“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
4—10 қараша
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 1—5
“Осы дүниені де, ондағы еш нәрсені де сүймеңдер”
(Жоханның 1-хаты 2:15, 16) Осы дүниені де, ондағы еш нәрсені де сүймеңдер. Кімде-кім осы дүниені сүйсе, оның Әкеге деген сүйіспеншілігі жоқ. 16 Себебі осы дүниедегінің бәрі — тән құмарлығы, көздің қалауы және дүние-мүлікке мақтану — Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған.
Исаның көрсеткен үлгісін берік ұстан
13 Кейбіреулер осы дүниедегінің бәрі жаман емес деп ойлайтын шығар. Сөйтсе де, осы дүние мен оның ләззаты бізді Ехобаға деген қызметімізден оп-оңай бұрып әкете алады. Сондай-ақ осы дүниенің ұсынып отырғандарының ешбірі де бізді Ехобаға жақынырақ ете алмайды. Демек, егер біз осы дүниедегі нәрселерді жақсы көре бастасақ, тіпті олар жаман болып есептелмейтін болса да, алған бағытымыз бәрібір қауіпті болады (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Бұдан басқа, осы дүниедегі нәрселердің көбісі шынымен жаман, сондай-ақ бұзылып кетуімізге ықпал ете алады. Егерде зұлымдыққа, дүниеқұмарлыққа, я болмаса азғындыққа толы фильмдер не теледидар бағдарламаларын көретін болсақ, осының бәріне етіміз үйреніп кетеді де, бізге тұзақ болады. Егер өз өмірін жақсартуды ең басты орынға қоятын не іскерлік жұмыстарын кеңейтуге талпынатын адамдармен қарым-қатынас жасасақ, мұның бәрі біздің өмірімізде де ең басты орын ала бастайды (Матай 6:24; Қорынттықтарға 1-хат 15:33).
(Жоханның 1-хаты 2:17) Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді.
Қандай адам болу керектігің жайлы ойлан
18 Жоханның киелі рухтың жетелеуімен жазған сөздерін есте ұстағанымыз да осы дүниедегі нәрселерге қарсы тұруға көмектеседі. Ол: “Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деген (Жох. 1-х. 2:17). Шайтанның дүниесі шынайы әрі мәңгі тұра беретіндей болып көрінетін шығар. Бірақ күндердің күнінде оның ақыры келеді. Осы дүние ұсынған нәрселердің бәрі өткінші екенін есте ұстағанымыз Шайтанның тұзақтарынан сақтайды.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жоханның 1-хаты 2:7, 8) Сүйікті бауырластар, сендерге жазып отырғаным — жаңа өсиет емес, өздеріңде бастапқыдан бар көне өсиет. Бұл көне өсиет — кезінде өздерің естіген сөз. 8 Дегенмен мұны сендерге жаңа өсиет — Иса ұстанған, сендер де ұстанатын өсиет — ретінде жазып отырмын, өйткені түнек сейіліп барады, ал шынайы нұр жарығын шашуды бастап та қойды.
Ехобаның ескертулері сенімді
14 Грек жазбаларында сүйіспеншілік көрсетудің маңыздылығы жайлы ескертулер көптеп кездеседі. Иса: “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй”,— деп, екінші ұлы өсиетті айрықша атап өткен (Мат. 22:38, 39). Исаның інісі Жақып болса сүйіспеншілікті “патша заңы” деп атаған (Жақ. 2:8). Ал елші Жохан былай деген: “Сүйікті бауырластар, сендерге жазып отырғаным — жаңа өсиет емес, өздеріңде бастапқыдан бар көне өсиет... Дегенмен мұны сендерге жаңа өсиет... ретінде жазып отырмын” (Жох. 1-х. 2:7, 8). Мұндағы “көне өсиет” нені білдіреді? Осы сөздерімен Жохан сүйіспеншілік көрсетуге қатысты өсиетке нұсқаған. Иса бұл өсиетті “бастапқыда”, яғни ондаған жыл бұрын бергендіктен, ол “көне” деп аталды. Ал оның “жаңа” деп те аталуы шәкірттер бұрын-соңды болмаған жаңа қиындықтарға кезіккенде, жанқияр сүйіспеншілік таныту керек болатынына нұсқайды. Біз Мәсіхтің шәкірттері болғандықтан, осы дүниеге тән өзімшілдіктен аулақ болып, жақындарымызға сүйіспеншілік көрсетуге талпындыратын ескертулерге риза болуымыз керек емес пе?
(Жоханның 1-хаты 5:16, 17) Кім бауырласының өлімге апармайтын күнә жасап жатқанын көрсе, ол үшін дұға етсін. Сонда Құдай оған өмір береді. Мен мұнда өлімге апармайтын күнә жасағандар жайында айтып отырмын. Алайда өлімге апаратын да күнә бар. Осындай күнә жасаған адам жайында дұға етсін деп отырған жоқпын. 17 Әділетсіздіктің бәрі — күнә, сөйтсе де өлімге апармайтын да күнә бар.
it-1 862-б., 5-абз.
