Құдай Сөзін қаншалықты сүйесің?
«Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші! Ол туралы күні бойы ойланып жүремін» (ЗАБУР 118:97).
1. Құдайды қастерлейтіндер Құдай Сөзін сүйетіндерін қалай көрсете алады?
МИЛЛИОНДАҒАН адамдарда Киелі кітап бар. Бірақ адамның Киелі кітабы бар болуы оның міндетті түрде Құдай Сөзін сүйетіндігін білдірмейді. Киелі кітапты анда-санда қолына алатын адамды Құдай Сөзін сүйеді деуге бола ма? Жоқ! Сөйтсе де, бұрын Киелі кітапты онша бағаламағанмен, ал қазір оны күнделікті оқитын адамдар бар. Олар Құдай Сөзін сүюді үйреніп, забур жыршысы іспетті, «ол туралы күні бойы ойланып жүреді» (Забур 118:97).
2. Қиын-қыстау кезеңдерде бір Ехоба Куәгерінің сенімін нығайтқан не?
2 Құдай Сөзін шындап сүйгендердің бірі — Нашо Дори. Бір сенімдегі бауырластарымен бірге ол көптеген онжылдықтар бойы туған елі Албанияда Ехобаға адал қызмет етті. Сол жылдардың көбісі Албаниядағы Ехоба Куәгерлерінің ісіне тиым салынған уақытта өтті. Сол себепті бұл мәсіхшілердің Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерге қолдары жете бермейтін. Осыған қарамастан, Доридің сенімі берік болды. Қалайша? Ол былай деді: «Мен Киелі кітапты күнделікті оқуға арналған уақыттың бір сағаттан кем болмауын мақсат еттім де, алпыс жыл бойы, көзім нашар көре бастағанға дейін, осы мақсатымды жүзеге асырып келдім». Күні кешеге дейін албан тілінде Киелі кітап болмады, бірақ Дори бала күнінен грек тілін білгендіктен, Киелі кітапты сол тілде оқитын. Киелі кітапты үзбей үнемі оқығандығы түрлі сынақтарда Доридің көңіліне медет болды. Бұл біз үшін де үлкен көмек бола алады.
Құдай Сөзіне «құштар» болыңдар
3. Мәсіхшілердің Құдай Сөзін оқуға деген ықыласы қандай болу керек?
3 «Жаңа туған сәбидей әрдайым Құдай сөзінің „таза сүтіне“ құштар болыңдар»,— деп жазды Пауыл (1 Петір 2:2). Рухани нәрсеге мұқтаж екендіктерін сезінетін адамдар, ана сүтіне құштар сәби сияқты, Құдай Сөзін сүйсініп оқиды. Сен солай оқисың ба? Тап солай сүйсініп оқи алмасаң, мұңайма. Құдай Сөзіне деген құштарлықты сен де дамыта аласың.
4. Киелі кітапты күнделікті оқуды қалай әдетке айналдыруға болады?
4 Сүйсініп оқу үшін ең алдымен Киелі кітапты үзбей, мүмкін болса күнделікті оқуды әдетке айналдыруың керек (Елшілердің істері 17:11). Бәлкім, Нашо Дори сияқты Киелі кітапты оқу үшін күніне бір сағат бөлуге мүмкіндігің жоқ болар. Сөйтсе де, азғана уақытқа болсын күнделікті Құдай Сөзін қолға алуға әбден болады. Кейбір мәсіхшілер Киелі кітапты оқып, ой жүгіртуге азғана уақыт бөлу үшін ертерек тұрады. Бұл — жаңа күнді бастаудың ең жақсы әдісі емес пе? Киелі кітапты кешкісін, жатар алдында оқуды қалайтындар да бар. Басқалары болса өздеріне ыңғайлы деп тапқан уақытта оқиды. Мұндағы ең басты нәрсе — үздіксіз, жүйелі түрде оқу. Сонымен қатар оқыған нәрсеге ой жүгірту үшін де уақыт бөлген дұрыс. Құдай Сөзін оқып, ой жүгіртудің игі әсері тиетінін өз өмірінде байқағандардың кейбір мысалдарын қарастырып көрелік.
Құдайдың заңын жақсы көрген забур жыршысы
5, 6. 118-забурды жазған жыршының есімін білмегенмен, оның жырын оқып, ой жүгірту арқылы оны жазған адам туралы не біле аламыз?
