Матай
26 Иса осының бәрін айтып болған соң, шәкірттеріне: 2 “Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы* болатынын білесіңдер+. Сонда Адам Ұлы бағанаға ілініп өлтірілу үшін ұстап беріледі+”,— деді.
3 Сол кезде жоғарғы діни қызметкерлер мен ел ақсақалдары Қаяпа+ деген бас діни қызметкердің ішкі ауласына жиналып, 4 кеңес құрды+. Олар Исаны айламен ұстап алып, өлтірудің жолын іздестірді. 5 Алайда: “Мұны мейрамда істемейік, әйтпесе халық көтеріліп кетер”,— десті.
6 Бетанияда болғанында Иса бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде+ 7 дастарқан басында жантайып жатты. Сонда өте қымбат иісмайға толы тас құты* ұстаған бір әйел келіп, оны Исаның басына құя бастады. 8 Бұны көрген шәкірттері наразылық білдіріп: “Мұндай ысыраптың қажеті не? 9 Оны қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны кедейлерге үлестіруге болар еді ғой!”— десті. 10 Олардың не жайлы сөйлесіп жатқанын білген Иса былай деді: “Бұл әйелді неге мазалайсыңдар? Ол маған жақсылық жасады. 11 Кедейлер әрқашан қастарыңда ғой+, ал мен әрқашан қастарыңда болмаймын+. 12 Иісмайды денеме құюымен ол мені жерлеуге дайындады+. 13 Сендерге шындығын айтамын, ізгі хабар дүниенің қай жерінде уағыздалмасын, бұл әйел де еске алынып, осы істегені жайлы айтылатын болады+”.
14 Осыдан кейін Яһуда Исқариот+ есімді 12 елшінің бірі жоғарғы діни қызметкерлерге барып+: 15 “Оны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер+?”— деп сұрады. Олар 30 күміс ақша беруді уәде етті+. 16 Осы кезден бастап ол Исаны ұстап берудің қолайлы сәтін іздеді.
17 Ашымаған нан мейрамының*+ бірінші күні шәкірттері Исаға келіп: “Құтқарылу мейрамының асын қайда дайындағанымызды қалайсыз?”— деп сұрады+. 18 Ол мынаны тапсырды: “Қаладағы пәленшеге барып, былай деңдер: —Белгіленген уақытым жақын. Құтқарылу мейрамын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде тойлаймын деп, Ұстазымыз сәлем айтты”. 19 Шәкірттері Иса тапсырғандай істеп, мейрамға қажеттінің бәрін даярлады.
20 Кеш түскенде+ Иса 12 шәкіртімен дастарқан басына жантайды+. 21 Тамақтанып жатқанда, ол: “Сендерге шындығын айтамын, араларыңдағы біреу маған опасыздық жасайды+”,— деді. 22 Бұған олардың қатты еңселері түсіп, бірінен соң бірі: “Ием, сол адам мен емеспін ғой?”— деп сұрай бастады. 23 Ол былай деп жауап берді: “Менімен бірге табаққа нан батырып жатқан біреуің маған опасыздық жасайсың+. 24 Рас, Адам Ұлы өзі туралы жазылғанға сай кетіп бара жатыр. Бірақ Адам Ұлына опасыздық жасаған кісі қасіретке+ қалады+! Бұдан гөрі оның дүниеге келмегені жақсы еді+!” 25 Сонда оған опасыздық жасағалы жүрген Яһуда: “Ұстаз*, сол адам мен емеспін ғой?”— дегенде, Иса: “Мұны өзің айтып тұрсың”,— деді.