Кешірім
Өзгелер үшін, тіпті бүкіл қауым үшін Құдайдан кешірім сұрап дұға етуге болады. Мысалы, Мұса дұғада бүкіл Исраил халқының күнәсін мойындап, кешірім сұрағанда, Ехоба оның дұғасын қабыл етті (М4ж 14:19, 20). Сүлеймен де ғибадатхананы бағыштағанда Ехобаға дұға етті. Халық күнә жасап қойып, бірақ артынан теріс жолдан қайтса, оларды кешіруін сұрады (П1ж 8:30, 33—40, 46—52). Езра болса тұтқыннан оралған яһудилердің атынан күнәларын ел алдында ашық мойындады. Оның ыстық дұғасы мен халыққа айтқан сөздері бүкіл қауымға әсер етіп, олар Ехобаның кешіріміне ие болу үшін әрекет ете бастады (Езр 9:13—10:4, 10—19, 44). Жақып рухани ауырып қалған адам қауым ақсақалдарын дұға ету үшін шақырсын деген. Егер ол адам “күнә жасаған болса, онысы кешіріледі” (Жқ 5:14—16). Бірақ “өлімге апаратын да күнә” бар, яғни киелі рухқа қарсы, әдейі жасала беретін күнә еш кешірілмейді. Мәсіхшілер мұндай күнә жасайтындар үшін дұға айтпау керек (Ж1х 5:16; Мт 12:31; Ев 10:26, 27; “КҮНӘ”; “РУХ” тақырыбын да қараңыз (ор.)).
Киелі кітапты оқу
(Жоханның 1-хаты 1:1—2:6) Ол әуел бастан бар болған, оны біз өзіміз естіп, көзімізбен көріп, анықтап қарап, қолымызбен ұстадық. Ол — өмір сөзі. 2 (Иә, бұл өмір ашық көрсетілді және біз оны көрдік; Әкеден келген әрі бізге ашық көрсетілген осы мәңгілік өмір туралы сендерге куәлік етіп, жариялап жүрміз.) 3 Сендер де бізбен ортақтас болсын деп, көргеніміз бен естігеніміз жайлы сендерге де айтып отырмыз. Ал біз Әкемен және оның Ұлы Иса Мәсіхпен ортақтаспыз. 4 Мұны сендерге қуанышымыз толық болсын деп жазып отырмыз. 5 Біздің одан естіп, сендерге жариялап жүрген хабарымыз мынау: Құдай — нұр, онда ешқандай түнек жоқ. 6 Егер онымен ортақтаспыз дей тұра, түнекте жүрсек, онда өтірік айтқанымыз әрі шындыққа сай өмір сүрмегеніміз. 7 Ал егер Құдайдың өзі сияқты нұрда жүрсек, онда өзара ортақтас боламыз, сондай-ақ оның Ұлы Исаның қаны бізді барлық күнәдан тазартады. 8 Егер күнәсізбіз десек, өз-өзімізді алдағанымыз және бізде шындықтың болмағаны. 9 Құдай адал да әділ, сондықтан күнәларымызды мойындасақ, оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздіктен тазартады. 10 Ал егер күнә жасаған жоқпыз десек, Құдайды өтірікші етеміз және бізде оның сөзі жоқ.
2 Сүйікті балаларым, мұны күнә жасамауларың үшін жазып отырмын. Егер біреу күнә жасап қойса, Әкенің қасында әділ көмекшіміз Иса Мәсіх бар. 2 Ол — бізді Құдаймен татуластыратын құрбандық. Бұл құрбандық біздің ғана емес, бүкіл дүниенің күнәларын өтеу үшін берілді. 3 Оны жақыннан танитынымызды өсиеттерін орындап жүргенімізден білеміз. 4 Оны танимын дей тұра, өсиеттерін орындамайтын адам — өтірікші әрі онда шындық жоқ. 5 Ал оның сөзін орындайтын адамның Құдайға деген сүйіспеншілігі, шынымен де, кемеліне жеткен. Осы арқылы онымен бірлікте екенімізді білеміз. 6 Онымен бірліктемін дейтін кісі Иса қалай өмір сүрсе, солай өмір сүруі тиіс.
ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ САПАСЫН АРТТЫРАЙЫҚ
w04 1.10. 29-б.
Оқырман сауалдары
Елші Жохан “кемеліне жеткен сүйіспеншілік қорқыныштан арылтады” дегенде, “кемеліне жеткен сүйіспеншілік” деп нені айтқан және ол қандай “қорқыныштан” арылтады?
Елші Жохан былай деген: “Сүйіспеншілікте қорқыныш жоқ, керісінше, кемеліне жеткен сүйіспеншілік қорқыныштан арылтады, себебі қорқыныш адамды тұсаулап тастайды. Сондықтан қорқынышқа бой алдыратын адамның сүйіспеншілігі кемеліне жетпеген” (Жоханның 1-хаты 4:18).
Алдыңғы сөздеріне қарасақ, Жохан мұнда сөз еркіндігі жайлы айтқан. Нақтыласақ, Құдайға деген сүйіспеншілік пен оған еркін сөйлеудің байланысы жайында. Бұны 17-тармақтан түсінуге болады: “Осылай біздегі сүйіспеншілік кемеліне жетеді. Сонда сот күні еркін сөйлей аламыз”. Мәсіхшінің Құдайды қаншалықты шамада сүйетіні және Құдайдың оған деген сүйіспеншілігін қаншалықты сезінетіні оның дұғасына тікелей әсер етеді: ол я Құдайға еркін сөйлейді, я еркін сөйлей алмайды.