5 118-забурды жазған жыршының Құдай Сөзін жоғары бағалағанында күмән жоқ. Алайда бұл забурды кім жазған? Киелі кітапта оның есімі аталмаған. Сөйтсе де, контекстен жыршы туралы біраз нәрсе білуге болады. Оның өмірі ешқандай қиыншылықсыз өткен деп айта алмайсың. Жыршының айналасындағылардың кейбіреулері Ехобаға қызмет етіп жүргенімен, жыршының Киелі кітаптың принциптеріне деген сүйіспеншілігіне ортақтаспаған. Осыған қарамастан, олардың көзқарасы жыршының дұрыс әрекет етуіне кедергі бола алмаған (Забур 118:23). Киелі кітаптың талаптарымен санаспайтын адаммен өмір сүрсең немесе бірге жұмыс істейтін болсаң, бәлкім, сен де забур жыршысы сияқты жағдайда боларсың.
6 Түзу жүріп-тұрғанымен, забур жыршысы онысын мақтан тұтып масаттанбайтын. Ол өзінің осал жерлерін ашық мойындаған (Забур 118:5, 6, 67). Бірақ бойын күнәның билеп алуына жол бермеген. «Жас жігіт қалай ақ жолмен жүре алады?» — деп сұрады ол. Сосын өзі жауап қатып былай деді: «Сенің сөзіңді орындауымен, Тәңірім» (Забур 118:9). Ол әрі қарай «алдыңда күнә жасап қоймау үшін, Сенің сөзіңді жүрегімде сақтаймын» деуімен Құдай Сөзінің әсерінің қаншалықты күшті екенін ерекше атап өтті (Забур 118:11). Құдай Сөзі Жаратқан Иеге қарсы күнә жасамауымызға көмектесетін болса, оның әсері қандай күшті десеңші!
7. Киелі кітапты күнделікті оқығанның қажет екенін әсіресе жастардың сезінгені неге маңызды?
7 Жас мәсіхшілердің жыршының сөздеріне ерекше ден қойғаны жөн. Бүгінгі күні олар жойқын әсері бар жан-жақты қысымға кездесуде. Ехоба Куәгерлерінің өсіп келе жатқан жастарын азғыру үшін Ібіліс бар күшін салуда. Шайтанның мақсаты — жас мәсіхшілерді тәндік құмарлықтың жетегіне ергізіп, Құдайдың заңын бұзғызу. Әдетте кино мен көгілдір экран бағдарламасының көбісінен Ібілістің ой желісіне тән нәрселер байқалады. Көгілдір экранның «жұлдыздары» көрікті де сүйкімді болып көрінеді; олардың жасаған әдепсіз қылықтары дұрыс нәрседей қабылданады. Бұл не нәрсеге үйретеді? Бір-бірін шын сүйетін болса, некелеспегендердің жыныстық қатынаста болғанында тұрған ештеңе жоқ деген көзқарасқа үйретеді. Өкінішке орай, жыл сайын жас мәсіхшілердің кейбіреулері осындай көзқарастың құрбаны болуда. Ал өзгелерінің сенім кемесі апатқа ұшырауда. Жастардың қатты қысым көріп жүргендері айдан анық! Сөйтсе де жастар үшін бұл қысымды қарсы тұра алмастай тым күшті деуге бола ма? Жоқ, олай деуге болмайды. Ехоба мәсіхші жастардың орынсыз ынтызарлықпен қалай күресуіне болатынын көрсеткен болатын. Олар Құдай «сөзін орындап», Оның «сөзін жүректерінде сақтайтын» болса, Шайтанның ойлап тапқан қарсылық әрекеттерінің бәріне қарсы тұра алады. Киелі кітапты өзің жеке оқып, оқыған нәрсеңе ой жүгірту үшін сен қанша уақыт бөлесің?
8. Абзацта келтірілген мысалдар Мұсаның заңына деген ризашылығымызды қалай арттырады?