26 Олар тамақтанып жатқанда, Иса қолына нан алып, дұға еткен соң, шәкірттеріне сындырып беріп жатып+: “Алыңдар, жеңдер. Бұл менің денемді білдіреді”+,— деді. 27 Сосын шарап құйылған тостағанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, оларға беріп жатып, былай деді: “Мынадан бәрің де ішіңдер+. 28 Өйткені бұл көптеген адамдардың күнәсі кешірілу үшін+ төгілетін менің қанымды+ — “келісім+ қанын” — білдіреді+. 29 Бірақ сендерге былай деймін: Әкемнің Патшалығында сендермен бірге жаңа шарап ішетін күнге дейін, енді қайтып шарап ішпеймін+”. 30 Соңында, олар Құдайды мадақтап әндер айтты да, Зәйтүн тауына қарай жүрді+.
31 Сонда Иса оларға былай деді: “Басыма түсетін жағдайға бола осы түні бәрің мені тастап кетесіңдер, өйткені Киелі жазбаларда “бағушыны ұрып өлтіремін, сонда отардағы қойлары бытырап кетеді” делінген+. 32 Бірақ мен қайта тірілгеннен кейін, сендерден бұрын Ғалилеяға барамын+”. 33 Ал Петір: “Басыңызға түскен жағдайға бола бәрі тастап кетсе де, мен сізді ешқашан тастамаймын!”— деді+. 34 Бұған Иса: “Саған шындығын айтамын, осы түні, әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың”,— деп жауап берді+. 35 Сонда Петір: “Сізбен бірге өлуге тура келсе де, сізден еш танбаймын!”+— деді. Басқа шәкірттер де осыны айтты.
36 Бұдан кейін Иса олармен бірге Гетсимани деген жерге келді+. Ол шәкірттеріне: “Мен ана жерге барып дұға айтып келгенше, осында отыра тұрыңдар”,— деді+ де, 37 Петір мен Зебедейдің екі ұлын өзімен бірге ертіп кетті. Сосын қайғыға батып, қатты күйзеле бастады+. 38 Иса оларға: “Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, менімен бірге сергек болыңдар”,— деді+. 39 Сөйтті де, әрірек барып, етпетінен жығыла кетіп: “Әке, мүмкін болса, осы тостағанды*+ менен әкете көр. Бірақ менің емес, сенің еркің болсын+”,— деп дұға етті+.
40 Қайтып келгенде, шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көріп, Петірге: “Ең болмағанда, бір сағат менімен бірге сергек бола алмағандарың қалай+? 41 Азғырылмау үшін+ сергек болып+, ұдайы дұға етіңдер+. Рух дайын, бірақ тән әлсіз+”,— деді. 42 Ол екінші рет әрірек барып: “Әке, бұл тостағанды менен әкету мүмкін болмай, оны ішуім керек болса, онда сенің еркің орындалсын+”,— деп дұға етті. 43 Қайтып келгенде, олардың тағы ұйықтап жатқандарын көрді, өйткені көздерін ұйқы басқан еді. 44 Сонда Иса шәкірттерін қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып дұға етті. 45 Сосын оларға келіп, былай деді: “Осындай уақытта ұйықтап, демалып жатырсыңдар ма?! Міне, Адам Ұлы күнәкарлардың қолына ұстап берілетін уақыт жақындап қалды. 46 Тұрыңдар, кеттік! Міне, маған опасыздық жасайтын адам таяп қалды”. 47 Ол әлі сөйлеп тұрғанда, 12 елшінің бірі Яһуда қолдарына семсер, сойыл ұстаған үлкен тобырмен келді. Оларды жоғарғы діни қызметкерлер мен ел ақсақалдары жіберген еді+.