“Кемеліне жеткен сүйіспеншілік” деген тіркестің мәні зор. Киелі кітапта “кемелді” деген сөз жиі толық мағынадағы, яғни шектеусіз деңгейдегі кемелділікті емес, белгілі бір мағынадағы кемелділікті білдіреді. Мысалы, Иса Таудағы уағызында: “Көктегі Әкелерің кемелді, сондықтан сендер де кемелді болыңдар”,— деген. Исаның айтпағы — егер ізбасарлары өздерін жақсы көргендерді ғана жақсы көрсе, олардың сүйіспеншілігі кемдеу, толық емес, жеткіліксіз деген сөз. Сондықтан олар жауларын да жақсы көріп, сүйіспеншіліктерін кемелді етулері, яғни толық мөлшерге дейін өсірулері керек. Сол сияқты Жохан да “кемеліне жеткен сүйіспеншілік” туралы жазғанда, шын жүректен шыққан, толықтай жетілдірілген әрі адам өмірінің әрбір саласынан көрініс табатын Құдайға деген сүйіспеншілікті айтқан (Матай 5:46—48; 19:20, 21).
Құдайға дұға арқылы тіл қатқанда, мәсіхші өзінің күнәкар, кемелсіз пенде екенін жақсы түсінеді. Алайда оның Құдайға деген сүйіспеншілігі толықтай жетіліп, Құдайдың да оған деген сүйіспеншілігін толықтай сезінетін болса, Құдай мені айыптайды не бас тартады деген қорқыныш оны тұсаулай алмайды. Керісінше, ол еркін сөйлеп, жүрегіндегісін ақтарып айтады, Құдайдың Иса Мәсіх арқылы сүйіспеншілікпен берген төлем құрбандығының негізінде кешірім сұрайды. Құдай оның өтінішіне құлақ түретініне сенімді болады.
Қалай адам “сүйіспеншілігін кемеліне жеткізіп”, Құдай мені айыптайды не бас тартады деген “қорқыныштан арыла” алады? “[Құдайдың] сөзін орындайтын адамның Құдайға деген сүйіспеншілігі, шынымен де, кемеліне жеткен”,— деді елші Жохан (Жоханның 1-хаты 2:5). Ойланып көріңізші, егер әлі күнәкар кезімізде Құдай бізді сүйген болса, күнәмізға шын өкініп, барынша “сөзін орындасақ”, ол бізді одан сайын сүймей ме?! (Римдіктерге 5:8; Жоханның 1-хаты 4:10). Расында да, адалдығымыздан таймайтын болсақ, бізде де елші Пауылдікіндей сенімділік болады. Ол Құдай жайында былай деген: “Ол өз Ұлын аямай, біз үшін өлімге қиды. Олай болса, Құдай мен оның Ұлы бізге басқа нәрселердің бәрін қалайша сыйламайды?!” (Римдіктерге 8:32).
11—17 қараша
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАННЫҢ 2-ХАТЫ 1—13; ЖОХАННЫҢ 3-ХАТЫ 1—14—ЯһУДА 1—25
“Шындықта қалу үшін күресуіміз керек”
(Яһуда 3) Сүйікті бауырластар, мен өзімізге ортақ құтқарылуымыз жайлы жазуды қатты қалаған едім, бірақ сендерді қасиеттілерге біржола берілген сенім үшін аянбай күресуге талпындыруды қажет деп таптым.
‘Иеміздің құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер’
8 Біз Шайтанның зымиян ниеттерінен бейхабар емеспіз, себебі Жазбаларда оның негізгі тәсілдері жазылған (2 Қорынттықтарға 2:11). Әділ адам Әйүпке қарсы Шайтан қаржылай қиындықтарды, жақындарының өлімін, отбасының қарсылық білдіруін, ауруды және жалған жолдастарының тарапынан келген әділетсіз айыпты қолданды. Әйүптің еңсесі түсіп, өзін Құдай тастап кеткендей сезінді (Әйүп 10:1, 2). Бүгінде мұндай қиындықтар тікелей Шайтаннан келіп жатқан жоқ шығар, дегенмен олар көп мәсіхшілердің басына түсуде және Ібіліс осы қиындықтарды өз мақсатына жету үшін пайдалануы мүмкін.
9 Рухани қауіп-қатер осы соңғы күндері жылдам өсуде. Біз дүниеқорлық, рухани мақсаттарды ысырып тастайтын дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдары азғындықты қайғыға емес, бақытқа кенелтетін нәрсе ретінде көрсетіп жатады. Көпшілігі “Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін” болып барады (2 Тімотеге 3:1—5). Егер ‘сеніміміз үшін табандылықпен күреспесек’, мұндай ой-қалпы рухани күйімізге нұқсан келтіруі мүмкін (Яһуда 3, ЖД).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Яһуда 4) Себебі кейбіреулер араларыңа еніп алыпты. Олардың сотталатыны Жазбаларда баяғыда-ақ айтылып кеткен. Осы құдайсыздар өздерінің өрескел қылықтарын ақтау үшін Құдайымыздың рақымын теріс қолданып, жалғыз қожайынымыз әрі Иеміз Иса Мәсіхтен бас тартады.
(Яһуда 12) Достық отырыстарыңа келіп, сендермен бірге тойлайтын бұлар су астындағы қауіпті жартастар; қорықпастан тек өз қамын ойлайтын шопандар; жел айдаған жаңбырсыз бұлттар; тамырымен жұлынған, біржола өлген жеміссіз күзгі ағаштар;
it-2 279-б.
