Матай
24 Иса ғибадатханадан шығып кетіп бара жатқанда, шәкірттері ғибадатхана ғимараттарын көрсетпек болып жанына келді. 2 Сонда Иса оларға: “Мыналардың бәрін көріп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтамын, бұлардың бірде-бір тасы қалмай күл-талқан болып қирайды!”— деді.
3 Ол Зәйтүн тауында отырғанда, шәкірттері оңашада қасына келіп: “Айтшы, бұл қашан болады? Сенің осында болуың* мен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады.
4 Иса былай деп жауап қатты: “Сақ болыңдар! Ешкім сендерді адастырып жүрмесін. 5 Себебі көп адам “Мен Мәсіхпін” деп, менің атымнан келіп, көпшілікті адастырады. 6 Сондай-ақ жақын маңдағы және алыстағы соғыстар туралы естисіңдер, алайда бұған үрейленбеңдер. Өйткені олар болуға тиісті, бірақ бұл әлі заманның соңы емес.
7 Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады, түрлі жерлерде ашаршылық пен жер сілкіністері болады. 8 Бұлардың барлығы — толғақ азабы іспетті ауыр кезеңнің бастамасы.
9 Сол кезде жұрт сендерді азаптайды және өлтіреді. Барлық ұлттар менің атыма бола сендерді жек көретін болады. 10 Сонда көп адам сенімінен таяды, бір-біріне опасыздық жасайды және бір-бірін жек көретін болады. 11 Көптеген жалған пайғамбарлар шығып, талайларды адастырады. 12 Заңсыздық көбейіп кеткендіктен, көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді. 13 Бірақ соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады. 14 Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін, бүкіл жер бетінде уағыздалады. Сонда осы заманның соңы келеді.
15 Сондықтан Даниял пайғамбардың айтқанына сай, қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсенің қасиетті орында тұрғанын көргенде (оқыған адамға мұны түсіну үшін қырағылық қажет), 16 Яһудеядағылар тауларға қашсын. 17 Кім үй төбесінде болса, үйінен бір нәрсе алу үшін төмен түспесін. 18 Ал кім танапта жүрсе, киімін алу үшін үйіне соқпасын. 19 Сол күндері жүкті және бала емізіп жүрген әйелдер қасіретке ұшырайды! 20 Қашатын кездерің қыс мезгіліне не Демалыс күніне тура келмесін деп дұға етіп жүріңдер. 21 Өйткені сол уақытта дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайтып қайталанбайтын зор алапат болады. 22 Егер сол күндер қысқартылмаса, ешкім* аман қалмас еді. Бірақ таңдап алынғандар үшін сол күндер қысқартылады.
23 Сол кезде біреу сендерге: —Міне, Мәсіх мұнда!— немесе: —Ол анда!— десе, бұған сенбеңдер. 24 Себебі жалған мәсіхтер мен жалған пайғамбарлар шығып, егер мүмкін болса, тіпті таңдап алынғандарды адастыру үшін ғаламат белгілер мен кереметтер көрсетеді. 25 Міне, мен сендерді алдын ала ескертіп тұрмын. 26 Сондықтан егер жұрт: —Әне, ол айдалада жүр,— десе, шықпаңдар. Ал: —Міне, ол ішкі бөлмеде,— десе, бұған да сенбеңдер. 27 Себебі найзағайдың шығыста ойнап, батысқа дейін жарқырайтынындай, Адам Ұлының осында болатын кезі де сондай болады. 28 Өлексе қайда болса, бүркіттер де сонда жиналады.
29 Сол күндердегі алапаттан кейін іле-шала күнді қараңғылық басады, ай да жарқырамайды, жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады. 30 Сонда аспанда Адам Ұлының белгісі пайда болады және жер бетіндегі барлық ұлттар* өздерін ұрғылап зар еңірейді. Олар Адам Ұлының құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлттарда келе жатқанын көреді. 31 Ол кернейдің зор үнімен періштелерін жібереді. Олар дүниенің төрт бұрышынан* — аспан мен жердің о шеті мен бұ шетінен — оған таңдап алынғандарды жинап алады.
32 Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның жас бұтақтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда, жаздың жақындап қалғанын білесіңдер. 33 Сол сияқты, сендер осылардың бәрін көргенде, Адам Ұлының жақын, есік алдында, екенін біліңдер. 34 Сендерге шындығын айтамын, осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, бұлардың бәрі орындалады. 35 Көк пен жер құрып жоқ болып кетсе де, менің сөздерім еш құрымайды.
36 Сол күн мен сағатты ешкім — көк періштелері де, Ұл да — білмейді, тек Әкем ғана біледі. 37 Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлы осында болған кезде де сондай болады. 38 Топан судан бұрын, Нұх кемеге* кірген күнге дейін, адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір кешіп жатты. 39 Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады. Адам Ұлы осында болған кезде де солай болады. 40 Сонда егіндікте жүрген екі кісінің бірі алынып, екіншісі қалдырылып кетеді; 41 қол диірмен тартып отырған екі әйелдің бірі алынып, екіншісі қалдырылып кетеді. 42 Сондықтан сергек болыңдар! Себебі Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер.
43 Бірақ мынаны біліп алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде келетінін білсе, сергек болып, үйіне ұры түсуіне жол бермес еді. 44 Сондықтан сендер де дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді.
45 Қожайыны үйіндегі басқа құлдарға ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындаған адал да ақылды құл кім? 46 Қожайыны қайтып келгенде, оның солай істеп жүргенін көрсе, сол құл бақытты! 47 Сендерге шындығын айтамын, ол оны бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайды.
48 Алайда құл зұлым болып, іштей: —Қожайыным кешігіп жатыр,— деп, 49 басқа құлдарды ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жей бастаса, 50 онда қожайыны ол күтпеген күні, білмеген сағатта келіп, 51 оны аяусыз жазалап, екіжүзділердің кебінін кигізеді. Сол жерде ол зар еңіреп, қинала тістенетін болады.