8 Жыршы: «Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші!» — деп дауыстады (Забур 118:97). Ол қай заң жөнінде айтты? Бұл жерде жыршы Ехобаның адамдарға ашқан сөзі жөнінде, сонымен қатар Мұса арқылы берілген Таурат заңы жөнінде айтқан болатын. Бір қарағанға Таурат заңы көнерген әрі көңіл қоюға тұрмайтындай болып көрінуі мүмкін. Ал кейбіреулер болса: «Оны қалай жақсы көруге болады?» — деп таңырқайтын да болар. Бірақ забур жыршысы сияқты Мұса заңына жан-жақты ой жүгіртер болсақ, бұл заңның даналығын біз де байқаймыз. Пайғамбарлық бейнелерге қоса, Таурат заңында тазалық пен денсаулықты сақтауға арналған гигиена жөнінде, сонымен қатар қандай тағам ішуге болатындығы жөнінде көптеген нұсқаулар бар (Леуі 7:23, 24, 26; 11:2—8). Таурат заңы исраилдіктерді іскерлік қарым-қатынаста адал болуға және мұқтаждық көріп отырған бауырластарына жанашырлық танытуға шақыратын (Мысырдан көшу 22:26, 27; 23:6; Леуі 19:35, 36; Заңды қайталау 24:17—21). Ол сот үкімдерінің әділ болуын талап ететін (Заңды қайталау 16:19; 19:15). Құдайдың Заңын орындау адамдар үшін игі екеніне уақыт өткен сайын жыршының сенімділігінің арта түскендігінде күмән жоқ, сондықтан оның Таурат заңына деген сүйіспеншілігі де арта түсті. Бүгінгі күні де тап солай — Киелі кітап принциптерін ұстанып жүрген мәсіхшілердің Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігі мен ризашылығы арта бастайды.
Көпшіліктен өзгешеленуге қорықпаған патша тағының мұрагері
9. Езекия патшаның Құдай Сөзіне деген лебізі қандай болған?
9 Біз жас Езекияны да, оның таққа отырғанынына дейін қандай оқиғалардың болғанын да білеміз. Осы өзіміз білетін мәліметке 118-забурдың контексі толығымен сәйкес келеді. Кейбір Киелі кітап зерттеушілерінің ойынша, аталмыш жырды Езекияның өзі жазған. Біз бұның анық-қанығын білмейміз, бірақ оның Құдай Сөзін қадір тұтқаны бізге белгілі. Забур 118:97-де айтылған сөздердің Езекияның жүрегінде не бар екенін айқын көрсететіндігі оның өмірінен байқалады. Киелі кітапта Езекия жайында былай делінген: «Ол Тәңірге жақындап, Одан бір елі айырылмай, Тәңірдің Мұсаға берген өсиеттерін орындап жүрді» (4 Патшалық 18:6).
10. Ата-анасы Құдайды қастерлемейтін мәсіхшілерді Езекияның үлгісі қалай жігерлендіреді?
10 Қолда бар дәлелдердің бәрі Езекияның Құдайды қастерлемейтін отбасында өсіп, ер жеткеніне нұсқайды. Оның әкесі Ахаз Құдайдың ақ жолынан тайып, жалған тәңірлерге табынған. Ол Езекияның туған бауырларының кем дегенде біреуін жалған тәңірге арнап құрбандыққа шалған (4 Патшалық 16:3). Осындай нашар үлгіге қарамастан, Езекия Киелі кітаптың кеңестеріне жүгінгендіктен, басқа ұлттардың мінажатының әсеріне берілместен «ақ жолмен жүруді» үйренген (2 Шежіре 29:2).
11. Езекия Құдайды қастерлемейтін әкесінің қандай әрекеттерін көріп өсті?
11 Езекия жалған тәңірлерге табынатын әкесінің мемлекеттік істерді қалай жүргізетінін көріп өсті. Иудеяның айналасында қарсылас халықтар тұрды. Сирияның патшасы Рецин мен Исраилдің патшасы Факей Иерусалимді қоршауға алған болатын (4 Патшалық 16:5, 6). Едомдықтар мен філістірлер ойран салып шапқыншылық жасап, тіпті Иудеяның бірнеше қалаларын жаулап та алған еді (2 Шежіре 28:16—19). Осындай өте қиын жағдайда Ахаз қандай әрекет жасады? Сириялықтардың қыспағынан құтылу үшін Ехобадан пана іздеудің орнына, алтын-күмістен пара беріп, бұның ішінде ғибадатханадан алынған қазына да бар, Ахаз Ассирияның патшасынан көмек сұрайды. Бірақ оның бұл әрекетінен Иудеяда баянды бейбітшілік орнаған жоқ (4 Патшалық 16:6, 8).
12. Езекия әкесінің қателіктерін қайталамауға ненің арқасында үйренді?