Достық отырыстар
Киелі кітапта бұл достық отырыстар жайлы, қаншалықты жиі өткізілгені жайлы ештеңе айтылмаған (Яһ 12). Иеміз Иса Мәсіх те, оның елшілері де мұндай отырыстар жасауды бұйырмаған. Сондықтан оларды әрдайым әрі міндетті түрде өткізу қажет деп есептемеу керектігі түсінікті. Кейбіреулердің айтуынша, мұндай отырыстарда бақуатты мәсіхшілер кедей тұратын бауырластарын шақырып, қонақасы беретін. Жетім-жесір, бай-кедейдің бәрі мол дастарқан басында отырып, бауырластармен аралас-құралас болатын.
it-2 816-б.
Жартас
Гректің “спилас” деген сөзі су астындағы көрінбейтін жартасты білдірсе керек. Яһуда арам пиғылмен мәсіхшілер қауымына еніп алған кейбір кісілерді сипаттау үшін осы сөзді қолданған. Көрінбейтін жартас кемеге қауіп төндіретініндей, бұл адамдар да қауымдағы бауырластарға қауіп төндірген. Олар жайлы Яһуда былай деген: “Достық отырыстарыңа келіп, сендермен бірге тойлайтын бұлар су астындағы қауіпті жартастар” (Яһ 12).
(Яһуда 14, 15) Олар жөнінде Адам атадан кейінгі жетінші буын Енох та былай деп пайғамбарлық еткен: “Міне, Ехоба сансыз көп киелі періштесімен келді. 15 Ол бәрін соттап, құдайсыздардың арсыздықпен істеген зұлым істерін және күнәкарлардың өзіне қарсы айтқан барлық сұмдық сөздерін әшкерелеу үшін келді”.
Ол “Құдайға ұнамды болды”
Енох қандай пайғамбарлық айтты? Ол былай деген: “Міне, Ехоба сансыз көп киелі періштесімен келді. Ол бәрін соттап, құдайсыздардың арсыздықпен істеген зұлым істерін және күнәкарлардың өзіне қарсы айтқан барлық сұмдық сөздерін әшкерелеу үшін келді” (Яһуда 14, 15). Байқасаңыз, пайғамбар өткен шақта сөйлеп, Құдай сондағы сөздерді орындап қойғандай әсер қалдырған. Осындай ерекшелікті Киелі кітаптағы кейіннен айтылған басқа да көптеген пайғамбарлық сөздерден байқауға болады. Осының астарында жатқан ой келесідей: пайғамбардың айтқандары сөзсіз орындалатындықтан, оны болып қойған оқиғадай сипаттауға болады! (Ишая 46:10).
Ол “Құдайға ұнамды болды”
Енох пайғамбардың сенімі сізді де бейжай қалдырмай, осы дүниеге Құдайдың көзімен қарауға талпындырған болар. Енохтың жариялаған үкімі әлі де күшін жоғалтқан жоқ. Иә, сол заманда айтылған үкімнің біздің заманымызға да қатысы бар. Енохтың пайғамбарлығына сай, Ехоба Құдай Нұхтың күндерінде жерге топан су жіберіп, құдайсыз дүниені жойды. Бірақ ол бүгінде адамзаттың басына төніп тұрған ұлы апаттың нышаны ғана болған (Матай 24:38, 39; Петірдің 2-хаты 2:4—6). Бүгінде Құдай сансыз көп періштесімен осы бүлінген дүниеге шығарған әділ үкімін жүзеге асыруға дайын тұр. Сондықтан әрқайсысымыз Енохтың ескертуіне құлақ асып, басқаларды да ескерткеніміз дұрыс. Достарымыз бен туыстарымыз бізге қосылмауы мүмкін. Ондайда өзімізді жалғыз қалғандай сезінетін шығармыз. Алайда Ехоба Құдай Енох пайғамбарды ешқашан тастамаған, ол бүгінгі адал қызметшілерін де ешқашан қалдырмайды!
Киелі кітапты оқу
(Жоханның 2-хаты 1—13) Құдай таңдаған ханым мен оның балаларына ақсақал жазып отыр. Мен сендерді шын жүректен жақсы көремін, мен ғана емес, шындықты білгендердің барлығы да жақсы көреді. 2 Өйткені бәріміздің жүрегімізде шындық бар, әрі мәңгі бола бермек. 3 Шындық пен сүйіспеншілік, сондай-ақ Құдай Әке мен оның Ұлы Иса Мәсіхтің рақымы, мейірімі мен тыныштығы бізбен бірге болады. 4 Балаларыңның кейбірі Әкеден алған өсиетке сай шындық жолында жүргенін біліп, қатты қуандым. 5 Ханым, осы хатымда бір-бірімізді сүюге қатысты өсиетті орындауыңды өтініп отырмын. Бұл өсиет жаңа емес, ол бізде бастапқыдан-ақ бар. 6 Сүйіспеншілік дегеніміз — Әкенің өсиеттері бойынша жүру. Өздерің бастапқыда естіген оның осы өсиетіне сай, әрі қарай да сүйіспеншілік танытып өмір сүріңдер. 7 Дүниеде көптеген алдаушылар пайда болды. Олар Иса Мәсіхтің адам болып келгенін мойындамайды. Мұндай адам — алдаушы және Мәсіхке қарсы шығушы. 8 Еңбегіміз зая кетпей, сыйды толықтай алуларың үшін, өздеріңе сақ болыңдар. 9 Мәсіхтің ілімін ұстанбай, киіп-жарып алға ұмтылатын адамның Құдаймен қатынасы жоқ. Ал осы ілімді ұстанатын адамның Әкемен де, оның Ұлымен де қатынасы бар. 10 Егер сендерге келген біреу осы ілімді әкелмесе, оны үйлеріңе кіргізбеңдер, сәлемін де алмаңдар. 11 Өйткені онымен сәлемдескен адам оның зұлым істеріне ортақтасады. 12 Сендерге айтарым көп болғанымен, оның бәрін сиямен қағазға жазғым келмеді. Өйткені өздеріңе барып, жүзбе-жүз сөйлесемін деп үміттенемін. Сонда зор қуанышқа кенелесіңдер. 13 Құдай таңдаған әпкеңнің балалары саған сәлем айтып жатыр.
