Матай
5 Қалың жұртты көрген Иса тауға көтерілді. Ол жайғасып отырған соң, шәкірттері қасына келді. 2 Иса оларға былай деп тәлім бере бастады:
3 “Құдайды танып-білгісі келетіндер* бақытты+, өйткені Көк Патшалығы соларға тиесілі.
4 Қайғырғандар бақытты, өйткені олар жұбаныш табады+.
5 Момындар*+ бақытты, өйткені олар жерді мұра етеді+.
6 Әділдікті аңсағандар* бақытты+, өйткені олар толықтай қанағаттандырылады+.
7 Мейірімділер бақытты+, өйткені оларға мейірім көрсетіледі.
8 Ақжүректілер бақытты+, өйткені олар Құдайды көреді.
9 Татуластырушылар+ бақытты, өйткені олар Құдайдың балалары деп аталады.
10 Әділдік үшін қудаланып жүргендер бақытты+, өйткені Көк Патшалығы соларға тиесілі.
11 Маған бола жұрт сендерді қорлап+, қудалап+ не түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар+. 12 Қуанып, шаттаныңдар+, өйткені көкте сендерді зор сый күтіп тұр+. Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған+.
13 Сендер жердің тұзысыңдар+. Ал тұз күшінен айырылса, оның қасиетін қалай қалпына келтіруге болады? Еш нәрсеге жарамсыз болып қалғандықтан, оны көшеге лақтырып, аяқ астына тастау ғана қалады+.
14 Сендер дүниенің жарығысыңдар+. Тау басында орналасқан қала көзден таса қала алмайды. 15 Шам жаққан адам оны ыдыспен бүркеп қоймайды, қайта, шамдалға қояды. Сонда оның жарығы үйдегілердің бәріне түседі+. 16 Сол сияқты, сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын+. Осылайша олар игі істеріңді көріп+, көктегі Әкелеріңді мадақтасын+.
17 Мені Мұса Заңын не пайғамбарлардың сөздерін жоққа шығаруға келді деп ойламаңдар. Мен оларды жоққа шығару үшін емес, қайта, орындау үшін келдім+. 18 Сендерге шындығын айтамын, аспан мен жер құрып жоқ болып кетсе де, Мұса Заңының ең кішкентай әрпі, тіпті бір сызығы да жоқ болып кетпейді, онда жазылғандардың бәрі орындалады+. 19 Сондықтан ондағы заңдардың ең кішкентай дегенін бұзып, басқаларды да соған үйрететін адам Көк Патшалығында ең кішкентай болып есептеледі*. Ал заңдарды орындап, соларды басқаларға да үйрететін адам Көк Патшалығында ұлы болып есептеледі*. 20 Сендерге былай деймін: әділдіктерің дін мұғалімдері мен парызшылдардікінен артық болмаса+, Көк Патшалығына кірмейсіңдер+.
21 Ежелгі замандағы адамдарға “Кісі өлтірме+! Кім кісі өлтірсе, сот алдында жауап береді+” делінгенін естігенсіңдер. 22 Ал мен сендерге былай деймін: бауырласына ашулануын қоймайтын+ адам сот алдында жауап береді; бауырласына тіл тигізетін адам болса Жоғарғы сот* алдында жауап береді. Ал кімде-кім бауырласына: “Оңбаған неме!”— десе, отты жаһаннамға* тасталады+.
23 Егер құрбандық ошағына сый-тартуыңды алып келгенде+, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, 24 сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас. Содан кейін ғана қайтып келіп, сый-тартуыңды ұсын+.
25 Сотқа бара жатқан жолда айыптаушыңмен мәселеңді тезірек шеш, әйтпесе айыптаушың сені сотқа, ал ол сот орындаушысына тапсырады, сот орындаушысы болса сені түрмеге тастайды+. 26 Саған шындығын айтамын, берешегіңді соңғы тиынына* дейін төлемейінше, сол жерден шықпайсың!
27 Сендер “Неке адалдығын бұзба!”+ дегенді естігенсіңдер. 28 Ал мен сендерге былай деймін: кімде-кім бір әйелге құмарта қараса+, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны+. 29 Егер оң көзің күнәға азғырса*, оны ойып алып, лақтырып таста+. Себебі бүкіл денеңнің жаһаннамға тасталғанынан гөрі бір мүшеңнен айырылғаның артық+. 30 Егер оң қолың күнәға азғырса, оны шауып алып, лақтырып таста+. Себебі бүкіл денеңнің жаһаннамға түскенінен гөрі бір мүшеңнен айырылғаның артық+.
31 “Кімде-кім әйелімен ажыраспақ болса, оған талақ қағазын берсін+” деген сөз де бар. 32 Ал мен сендерге былай деймін: азғындық* жасамаған әйелімен ажырасқан адам оның неке адалдығын бұзуына түрткі болады. Осылай ажырасқан әйелге үйленген адам да неке адалдығын бұзады+.
33 Ежелгі замандағы адамдарға “Антыңды бұзба+, Ехобаға берген сертіңді орында+!” делінгенін де естігенсіңдер. 34 Ал мен сендерге былай деймін: мүлдем ант беруші болма+! Көкпен ант берме, өйткені ол — Құдайдың тағы; 35 жермен де ант берме, өйткені ол — оның табан тіреніші+; Иерусалиммен де ант берме, өйткені ол — ұлы Патшаның қаласы+. 36 Өз басыңмен де ант етпе, өйткені тіпті бір тал шашыңды ағарта не қарайта алмайсың. 37 Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын+. Бұдан артық айтылғандар Зұлымнан*+.
38 Сендер “көз үшін көз, тіс үшін тіс”+ дегенді естігенсіңдер. 39 Ал мен сендерге былай деймін: зұлым адамға қарсыласпа. Біреу оң жағыңнан салып жіберсе, оған сол жағыңды да тос+. 40 Егер біреу сенімен соттасып, көйлегіңді алғысы келсе, сырт киіміңді қоса бер+. 41 Егер билігі бар біреу бір шақырым* жерге еріп жүруге мәжбүрлесе, онымен екі шақырым жүр. 42 Сұрағанға керегін бер, қарыз* алғысы келгеннен теріс айналма+.
43 Сендер “бауырласыңды* сүй+, жауыңды жек көр” дегенді естігенсіңдер. 44 Ал мен сендерге былай деймін: жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер+ және өздеріңді қудалағандар үшін дұға ете беріңдер+. 45 Осылайша көктегі Әкелеріңнің балалары боласыңдар+, себебі ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады+. 46 Егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, қандай сый күтесіңдер+? Салықшылар да солай етеді емес пе? 47 Ал бауырластарыңмен ғана амандасар болсаңдар*, қандай ерекше іс істейсіңдер? Басқа ұлт адамдары да солай етеді емес пе? 48 Көктегі Әкелерің кемелді, сондықтан сендер де кемелді болыңдар+.