтап түсініктеме беру, сондай-ақ жиналыс бағдарламасына тікелей қатысу арқылы істей аламыз (Еврейлерге 13:15). Осыны есте ұстап, әрбір кездесуге барған сайын осы мақсатқа сәйкес әрекет етер болсақ, барған сайын сеніміміз нығая түседі.
15. Пауыл неге еврей мәсіхшілерді қызметті тастамауға жігерлендірді және неге бұл өсиетті біздің уақытымызда да орынды деуге болады?
15 Сенімді нығайтудың тағы бір әдісі — уағыздау. Пауыл былай деп жазды: «Мойындаған үмітімізді үзбей, берік ұстанайық. Өйткені уәде берген Құдай сөзіне адал» (Еврейлерге 10:23). Біз әлдекімді әлдебір нәрсені ұстануға ынталандырар болсақ, оның бұл нәрсені қолынан шығарып алуына немесе тастап кетуіне қауіп бар деген сөз. Ехобаға қызмет еттірмеу мақсатымен Шайтанның еврей мәсіхшілерге қысым көрсеткені сөзсіз, тап сол мақсатты көздеп ол бүгінгі күнгі мәсіхшілерге де қысым көрсетуде. Оның қысымына төтеп беру үшін не істеуіміз керек? Пауылдың не істегенін көрейік.
16, 17. а) Қызмет етуге қажетті батылдықты Пауыл қайдан алды? ә) Қызмет етудің қандай да бір түрі қорқыныш тудыратын болса, қандай әдістерді қолдануымыз қажет?
16 Салониқадағы мәсіхшілерге ол былай деп жазды: «Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, сендерге Оның Ізгі хабарын қатты қарсыласуға қарамастан жариялауға батылымыз барды» (1 Салониқалықтарға 2:2). Пауыл мен оның серіктерінің Філіпіде «қорлық» көргенін қалай түсінуге болады? Кейбір ғалымдардың пайымдауы бойынша, Пауылдың қолданған грек сөзі тіл тигізуді, масқаралауды немесе дөрекі әрекетті білдіреді. Філіпінің әкімдері оларға тал шыбықпен дүре соқтырып, түрмеге тастады да, аяқтарына ағаш бұғау салдыртты (Елшілердің істері 16:16—24). Осындай жағымсыз жағдай Пауылға қалай әсер етті? Жоспары бойынша миссионерлік сапармен келесі қалаға, Салониқаға келгенде ол тұрақсыздық танытып, қорықты ма? Жоқ, сапарын жалғастыруға «батылы барды». Ол бойындағы үрейді жеңіп, батыл уағыздай берді.
17 Пауылға батылдық қайдан пайда болды? Батылдық оның болмысына тән бе еді? Жоқ, Пауылдың айтысына қарағанда, «Құдайға сене отырып... батылы барды». Киелі кітап аудармашыларына арналған бір анықтамада бұл сөздерді «Құдай бізді жүрегіміздегі үрейден арылтты» деген сөздермен жеткізуге болатындығы айтылған. Сондықтан, егер қызмет ету туралы ойлағанда сендерді әлдеқандай үрей билесе немесе қызмет етудің белгілі бір түріне қатысуға қорқатын болсаңдар неге Ехобадан тап осыны өтінбеске? Одан жүректеріңдегі үрейден арылтуды өтініңдер. Өздеріңе уағыздауға қажетті батылдық сұраңдар. Сонымен қатар, басқа да тиімді әдістерді қолданыңдар. Мысалы, куәлік етудің өзіңді қобалжытатын түрі, әлдебіреу үшін оп-оңай шығар, сондай адаммен қызметке бірге баруға келісулеріңе болады. Бәлкім бұл, іскерлер ауданында уағыздау, көшеде куәлік ету, бейресми уағыз немесе сым тетік арқылы куәлік беру болар. Қасыңдағы серігің бастапқы кезде әңгімені бірінші болып бастауға келісетін шығар. Егер солай болса, зер салып қараңдар да, үйреніңдер. Сосын батылдық жинап алыңдар да, өздерің бастап көріңдер.
18. Қызметте батылдық танытар болсақ, қандай баталарға ие боламыз?
18 Бойларыңа батылдық жинасаңдар не болатынын елестетіп көріңдерші. Көңілдеріңнің жабырқауына жол бермей, табандылық танытар болсаңдар, бәлкім, қызметте жүргенде әншейінде кездеспейтін қызықты оқиғаларды бастан кешіретін боларсыңдар. (25-бетті қараңдар.) Қиындықты жеңіп шығып, Ехобаға ұнамды болғандарыңды білгендіктен, өздеріңді бақытты сезінетін боласыңдар. Ол сендердің үрейді жеңіп шығуларың үшін батасын беріп, көмектеседі. Ал сендердің сенімдерің нығая түседі. Расында да, өз сеніміңді нығайта алмасаң, өзгенің сенімін қалай нығайтасың? (Иуда 20, 21).
19. «Сенімде тұрғандарды» қандай бағалы сый күтіп тұр?
19 Сонымен, өздеріңнің де, өзгелердің де сенімін нығайтуды жалғастыра беріңдер. Ал бұл үшін Құдай сөзін дұрыс қолдана біліңдер, Киелі кітаптағы сенім үлгілерін зерттеңдер, әрі оларды жандандыра біліңдер, мәсіхшілердің қауым кездесулеріне дайындалып барып, түсініктеме беріңдер, сондай-ақ теңдесі жоқ уағыздау қызметін қалдырмаңдар — осының бәрі өздеріңнің де, өзгелердің де сенімін нығайтады. Осылай әрекет етсеңдер «сенімде тұратындардың» қатарында болатындарыңды есте сақтаңдар. Бұндайларды бағалы сый күтіп тұрғанын да ұмытпаңдар. Өйткені олар «жандарын аман сақтап қалу үшін сенімде тұрғандардың» қатарынанb. Сенімдерің нығая түсіп, Ехоба сендерді мәңгі аман сақтағай!
[Сілтемелер]
a Пауыл Септуагинттегі «ал кім тұрақсыздық танытса, ондайға ризашылығым түспейді» деген сөздері бар Аввакум 2:4-тен үзінді келтірген. Бұл сөздер бізге дейін жеткен көне еврей қолжазбаларының ешбірінде жоқ. Септуагинт әлдеқашан жойылып кеткен ертеректегі еврей қолжазбаларына негізделген деген пікір бар. Қалай болған күнде де, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен Пауыл еврейлерге арнаған хатында осы сөздерді келтірген. Яғни бұл сөздер жоғарыда келтірілген үзіндіге Құдайдың еркімен ендірілген деген шешімге келуге болады.
b Ехоба Куәгерлерінің 2000 жылға арналған жылдық тақырыбы мынадай: «Біз тұрақсыздардың қатарынан емеспіз, қайта... сенімде тұрмыз» (Еврейлерге 10:39).
-