12 Ахаз өлгеннен кейін, патша тағына жиырма бес жасар Езекия отырады (2 Шежіре 29:1). Жас болса да ол жақсы патша болады. Езекия өзінің арамза әкесінің көрсеткен үлгісіне еліктеместен, Ехобаның Заңын берік ұстанады. Таурат заңында патшаларға арналған ерекше өсиет бар болатын: «Бірақ ол [патша] таққа отырған соң, дін қызметкерлері леуілердің қолындағы кітаптан өзіне арнап Таурат заңының көшірмесін жасап алуы керек. Ол оның қолында болсын және оны, Тәңір Құдайынан қорқуға үйреніп, осы заңның әрбір сөзі мен қаулыларын орындауға әрекеттенуі үшін, өмір бойы оқып жүрсін» (Заңды қайталау 17:18, 19). Құдай Сөзін күнделікті оқудың арқасында, Езекия Құдайдың алдында жан тебірентетін қастерлі қорқынышқа бөленіп, әкесінің қателіктерін қайталамауды үйренеді.
13. Ненің арқасында мәсіхші рухани жағынан «не істесе де, ісі табысты» бола алады?
13 Құдай Сөзін әрдайым жадында ұстап, ойланып жүру патшалар үшін ғана емес, Құдайды қастерлейтін исраилдіктер үшін де маңызы зор нәрсе болуы керек еді. Баянды бақыт тапқан адам жөнінде забурдың бірінші жырында былай делінген: «Тәңірдің заңына қуанатын, сол туралы күні-түні ойлайтын адам қандай бақытты!» (Забур 1:1, 2). Сонымен қатар жырда былай делінген: «Ондай кісі... не істесе де, ісі табысты болады» (Забур 1:3). Ал Ехобаға сеніңкіремейтін адам жөнінде Киелі кітапта былай делінген: «Ол екі ойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам» (Жақып 1:8). Бәріміз де бақытты болып, не істесек те, ісіміздің табысты болғанын қалаймыз. Киелі кітапты үздіксіз әрі зейін қойып оқу осындай жетістікке жетуге көмектеседі.
Құдай Сөзі Исаға медет болған
14. Исаның Құдай Сөзін жақсы көргенін неден көруге болады?
14 Бір күні ата-анасы Исаны Иерусалимдегі ғибадатханада ұстаздардың арасында отырған жерінен тауып алады. Оны қоршап отырған Таурат заңына жетік адамдар «Исаның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалған» еді! (Лұқа 2:46, 47). Сол кезде Иса он екі жасар болатын. Бұл оқиғадан балғын балалық шағының өзінде Исаның Құдай Сөзін бағалағанын анық көріп отырмыз. Кейінірек, Иса Киелі жазбадан: «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әр сөзімен өмір сүреді»,— деген үзінді келтіре отырып, Ібілісті айыптаған болатын (Матай 4:3—10). Осыдан кейін, Киелі жазбаларға сүйеніп, Иса өзі туып өскен Назарет қаласында ізгі хабарды уағыздады (Лұқа 4:16—21).
15. Исаның уағыздау тәсілінен біз не нәрсеге үйрене аламыз?
15 Ол жиі өзінің үйреткен нәрселеріне дәлел ретінде Құдай Сөзінен үзінділер келтіретін. Исаны тыңдаған адамдар «Оның үйретуіне таң қалатын» (Матай 7:28). Бірақ бұл жерде таңданатын дәнеңе де жоқ, өйткені оның ілімі Ехоба Құдайдан ғой! Иса былай деген: «Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі. Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ» (Жохан 7:16, 18).
16. Исаның Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігі қаншалықты зор еді?
16 118-жырды жазған адамнан Исаның айырмашылығы, бойында «әділетсіздіктің жоқ» болғандығында. Ол, яғни Құдай Ұлы, күнәсыз еді, әрі «Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып, тіпті... өлімге дейін бойсұнды» (Філіпіліктерге 2:8; Еврейлерге 7:26). Кемелді адам болғанына қарамастан, Иса Құдайдың Заңын зерттейтін әрі оған бойсұнатын. Өзінің әділдігін сақтап қалуының басты себебі де осы. Елші Петір Исаның тұтқынға алынғанын қаламай, семсерін ала жүгіргенде, Иса оны айыптап: «Әлде сен, егер Мен қазір Әкемнен тілесем, Ол Маған жетпіс мыңнан да артық періште жібермес еді деп ойлайсың ба? Бірақ онда, [Киелі] жазуларда солай болуға тиіс деген сөздер қалайша орындалар еді?» — деп сұрады (Матай 26:53, 54). Иә, Иса үшін азапты әрі масқара өлімнен қашып құтылудан, Киелі жазбалардағы пайғамбарлықтардың орындалуы анағұрлым маңыздырақ еді. Оның Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігі қаншалықты зор еді десеңші!