18—24 қараша
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | АЯН 1—3
“Мен істеріңді білемін”
(Аян 1:20) Оң қолымнан өзің көрген жеті жұлдыздың және жеті алтын шамдалдың қасиетті құпиясы мынадай: жеті жұлдыз жеті қауымның хабаршыларын, ал жеті шамдал жеті қауымды білдіреді.
Сен қандай рух танытып жүрсің?
8 Осындай рухтан аулақ болу үшін, бізге Исаның “оң қолында жеті жұлдызы бар” екенін есте ұстау керек. Бұл “жұлдыздар” майланған бақылаушыларды, сондай-ақ барлық қауым ақсақалдарын білдіреді. Иса осы “жұлдыздарды” өз қалауынша бағыттай алады (Аян 1:16, 20). Қауымның Басы ретінде ол ақсақалдар кеңестерін толығымен қадағалап отыр. Оның “көздері жалындаған оттай”, сондықтан қандай да бір ақсақалды шынымен де түзету қажет болса, ол өз уақытында әрі дұрыс деп тапқан жолмен әрекет етеді (Аян 1:14). Ал әзірше біз киелі рухпен тағайындалған ақсақалдарға тиісті құрмет танытуымыз керек. Пауыл былай деген: “Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар. Себебі олар үнемі жандарыңның қамын ойлайды әрі бұл үшін есеп береді. Олар күрсініп емес, қуана қамдарыңды ойлау үшін солай етіңдер, әйтпесе бұдан өздерің зиян көресіңдер” (Евр. 13:17).
(Аян 2:1, 2) Ефестегі қауымның хабаршысына мынаны жаз: “Оң қолына жеті жұлдыз ұстап, жеті алтын шамдал арасында жүрген былай дейді: 2 — Мен істеріңді, еңбегің мен табандылығыңды, жаман адамдарға төзе алмайтыныңды және елші болмаса да, өздерін солай атайтындарды сынап, өтірікші екендерін анықтағаныңды білемін.
Ехоба құтқарылуға ие болуымыз үшін бізді қорғап отыр
11 Аян кітабының 2-ші және 3-ші тарауында ұлылыққа бөленген Иса Мәсіхтің Кіші Азиядағы жеті қауымды тексергені туралы баяндалады. Бұл аяннан көрінетіндей, Мәсіх қауымдардың жалпы күйін ғана емес, нақты бір жағдайларды біледі. Ол тіпті белгілі бір адамдарды мақтаған не кеңес берген. Біз бұдан не білеміз? Аяндағы жеті қауым 1914 жылдан кейінгі майланған мәсіхшілерді бейнелейді. Алайда оларға берілген кеңестер жер бетіндегі барлық қауымдарға қатысты. Ендеше біз Ехобаның өз халқын Ұлы арқылы үнемі жетелеп отыратынына сенімді бола аламыз. Бұл басшылықтың пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?
Ехобаның ұйымымен бірге қатарласа жүріп келеміз
20 Ілгері басып өркендеп жатқан Ехобаның ұйымымен бірге қатарласа жүру үшін, Құдай “сенушілер қауымының Басы” етіп тағайындаған Иса Мәсіхтің рөлін мойындау керек (Ефестіктерге 5:22, 23). Ишая 55:4-те жазылған сөздер де біздің көңіл қоюымызға тұрарлық: “Міне, Мен Оны халықтарға куәгер етіп тағайындадым, соларға көсем әрі билеуші етіп тағайындадым”. Исаның басшылық ете алатындығында сөз жоқ. Ол өзінің қойларын да, олардың істерін де біледі. Иса Кіші Азиядағы жеті қауымды тексергенде, бес рет: “Мен сенің істеріңді білемін”,— деген (Аян 2:2, 19; 3:1, 8, 15). Сонымен қатар Иса, өзінің әкесі Ехоба сияқты, біздің қажеттіліктерімізді де біледі. Үлгілі дұғасын айтар алдында, Иса былай деген болатын: “Көктегі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі” (Матай 6:8—13).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Аян 1:7) Міне, ол бұлттармен келеді. Оны бәрі, оны түйрегендер де, өз көзімен көреді. Сонда жер бетіндегі ру атаулы зар еңіреп, көкіректерін ұрады. Бұл сөзсіз орындалады. Аумин.
Құдай Патшалығы жауларының көзін құртады
8 Исаның соңғы күндер жайлы пайғамбарлығынан Армагеддонға дейін бірнеше елеулі оқиға орын алатынын байқаймыз. Матай, Марқа, Лұқа кітаптарының үшеуінде де біз қарастыратын алғашқы екі жайт суреттелген (Матай 24:29—31 оқыңыз; Мар. 13:23—27; Лұқа 21:25—28).
