Ехобаның сөзі тірі
Әйүп кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ӘЙҮП қазіргі Арабия түбегіндегі Ұз деген жерде ежелгі уақытта өмір сүрген. Ол заманда Мысырда көп исраилдіктер тұратын. Әйүп исраилдік болмаса да, Ехобаға ғибадат ететін. Ол туралы Киелі кітапта: “Жер бетінде тап ол сияқты адам жоқ: мінсіз, адал, Құдайдан қорқып, жамандықтан аулақ жүреді”,— делінген (Әйүп 1:8). Әйүп Ехобаға ғибадат еткен ең танымал екі адам, Жақыптың ұлы Жүсіп пен Мұса пайғамбар, өмір сүрген уақыт аралығында ғұмыр кешкен болу керек.
Әйүп кітабының жазушысы деп есептелетін Мұса оның басына түскен жайттарды 40 жыл бойы Ұзға таяу орналасқан Мадиян елінде болғанда білсе керек. Ал оның өмірінің соңғы жылдары туралы исраилдіктер 40 жылдық кезбелік өмірлерінің соңында Ұздың айналасындағы шөл далада жүргенде естігенге ұқсайдыa. Бұл оқиға қағаз бетіне аса көркем тілмен түсірілген, сондықтан керемет әдеби шығарма ретінде қарастырылады. Оның үстіне, одан келесі сұрақтарға жауап табуға болады: Неге жақсы адамдар қасірет шегеді? Неге Ехоба зұлымдыққа жол беріп отыр? Кемелсіз адамдар Құдайға деген мінсіздіктерін сақтап қала ала ма? Рухтың жетелеуімен Құдай Сөзінің бір бөлігі ретінде Әйүп кітабында жазылған мәлімет те тірі әрі біздің күндерімізде де әсері бар (Еврейлерге 4:12).
‘МЕН ТУЫЛҒАН КҮН ҚҰРЫСЫН’
Бір күні Шайтан Әйүптің Құдай алдындағы мінсіздігіне күмән келтіреді. Ехоба бұл мәселені жауапсыз қалдырмай, оның Әйүпті бір қасіреттен кейін екіншісіне душар етуіне жол береді. Соған қарамастан Әйүп ‘Құдайды балағаттаудан’ бас тартады (Әйүп 2:9).
Әйүптің ‘қайғысын бөлісуге’ үш досы келеді (Әйүп 2:11). Олар Әйүптің өзі: ‘Мен туылған күн құрысын’,— деген сөздермен тыныштықты бұзбайынша, тіс жармай отыра береді (Әйүп 3:3). Ол ‘жарық дүниені көрмеген сәбилердей’ немесе өлі туған бала іспетті болуды аңсайды (Әйүп 3:11, 16).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:4. Әйүптің балалары туған күндерін тойлаған ба? Жоқ. Түпнұсқа тілінде “күн” және “туған күн” деген — екі бөлек сөз, әрі әрқайсысының өз мағынасы бар (Жаратылыс 40:20). Әйүп 1:4-те қолданылған “күн” сөзі күннің шығуы мен батуы аралығын көрсететін уақытқа нұсқайды. Әйүптің жеті ұлы жыл сайын жеті күн бойы отбасымен жиналатын болса керек. Олар кезек жасап қойғандықтан, әрбір ұлы “өз күнінде” қонақасын беретін.
1:6; 2:1. Ехобаның алдына баруға кімге рұқсат етілген еді? Ехобаның алдында өзінің жалғыз Ұлы Сөз, адал періштелер және Шайтан Ібіліс пен тілазар болып кеткен “Құдай ұлдары” тұра алатын (Жохан 1:1, 18). Ол кезде Шайтан мен оның жын-перілері әлі көктен қуылған жоқ еді. Олар 1914 жылы Құдай Патшалығы орнағаннан кейін аз уақыт өткен соң ғана қуылды (Аян 12:1—12). Ехоба Шайтан көтерген сұрақ пен одан туған даулы мәселелерден ешбір рухани жаратылыс сырт қалмау үшін, олардың өзінің алдына келуіне рұқсат еткен.