48 Опасыздық жасайтын адам қандай белгі беретінін айтып: “Мен кімнің бетінен сүйсем, ол — сол кісі. Соны тұтқындаңдар”,— деген болатын. 49 Ол тіке Исаға келіп: “Амансыз ба, Ұстаз!”— деді де, ақырын ғана бетінен сүйді. 50 Бірақ Иса оған: “Достым, мұнда не үшін келдің?”+— деді. Сол кезде олар Исаға жақындап келді де, оны тұтқынға алды. 51 Кенет Исаның қасындағылардың бірі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің құлының құлағын шауып түсірді+. 52 Бірақ Иса оған былай деді: “Семсеріңді қынабына сал+! Қолына семсер алғандардың бәрі семсерден өледі+. 53 Жоқ әлде Әкемнен дәл қазір періштелердің қалың қолын*+ жіберуін сұрап өтіне алмайды деп ойлайсың ба? 54 Онда осылай болу керектігі айтылған Жазбалар қалай орындалмақ?” 55 Сосын Иса тобырға қарап: “Қарақшыны ұстауға келгендей, семсер, сойылмен келгендерің қалай? Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп+, қастарыңда болғанымда тұтқындамап едіңдер+. 56 Бірақ мұның барлығы пайғамбарлар жазбалары жүзеге асу үшін болды+”,— деді. Сонда шәкірттерінің бәрі оны тастап, қаша жөнелді+.
57 Исаны тұтқынға алғандар оны бас діни қызметкер Қаяпаға+ апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен ақсақалдар жиналған еді+. 58 Петір оған алыстан ілесе отырып, бас діни қызметкердің ішкі ауласына дейін барды. Онда кірген соң, істің немен бітетінін көру үшін үй қызметшілерінің қасына барып отырды+.
59 Осы кезде жоғарғы діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес* Исаны өлімге кеспек болып, оған қарсы жалған айғақтар іздестіріп жатты+. 60 Бірақ көптеген жалған куәлар келгенмен, бірде-бір айғақ табылмады+. Ақырында, екі куә келіп, 61 былай деді: “Мына кісі: —Құдайдың ғибадатханасын қиратып, үш күнде қайта тұрғыза аламын+,— деген болатын”. 62 Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып: “Айтар жауабың жоқ па? Мыналар саған қарсы куәлік беріп жатыр ғой+!”— деді. 63 Бірақ Иса үнсіз тұра берді+. Сонда бас діни қызметкер: “Тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге мынаны айт: сен Құдай Ұлы Мәсіхсің бе+?”— деді. 64 Иса оған: “Мұны өзіңіз айтып тұрсыз. Мен сіздерге мынаны айтамын: бұдан былай Адам Ұлының+ Құдіреті күштінің оң жағында отырғанын+ және аспандағы бұлттарда келе жатқанын көретін боласыздар+”,— деп жауап қатты. 65 Сол кезде бас діни қызметкер киімінің өңірін жыртып: “Мынау Құдайды қорлап тұр ғой! Бізге бұдан басқа қандай куә қажет? Құдайды қорлағанын өздерің естідіңдер. 66 Бұған не дейсіңдер?”— деп сұрағанда, олар: “Ол өлімге лайық+!”— деп жауап қатты. 67 Олар Исаның бетіне түкіріп+, жұдырықтады+. Басқалары болса жағынан салып-салып жіберіп+: 68 “Әй, Мәсіх! Пайғамбар болсаң, айтшы, сені кім ұрды?”— деді.
69 Осы уақытта Петір сыртта, ішкі аулада, отырған еді. Оған бір қызметші қыз келіп: “Сен де ғалилеялық Исамен жүретін едің ғой!”— деді+. 70 Бірақ ол бәрінің алдында: “Сенің не айтып тұрғаныңды білмеймін”,— деп мойындамады. 71 Петір қақпа алдына келгенде, басқа бір қыз оны байқап қалып, сондағыларға: “Мынау назареттік Исамен бірге жүретін”,— деді+. 72 Ол тағы да танып: “Мен ол кісіні танымаймын”,— деп ант ішті. 73 Сәлден кейін сонда тұрғандар келіп: “Сен шынымен солардың бірісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ көрініп тұр!”— деді. 74 Бірақ Петір: “Мен ол кісіні танымаймын!”— деп, қарғанып, ант іше бастады. Сол сәтте әтеш шақырды. 75 Сонда Петірдің есіне Исаның “әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың”+ деген сөздері түсті, ол сыртқа шығып, өкіріп жылады.