10 Үкімнің жариялануы. Құдай Патшалығының жауларының бәрі бір оқиғаны өз көзімен көруге мәжбүр болады, әрі бұл олардың қасіретін күшейте түседі. Иса: “Олар Адам Ұлының ғаламат құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлттарда келе жатқанын көреді”,— деген (Мар. 13:26). Исаның өз құдіретін осылай табиғаттан тыс түрде көрсетуі үкімін жария етуге келгенінің белгісі болмақ. Соңғы күндер туралы басқа бір пайғамбарлығында, атап айтқанда қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімесінде, Иса бұны толығырақ суреттеді (Матай 25:31—33, 46 оқыңыз). Осы әңгімеде айтылғандай, Құдай Патшалығына адал адамдар “қойлардың” қатарына жатқызылады. Олар “құтқарылуларының жақын” екенін біліп, “бастарын көтереді” (Лұқа 21:28). Ал Патшалықтың жаулары “серкелердің” қатарына жатқызылады, әрі “мәңгілікке жойылатындарын” біліп, “өздерін ұрғылап зар еңірейді” (Мат. 24:30; Аян 1:7).
(Аян 2:7) Құлағы бар әркім киелі рухтың қауымдарға айтқандарын тыңдасын: жеңімпазға Құдайдың жұмағындағы өмір ағашының жемісінен беремін”.
Аян кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (І бөлім)
2:7. ‘Құдайдың пейіш бағы’ деген не? Бұл сөздер майланған мәсіхшілерге қатысты айтылғандықтан, “пейіш” сөзі көктегі жұмақ іспетті мекенге, Құдайдың тұрағына, нұсқайды. Адал майланған мәсіхшілер ‘мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісінен жейтін’ болады, яғни олар өлместік сыйын иеленеді (Қор. 1-х. 15:53).
Киелі кітапты оқу
(Аян 1:1—11) Бұл — Құдайдың өз құлдарына жуырда болатын жайттарды көрсету үшін Иса Мәсіхке берген аяны. Иса болса оны періштесін жіберіп, құлы Жоханға белгілер арқылы көрсетті. 2 Ал Жохан Құдай сөзі және Иса Мәсіхтің куәлігі туралы, яғни көргендерінің бәрі туралы куәлік етті. 3 Осы пайғамбарлықтағы сөздерді дауыстап оқитын адам да, оны тыңдайтын әрі онда жазылғандарды орындайтындар да бақытты, себебі белгіленген уақыт таяп қалды. 4 Жоханнан Азия аймағындағы жеті қауымға: “Бұрын болған, қазір де бар әрі болашақта келетін”, сондай-ақ оның тағының алдындағы жеті рух 5 және “Адал куәгер”, “Өлімнен қайта тірілгендердің алғашқысы”, “Жер бетіндегі патшалардың билеушісі” Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын! Ол бізді сүйеді, өз қанымен күнәларымыздан арылтты, 6 сондай-ақ бізді патша және өзінің Құдайы әрі Әкесінің діни қызметкерлері етті. Ұлылық пен құдірет мәңгілік соған тиесілі! Аумин. Міне, ол бұлттармен келеді. Оны бәрі, оны түйрегендер де, өз көзімен көреді. Сонда жер бетіндегі ру атаулы зар еңіреп, көкіректерін ұрады. Бұл сөзсіз орындалады. Аумин. 8 “Мен Альфа және Омегамын,— дейді Ехоба Құдай.— Мен бұрын болған, қазір де бар әрі болашақта келетін Құдіреті шексіз Құдаймын”. 9 Мен, Исаның ізбасары ретінде өздерің сияқты табандылық танытып, қиындықтарға шыдап жүрген, ал келешекте Патшалыққа үлестес болатын бауырластарың Жохан, Құдай жайлы айтып, Иса туралы куәлік еткенім үшін Патмос аралында болғанымда, 10 киелі рухтың әсерімен Иеміздің күніне апарылдым. Сонда ту сыртымнан былай деп жатқан керней үніне ұқсас зор дауысты естідім: 11 “Көргендеріңді шиыршыққа жазып, Ефес, Смирна, Пергам, Тиатира, Сард, Филаделфи және Лаудикидегі жеті қауымға жібер”.
25 қараша—1 желтоқсан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | АЯН 4—6
“Шауып келе жатқан төрт салт атты”
(Аян 6:2) Мен қарадым да, ақ боз атты көрдім. Атта отырғанның қолында садағы бар екен, сондай-ақ оған тәж берілді. Ол жолындағы жауларын жеңіп, ақырында, толық жеңіске жету үшін аттанды.
Атқа қонған төртеу: ол кімдер?
Ақ боз атта отырған кім? Мұны Аян кітабының басқа бір тарауынан анықтаймыз. Онда көкте шауып келе жатқан бұл салт атты “Құдай Сөзі” деген есіммен аталады (Аян 19:11—13). “Сөз” деген лауазым Иса Мәсіхке тиесілі, себебі ол — Құдайдың атынан сөйлейтін өкіл (Жохан 1:1, 14). Жазбаларда Иса “патшалардың Патшасы, иелердің Иесі” деген атпен де сипатталып, оның “Адал да Шынайы” екені айтылады (Аян 19:11, 16). Ол шынымен де жауынгер патша болуға билігі бар және бұл билігін ол ешқашан теріс қолданбайды. Десе де біраз сұрақтар туындауы мүмкін.
Атқа қонған төртеу: ол кімдер?