1:7; 2:2. Ехоба Шайтанмен тікелей сөйлескен бе? Киелі кітапта Ехобаның рухани жаратылыстарымен қалай сөйлесетіні туралы мәлімет көп емес. Сөйтсе де Миха пайғамбар аян алып, Ехобаның бір періштемен тікелей сөйлескенін көрген (Патшалықтар 3-жазба 22:14, 19—23). Соған қарағанда Ехоба Шайтанмен біреу арқылы сөйлеспегенге ұқсайды.
1:21. Қай мағынада Әйүп ‘анасының құрсағына’ оралмақ еді? Ехоба Құдай адамды “жердегі топырақтан” жаратқандықтан, мұнда жер бейнелі түрде “ана” деп аталған (Жаратылыс 2:7).
2:9. “Құдайды балағатта да, өле қал”,— дегенде, Әйүптің әйелінің санасын не билеген? Әйүптің басына түскен бақытсыздық әйелінің де басына түскен. Сондай-ақ бір кездері тепсе темір үзетін күйеуі аянышты күйге түсіп, жеркенішті ауруға шалдыққаны оның жанына батса керек. Ол жақсы көретін балаларынан айырылды. Осының барлығының қайғысына салынып кеткен ол анағұрлым маңыздырақ нәрсе, яғни Құдаймен қарым-қатынасы, туралы ой жүгіртуді ұмыт қалдырса керек.
Біз үшін сабақ:
1:8—11; 2:3—5. Әйүптің жағдайынан көргеніміздей, мінсіздікті сақтау үшін дұрыс әрекет ету және дұрыс сөйлеумен қоса, Ехобаға дұрыс ниетпен қызмет ету де талап етіледі.
1:21, 22. Жайшылықта да, қиын шақтарда да Ехобаға адал болып қалуымызбен Шайтанның өтірікші екенін дәлелдейміз (Нақыл сөздер 27:11).
2:9, 10. Әйүп іспетті, біз отбасы мүшелері рухани нәрселерге ұмтылғанымызды қолдамаса немесе сенімімізге қарсы әрекет еткізуге не одан бас тартқызуға тырысып, қысым жасаса берік болуымыз керек.
2:13. Әйүптің достары Құдай мен оның уәделері туралы ешбір жұбаныш беретін сөз айтпады, өйткені олар рухани жағынан кемеліне жетпеген еді.
‘МІНСІЗДІГІМЕ БЕРІК БОЛЫП ҚАЛАМЫН’
Әйүптің үш досының айтқан сөздерінің түйіні Әйүп өте жаман нәрсе істеп, Құдайдан ауыр жаза алып жатқан болу керек дегенге келіп саяды. Алдымен Елифаз сөз алады. Одан кейін сөз тізгінін Билдад алып, анағұрлым ауыр сөздер айтады. Ал Зофардың айтқан сөздері одан да сорақы болады.
Әйүп олардың ойымен келіспейді. Неге өзінің осыншама қасірет шегуіне Құдайдың жол беріп отырғанын түсіне алмаған Әйүптің есіл-дерті өзін ақтауға ауып кетеді. Сөйтсе де ол Құдайды сүйетін, сондықтан: “Өле-өлгенше мінсіздігіме берік болып қаламын”,— деп дауыстайды (Әйүп 27:5).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
7:9, 10; 10:21; 16:22. Осы тармақтардағы сөздер Әйүп қайта тірілуге сенбеген деген ойға нұсқай ма? Бұл тармақтарда әңгіме Әйүптің жақын болашағы жөнінде болып отыр. Сонымен, ол не дегісі келген? Бұған қатысты тұжырымдардың бірі егер ол өлу керек болса, достары оны енді қайтып көрмес еді. Олардың тұрғысынан қарағанда, Әйүп ешқашан қайтып оралмас еді және Құдай тағайындаған уақытқа дейін таныстарының ешқайсысы да оны ешқашан көрмес еді. Әйүп шеолдан ешкім өздігінен қайта орала алмайды дегісі келген болуы да мүмкін. Ал оның қайта тірілуге сенетіні Әйүп 14:13—15 тармақтардан анық көрінеді.