Мәсіхтен үлгі алу
17. Құдай Сөзі елші Пауылдың өмірінде қандай орын алды?
17 Елші Пауыл бауырластарына былай деп жазды: «Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!» (1 Қорынттықтарға 11:1). Иесі Иса іспетті, Пауыл да Киелі жазбаларды жоғары бағалайтын. Ол: «Іштей Құдай заңына ризамын»,— деді (Римдіктерге 7:22). Пауыл жиі-жиі Киелі кітаптан үзінді келтіретін (Елшілердің істері 13:32—41; 17:2, 3; 28:23). Өзі өте жақсы көретін қызметтесі Тімотеге соңғы өсиетін бергенде, елші Пауыл «Құдай адамының» өмірінде Құдай Сөзінің қаншалықты маңызды орын алу керектігіне ерекше көңіл бөлді (2 Тімотеге 3:15—17).
18. Қазіргі өзіміз өмір сүріп жатқан уақытта Киелі кітапты бағалаған адамды мысалға келтіріңдерші?
18 Бүгінгі күні де Ехобаға адал қызмет етіп жүргендердің көбісі Иса сияқты Құдай Сөзін жақсы көреді. Біздің ғасырымыздың басында бір жас жігітке танысы Киелі кітап береді. Осы теңдесі жоқ сыйдың өміріне қалай әсер еткенін ол былай деп әңгімеледі: «Мен Киелі кітапты күнделікті оқуды әдетке айналдыруға бел будым». Бұл жас жігіттің есімі Фредерик Френц еді. Киелі кітапқа деген сүйіспеншілігінің арқасында ол, Ехобаға қызмет ету жолында ұзақ әрі бақытты өмір кешті. Оның Киелі кітап тармақтарын жатқа айтатынын әлі күнге дейін көпшілігі мейірлене еске алады.
19. Теократиялық қызмет Мектебінің апта сайынғы бағдарламасы бойынша, кейбіреулер Киелі кітапты оқуды қалай жоспарлайды?
19 Ехоба Куәгерлері Киелі кітапты үздіксіз, жүйелі түрде оқуға аса зор мән береді. Апта сайын мәсіхшілердің қауым кездесулерінің біріне, яғни теократиялық қызмет Мектебіне дайындалғанда, олар Киелі кітаптың бірнеше тарауын оқып шығады. Бұл кездесуде осы тараулардағы негізгі ойлар талқыланады. Мәсіхшілердің кейбіреулері бір аптаға берілген Жазбалардың үзіндісін, күнделікті аз-аздан оқу үшін, қысқа-қысқа жеті бөлікке бөліп қояды. Олар оқуға арналған үзіндіні тереңірек түсінуге тырысатын болғандықтан, Киелі кітапқа негізделген басылымдардың көмегімен қосымша зерттеулер жүргізуге мүмкіндігінше күш салады.
20. Киелі кітапты үздіксіз, жүйелі түрде оқу үшін уақытты қалай табуға болады?
20 Бәлкім, Киелі кітапты үздіксіз, жүйелі түрде оқуың үшін «әр мүмкіндікті пайдалануыңа» (яғни уақытты дұрыс пайдалануыңа) немесе қандай да бір нәрселерден бас тартуыңа тура келетін шығар (Ефестіктерге 5:16). Неден бас тартсаң да, ол нәрсе Киелі кітапты оқудан алар пайдаңа тұрмайды. Жазбаларды оқу сен үшін үйреншікті дағдыға айналғанда, Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігің арта түседі. Көп ұзамай, сенің де забур жыршысы сияқты: «Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші! Ол туралы күні бойы ойланып жүремін»,— деп дауыстағың келетін болады (Забур 118:97). Құдай Сөзіне деген бұндай көзқарас, келесі мақаладан көретініміздей, бүгінгі күні де, болашақта да игілікке жеткізеді.
Есіңде ме?
• 118-забурды жазған адам Құдай сөзіне деген зор сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
• Иса мен Пауылдың мысалдарынан біз қандай үлгі аламыз?
• Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігімізді біз қалай дамыта аламыз?
[23-беттегі суреттер]
Адал патшалар Құдай Сөзін үздіксіз оқулары керек еді. Сен де солай етіп жүрсің бе?
[24-беттегі сурет]
Иса балғын балалық шағының өзінде Құдай Сөзін сүйген.