Салт аттылар қашаннан бастап шауып келе жатыр? Аян кітабында айтылғандай, олардың біріншісі Иса тәж алғаннан кейін аттанған (Аян 6:2). Ал қай кезде Иса көкте тәж киіп, Патша болды? Бұл оның қайта тірілген соң көкке оралған кезі емес еді. Киелі кітапта айтылғандай, көкке оралғанда, оған бірталай уақыт күту қажет болған (Еврейлерге 10:12, 13). Жерде болған кезінде Иса шәкірттеріне күтетін уақытының аяқталғанын және көкте билік ете бастайтынын қалай айқындауға болатынын түсіндірген еді. Мәселен, ол көкте таққа отырғаннан кейін дүниедегі жағдай күрт нашарлап кететінін айтты. Жер бетін соғыстар, ашаршылық пен індет жайламақ еді (Матай 24:3, 7; Лұқа 21:10, 11). 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткенде, адамзаттың “соңғы күндер” деп аталатын ерекше қиын уақытқа аяқ басқаны анық болды (Тімөтеге 2-хат 3:1—5).
(Аян 6:4—6) Сонда оттай қызыл басқа ат шықты. Адамдар бір-бірін өлтіру үшін, атта отырғанға жер бетінен тыныштықты жою билігі беріліп, үлкен семсер табыс етілді. 5 Тоқты үшінші мөрді ашқанда, үшінші тіршілік иесінің: “Аттан!”— деген даусын естідім. Қарадым да, қара атты көрдім. Атта отырған қолына таразы ұстап алыпты. 6 Сонда төрт тіршілік иесінің арасынан: “Бір килограмдай бидай бір динар, үш килограмдай арпа бір динар болсын, ал зәйтүн майы мен шарапты бүлдірме”,— деген дауысты естідім.
Атқа қонған төртеу: ол кімдер?
Жүйткіп келе жатқан бұл салт атты соғысты білдіреді. Байқасаңыз, ол кейбір халықтың емес, бүкіл жер бетінің тынышын алуда. 1914 жылы тарихта ешқашан болмаған ғаламдық көлемде соғыс басталып кетті. Артынша одан да залалды Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ етті. Кейбір есептерге сай, 1914 жылдан бері соғыс пен қақтығыстарда өлген адамдардың саны 100 миллионнан асады екен! Бұған қоса, оңалмастай жарақат алған адамдар да аз болған жоқ.
Атқа қонған төртеу: ол кімдер?
“Қарадым да, қара атты көрдім. Атта отырған қолына таразы ұстап алыпты. Сонда төрт тіршілік иесінің арасынан: “Бір килограмдай бидай бір динар, үш килограмдай арпа бір динар болсын, ал зәйтүн майы мен шарапты бүлдірме”,— деген дауысты естідім” (Аян 6:5, 6).
Бұл салт атты аштықты бейнелейді. Тармақта азық-түліктің тапшы болатыны сонша — 1 килограмдай бидайдың құны 1 динар тұратыны айтылған. Бұл І ғасырда бір күндік еңбекақының құнына тең еді (Матай 20:2). Я болмаса әлгі 1 динарға 3 килограмдай арпа алуға болатын. Себебі арпаның бидайдан сапасы төмендеу саналатын. Осындай жоқшылық заманда үлкен отбасылар қалай күн көрмек еді? Халыққа сол қоғамда негізгі азық түрі болып саналған зәйтүн мен шарапты қатаң үнемдеу ескертілді.
(Аян 6:8) Қарадым да, сұп-сұр атты көрдім. Атта отырғанның есімі “Өлім” еді, оның соңынан өкшелеп көр келе жатты. Оларға ұзын семсермен, ашаршылықпен, індетпен және жыртқыш аңдармен жердің төрттен бір бөлігін өлтіруге билік берілді.
Атқа қонған төртеу: ол кімдер?
Төртінші салт атты індетпен не басқа да себептермен адамзатты жалмап жатқан өлімді бейнелейді. 1914 жылдан кейін “испан тұмауы” деген жойқын індет ондаған миллион адамның өмірін әкетті. Бұл тұмауды шамамен 500 миллион адам, яғни сол дәуірде өмір сүрген адамдардың әр үшіншісі жұқтырған екен!
Алайда испан тұмауы адамзатқа төнген қасіреттің тек бастамасы еді. Сарапшылардың айтуынша, ХХ ғасырда шешек ауруынан 300 миллионнан аса адам қаза болды. Медициналық жетістіктерге қарамастан әлі де миллиондаған адам ЖИТС, туберкулез бен безгек ауруларынан өмірінен айырылуда.
Не керек, соғыс, аштық пен індет адамдарға аяусыз ажал құштырып келеді. Ал еш тойымсыз “Көр” болса арттарынан жүріп, марқұмдарды жалмауда.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Аян 4:4) Сол тақты айналдыра тағы 24 тақ тұр екен, оларда ақ киім, алтын тәж киген 24 ақсақал отырды.
(Аян 4:6) Тақ алдында мөп-мөлдір шыны теңізге ұқсас нәрсе де бар екен. Тақ тұрған ортада және тақты айналдыра денелерінің алды-арты көзге толы төрт тіршілік иесі тұрды.
re 76-б., 8-абз.