10:10. Қалай Ехоба Әйүпті ‘сүт іспетті құйып, ірімшік іспетті қойылтқан’? Мұнда Әйүптің ана құрсағында пайда болғаны поэзиялық тілмен бейнеленген.
19:20. “Тісімнің айналасындағы терім ғана қалды”,— деуімен Әйүп не айтқысы келген? Негізінде, тістің айналасында тері болмайды, бірақ Әйүп бұлай деуімен түгім қалмады дегісі келген болу керек.
Біз үшін сабақ:
4:7, 8; 8:5, 6; 11:13—15. Егер біреу жапа шегіп жүрсе, ол не ексе, соны орып жатыр, сондай-ақ Құдайға ұнамсыз деген асығыс тұжырым жасаудан аулақ болуымыз керек.
4:18, 19; 22:2, 3. Біздің кеңесіміз өз ойымызға емес, Құдай Сөзіне негізделгені дұрыс (Тімотеге 2-хат 3:16).
10:1. Әйүп басына түскен қайғыдан есеңгіреп қалғаны соншалық, жапа шегіп жатқанының басқа да себептері болуы мүмкін екенін ұмыт қалдырған. Біз қиындыққа тап болғанда, кейімеуіміз керек. Әсіресе бүкіләлемдік даулы мәселенің мәнін анық түсінетінімізді ескеретін болсақ, солай еткеніміз жөн.
14:7, 13—15; 19:25; 33:24. Шайтан сынаққа ұшыратқан шақтарда, қайта тірілуге деген үміт бізге күш береді.
16:5; 19:2. Біздің сөздеріміз өзгелерді ренжітетін емес, қайта, жігер беріп, нығайтатындай болу керек (Нақыл сөздер 18:21).
22:5—7. Еш негізсіз кінәлай отырып берілген кеңестің пайдасынан зияны көп.
27:2; 30:20, 21. Мінсіздікті сақтау үшін кемелді болу талап етілмейді. Әйүп Құдайды орынсыз кінәлаған.
27:5. Мінсіздігін сақтау-сақтамауды тек Әйүптің өзі шешетін, өйткені адамның мінсіздігі Құдайға деген сүйіспеншілігіне негізделеді. Сондықтан біз Құдайға деген зор сүйіспеншілік дамытуымыз керек.
28:1—28. Адам жердегі қазынаны қайдан іздеу керектігін біледі. Қазына іздеген адам бірде-бір қырағы жыртқыш құс көре алмайтын жер асты жолдарын салуда қас шебер болып алады. Алайда Құдайға ұнамды даналық Ехобаның алдындағы қорқыныштан келіп туындайды.
29:12—15. Мұқтаждық көріп жатқандарға сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытуға даяр болуымыз керек.
31:1, 9—28. Әйүп қылымсудан, азғындықтан, алалаудан аулақ болуымен және өзгелерге қатысты қайырымсыз әрекет етпеуімен, сондай-ақ дүниеқоңыздық пен жалған тәңірлерге табынбауымен бізге үлгі қалдырған.
“ТОПЫРАҚ ПЕН КҮЛДЕ ОТЫРЫП ӨКІНЕМІН”
Елиуй деген жас жігіт шыдамдылықпен болған жайттың бәрін бақылап отырды. Енді оның сөйлейтін кезі келді. Ол Әйүптің де, оның доссымақтарының да ойын түзетті.
Елиуй сөйлеп біте бергенде, дауыл арасынан Ехобаның өзі жауап береді. Ол Әйүптің басына түскен қайғы-қасіреттің себебін түсіндірмейді. Бірақ Құдіреті шексіз Құдай Әйүпке бірқатар сұрақ қоя отырып, оған өзінің ғаламат күші мен зор даналығын мойындатады. Әйүп: “Мен өз сөздерімнен бас тартып, топырақ пен күлде отырып өкінемін”,— деп, өзінің ештеңені түсінбестен сөйлегенімен келіседі (Әйүп 42:6). Әйүптің сынақтары осылайша тамам болып, мінсіздігін сақтағаны үшін батаға ие болады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
32:1—3. Елиуй қай уақытта келген? Елиуйдің болған әңгімені бастан-аяқ естігенін ескерсек, ол достары жеті күн тіс жармай отырып, Әйүптің өзі сөз бастағаннан біраз уақыт бұрын келіп, олардың сөздері естілетіндей жерге отырғанға ұқсайды (Әйүп 3:1, 2).
34:7. Қалайша Әйүп “келекені судай сіміретін” адам сияқты болған? Әбден қайғы-мұңға батқан Әйүп ашықтан-ашық Құдайға қарсы сөйлеп жатқан үш досының сөздерін өзіне бағытталған мазақ ретінде қабылдауға бейім болған (Әйүп 42:7). Сондықтан құшырлана су ішіп жатқандай, келеке-мазақты тікелей өзіне қарсы айтылғандай қабылдай берген.
Біз үшін сабақ:
32:8, 9. Даналық жастың ұлғаюымен ғана келмейді. Дана болу үшін Құдай Сөзі мен оның рухының басшылығын түсіну керек.
34:36. Қандай да бір жолмен ‘толық сыналғанда’, біздің мінсіздігіміз дәлелденеді.
35:2. Елиуй сөйлемес бұрын мұқият тыңдап, мән-жайдың анық-қанығына жетіп алған (Әйүп 10:7; 16:7; 34:5). Кеңес берерде мәсіхші ақсақалдар мұқият тыңдап, жағдайды жан-жақты қарастырып, мән-жайды анық түсініп алулары керек (Нақыл сөздер 18:13).
37:14; 38:1—39:30. Ехобаның керемет істері, яғни оның күші мен даналығының көрінісі, туралы ой жүгірткеніміз кішіпейіл болуымызға әрі оның бүкіләлемдік билігінің ақталуы кез келген жеке мүддемізден әлдеқайда маңызды екенін түсінуімізге көмектеседі (Матай 6:9, 10).
39:31—34. Егер Құдіреті шексіз Құдайды кінәлауға бейім екенімізді байқасақ, ‘қолымызбен аузымызды жабуымыз’ керек.
40:10—41:26. Сусиыр (гиппопотам) мен қолтырауынның (левиафан) күші қандай зор! Қайтпастан Құдайға қызмет ете беруіміз үшін біз осындай қуатты аңдарды жаратқан Ехобадан келетін күшке мұқтажбыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:7).
42:1—6. Әйүп Ехобаны тыңдады және оның қаншалықты құдіретті екені есіне салынды. Бұл оның ‘Құдайды көруіне’, немесе ол туралы шындықты көруіне, көмектескен (Әйүп 19:26). Осы арқылы оның көзқарасы түзелген. Егер біреу бізді Киелі кітапқа негізделе отырып түзететін болса, қателігімізді мойындап, өзгеруге тырысуымыз керек.
Әйүптікі іспетті шыдамдылық дамытайық
Әйүп кітабынан адам баласының басына түскен қайғы-қасіретке Құдай жауапты емес екендігі анық көрінеді. Бұған кінәлі Шайтан. Ехобаның зұлымдыққа жол беріп отырғаны бізге оның бүкіләлемдік билігіне қатысты дауда қай жаққа шығатынымызды көрсетуге және өз мінсіздігімізді дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Әйүп іспетті Ехобаны сүйетіндердің бәрі де сыналатын болады. Әйүп кітабы біздің оған төтеп бере алатындығымызға сенімділік береді. Сондай-ақ ол басымызға түскен қиыншылықтардың мәңгі жалғаса бермейтінін есімізге салады. Жақып 5:11-де: “Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер”,— делінген. Әйүп мінсіздігінен айнымағаны үшін Ехоба оған шапағатын төккен (Әйүп 42:10—17). Бізге жер бетіндегі Жұмақта мәңгі өмір сүру үміті ұсынылып отыр. Бұл — неткен керемет үміт! Олай болса, Әйүп сияқты, біз де мінсіздігімізді сақтауға белімізді бекем буайық (Еврейлерге 11:6).
[Сілтеме]
a Әйүп кітабында б. з. б. 1657 және 1473 жылдар аралығындағы 140 жылдан аса уақыт қамтылған.
[16-беттегі суреттер]
‘Әйүп пайғамбардың шыдамдылығынан’ қандай сабақ алуға болады?