Ехобаның ғаламат көктегі тағы
8 Жохан ежелдегі киелі шатырда қызмет етуге діни қызметкерлер тағайындалатынын білетін. Сондықтан ол мына жайтты көргенде таңғалған болар: “Сол тақты айналдыра тағы 24 тақ тұр екен, оларда ақ киім, алтын тәж киген 24 ақсақал отырды” (Аян 4:4). Иә, діни қызметкерлердің орнына, ол патша іспетті тақта отырған, бастарында тәжі бар 24 ақсақалды көрді. Бұл ақсақалдар кімдер? Әрине, бұл — мәсіхшілер қауымындағы майланғандар. Олар қайта тіріліп, Ехоба уәде еткен көктегі дәрежеге ие болды. Мұны қайдан білеміз?
re 80-б., 19-абз.
Ехобаның ғаламат көктегі тағы
19 Бұл тіршілік иелері кімдерді бейнелейді? Бұны Езекиел пайғамбардың аянынан түсінуге болады. Езекиел Ехобаның көктегі арбаның үстіндегі тақта отырғанын көреді. Ал қасында Жоханның сипаттауына ұқсайтын тіршілік иелері бар еді (Езекиел 1:5—11, 22—28). Кейін Езекиел қайтадан әлгі арбадағы тақ пен қасындағы тіршілік иелерін көреді. Бірақ бұл жолы ол тіршілік иелерінің керубтер екенін айтады (Езекиел 10:9—15). Жохан көрген төрт тіршілік иесі Құдайдың көптеген керубтерін, яғни оның көктегі рухани ұйымындағы жоғары лауазымға ие тіршілік иелерін бейнелейтінге ұқсайды. Жохан бұл керубтердің Ехобаға соншалықты жақын тұрғанын көргенде таңғалмаса керек, өйткені ежелдегі киелі шатырда Ехобаның тағын бейнелейтін келісім сандығының қақпағының үстінде екі керубтің алтын мүсіні тұратын. Ехоба осы екі керубтің арасынан сөйлеп, Исраил халқына бұйрықтар айтатын (Мұсаның 2-жазбасы 25:22; Зәбүр 80:1).
(Аян 5:5) Алайда ақсақалдардың бірі: “Жылама, яһуда руынан шыққан Арыстан, Дәуіттің тамыры, жеңіп шықты. Жеті мөрді бұзып, шиыршықты ашуға сол лайық”,— деді.
cf 36-б., 5, 6-абз.
“Яһуда руынан шыққан Арыстан”
5 Арыстан десе, ойымызға бірден батылдық қасиеті келеді. Сіз арыстанмен бетпе-бет кездескенсіз бе? Бұл жыртқышқа кездескен болсаңыз, бәлкім, хайуанаттар бағындағы қауіпсіз жерде, қоршаудың арғы бетінде тұрған боларсыз. Бірақ бойыңызды сонда да үрей билеген шығар. Алып әрі өте мықты арыстанның түріне қарасаңыз, оның да сізге көз алмай қадала қарап тұрғанын байқайсыз. Иә, олардың әлденеден сескеніп, үркіп қашуы екіталай. Киелі кітапта айтылғандай, “арыстан аңдардың ең күштісі, ешкімнен қаймығып шегінбейді” (Нақыл сөздер 30:30). Мәсіх те осындай батылдыққа ие.
6 Иса үш жағдайда арыстандікіндей батылдықты қалай танытқанын көрейік: шындықты қорғағанда, әділдікті қолдағанда, қарсылыққа кезіккенде. Сондай-ақ табиғатымыздан батыл болсақ та, болмасақ та, барлығымыз Иса сияқты батылдық таныта алатынымызды көреміз.
Киелі кітапты оқу
(Аян 4:1—11) Осыдан кейін қарадым да, көкте ашылған есікті көрдім және керней үніне ұқсайтын бірінші дауысты естідім. Ол маған: “Мұнда көтеріл, саған бұдан кейін не болуға тиіс екенін көрсетемін”,— деді. 2 Сол сәтте маған киелі рух әсер етіп, көкте тұрған тақты және оның үстінде отырған біреуді көрдім. 3 Тақта отырғанның сырт көрінісі яшмаға және қызыл түсті асыл тасқа ұқсайды екен. Ал тақты зүбәржат іспетті кемпірқосақ қоршап тұрды. 4 Сол тақты айналдыра тағы 24 тақ тұр екен, оларда ақ киім, алтын тәж киген 24 ақсақал отырды. 5 Тақтан найзағай жарқылдап, дауыстар шығып, күннің күркірі естілді. Ал тақ алдында жеті шам жалындап жанып тұрды, олар Құдайдың жеті рухын білдіреді. 6 Тақ алдында мөп-мөлдір шыны теңізге ұқсас нәрсе де бар екен. Тақ тұрған ортада және тақты айналдыра денелерінің алды-арты көзге толы төрт тіршілік иесі тұрды. 7 Олардың біріншісі арыстанға, екіншісі жас бұқаға, үшіншісінің беті адамдікіне, ал төртіншісі ұшып бара жатқан бүркітке ұқсас екен. 8 Төрт тіршілік иесінің әрқайсысының алты қанаты бар, ал қанаттарының асты көзге толы еді. Олар күні-түні тынбай: “Бұрын болған, қазір де бар әрі болашақта келетін Құдіреті шексіз Ехоба Құдай киелі, киелі, киелі!”— деп жатты. 9 Төрт тіршілік иесі Тақта отырғанды — Мәңгі жасайтынды — даңқтап, оған құрмет көрсетіп, ризашылық білдірген сайын, 10 әлгі 24 ақсақал Тақта отырғанның — Мәңгі жасайтынның — алдында тізерлеп тағзым етіп, тәждерін тақ алдына тастап, былай деумен болды: 11 “Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды”.